ЕСІКТЕН ҚАЛЖЫҢЫ БҰРЫН КІРЕТІН

ЕСІКТЕН ҚАЛЖЫҢЫ БҰРЫН КІРЕТІН

ЕСІКТЕН ҚАЛЖЫҢЫ  БҰРЫН КІРЕТІН
ашық дереккөзі
582
Халықаралық «Түркістан» газетінің жарыққа шыққанына да, міне, 20 жыл толды. Басылымның іргесін қалап, көпшілікке танымал еткен Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджан еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қалыптасу жылдарындағы жанталасқан қиын кезеңдерде де газетті шығарып, ұлт мүддесі үшін күрескен материалдар жариялады. Сондай-ақ газетте қоғамдық өмірдің барлық саласы қамтылды. Енді міне «Түркістан» өз көшін түзеп алған ілгері басылымдардың бірі. Қалтай ағаның өмірден озғанына да біраз жылдың жүзі болды. Артында драмалық шығармалары, публицистикалық еңбектері, ел ішіне кеңінен тараған әзіл-оспақ, қалжыңдары қалды. Оның сөзге мергендігі, шешендік тапқырлығы, астарлы әзілдері туралы ақын-жазушылардың, журналистердің естеліктері аз емес. Әлі де жазылуда. Осыдан жеті жыл бұрын осы «Түркістанда» Қалағаңның айтылмай келе жатқан адами қасиеттері жөнінде сөз қозғаған едік. Әңгімеге өмірлік сыралғы жары Фарида Бекжанқызын, ұзақ уақыт бойына сыйласқан жерлесі Әбілмәжін Жұмабайды, сондай-ақ редакцияда бірге қызмет еткен жандар тартылды. Сол топтама сыр-сұхбат «Қалтаймен бірге…» деген атпен газеттің бірнеше сандарында жарияланып, оқырмандар ілтипатына бөленген. Енді міне, газеттің жиырма жылдығына орай «Қазақтың Қалтайы» атанып, астарлы күлкінің кені болған ағаға қайта оралып, жұрттың жадын жаңғыртуды жөн көріп отырмыз. Қалтай Мұхамеджанның тағдыр-талайы мен шығармашылығын бес топқа бөліп қарастыруға болады: Туған жерінде танылған талант; Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов негізін қалаған қазақ драматургиясына Қалтай Мұхамеджан комедия жанрын алып келді; Қалтай Мұхамеджан қазақ драматургиясын әлемдік деңгейге көтерді; Қалтай Мұхамеджан – ұлт мүддесінің күрескері; Қалтай Мұхамеджан – Ислам әлемінің жарық жұлдызы. 1 Қалтай Мұхамеджанның туып-өскен жері Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Қызыл Ту колхозы. Әкесі Мұхамеджанды бүкіл Сыр бойы Қарамолда деп атаған екен. Бұл әсте оның түр-басына қарап қойылған ат емес. Діни сауатының күштілігіне қарай халық солай атаған. Араб, парсы тілдеріне жетік болса керек. Өткен ғасырдың басында Қызылордадан Айтбай мешіті ашылып, 74 молда имамдыққа таласып, ілім-білім жағынан бәсекеге түскен. Солардың арасынан Мұхамеджан ақсақал басқалардан қара үзіп, дара шығады. Кезінде Ыстамбұл мен Тәшкенттің діни семинарияларында дәріс оқығанын көзі қарақты қариялар бертінге дейін айтып жүрген. Төрт аяғы тең жорға өлеңдері де жұртты бей-жай қалдырмаса керек. Қалың дәптердегі сол өлеңдерін інісі Зейнетхан отыз жетінің зобалаңына дейін сақтаған. Дінді апиын деген Кеңес өкіметі молдаларды да «халық жауы» атап, алдын аттырып, артын итжеккенге айдатты. Қалтай бір естелігінде: «Тоғыз жасар бала кезім. Бірде біздің үйдің алдына ат жеккен арба келіп тоқтады. Үстінде бір татар мен екі орыс бар. Үшеуінің де өңдері суық, иықтарына асынған мылтықтары бар. Әкеммен дөрекі сөйлесті. Әкем