ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРУДЫҢ КҮНІ ӨТКЕН

ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРУДЫҢ КҮНІ ӨТКЕН

ҚОЛ ҚУСЫРЫП  ОТЫРУДЫҢ КҮНІ ӨТКЕН
ашық дереккөзі
239

Мемлекеттің дамуын қамтамасыз ететін маңызды құжатта Қазақ қоғамын дамытудың басты қағидалары көрсетілді.

Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен Сенат депутаттары, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тыңдаған биылғы Жолдаудың ерекшелігі: Елбасы әдеттегідей тікелей эфирден сөйлеген жоқ.

Сонымен, халыққа биылғы Жол­дауын «Қазақстан-2050» бағдарламасынан бастап, құжаттың басты мақсаты елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу болғандығын еске салған Елбасы Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде қыруар істің тындырылғанына тоқталды: «Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегіне өз еліне деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 проценті әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады». Қазақстан халқы үшін аса маңызды саналатын құжатта 2050 жылға дейін бекітілген бас­ты міндеттердің қатарында агро­өнеркәсіптік кешеннің заманауи талаптарға сәйкестендірілуі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шаруаларға отандық өнімдер көлемін арттыруды тапсыру, сапаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, «жасыл экономика», ғылыми зерттеулерге ден қою, ұлттық инновациялық жүйенің тиімділігін арттыру, Алматы мен Астана сияқты ірі қалалардағы технологиялық парктердің жұмысын жақсарту т.б. мәселелерге жеке-дара тоқталған Н.Назарбаев Жолдауда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің аяқталуға жақындағанын, Түркіменстан мен Иранға бастайтын темір жолдың тартылғанын, осының арқасында Парсы шығанағына жол ашылғанын, «ЭКСПО-2017» көрмесін лайықты өткізуді мақсат тұтатын дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мақтанышпен жеткізді. 

Кез келген мемлекеттің сая­си, экономикалық, әлеуметтік тұрақ­ты­лы­ғының кепілі саналатын шағын және орта кәсіпкерлік туралы да айтылды Жолдауда: «Шағын және орта кәсіпкерлік – ХХІ ғасырда Қазақстанды индустриалдық және әлеуметтік модер­низациялаудағы басты құрал. Отандық экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі неғұрлым ұлғайған сайын Қазақстанның дамуы соғұрлым тұрақтана түспек. Біздегі ШОК субъектілерінің саны 800 мыңға жетті. Оларда 2,4 миллион азамат жұмыс істеуде. Соңғы төрт жылда осы салада өндірілген өнім көлемі 1,6 есеге өсіп, 8,3 миллиард теңгеге жетті». 

Айгүл Соловьева, ҚР Мәжіліс депутаты:

– Былтыр Елбасы «Қазақстан 2050» бағдарламасын жариялап, Қазақстанның дамыған 30 мемлекеттің тізіміне енуін мақсат етті. Биылғы Қазақтан халқына Жолдауында қазақстандық жолдың үлгісін бекітті. Жолдауда мақсатқа жетудің кезеңдері мен тәсілін егжей-тегжейлі көрсетті. Әсіресе, басты назарды Тәуелсіздік алғалы бері 20 жылдың ішінде Қазақстанның қомақты жетістіктерге жеткеніне аудара отырып, еліміздің өзіндік сара жолды тапқаны айтылған. Еліміздің нақты жетістігі мен табысы біздің өз күшімізге деген сенімді күшейтіп, жинаған тәжірибеміз алға басқан қадамды өнімді етеді. Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – тәуелсіз мемлекет құрған және бізді бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға әкелген көсемнің аса мол саяси тәжірибесін көрсететін өте маңызды құжат. Меніңше, Мемлекет басшысының Жолдауында елді дамытуға, жаңа және сапалы экономикалық дамуға, азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуына бағытталған өзекті мәселелер қамтылған. Басты назар азаматтардың еңбекқорлығына негізделген. Өйткені, «алма, піс, аузыма түс» деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Президент дамыған 30 елдің қатарына ену жолында қандай мемлекеттермен бәсекеге түсуіміз керек деген мәселеге терең талдау жасаған. 

Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы «дамыған» деген сөзге өз пікірін, бағамын айта келе, біздің еліміздің нақты бәсекелестік артықшылығы мен ерекшелігін көрсетті, біз талпынатын жаңаларын түзді. Үдемелі индустриалдық, инновациялық технология, еңбек сыйымдылығы мол өндіріс, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды айтты. Бұл құжатта әрбір бөлім біздің кез келгенімізге қатысты. Әсіресе, жастар саясатына, экономикалық алға басу мен әлеуметтік бағдарламаларға байланысты. Өз басым Елбасы айтқан бір мәселеге айрықша көңіл аударғым келеді. Ол – қоғамдағы орта тапты қалыптастыру. Мүмкін мен «Нұр Отан» партиясының шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жетекшісі болғандықтан шығар, қатты назар аудардым. Отандық шағын және орта кәсіпкерліктің Жалпы ішкі өніміндегі үлес салмағын арттыруға пәрмен берді. Ол үшін бизнеске ұзақмерзімдік әрі қолжетімді несие қажет, сондай-ақ, әкімшілік кедергілерді барынша азайту керек. Елбасының пікірінше, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін Қазақстанда азаматтардың кәсіпкерлікке деген бастамаларын қолдаған жөн. Мемлекет басшысының Жолдауында көптеген мәселе көтерілді. Атап айтқанда, маңызды және негізгі бағыттарды қамтитын және дамытатын мәселелер – білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікпен шұғылдану т.б. Өйткені аталған мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастырып, бағыттарды айқындау қажет. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мұның бәрі азаматтармен ақылдаса отырып, жүзеге асырылғаны абзал.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары