ЕУРАЗИЯЛЫҚ ТҰЖЫРЫМДАМАДАҒЫ ТҮРІКШІЛДІК ІЗ
ЕУРАЗИЯЛЫҚ ТҰЖЫРЫМДАМАДАҒЫ ТҮРІКШІЛДІК ІЗ
Кедендік одақ елдері басшыларының бас қосуында ұйымға мүше болуға ниет білдірген мемлекеттердің тізімі кеңейіп келе жатқанын аңғартты. Бұл мемлекеттердің қатарында ерекше қызығушылықты Түркия тудырып отыр десек артық айтқандық болмас. Түрік республикасының бұл ынтасы тек соңғы бас қосуда ғана емес, бұған дейін де көрініс тапқан. Атап айтсақ, Әзірбайжанда өткен түркі мемлекеттері басшыларының саммиті Еуразия кеңістігіндегі қуатты күш Түркияның бар екендігін аңғартты. Түркі мемлекеттерінің эволюциясы мен тарихының Еуразиялық қуатты мемлекет құру идеясымен тығыз байланысты екендігін аңғару қиын емес.
Бабаларымыз негізін қалап, қаһары әлемді дүрліктірген Ғұн империясы, жерінің ауқымы бірнеше мұхиттармен ұштасқан Түрік қағанаты, Батыс түрік қағанаты, Шыңғыс хан империясы, Алтын орда, Тимуридтер мемлекеті мен Осман империясы түбі бір түркі мемлекеттерінің бүкіл Еуразия кеңістігін біріктірген қуатты мемлекеттік бірлестік құру идеясына бастама болғандығы сөзсіз. Ресейдегі Еуразияшылық идеяның Трубецкой бастаған негізін қалаушылар Ресейдің Еуразияны біріктірушілік миссиясын айтқанда осы факторларды ескергендігі неғайбыл.
Кедендік одақ, Еуразия экономикалық қауымдастығы секілді құрылымдарды құруға ұйытқы болу арқылы, Қазақстан өзінің сан ғасырлық саяси амбицияларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болары сөзсіз. Алайда, Еуразиялық интеграция туралы айтқанда біз бұл кеңістіктегі маңызды ойыншы, жаңа османизм идеясын алға тартып отырған, империялық амбициялардан ада емес, діні бір, ділі бір Түркия республикасын естен шығарып алғандаймыз.
Түркия Кеңестер одағы ыдырап, Орталық Азия мен Кавказдағы жаңа мемлекеттер өз тәуелсіздігін жариялағанда оларды мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бұл Осман империясынан бастау алып, Түрік республикасы пайда болғандағы жаңа мемлекеттің негізін қалаушы Мұстафа Кемаль Ататүріктің: «Кеңестер одағы деп аталатын темір құрсаудың арғы жағында біздің түрік бауырларымыз бар. Олар қазір ұлы алпауыт империяға тәуелді. Бірақ бұл жағдай мәңгілік сақталуы мүмкін емес. Бір күні олар да тәуелсіздіктерін алып, мемлекет құрады. Біз сол кезде сол бауырларымызға көмектесуге міндеттіміз. Біз олардың мемлекеттігі мен дамуына тікелей ықпал ететін ең жақын бауыры болуымыз керек», – деген сөздері дәлел болса керек. Түрік мемлекеттерінің бірігу идеясы әрқашан бұл мемлекет үшін маңызды сыртқы саяси бағыт болғандығы анық.
