642
БЫТЫРАҒАН ЖҰРТТЫ БІРІКТІРГЕН
БЫТЫРАҒАН ЖҰРТТЫ БІРІКТІРГЕН
«Ұйысқан ұлыс» – көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауиннің екінші кітабы. Әйгілі «Шыңғыс хан» эпопеясының екінші кітабы саналғанымен, бұл кітапта, шын мәнінде Шыңғыс ханның тұтас тарихы өрілген. Әйгілі Темужін дүниеге келген 1155 жылдан бастап, 1218 жыл аралығын қамтиды. Көрнекті жазушы еңбегінде нақты деректер негізінде Шыңғыс ханның бала кезіндегі қиын тағдырын, одан кейінгі қайтпас күресін, қантөгіс соғыстарын және зор билікке жеткеннен кейінгі тағдыры суреттеледі. «Шыңғыс хан» эпопеясының екінші кітабы көпшілік оқырманның қолына толық жете қойған жоқ. Сол себепті де, көрнекті қаламгердің «Ұйысқан ұлыс» кітабынан газетіміздің оқырмандарына арнап, үзінді жариялауды жөн көрдік.
Келесі 1155 жылы татар тайпасына қарсы жорықты Есугей-бахадұрдың өзі бастап шығады. Бұл шамада Құтұла хан дүниеде жоқ немесе Есугей қайтпас ерлік, ақыл-парасатымен осыншама мәртебе-беделге жеткен. Кезекті шапқын – Қамбағай ханның өсиет кегі ғана емес, арғы атадан жалғасқан жаулықтың одан әрмен ушыққан бір көрінісі.
Қият жасағы (сірә, басқа да ағайындар қосылып, бірлескен, күшейген қалың әскер) үлкен жеңіске жетеді. Татар қонысын ойрандап, қаншама жанын қырғынға ұшыратып, қисапсыз малын олжалап, ең бастысы – шеткері татар әмірлері Темужін-үге мен Қоры-Бұқаны кіріптар тұтқынға түсіріп, қол бастаған Есугей-бахадұр үлкен абырой, атақпен оралады.
Бұл кезде Өгелін-әйкенің аяғы ауыр екен деп айғақтайды «Жинақты тауарих». Және «Қастерлі шежіре». Есугей жорықтан келген бетте («Қастерлі шежіре»), немесе көп ұзамай («Жинақты тауарих»), қайткенде де осы мерейлі мезгілде қатыны сәтімен босанып, ұл табады. Есугей-бахадұр салымды жорық және татар көсемі Темужін-үгенің қолға түсуі – ерекше екі оқиға құрметіне, несібелі ырым үшін тұңғыш ұлының есімін Темужін қойыпты. Болашақ Шыңғыс хан!
***
Жөргекке жетпей-ақ өзгеше талайы танылды дейді. Анасынан туғанда оң жақ қолына кепкен бауырдай ұйыған қан уыстап туады («Жинақты тауарих»). Басқа деректер бұл ғажайып жағдайды нақтылай, айқындай түседі. Оң жақ қолына ұйыған, асықтай (асық сақасындай) қатқан қан уыстап туды, – дейді «Қастерлі шежіре». Оң жақ қолының алақанында үлкендігі асықтай, жентек қара нан ұстап туған екен, – дейді «Алтын топшы». «Юань ши» – «Юань тарихында» қатқан қан қызыл тасқа ұқсатылады. Қазақтың ескілікті аңыз, жырында болашақ Шыңғыс хан уысында қан шеңгелдеп, екі көзін ашып туады: «Хан Шыңғыс қатарынан асып туған, – Кеудесін дұшпанының басып туған, – туғанда анасынан қан шеңгелдеп, – қызартып екі көзін ашып туған!..». «Тумысында (бітімі) ірі және ғажайып еді», – деп айқындайды «Әулие жихангердің жеке жорықтары» – «Шэн-ву цзинь-чжэн лу».
***
Аңыз ба, шындық па? Мәнісі неде? Әр тарапта әлденеше қайталануына қарағанда, ықтимал жағдай. Бүгінгі түсінікте – қанқұмарлық, жауыздық белгісі көрінуі мүмкін. Шындығында, көне заман, ескілікті жұрт ұғымында – қайтпас ерлік, өзгеше талай, болашақ биік мәртебе белгісі. «Құтты тағдыр мен айрықша құдірет маңдайына жазылғаны, бүкіл әлемді жаулап, өкім құратыны сәбидің нұр жүзінен, бар белгісінен кәміл танылып тұрған еді», – деп айтылған «Жинақты тауарихта».
«Шыңғыс ханның нақты туған күні мен сағаты ол заманда таңбаға түспеген», – дейді Рәшид-әд-Дин. Сірә, жыл ортасы, – депті бұдан соң, Хижра есебімен алсақ, осы тұстағы «Жыл ортасы» – рәби-үл-ахир айының екінші аптасы, яғни маусымның 6-13 жаңасына сәйкеседі. Лубсан Данзан «жаздың алғашқы айының он алтыншы күн, талма түс кезінде» деп жазған, есебі, жаздың алғашқы жарымы – «Жинақты тауарихпен» сәйкесіп жатыр.
***
Енді болашақ Шыңғыс ханның тума есімі жөнінде. Көп жұрт қабылдаған, қалыптасқан ұғымда Темужін – «темірші», яғни «ұста» атауынан туындаған деп саналады. «Р» дыбысы жоқ қытай тілі мен жазуының әсері дейтіндер де бар. Бірақ парсы тілді, араб қаріптерімен таңбаланған Рәшид-әд-Дин және басқа да мұсылман тарихшылары дәп солай – Темужін (Темучин, Темучжин, Темуджин) деп жазған. Керісінше, бұл ескілікті мұраларда әрқилы қалыптағы Темір (Тимур) есімі де көптеп ұшырасады. Мәселен «Жинақты тауарихтың» өзінде ғана: Темір, Темір-Жүрек, Темір-Мәлік, Темір-Бұқа, Темір-Құтлұқ, Бұқа-Темір…Яғни, Темужіннің «Темірге» ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қатар, үйлес есімдер де ұшырасады екен: Шыңғыс ханның кенже інісінің аты Темуге, қарындасы – Темулүн. Және мыңбегі, Сүнит Тмеудер. Және кейінгі Құбылай қағанның ұлы Темеші. (Қазақ, арғын қуандық ішіндегі үлкен бір тармақ тағы да «темеш» аталады.) Түбір негізі айқын көрініп тұр – «тему» немесе «тем». «Тем» – көне түрік тілінде «бекіткіш», «тіреуіш» мағынасын береді (Махмуд Қашғари). Ежелгі қазақ эпосында «тем» – әскери олжа, үлес, сыбаға. Есім төркіні басқа бір тараптағы, бүгінде ұмытылған, ескілікті бір ұғымға тірелуі де мүмкін. Түпкі этимологиясын айғақтау – үшінші кезектегі мәселе. Біз тек қана Темужін – «темірден» алыс, ежелгі мұраларда нақты, дәлме-дәл таңбаланған есім екенін айғақтау үшін ежіктедік.
Сонымен, миләди 1155 жылы, жаздың басы, июнь – маусым айының орта шенінде Ұлы Даланың өрі, Онан өзенінің бойында Темужін деген сәби дүниеге келіпті. Болашақта жер әлемді қайта құратын ғаламат тұлға – данагөй саясаткер, ақылман көсем, ұлы қолбасы, сайыпқыран Шыңғыс хан!
***
Темужін – болашақ Шыңғыс хан дүниеге келді. Уысына қан шеңгелдеп, екі көзін ашып туды.
Бұдан соңғы сегіз жылы ешбір тауарих, шежіреде таңбаға түспеген. Бірақ Ұлы Дала шегіндегі көшпенді көне жұрт, оның дәстүр-салты турасындағы батыс, шығыс деректері негізінде нақты белгілей аламыз.
Әуелде – туған тойы, бүгінгі тілге көшірсек, шілдехана.
Бұдан соң тал бесікте жатады. Әлбетте, Өгелін-Ананың мейірлі ақ мамасы.
Екі-үш жасында атқа мінеді.
Үш-төрт басында балаларға арнап қиылған алаңғыр-садақ тартуға үйренеді. Нысана көздеп машықтанады.
Киіз үйде қонып, ат үстінде өседі.