өңі қашып: «Әй, қарақтарым, алыс жолдан шаршап келдіңдер ғой. Үйге кіріп, шәй ішіп, аздап болса да демдеріңді алыңдар. Ал мен бала-шағаммен қоштасайын», – деді. Бөгде адамдар жайғасқан кезде шешем самаурынға су құйып, ішіне қолында бар тауықтың азын-аулақ жұмыртқасын салып қайнатты. Ашаршылықтан кейінгі уақыт қой. Халықта мал жоқ. Әр үйде санаулы ғана тауық бар. Жұрт соның ғана жұмыртқасын талғажау етеді. Әкем шәй үстінде жұмыртқаның қабығын аршып, жетеумізге бөліп берді. «Ал, балаларым, мен мына кісілермен қалаға кетемін. Сонда аз күндік жұмысым бар». Әкем сол кеткеннен мол кетті. Біз оны әне келеді, міне келеді деп көп күттік. Шыдамымыз таусылған кезде шешем Қызылордаға іздеп барды. Сырдың суы арнасына толып ағып жатқан кез. Паром деген атымен жоқ. Шешем Сырдың Қубас деген жерінде бір қайықшымен ұшырасады. Қайықшы жүнжіген түрін көріп: «Сен байғұс күйеуіңді іздеп жүрсің ғой шамасы. Енді оны іздемей-ақ қой. НКВД-нің жаналғыштары үш адамды мына менің қайығыммен дарияның арғы бетіне шығарып, Қоқанқашқан құмында атып тастады. Мұны мен айтты деп тірі жанға аузыңнан шығарма», – деп өз жөніне кете барады. Кейіндеу жанашыр бір жан абақтыға сыймай қалған үш «халық жауын» атқызып тастағанын, соның бірі менің әкем екенін айтқан. Асыраушы әкеміз өмірден өткен соң жағдайымыз болмады. Төрт бауырым аурудан бақилыққа аттанды. Әбиолла, Ибрагим үшеуміз шешемнің қолына қарап қалдық. «Олла» сөзі дінге жақындықты білдіреді деген қорқынышпен анам ағамды Әби, ал мені Қалтай деп атап кетті. Қыркүйекте мектепке бардым. Алғашқы күні-ақ қасымдағы оқушы: «Ағай, мен «халық жауының» баласымен бірге отырғым келмейді», – деп орнынан тұрып кетті. Оның бұл сөзі жанымды жаралады. Сабақтан соң үйге ағыл-тегіл еңіреп, жылап қайттым. Шешем дарияның арғы бетіндегі Көкжиде ауылындағы табындардың ішіндегі төркініне қоныс аударды. Біз сол жерде ер жеттік», – деген еді. Қалтайдың бала кезінде қолынан кітап түспеген. Қойдың кезегінде жүріп ауыл кітапханасындағы кітаптардың бәрін оқып тауысса керек. Мектепте қабырға газетін шығарып, алғашқы өлеңдерін де жариялайды. Кейін Көкжиде ауылының атынан ақындар айтысына түсіп, қарсыластарының бәрін ұтымды, ұтқыр әзіл-қалжың теңеулерімен шаң қаптырған. Оның «Бала ақын» аты сол кезде шығады. Бірақ айтыс ақыны болып танылғанымен, жазба ақындық оң жамбасына келмепті. «…Не керек, «Уа, Отаным, Ота­ным, мен бір сенің ботаңмын» деп қанша боздағаныммен поэзиядан түк те шығара алмадым. Ақырында «Қош бол поэзияның қос пырағы, қанша қамшыласам да өгіз аяңнан асырмадың» – деп көз жасымды бір сығып алдым да бетімнің ауған жағына жүре бердім», – дейді Қалтай аға «Лениншіл жас» газетінің тілшісіне берген сұхбатында. Орта мектепті бітіріп, Қызылордадағы пединституқа түседі. Алайда институт оқытушыларының білім-біліктілігіне көңілі толмайды. Өйткені өзі оқыған кітаптардан олар бейхабар. Бір жылдан соң Тәшкенттегі Орта Азия университетінің Шығыстану факультетіне барған. Аяқ киімнің тапшы кезі. Табаны салпылдаған бәтіңкені сыммен байлап, ілдалап жүрсе керек. «Бір күні аяқтарыма