Түркі мемлекеттерінің одағын құрудағы алғашқы қадамды марқұм Түрік республикасының Президенті Тұрғыт Өзал өзінің сыртқы саясатының басым бағыты ретінде қарастырғандығы белгілі. Бұл бірінші кезекте түркітілдес елдерге экономикалық көмек беру халықаралық аренада делдалдық қызметін көрсету арқылы өзге мемлекеттермен тығыз байланыс орнатуына ықпал етуден көрініс тапты. Тәуелсіздігін жаңа алған мемлекеттер белгілі дәрежеде Түркияның көмегімен Түрік республикасының негізгі әріптестерімен дипломатиялық байланыстар орнату мүмкіндігіне ие болды. Мысалы жас мемлекеттер НАТО секілді халықаралық әскери ұйыммен «Бейбітшілік үшін – әріптестік» бағдарламасының шеңберінде, ғаламдық қаржылық құрылымдар – Халықаралық валюта қоры, Азия даму банкі және өзге де ұйымдармен байланыс орната алды. Түрік республикасының қолдауымен Орталық Азия және Кавказ елдерінде түрік лицейлері ашылып, түркітілдес мемлекет жастары Түркияның жоғары оқу орындарына арнайы гранттар арқылы оқу мүмкіндігіне ие болды, мәдени бірлестікті нығайту мақсатында ТҮРКСОЙ бірлестігі құрылды. Түркітілдес мемлекеттерге көмектесу үшін Түрік республикасының сыртқы істер министрлігінің жанында Түркітілдес елдерге көмек орталығы – ТИКА құрылды, тіпті түркітілдес елдермен қатынастың бірінші қатарға шыққандығын көрсету мақсатында Түрік республикасының Үкіметінде Түркі елдерімен байланыс министрлігі де құрылды.
Бауырлас елдерге осындай көмек бере отырып, Түрік республикасы өзінің негізгі саяси мақсаты ретінде, Түрік республикасының басшылығымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер одағын құру екендігін жасырмады. Бұл әрекет ол кезде жас мемлекеттердің қарсылығына тап болды. Егемендігін жаңа алған елдер өздеріне жаңа аға тауып алу ниетінен бойын тартып ұстады. Аталмыш жайт, Түркияның бұл мемлекеттерге байланысты саясатын өзгертуіне ықпал етті. Ол түркітілдес елдерге жан-жақты қолдау көрсете отырып, негізгі ықпалдастықты мәдени және экономикалық ынтымақтастық идеясына ойыстырды.
Түрік республикасының сыртқы саясатындағы Орталық Азия мен Кавказға деген қызығушылықтың келесі фазасы Реджеп Таип Ердоған Үкіметінің билікке келуімен тығыз байланысты. Тұрғыт Озал заманынан бастау алған либералды реформалар Ердоған кезінде тереңдеп, жаңа сапаға көтерілді. Түркия экономикасы Жалпы ішкі өнім бойынша әлемде 16-орынды иеленеді. Экономикалық өсім тұрақты, әскері мықты мемлекет өзінің аймақтық державадан ғаламдық державаға айналу амбициясын және тиісінше Еуразиялық қауымдастықтағы өз орнын анықтауына ықпал еткендігі сөзсіз. Мұның үстіне еуропацентристік саясаттың көпвекторлы саясатқа өзгеруіне ықпал еткен тағы да бір фактор Еуропа одағы мен АҚШ-тың күшейген Түркияға деген көзқарасы болса керек.
Түркия бүгінгі күні Еуропа одағына кіруге ынта білдірген ең ескі кандидат болып табылады. Еуропа одағы түрлі себептерді ойлап тауып, Түркияны өз қатарына қабылдамауы бұл елдің өзге бірлестіктерге ену ынтасын тудырып отыр. Түркияның Еуропа одағына кіруіне кері әсер етіп отырған бірнеше басты факторлар бар. Біріншіден, Түркия халқының әл-ауқаты көптеген Еуропа елдерінен төмен, яғни бұл мемлекет Еуропа одағына мүше болған жағдайда Еуропаға онсыз да толастамай отырған жұмысшы күшінің миграциясы еселеп көбейеді деген сөз. Бұл жағдай саны жағынан Еуропадағы күшті диаспоралардың бірі болып есептелетін түрік диаспорасын қуаттандырып, Еуропадағы жетекші күшке айналдыруы мүмкін. Екіншіден, Кипр Түрік республикасының мәселесі. Бүгінгі күні астанасы Лефкосия болып табылатын Солтүстік