Алты-жеті жасынан аң аулауға қатысады. Алғашқы аңшылық, сәтті олжадан соң бас бармағы майланады.
Сегіз жасында… Енді нақты куәлік, таңбалы деректер.
***
Мезгілсіз кеткен Есугей-бахадұрдың артында жеті перзент қалыпты. Бәйбіше Өгеліннен: үлкен ұл Темужін, бұдан соңғы Қасар он жаста, Қашығұн – сегіз, Темуге – алты жаста, Темулүн есімді жалғыз қыз төртте. Тоқал Сөчигілден туған Бектер, сірә Темужінге тетелес: екінші ұл Белгүтай шамасы сегіз-тоғызда. Бұғанасы бекімеген соншама бала-шаға. Бұл кезде Өгелін отызға жаңа келген. Ал Сөчигүл одан бірер жас кіші болуға тиіс. Екі жесірдің де бар тіршілігі әуелгі күйеумен шектелуі шарт емес еді.
Ежелгі түрік-татар (және оған жалғас кейінгі қазақ) ғұрпында әкеден айрылған жас бала панасыз қалмауға тиіс, ал жесір әйел әмеңгерлік жөнімен алғашқы қосағының кіндіктес немесе ағайындас туыстарының бірімен отасуы керек. Ұрпақ қамы, әулет берекесі. Алайда, Есугей-бахадұрдың үйелмені мүлде басқаша жағдайға ұшырайды.
Бұл кезде Есугейдің туған інісі Дәрітай-отшыгеннің көзі тірі, қатардан шықпаған, бар дәулеті бауырында, күш-қуаты бойында. Есугейдің ағасы Некүн-тайшының ұлы Құшар бар. «Құшар – жебесі көз көрмеске ұшар» деп атаққа шыққан әйгілі садақшы. Бұлардан басқа, немерелес, шөберелес тағы қаншама әмеңгер тұр. Үлкен ағасының жыл уақыты өткен соң, кезегімен сөз салары күмәнсіз. Әлбетте, ең алдымен – марқұмның туған інісі Дәрітай. Жыл уағы жетпей-ақ, тіпті, Есугейдің топырағы құрғамай жатып, қият тайпасының сұрқы бұзылады. Әуелгі алаяқ Тайжауыт руынан басталыпты. Бұрнағы Қамбағай ханның әулеті енді өздері жұрт билегісі келген екен. Оларға ежелден алалығы бар немесе Есугей күштеп ұйыстырған басқа да атаның балалары және және қашанда жуанның ыңғайына жығылғыш, күнкөріс пен пайдасын ғана ойлайтын тауансыз тағы қаншама жан қосылады. Бәрін қоздырған және ұшқастырған – Қамбағай немересі, Адал хан ұлы Тарғұтай-Қырылтұқ екен. (Тарғұтай – тума есімі, ал Қырылтұқ – «сараң», «қытымыр» дейтін анықтама деп жазған Рәшид-әд-Дин).
***
Кейінгі тілмен айтқанда, әмеңгерлік салт күшті, бірақ балалы жесірдің ерік, құқығы одан да зор. Ағаның жесіріне үйлену – еркек туыстар үшін парыз саналса, әйел үшін міндет емес. Ешкім де зорлық, зомбылық жасай алмайды. Дәйекті жалғыз-ақ мысал. Шыңғыс ханның кенже ұлы Төле өлгеннен соң, тақта отырған Өкетай қаған жесір Сұрғақтан-қатынға жақын қайындарының біріне, атап айтқанда, болашақ Күйік қағанға тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Жарлық есепті. Алайда Сұрғақтан: «Балаларым жас, өсіріп, жеткізуім керек», – деп бас тартыпты. Құдіретті қағанның өзі күштей алмаған. Керей қызы Сұрғақтанның сондағы төрт ұлы: кейінгі Мөңке, Құбылай, Арық-Бұқа қағандар және Құлағу хан – әлемге әйгілі, ал Сұрғақтанның өзі – Шыңғыс хан империясының тарихында төркіні қоңырат Бөртеден кейінгі, тіпті, онымен шендес, данагөй, асылзат әйел саналады. Сонымен, қалап, таңдау ғана емес, қандай да күйеуден бас тарту – балалы жесірдің толық еркінде екен.