қарасам, бәшпайларымның арасынан шөп шығып кетіпті», – деп бізді күлдіргені бар. Факультетке студенттердің қажетті саны толып қалғандықтан оны қабылдамайды. Сол жылы Тәшкенттен жаңадан Театр инс­титуты ашылған. Сынақтардан сүрінбей өткен талапкерлердің ішінде Қалтай да бар. Институтқа Мәскеуден атақты профессорлар Михаил Михаилович Морозов пен Павел Санович Марков шақырылып, студенттерге Шекс­пиртанудан дәріс оқиды. Қалтай сонда комсомол қатарына өтіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Бірінші курсты бітірейін деп жатқан кезінде үстінен арыз түседі. «Қалтай Мұхамеджановтың әкесі «халық жауы». Қызылордада атылған. Оның Советтік жоғары оқу орнында оқуға моральдық құқы жоқ». Институт комсомол комитетінің хатшысы: «Қалтай, іс насырға шаппай тұрған кезінде, ың-шыңсыз құжаттарыңды алып кете қойғаның жөн болар», – дейді. Қайда барып, кімнен көмек сұрау керек? Жанашырлық танытатын біреу бар ма? Институт басшыларынан қолдау таппайтынын сезіп, басына түскен жайды ұстазы Марковке баяндаған. Павел Семенович оның алғырлығын, зеректігін сезіп жүреді екен. «Қалтай, біз екі аптадан соң Мәскеуге ораламыз. Сондағы ГИТИС бізді қайта шақырып жатыр. Сен де менің артымнан жет. Сенен тамаша театртанушы не драматург шығатынын ішім сезеді. ГИТИС-ке қабылдануыңа қолымнан келген бар мүмкіндігімді аянып қалмаспын. Тек сен сонда баратыныңды жан адамға тісіңнен шығарма». Ұстаздың сол жанашырлығы оның тағдырының күрт өзгеруіне себепші болды. Қалтай ағаның Мәскеуге алғашқы сапары жа-йында бізге айтып бергені әлі есімде. «Тәшкент – Мәскеу» жолаушылар поезының билеті қымбат. Ондай ақша менде жоқ. Аз жүріп, көп тоқтайтын, жүк тасуға арналған поездың жайдақ вагонына міндім. Қолымда көне чемодан. Онда да мен секілді Құдайдың пенделері көп екен. Жолай ана бекет, мына бекеттен түсіп, мініп жатқандар қаншама. Ол кезде бүгінгідей жер апшысын қуырған локомотив қайда. Біз жайғасқан үсті ашық вагондарды қара түтіні будақтаған паровоздар тартады. Бірнеше күн жол жүріп, Мәскеуге жеттім-ау әйтеуір. Вокзалда айна барын қайдан білейін. Бірден автобус аялдамасына шықтым. Қолымда Марков берген мекен-жайдың жазбасы бар. Оның мінесің деген автобусына міндім. Ішіндегілер маған құдды бір құбыжық көргендей жирене қарап, кейін ысырылып тұрды. Марковтың түсесің деген аялдамасынан түстім. Қарсы алдымда басына шалқайып қарасаң қалпағың түсетін он екі қабат тұрғын үй тұр. Марков: «Пәтерім жетінші қабатта», – деген еді. Үйдің сыртқы есігінен коридорға ендім. Менімен бірге кіргендер маған шошына қарайды да, қашқақтап, сым тордың арғы жағындағы есігі ашылған үлкен жәшікке кіріп кетеді. Жәшіктің есігі жабылысымен жоғары қарай гулеп ала жөнеледі. Қапталдағы айналма баспалдақтан шығып, түсіп жатқан жанды көрмедім. Сәлден соң әлгі жәшік гулеп қайта келді де, ішінен бірнеше адам шығып, маған шошына қарады. «Бұл не өзі? Бұлар қайда кетіп, қайдан келіп жатыр? Адам емес аю көргендей менен шошынғандары несі?». Түкке түсінбей мен тұрмын. Ойланып: «Жәшікке мен де кірсем бе екен. Бірақ атам қазақ «Сырын білмегеннің сыртынан жүр» деген ғой. Кіріп алып, шыға алмай жүрермін», – деп өзімді-өзім тоқтаттым да, баспалдақпен жоғары көтерілдім. Мен жетінші қабатқа жеткенше жәшік бірнеше рет жоғары көтеріліп, бірнеше рет төмен түсті. Үш есіктің оң жақтағысында «Профессор П.