Кипр әлемде тек Түрік республикасы тарапынан мойындалған мемлекет. Аралдағы грек қауымдастығы мен түрік қауымдастығының қақтығысы нәтижесінде пайда болған бұл мемлекет Грекия мен Түркияның арасындағы онсыз да күрделі қатынастарды ушықтырып отыр. Грекия Еуропа одағының мүшесі болғандықтан өзінің өмірілік саяси қарсыласымен бір одақ шеңберінде өмір сүруі екіталай. Үшінші, армян геноциді мен Таулы Қарабах мәселесі. Кезінде Еуропа елдерімен кезекті қақтығысты пайдаланған армян ұлтының өкілдері Осман империясының әлсіздігін пайдаланып, тәуелсіз мемлекет құру мақсатында Осман империясында бүлік көтереді. Басталған бүлікті басу үшін Осман империясы өз әскерлерінің бір бөлігін ішкі аймақтарға жіберуге мәжбүр болады. Үлкен шығындарға әкелген ішкі қақтығысты тоқтату мақсатында империя басшылығы армян ұлтының өкілдерін жер аудару туралы шешім қабылдайды. Алайда, бұл шешімді жүзеге асыруға бел буған Осман империясы қоныс аударушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Себебі әскердің негізгі бөлігі әлі де соғыста, ал ішкі әскердің саны мен сапасының мардымсыздығы бұл саяси жобаны жүзеге асырудың қауіпсіздігіне күдік ұялатады. Жер аударылғандар шамамен Ерзурум қаласының маңында болған шақта, оларға қарақшылар шабуыл жасай бастайды. Әрине, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатымен жіберілген әскерилер қолынан келгеннің бәрін жасайды, бірақ адам шығынысыз болмайды. Оның үстіне көш үлкен сусыз аймақтардан өтуге мәжбүр болады. Осының нәтижесінде адам шығыны көбейеді. Дәл осы уақытта Осман империясымен соғысып жатқан мемлекеттер өздеріне көрсеткен көмегіне ризашылық ретінде соғыс аймағына жақын орналасқан армян елді мекендерінің тұрғындарының Еуропаға өтуіне жағдай жасайды. Осы саясаттың нәтижесінде армян лоббиі бүгінгі күні Еуропадағы ең мықты лоббилердің біріне айналып отыр. Олардың негізгі талаптары Түрік республикасының армян геноцидін мойындауы болып табылады. Түрік республикасы армян геноцидін мойындаған жағдайда бүгінгі армян мемлекеті Түрік республикасынан территорияларды қайтарып беруді талап ету мүмкіндігіне ие болады. Ал мұны нақты әскери жағдайдағы әрекет деп есептейтін Түрік республикасының басшылығы геноцид үшін кешірім сұраудан бас тартады.
Мәселені ушықтырып тұрған тағы бір жағдай – Таулы Қарабах мәселесі! Әзірбайжанды өзінің маңызды әрі ең жақын стратегиялық әріптесі деп қабылдайтын Түрік республикасы бауырлас елдің территориясының оккупацияда қалуына өз қарсылығын білдіріп қана қоймай, Арменияға байланысты экономикалық санкциялар қолдануда. Бұл Еуропа одағы тарапынан оң қабылдана қоюы екіталай. Еуропа одағы мен Түркияның арасындағы қайшылықтың төртінші себебі адам құқықтары мен әскерилердің саяси ықпалына байланысты мәселе болып отыр. Түркиядағы әскер елдегі конституциялық құрылыс пен зайырлылықтың кепілі болып табылады. Ердоған кезіндегі маңызды реформалардың бірі – жоғары оқу орны студенттерінің басына орамал тағып университет ғимараттарына кіру құқығы болатын. Мұстафа Кемаль Ататүрік заманынан бері исламизмнің белгісі ретінде тыйым салынған бас орамал мәселесі әскерилер мен билік арасында тартыс тудырғандығы заңды. Бұл жағдайда әскерилердің мемлекет исламизациясына қарсы бас көтеруін болдырмау мақсатында Еуропа одағы кез келген әскери төңкерісті мойындамайтындығын айтты. Мұның тысында жақын арада болған бас көтерулерде биліктің күш қолдануы мемлекетте адам құқықтарына қатысты бірқатар мәселелердің барын көрсетіп кетті. Бұған шиеленіскен күрд мәселесін қосыңыз.