***
Темужін мен Қасар үйге келіп, шешелері Өгелінге өздерінің ренішін айтады. Ағайынды Бектер мен Белгүтай бізге үнемі зорлық жасайды деп, бүгінгі және бұрнағы оқиғаны араға тартады. Өгелін көңіліне кірбің алғанымен, бала-шағаның әдепкі дау-дамайына балап, бұл сөздерге онша мән бере қоймапты. «Бір әкеден туған аға-бауырлар бола тұра неге сыйыспайсыңдар? Бізде көлеңкеден басқа серік жоқ, қыл құйрықтан басқа қару жоқ. Ана Тайжуыт ағайындар қаншама қысас жасады, есемізді қалай қайтарамыз деп жүргенде сендердің береке-бірліктерің неге кем? Бағзыдағы Алан-Құба-Ананың бес ұлы сияқты бұзылдыңдар. Ақыр түбі нақ солардай ынтымақ-ұжымды болмайсыңдар ма? Реніш-аразды қойыңдар!»– депті.
Берік шешімге келген Темужін мен Қасар қайыра уәж айтпайды. Садақтарын алып, жылыса шығып кетеді. Бектер төбешік басында, ақталы тоғыз шабдарды қарауылдап отыр екен. Темужін мен Қасар, бірі – алдан, бірі – арттан, оқтарын кезеніп, төніп келгенде өзінің қатал үкімге кесілгенін бірден аңдайды. «Тайжуыттан кек қайтаруға шамамыз жетпей жүргенде, неге ғана мына мені көзге түскен қылшық, тіске қыстырылған сіңір есепті көрдіңдер? Соншама не жазығым бар еді?» – дейді. Аярлық па, әлде өзін шынымен кінәсіз санады ма. Бәлкім, өктем тұрған Тайжуытпен жалғасу, Тарғұтайдың ығына жығыла отырып, уақыт ұтуды ойлаған ба, қайткенде де Темужіннің көзқарасы тұрғысынан алғанда, Бектер айыпты. Жеке бас зәбірімен қатар, бүкіл туған әулетіне опасыз сатқындық жасап отыр. Бектер садақ кезенген, тілсіз, жауапсыз екеуінің жібімесін, ниетінен қайтпасын көрді, ажалға мойын ұсынып, жүрелеп отыра кетті дейді. «Енді Белгүтайға зарар жасамаңдар. Ошағымыз өшпесін!..» депті бар болғаны. Темужін мен Қасар тастай қатқан қалпы, Бектерді алды, артынан қабаттаса атып жығып, өлікті сол арада қалдырып, жөндеріне кете береді.
***
Ежелгі Дала рәсімінде, сол даланың ең озық дәстүр-салты бойынша тәрбие алып, қалыптасқан жасөспірім Темужін – кейінгі Шыңғыс ханның берік нанымы бойынша, кез келген кісінің ең ауыр айыбы – сатқындық. Өз тобы, өз жұрты тұрыпты, үйелмен-отбасына опасыздық жасаған Бектер, ет-жақын, туған бауырлары тарабынан ең ауыр жаза – өлімге кесілді. Темужін өз үкімін тура, әділетті санаған және қолы қалтырамай жүзеге асырған. Қасарды қатарына тарту арқылы жеке шешім емес, бүкіл әулеттің тоқтамы ретінде кейіптейді. Жаза қаншама қатал болғанымен де, шаңырақ қамқоры, туған аналары, парасатты Өгелін қаралап айыптай алмайды, мүскіннің анасы, кіші шеше Сөчигілдің өзі де шерін жеңілдетер, ұлын ақтар толымды уәж таба алмаған.
Үлкен шаңырақ иесі ретінде өкімін бекіткен Темужін, мінезі қаншама қатты болғанымен, қанды қазаға қайыспады, қамықпады деп айту қиын. Сонымен қатар, бүкіл үйелмен әулеттің сыртқы қайғысы ішке түскені, бұрынғыдан әрмен ширығып, булыққаны, енді сырттан келуге тиіс, жалпыға ортақ жаңа бір қатерді күткені тағы күмәнсіз.