С.Марков» деп жазылған алақандай тақтайшасы бар екен. Есікті тықылдаттым. Ешкім аша қоймады. Пәтерде жан адам жоқ сияқты. Сол кезде жәшік те гулеп келіп, сол қабатқа тоқтай қалғаны. Ішінен өңкиген біреу шығып, маған едірейе бір қарады да, қарсы беттегі есіктің қапталындағы кішкене тетікті басты. Арғы жағынан қоңырау үні естілді. Есікті бетіне ұн жаққандай сылқым әйел ашып, әупиген неме ішке кіріп кетті. Маған жәшік пен тетіктің сыры сонда ғана мәлім болды. Дәп сондай қоңырау мен тұрған пәтердің есігінің қапталында да бар екен. Соны ебедейсіздеу қолыммен басып тұрдым. Қоңырау үні ұзақ бажылдады. Арғы жағынан асыға сөйлеген әйел дауысы естілді. Есік ашылғанда үстіне халат киген ет-жеңді әйел көрінді. Екі көзі шарасынан шығып кете жаздап: «Павел…», – деп дауыстауға ғана шамасы жетіп, талықсып барып еденге сылқ етіп шалқалай құлады. Түпкі бөлмеден: «Галина, саған не болды?», – деп ұстазым жүгіріп шықты. Есік сыртында түкке түсінбей состиып тұрған маған бір, сұлап жатқан әйеліне бір қарады да, жан ұшыра қапталдағы есіктен кіріп кетіп, лезде қайта шықты. Қолындағы шыны құтыдан әйелінің бетіне су бүрікті. Әйелі ыңырсып барып, есін жиды. Әлсіз қолын әзер көтеріп мені көрсетті де: «Павел, мынауың кім?», – деді зорға сөйлеп. Марков: «Галина, бұл менің Қалтайым ғой. Тәшкенттен келді, – деп оны қолтығынан демеп тұрғызды да маған: – Қалтай, ішке кір», – деді. Әйелі әлі де өзіне-өзі келе қоймай, жүрек тұсын ұстап, күбірлей сөйлеп, бөлмелердің біріне қарай кетіп бара жатты. Ұстазым да іргедегі бір есікті ашып, ішіне кіріп кетті. Судың сарылдаған үнін естідім. Әлден соң мені шақырды. Барсам, ұзын астау сияқтыға су толтырып қойыпты. «Қалтай, мына ваннаға жуынып ал. Шыққан соң мыналарды киерсің», – деп бірсыпыра ішкі, сыртқы киімдерді берді де, шығып кетті. Арт жағымда үлкен айна бар екен. Көзім түсіп кетіп еді, өзімді-өзім тани алсамшы. Екі көзім мен тістерім ғана жылтырап тұр. Бетім бес елі көмір. Паровоздың түтініне әбден ысталған екенмін. Жуынып, кірден арылғанымды қайтейін, аппақ астаудың ішіндегі су қап-қара болды. Тәшкеннің моншасында жамға су құйып шомыла беруші едік. Жуынды су іргедегі арықшадан әлдеқайда ағып кететін. Ал мына су кетер емес. Көлкіп тұр. «Қайтсем екен?..». Не істерімді білмей тұрғанда ұстазым кіріп келді. «Қалтай, ана шынжырды тарт», – деп астаудың бас жағын нұсқады. Қатты тартып қалсам керек, қара судың ішінен сопаң етіп, сәбидің жұдырығындай тығын шыға келді. Сол-ақ екен астаудағы су да «құлқ-құлқ» етіп сарылдап, деңгейі сәт сайын төмендей берді. Енді ғана адам кейіпіне келген маған әйелі жымия қарап, шәйға шақырды. Павел Сановичтің көмегімен А.В. Луначарский атындағы ГИТИС-тің студенті атандым. Негізгі мамандығым театр сыны». Қалтай осы әңгімені айтып отырғанда шынайы күлкіге кенелгеніміз соншалық, оны бүгінгі Қожанәсірдің өзі ме, әлде көзі ме деген ойда қалдық. Солай оны өнерге, білімге деген құштарлық Мәскеуден бір-ақ шығарды. 