Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы: ЖОЛДАУДЫ ОРЫНДАУҒА ҰЛТТЫҚ БАНК ТЕ ЖАУАПТЫ
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы: ЖОЛДАУДЫ ОРЫНДАУҒА ҰЛТТЫҚ БАНК ТЕ ЖАУАПТЫ
Адамдардың көпшілігінде масылдық психология басым. Банктен алатын қарызды мемлекеттің тегін көмегі ретінде қабылдайтындар бар. Ал банктер болса, «ұрдажық» әрекеттерге бейім коллекторлық қызметке ден қойған. Бұл – олардың құзырындағы шаруа емес. Егер отандық банк жүйесіндегі олқылықтарды жоймаса, Елбасының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларға кедергі келмек.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов баспасөз мәслихатын өткізді. Сөзін: «Мемлекет басшысы экономикалық өсім деңгейін 6-7 пайызға дейін өсіруді тапсырған. Президент жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімді 14,5 доллардан кемітпеуді ескертті. Сонымен қатар Ұлттық банкпен біріге отырып, алдағы 5 ай ішінде инфляция деңгейін 3,4 пайызға дейін төмендетудің кешенді жобасын түзуге және әлемдік қаржылық дағдарыс салдарынан қиындыққа ұшыраған отандық қаржы саласын 2030 жылға дейін дамытуға бағдарлама жасауға нұсқау берді. Жалпы валюта нарығындағы жағдай қазір тұрақты. Теңгенің бағамы әлемдік нарық негізінде бекітіледі. Депозиттер сенімін арттыру барысында да бірқатар жұмыс атқарылмақ. Басты орындаушы – Ұлттық банк», – деп бастаған Бас банкир Жолдауды орындау үшін Үкіметпен бірлесіп бағдарлама түзілетіндігін жеткізді. Осы орайда, ҚР Президенті Үкіметке «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірге арнайы бағдарлама дайындап, дағдарысқа қарсы күрес жоспарын жасауды тапсырды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» мемлекеттің қатысы бар мекемелерді анықтап, оларды жекеменшікке өткізудің жолдарын қарастыруы тиіс. Мәселен, биыл 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бағдарламасының кешенді бағдарламасы түзіледі. Сонымен қатар 34 мемлекет мүшелікке өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидалары мен стандарттарын Қазақстанға да енгізуді міндеттеген Елбасы инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан 30 пайызға көтеруді, бүгінде 24,5 мың болатын еңбек өнімділігін 126 мың долларға дейін арттыру және экспортталатын шикізаттық емес өнім көлемін 70 пайызға көбейтуді тапсырды. Мұның бәрі отандық банк жүйесіне тікелей қатысты, әрине. Осы жайтқа тоқталған Қайрат Нематұлы бүгінде банктерге берілетін қаржылай көмек көзін табу, Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорының басты міндеті, қаржы саласын тұрақтандыруға да көңіл бөлінетінін жеткізді.
Қаржы саласының тұрақтылығын мемлекеттің банк акцияларынан бас тартуын және қаржылық құрылымдардың өз бетінше күн көруге кіріскенін дәлел ретінде ұсынған Бас банкир: «Мен кейбір азаматтардың «Мемлекет банктердің 25 пайыздық активін бекер сатып алды» деген тұжырымымен келіспеймін. Егер мемлекет тарапынан қаржылық тұрғыда қолдау болмағанда, банктер жаппай банкротқа ұшырайтын еді. Мұның соңы мемлекетке ауыр соққы боп тиетіні анық. Мәселен, банкротқа ұшыраған «ВалютТранзит» банкінің қиындықтары мен проблемалары әлі біткен жоқ. Қанша азаматтың қыруар қаржысы желге ұшты. Демек, меніңше, мемлекеттің банктер акциясын уақытша сатып алып, кейін өздеріне қайтарып бергені дұрыс қадам», – деді. «Жыры» көбейген банктер қатарындағы «ТұранӘлем» банкінің болашағы да айқындалып қалыпты. Оны қаржыландыруға жеке инвестор мен «Қазком» құлшынып отырған көрінеді.