***
Темужін төмен де түспей, сыртқа да шықпай үш күн күтеді. Ақыры, жау кеткен болар деп, атын қиялай жетектеп келе жатса, сыпырылып түсіп қалыпты. Темужін: «Айыл ағытылмаса да, босаңсуы мүмкін, ал бітеу өмілдірік қалайша сырғымақ? Сірә, маған тәңірінің өзі ишара білдіргені!» – деп, кейін қайтыпты. Тағы үш күн күтеді. Тағы да түсіп келе жатса, шыға беріс жолында бітімі қос кейіпті, үлкен, аппақ дөңбек тас кептеліп қалыпты. «Тәңірімнің өзі тоқтатып тұр…» – деп кері бұрылып, және үш түнейді. Ақыры, ашалаң-арық қалыпта тоғыз күн өткерген соң: «Адырда атаусыз өлгенше, жазыда жағаласып өтейін!» – деп, тәуекел қылады. Манағы үйдей қожыр дөңбекті айнала бітіскен тал-шілікті кездігімен отап жолын тазартып, атын еңістен тайғанақтата жетелеп, қалыңнан шыға келсе, тайжуыттар әлі күнге аңдып отыр екен, жабыла келіп, бас салып ұстап алады. Ұстап алып, кіріптар қалыпта Тарғұтай-Қырылтұқтың жұртына алып барады.
Тарғұтай-Қырылтұқ Темужін-баланың мойнына «қаңға-бұтау» – кейінгі қазақша ажырғы кигізіп, еркін қозғалмас, ешқандай қару жасай алмас дәрменсіз қалыпқа түсіреді де, мүсәпір тұтқын ретінде ауыл аралатып, әр күні бір үйге қондырады. Өзінің кім екенін, Есугей ұлының кім екенін жалпы жұрт көңіліне түйіп, қорқып, түршігіп отыруы үшін, ең бастысы – тұтқын бала ешбір адаммен жұғысып кетпесі, үйреншікті рақым көрмесі үшін. Және қай үйде қалай қабылдағанын жіті тексеріп тұрса керек.
***
Түз жұртының ғұрпында бейбіт жағдайда кісі өлтіру – ең үлкен қылмыс саналады. Оның үстіне Темужін – кешегі айбарлы Есугей-бахадұрдың ұлы, Қабұл-хан әулеті, керек десеңіз, Тарғұтай-Қырылтұқтың өзімен алтыншы ата – Қайду ханнан табысатын жамағайын туыс. Бірақ әлдебір балыққа таласып, туған інісін атып тастады деген ауыр айыбы бар. Онымен бірлес Қасар қандай да жазадан тыс болып шықты. Анығында, Темужіннің ең үлкен кінәсі – «көзінде – ұшқын, жүзінде – нұр», ол да қияттың ежелгі хандарының әулеті ретінде болашақта билікке таласуы мүмкін, тым құрса, өсіп жетіле келе, ойрандалған, тоналған ошағының есесін қайыру үшін әлдебір бүлік ұйымдастырса несі бар. Сондықтан да Темужіннен құтылу керек еді. Арытып, аршатып, ауру-сырқаулы қылып, діңкелетіп, «өз ажалынан» өлтіру, өлмесе де, жігерін жасытып, сағын сындырып, қорқақ, жасық, исалмас бейшара қылып шығару. Қайткенде де аяушылық жоқ.
***
Жер түрленіп, жұрт мамырлап, жайлауға ендей қонған мезгіл, он алтысынан толған ай дөңгелене қызарып туған күні ауылда дәстүрлі жаз мерекесі өтеді. Түн болып, той тарқап, жұрттың бәрі босаңсыған бір мезетте, Темужін, сірә, кезекті қоналқа үйіне апара жатқан күзетші жігітті мойынтұрық ағашымен басынан бір-ақ ұрып естен тандырып, тұра қашады. Онанды өрлеген тоғайға кіре бере, бұл жақтан көрініп қалармын деп, тұпа-тура суға келіп түсіпті. Өзеннің биік жарқабағының астында, ажырғысын ағысқа бейімдей, ұзынынан салып, судан бетін ғана шығарып, шалқасынан жата кетеді.