2Иә, Қалтай Мұхамеджан қазақ драматургиясына таза комедия жанрын алып келді. Комедия – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын жанр. Өйткені адамды жылатудан гөрі күлдіру өте қиын. Қоғамның дертін сахнадан күлкі, әжуамен жеткізу үлкен талантты қажет ететіні анық. Қалтай аға ең алғашқы «Бөлтірік бөрік астында» комедиясын жазғанда аттай отызда екен. Соның өзінде ол бұл жанрға кеш келгенін айтады. Ал елу жасына дейін үш комедия, екі драма, екі киносценарий жазып, екі роман, он шақты драмалық шығармалар аударған. Сондай-ақ өнерге еңбегі сіңген театр қайраткерлері мен бірқатар драмалық шығармаларға сын жазған. Ана бір жылы Әбілмәжін Жұмабаев ақсақалмен «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі жөнінде пікір алысқан едім. Ол: «Қалтайдың бұл комедиялық драмасы елуінші жылдардың соңғы кезіндегі студенттер өмірінен алынған. Сол кездері стиляга деген мода шықты. Жігіттер шалбарларын тылтитып киіп, би алаңдарында қисалаңдап билейді. Өздерін көп білетін жандардай маңғазданып, екі сөзінің бірін орысша айтып, аса бір мәдениетті жандай көрінгісі келетін. Қалтай өмірдегі сол таза шындықты сахнада көз алдыңа әкеледі. Драма оқиғасы Сапар мен Жәмила арасындағы махаббаттан өрбіп, сол кезде жастардың арасын дендеп алған екіжүзділікті, алаяқтықты, қушекештікті, ана тілін сыйламаушылықты, менсінбеушілікті көрермендерге күлкімен жеткізген. Иә, бұл спектакльге ай бұрын билет алып қоймасаң жақындағанда табу қиынға түсетін. Алматының маңындағы Ұзынағаштан, Қаскелең, Талғардан көрермендер автобус жалдап келіп, күлкіге қарық болып жатушы еді. Спектакльді қоюшы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов пен ролдерді ойнағандардың бәрі де Мәскеудегі ГИТИС-ті жаңа бітіріп келген жастар. Музыкасын жазған Ғазиза Жұбанова да өрімдей қыз еді. Сондай күндердің бірінде күтпеген жерден «Қазақ әдебиеті» газетіне комедияны қатты сынаған мақала шыға келмесі бар ма. Авторы анау, мынау емес атақты Шәкен Айманов. Ал керек болса! Сынға ден қойсаң спектакль түк те емес. Жұрт мұныңыз қалай, Шәке демей ме. Пендешілікке не дауа. Қалтаймен бірге ГИТИС-те бірге оқыған театр сыншысы Қажығұмар Қуандықов деген бар еді. Ішіне түсіп кеткен қызғаныштың қызыл иті тынышын алған ғой. Сол Шәкен Аймановтың атынан әлгі сын мақаланы жазып, ебін тауып қолын қойдырған екен. Артынша бір қудың: «Драмадан ін қазған бөлтірікті, Айманов ұстап алып өлтіріпті», – деген әжуасы жұртқа лезде тарап кетті. Бірақ бұл орынсыз сын көрермендерге тосқауыл қоя алмады. Қуандықов Аймановтың қолымен от көсегенмен «Бөлтірік бөрік астындағының» көрермендер тасқыны бұрынғыдан да көбейе түсті. Солай оның қызғанышы Аймановты ыңғайсыз жағдайға қалдырған. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». 