Бесіншіден, Түрік республикасы геостратегиялық тұрғыдан өте күрделі аймақта орналасқан. Иран, Ирак, Сирия секілді елдерімен шектесіп жатқан елді тұрақты аймақта орналасқан деп айту қиын. Сондай-ақ маңызды себептердің бірі – Түрік республикасы Еуропа одағы үшін тілі, діні, ділі жат мемлекет болып табылады. Түрік республикасындағы жүзеге асырылып келе жатқан либералды реформалар, әрине, белгілі бір дәрежеде және белгілі топ арасында еуропалық құндылықтардың қанат жаюына жол ашты. Дегенмен, түрік қауымдастығы өте күрделі сан алуан әлеуметтік топтардан тұрады. Ал ел тұрғындарының негізгі бөлігі мұсылман болып табылатын елдің христиан мемлекеттер клубына мүше болуы тіпті күрделі процесс екендігін түсіну қиын емес. Түркияның негізгі сауда әріптестері, әрине Еуропада орналасқан, бірақ қарқынды дамып келе жатқан ТМД нарығының әлеуетін ескерсек Түркияның шығысқа да қарау қажеттілігін түсінеміз. Осыны саралағанда, қарасақ Түркия кіргенінен пайда табатын жалғыз одақ Еуропа одағы емес екендігін аңғарамыз. Ал бұл жағдайда Түрік республикасының Еуропалық одаққа үміткер болып қала беруінен изоляцияға түсіп қалу қаупі бар. Күрделі экономикалық дағдарыстың нәтижесінде бүгінгі күні әлемде аймақтану процесі кеңінен етек алып жатыр. Бұл жағдайда оқшау қалған мемлекеттердің ұтарынан ұтылары көп болады.
Яғни, Түрік Үкіметінің соңғы жылдары түркітілдес елдерге баса назар аударып отырғандығы аңғарылады. Түркітілдес елдер басшыларының тұрақты негізде жүзеге асырылып келе жатқан саммиті, осы саммиттердің нәтижесінде құрылған Ақсақалдар кеңесі мен Парламенттік Ассамблея түркітілдес мемлекеттердің интеграциясына ықпал ететіндегі сөзсіз. Оның үстіне түркітілдес мемлекеттердің біртұтас одағы экономикаларын өзара толықтыратын қуатты құрылымға айналу ықтималдығы бар. Бүгінгі күні Түрік республикасының сыртқы саясат стратегиясы өңірлік энергетикалық ресурстарды тасымалдаушы мемлекетке айналуды көздеуде. Баку-Тибилиси-Джейхан мұнай құбыры, Қара теңіз мұнай құбыры секілді жобалардың бастамашысы болып отырған мемлекет Еуропа үшін өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторына айналары сөзсіз. Мұның тысында Түркия Иран, Ирак секілді мемлекеттерден энергетикалық ресурстарды тасымалдау орталығына айналу ықтималдығы да бар. Түрік экономикасының әлсіз тұстарының бірі энергетикалық ресурстардың шектеулілігі мен қымбатшылығы екендігін ескерсек, экономика өсімінің қарқын алуына тікелей ықпал ететін фактор осылай шешімін табуы мүмкін. Әрине, дайын тауарлар тұрғысынан Түрік елінің экономикасы Орталық Азия мен Кавказ аймағын қамтамасыз ете алатын жағдайда. Технологиялық тұрғыдан Түркия алдыңғы қатарлы мемлекет болуы екіталай. Дегенмен, өзге түркітілдес мемлекеттерге қарағанда көшілгері.
Түркітілдес мемлекет басшыларының саммитіне қатысқан елбасылар өздерінің бұдан былай экономикалық интеграцияға басымдық беру ниетінің бар екендігін аңғартты. Бұлардың қатарында ірі тарнспорттық инфрақұрылымдық жобалар мен біртұтас экономикалық аймақ құру, оның жалғасы ретінде кедендік одақ құру идеясы да айтылды.