Бұл екі ортада есін жиған күзетші жігіт: «Бұғаулы баладан айрылып қалдым!..» – деп ойбай салыпты. Енді абыр-дабырда қайтадан жиналған жұрт жапырлай жүгірісіп, Онанның орманын оңды-солды сүзе бастайды. Өз кезегінде өзен жағалап жүрген, руы сұлдұс, Сорқан-Шира деген кісі суда жатқан Темужіннің дәл үстінен шығады. Бірақ сыртқа белгі бермейді. «Қозғалмай жата бер, сені көрсетпеймін!..» – деп, іздеген жөнімен кетеді.
Темужін табылмайды. Жұрт қайтадан жиналып, енді қайдан іздейміз деп кеңескенде Сорқан-Шира: «Әркім жаңа өзі қараған жерін тағы бір рет мұқият тексеріп шықсын», – депті. Соған келісіп, қайтадан іздеседі. Сорқан-Шира Темужіннің тұсынан өтерде: «Жарайсың! Қауметің зор, ақылың мол екен! Жата бер, аталас туыстарың сені түтіп жеуге әзір, бірақ қорықпа, құтылып кетерсің…» – депті.
Қайыра сүзгенмен, Темужін табылмайды. Көпшілік тағы да дағдарыпты. Бұл кезде ай да батқан екен. Сонда Сорқан-Шира: «Тайжуыт ағайындар! Сендер бар кісіден сүттей жарықта айрылдыңдар. Енді тас қараңғыда қалай табамын деп тұрсыңдар? Суда сілемі жоқ, ауада сорабы жоқ. Осы сабылғанымыз бүгінге жетер. Енді манағы ізімізбен әрлі-берлі қарайлап, содан соң қайтайық. Ертең, күн жарықта жақсылап іздейміз. Қайда ұзап кетпек, мойнында қаңға, өзі жаяу», – депті. Қалған жұрт мұны да мақұл көреді.
***
«Бұл – жаужүрек, шешімтал, ұстамды, кең. Көк пен Жерді қастер тұтатын, ақ-адалды бағалайтын һәм ғаділ кісі», – дейді Чжао Хуң Шыңғыс ханның шүржен тұтқыны турасындағы ақпарынан соң.
Бала кезіндегі барлық қасірет, өскін, жеткін және бозбала шағындағы тұтас он жылдық қысас пен қорлық – қатал тағдырдың қандай да ауыр салмағы жас Темужін – болашақ Шыңғыс ханды мұқалта алмапты, бекзат тумысы, зор ақыл жетегіндегі байсалды мінез, берік тағат, қажыр мен қайрат барлық қиындықтан аман алып шыққан екен. Енді алда еншілі талайына жол ашатын ауыр күрес жылдары тұрған.
***
Осыдан соң әкелі-балалы екеуі Темужінді күтімдеп, тынықтырып, азығына бағлан қозының сырбаз етін пісіріп қоржынға артып, қанжығасына қымыз толы торсық байлап, жолға салады. Темужін аттанарда Наку-баян айтыпты: «Сен екеуің бар ғұмыры алда тұрған жас жігітсіңдер. Сәтімен табыстыңдар, енді жұптарың жазылмасын. Араларыңды суытпай, қатынасып тұрыңдар. Өмірлік дос болыңдар!» – деген екен.
Болашақ Шыңғыс хан өзінің ең алғашқы нөкері Арулат Бауыршымен осылай табысыпты.
Ал сегіз шабдар оқиғасы – тікелей тайжуыт тайпасына қатысты іс екені күмәнсіз. Әдепкі ұры-қары небәрі сегіз жылқыны алу үшін жеті күндік жер шетіне аттанбас еді. Әлдебір қиырдағы жортуылдан келе жатса, алдарында олжалы малы болуы керек. Тарғұтай-Қырылтұқтың тікелей жарлығы. Шытырманнан қапияда аман шыққан Темужінге жасалмақ жаңа қысастың басы. Олжа, пайда үшін емес. Есугей әулетінің аяқ артар малына дейін барымталап, Темужін мен оның інілерін ең далада тақыр жаяу қалдырып, мүсәпір кепке біржола түсіру амалы.