Бас банкир назар аударған тағы бір маңызды мәселе – банктер коллекторлық жұмысқа беріліп кеткені соншалықты асырасілтеушілікке ұрынған. «Дағдарыстан кейін банктердің көпшілгі өздеріне тән емес жұмыстармен айналысып кетті. Банктер несиені уақтылы өтемеген борышкерлерге қысым жасағысы келеді. Бірақ олар несие бере ме, жоқ па, оны да түбегейлі шешпеген. Банктер экономикалық өсім болады, сосын борышкерлер қарыздарын түгел қайтарады деп үміттенді», – дей келе, банктердің жылжымайтын мүлік бағасы дағдарысқа дейінгі уақыттағыдай әлі де тым қымбат тұрады деп ойлайтынын, алайда, бағаның нарық талабына сәйкестенетінін ескертті. Әлемдік қаржылық дағдарыстың салқыны Қазақстан халқына да тигені сөзсіз. Осының салдарынан әрі оңай олжаға құныққан кейбір жекеменшік банктердің немқұрайдылығынан проблемалық несиелердің саны күрт артты. Жығылғанға жұдырық, Марченконың кезінде екінші деңгейлі банктерге қатысты түйткілдердің дер кезінде шешілмеуі жағдайды ушықтыра түскен. Осы себепті, банктердегі проблемалық несиелермен енді Ұлттық банк тікелей айналыспақ: «Мұндай келеңсіздікке ҚР Ұлттық банкі көзжұмбайлық таныта алмайды. Біз банктерге проблемалық қарыздардың көлемі тым көптігін ескерттік. Бұл банктің рейтингіне, банк жүйесінің рейтингіне, жалпы елдің рейтингіне әсер етеді. Бұрын Қазақстандағы мерзімі өтіп кеткен несиелер деңгейі 10 пайыздан аспайтын. Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері жақсы еді. Ел мен банк жүйесінің рейтингі де жоғары болатын. Біздің жекеменшік банктер шет елдерден қарыз алуға мүмкіндігі болды. Қаржылық дағдарысқа дейін банктердің несие қоржынындағы қаражаттың 40 пайызға жуығы шет мемлекеттерден келсе, қазір 75 пайыз ақша – халықтың депозит ретінде салған қаржысы. Ал банктердің рейтингі дербес рейтингтен төмен».
Бүгінде жекеменшік банктерге қатысты түскен және түсіп жатқан арыздардың басым бөлігі 2007-2008 жылдарда алынған қарыздарға байланысты. Пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары, ұсынылатын қызмет құны тым қымбат. Осы орайда, Ұлттық қор жанындағы Арнайы комитетке ендігі бес мыңнан астам шағым түскен. «Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде. Біз банктердің әрбір арызға толық әрі тыңғылықты жауап беруін өтінеміз. Тағы бір мәселе, тұтынушылық несиелерге қойылған пайыздардың қайтарғандағы жалпы сомасы алған ақшаның 56 пайызынан аспауы тиіс. Мұны да терең талдап, тексеріп жатырмыз. Өйткені осыған қатысты да шағым көп. Талдау жасап, сосын қорытынды жасаймыз. Заңды бұзғаны анықталса, тиісті жаза қолданылады».
Ереже бойынша, қайтарымсыз немесе мерзімі өтіп кеткен қарыздармен Проблемалық несиелер қоры айналысуы тиіс. Бірақ Қайрат Нематұлының пікірінше, аталған Қордың жұмысы нәтижесіз әрі тиімсіз: «Қор мерзімі өтіп кеткен қарыздарды мүлде сатып алмаған десе де болады. Өйткені банктердің айтуынша, Қор ұсынған дисконт тым жоғары. Мәселен, Проблемалық несиелер қоры активті оның баланстық құнының 50 пайызын ұсынса, банктер бұл соманы 95 пайызға дейін көтеруді қалайды. Бұл мәселеде ортақ пікірге келу үшін қайтарымсыз қарыздарды тізімнен шығара бастауы тиіс. Ал Қор белсенділік танытқаны жөн. Бұл адамдар санасын да өзгертуге сеп». Бас банкирдің меңзегені: банктерден қарыз алатын азаматтардың көпшілігі алынған қаражатты несие ретінде емес, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз жеңілдік ретінде қабылдайды. Мұның соңы түсініспеушіліктер мен наразылықтарға әкеп соғады. Қ.Келімбетов банктер пайыздық мөлшерлемені тым шарықтатып жіберетіндіктен, кейде адамдар ай сайын қарызды уақытылы қайтара алмайтынын, бар тапқан-таянғанын банкке берген азаматтар көңілінде наразылық пайда болатынын, бұл дұрыс еместігін де қоса айтты. Бұл оңай олжа табуға құныққан, яғни, жасырын пайызға иек артатын банктерге қатысты: «Мұндай заң бұзушылық та ескерусіз, жазалаусыз қалмайды. Тексеруден өткізгеннен кейін егер банктер тұтынушы құқын бұзғаны анықталса, заң алдында жауап береді».
Сонымен, Елбасының халыққа Жолдауына қатысты баспасөз мәслихаты бастапқыда жарты сағатқа жоспарланғанмен, 1 жарым сағатқа созылған шарада Бас банкир көптеген түйткілді сұрақтарға жауап берді. Алда – жыл қорытындысы.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