Алайда бұл интеграциялық жобаларға қарсылық көрсетіп жатқан мемлекеттер де аз емес. Бұлардың қатарында ешқандай аймақтық интеграцияларды қолдамайтын, бейтарап Түркіменстан және Түркиямен қатынастарын бүлдіріп алған Өзбекстанды айтуға болады. Өзбекстан өзбек-түрік лицейлері экстремисттерді дайындайды деген сылтауды желеу етіп, елдегі түрік экономикасының өкілдерін де тықсырып тастауға тырысқандығы белгілі. Алайда, түрік тарапы өзінің Өзбекстандағы өкілдіктерін толықтай жойып жіберді деуге бола қоймас. Түрік кәсіпкерлері ел экономикасында әлі де маңызды орынға ие. Оның үстіне Түркия өзі экстремизммен белсенді күресуші мемлекет ретінде Өзбекстанға көп көмек көрсетуде.
Қазақстан интеграциялық идеялардың бастамашысы ретінде Түркияның бастамаларын қолдап, тең дәрежелі әріптестік орнатуға мүдделі мемлекеттердің бірі. Мұны мойындайтын Түркия басшылығы аймақтық интеграцияның басшысы ретінде Қазақстанның бастамаларымен келісетіндігін жасырмайды. Бірақ түркітілдес мемлекеттердің арасында орын алуы мүмкін кедендік одақ жағдайында кедендік үштіктің тағдыры не болмақ? Бұл сауалға жауапты Ресей сарапшылары берген секілді. Ресей сарапшылары Түркияны аймақтық кедендік бірлестікке қабылдау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Аймақтағы ықпалдастық жөнінен Ресеймен бәсекелес Түркия тұтастай аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сенімді серіктес бола алатындығы сөзсіз. Бірақ үш мемлекет Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың мүшесі болса, Түркия НАТО-ның белсенді мүшелерінің қатарында. Сирия мәселесінде де мемлекеттердің көзқарасы бөлек. Ресей Ассад Үкіметін қолдаса, Түркия оған тікелей қарсы. АҚШ ұзақ жылдар бойы Түркияның сыртқы саяси доктринасын белгілеуге ықпал еткен маңызды әріптес болса, Ресей ұзақ жылдар бойы қарсы мемлекет ретінде қарастырылды. Алайда Кеңестер одағы ыдырап, Түркияның шекаралық мемлекет мәртебесінен айрылуы АҚШ-тың көп жағдайда бұл мемлекетке деген мұқтаждығын азайтты. Тиісінше берілетін көмектің азаюы Түркияның жаңа қорғаныс доктринасын қабылдауға ықпал ететіндігі сөзсіз. Оның үстіне АҚШ-тың Ирактағы саясаты Түрік республикасының стратегиялық мүдделеріне нұқсан келтіріп отырғандығы белгілі. Бүгінгі ресми Бағдатты басқарып отырған күрд ұлтының өкілі болуы, Талабанидің көп жылдық тәуелсіз Күрдістанды құру идеясы өңірлік қауіпсіздікке кері ықпал етері сөзсіз. Сирия мәселесінде екі мемлекеттің ортақ ойға келуі екіталай.
Дегенмен, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қуатты одақтың қозғаушы күшіне айналу екі мемлекеттің де геостратегиялық амбицияларына сай келеді. Екеуі де өз амбицияларын жасырмайтын мемлекеттер. Бірақ екеуінің аймақтық амбициялары одақтас мемлекеттер амбициясына айналса, онда бұрын соңды болмаған барлық түркітілдес мемлекеттер мен славян мемлекеттерін біріктірген қуатты аймақтық бірлестік пайда болуы ықтимал. Оның үстіне Ресейдің мәдениетіне жүздеген жылдар бойы ықпал еткен түркі халықтары өзінің мәдени дербестігін, белгілі дәрежеде саяси автономиясын сақтап қалуы тұрғысынан да бұл маңызды интеграциялық бірлестік болмақшы. Себебі, Ресей мемлекетінің құрамдас бөлігі болып табылатын татар, башқұрт, шуаш секлді, сондай-ақ хакас, саха, шор, тва сынды Сібірді және Ресейдің Кавказ бөлігін мекендейтін ұлттар мен ұлыстар өз мәдениетін сақтап қалуда қосымша мүмкіндіктерге ие болады.
Осылайша Еуразия кеңістігін біріктіретін түркі-славян одағының құрылуы ғана аймақ әлеуетін толық аша алатын шығар. Бірақ, кім білсін, мұның орнын алуына жол бермейтін күштер де қарап отыра қоймас…
Шыңғыс Ергөбек