***
Әуелі Бөртені іздеп шығады. Қасына Белгүтайды ертіп, Келүрен өзенін құлдап жүрді Қоңырат жұртын, Дай-Ноянның күреңін баяғы Шекшер мен Шықұрғы арасынан табады. Темужін Бөртені алғаш танысқан тоғыз жасынан бері көрмеген еді деп айтады «Қастерлі шежіре». Бүгінгіше сегіз жасынан. Есугей бахадұр шын мәнісінде тағы төрт жыл өткеннен соң тікелей қатынаспаса да, білісіп тұруға тиіс. Осыдан соң қилы-қиын күндер келді. Темужіннің тайжуыт тұтқыны төңірекке мағлұм болғанымен, шүржен құлдығы –ошарсыз түнек, ешқандай үмітке жол қалдырмауға тиіс еді. Бірақ Бөрте-бике әлі де оң жақта отырған.
«Көрісетін күн бар екен! – дейді Дай-ноян қуанып. – Сені соншама жек көретін тайжуыт ағайындарың көзіңді мүлде құрта ма деп қорқып жүрдім, – дейді. – Қайғы басып, үмітім үзілуге жақындап еді..» – дейді. Бөгелмей Бөрте екеуін қосып, тиесілі ойын-сауық, дәстүрлі қыз ұзату рәсімін жасайды.
«Жинақы тауарих» жеткізген ендігі бір ескілікті деректе Дай-ноян панасыз, жетім Темужінге қыз бергісі келмеген деп айтады. Бірақ ер жеткен ұлдары еркіне қоймаған. Зады, бұл – Темужін қайтып шықпауға тиіс құрдымға кеткеннен соңғы жағдай. Әлбетте, ең бастысы – Бөрте-бикенің ырқы. Темужінге сенген, үмітін үзбеген, әзіз жігіті сірә де қайта оралмаса, кәрі қыз болып босағада қалуға бекінген. Ақыр соңында арманымен табысты. (Жалпы, ескілікте қалыңдық, бойжеткен қыздың оң жақта біршама отыруы – әдепкі жағдай болған. Бұл рәсімнің кейінгі көрінісі – қазақтағы найман тайпасы және оның құрамдас тармақтарының қыз ұзату салты дер едік.)
***
«Қастерлі шежіре» бойынша, Дай-шешен жас жұбайларды жарым жолға дейін шығарып салыпты. Сүйкімді, ерке қызына ықылас, тумысы бөлек Темужінге құрмет. «Алтын топшы» Дай-шешен аса толық кісі болатын, күн тым ыстық еді, ұзақ жүріске шыдамай, Келүреннің басы, Жол-Ұқыт деген жерден кері қайтты деп дәйектеген. Ал Бөрте-бикенің анасы Сотан ұзатылған қызын жаңа жұртына, Бұрқан-Қалдұнның түстік беткейі, Күрелгі қойнауындағы сеңгүр жылғасына дейін бастап әкеліпті. Әлбетте, жалғыз өзі емес, қаншама қосшы, жасауылмен.
Сотан кит ретінде құдағиы Өгелінге қара бұлғын жақы сыйлаған екен. Қызының қайын жұртында әжептеуір аялдаған сияқты. Бөртені біржола орнықтырып, Темужіннің ауылы күрелгіден көшіп, Келүреннің бастауы, бұрма су сойған Бүргі-Жар деген жерге келіп қонғаннан соң ғана еліне қайтады.
***
Оң хан Темужіннің тұлғасын танып, мейірленеді, сөзіне бағып, қатты қуанады. Ықыласы шектен асыпты.
«Тозғындаған жұртыңды – Тұтастырып берейін, – Бытыраған жұртыңды – Біріктіріп берейін!» – дейді. Бұдан соң бар сөзін түйіндеп: «Бүйрек – бөкседе жатуға тиіс, төстік – кеудеде тұруға тиіс!» – депті («Қастерлі шежіре»). Яғни, Есугейдің бұрнағы, тарап кеткен елін қайтадан жиыстырып, ерікті, еріксіз түрде бодандыққа келтіріп, Темужінді әкесінің орнына отырғызуға уәде қылады.
Сөйтіп, болашақ Шыңғыс хан Керей оң ханның вассалы болды, – деп нақтылайды Батыс зерттеушілері. Бұдан былай Темужіннің қылышы Оң ханның қызметінде, ал жеке басы – Оң ханның қамқорлығында. Келешек үлкен биіктерге жету жолындағы әуелгі баспалдақ.
Дайындаған
Гүлзина БЕКТАС