1957 жылы Қазақстан Журналистер одағы құрылды. Одақтың алғашқы сьезінде Қазақстан Компартиясы ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жандилдин сөз сөйледі. Өзі аласа бойлы кеспелтек келген кісі екен. Ал бір бөссін. «Егер «Бөлтірік бөрік астында» пьесасының авторы жас жігіт болмаса, қоюшы режиссері мен әртістері кілең жастар болмаса, орыс тілін мазақ етіп, ұлы халықпен достығымызға қаяу салғаны үшін, ұлтшылдық бағыттағы сарыны үшін, біздің бұл қойылымды мүлдем жауып тастауымыз хақ еді. Бірақ бәрі жастар болған соң әзірге кеңшілік жасап отырмыз». Қазақстандағы идеологияны басқарып отырған хатшының бұл сөзінің астарында зіл жатқанын ішіміз сезді. Ол сөз арасына «ұлтшылдық» сөзін бекер қыстырмағаны белгілі. Мұның арты жақсылыққа апармайтыны айдан анық. Биліктегілер енді Қалтайдың маңдайынан сипай қоймайтынына көзіміз де жетті. Не істеу керек? «Лениншіл жас» газетінің сол кездегі редакторы Әбдісаттар Бөлдекбаев менің досым еді. Соған телефон шалдым. «Әбдісаттар, кешегі Жандилдиннің сөзінен кейін Қалтайдың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясының ендігі жағдайы қалай болатынын байқадың ғой. Спектакльді қорғап әрекет жасамасақ, жұрт талғамынан шыққан тамаша драмадан айрылып қалатын түріміз бар. Сен көрермендер конференциясын ұйымдастырып, газетке жарияласайшы». Ол бірден келісті. Жексенбі күні түсте пьеса театр сахнасына кезектен тыс қойылып, оған облыс көлеміндегі ірі елді мекендерден арнайы көрермендер шақыртылды. Соңынан конференция болды. Сөйлегендер драманың халықтар достығына еш нұқсан келтірмейтінін, қайта қоғамдағы жастардың оғаш істерін күлкімен әшкерелеп, дұрыс тәрбие алуларына үлкен көмек болатынын ашып айтты. Газетке солай жарияланды. Алматы қалалық Атқару комитетінің төра­ғасы Әділ Ахметов өнерге жанашыр жан екен. Сол кісі академик-жазушы Мұхтар Әуезовке телефон соғады. «Мұха, жас драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы біраздан бері театрда жүріп жатыр еді. ОК-тің идеология хатшысы Жандилдин оны басқаша түсініпті. Бүгін кешке сол пьесаны сіз екеуміз бірге барып көрсек. Комедияға сіздің пікіріңіз аса қажет болып тұр». Мұхаңның Мәскеуден елге біржолата оралған кезі. «Абай жолы» эпопеясына халықаралық Лениндік сыйлық алып, атағы аспандап тұрған шағы. «Қараш-қараш» повесі де «Социалистік Қазақстан» газетінің алты санына жарияланып жатқан. Не керек, Мұхаң айтты, бітті. Басқалар тақ тұратын кез. Сол күні олар театрға келген қалың көрермендер ортасында отырып, спектакльді тамашалайды. Мұхаң қойылымнан көңілді шыққан. Көп кешікпей «Лениншіл жас» газетіне «Бұл күлкіге дән ризамыз» атты мақаласы жарық көрді. Жандилдиннің бұра тартқан сөзі далада қалды». Мұхаң сол мақаласында пьесаға қандай баға беріп еді? «…Сапардың сорақы сұмырай мінез-қылығына арналған күлкі: көрушіні жалғаса алысып, соны жоюға мегзейтін күрескер күлкі. Марфуға, Арыстан тәрізді жеңілтек, сұйық, көңілсіздер сыпатына арналған күлкі: көңіл ашар зілсіз күлкі. Айналамызда әлі де жиі ұшырайтын Жұпардай өсекші әйелдерге арналған күлкі-мысқыл, мазақ күлкі. Осылайша бір шығарма көлемінде бірнеше сорақы, келеңсіз, тұрпайы мінездерге арналған күлкілердің бәрі де қонымды, орынды, әсіресе нанымды сезіледі. Бұл комедия сол қасиеттері бойынша елеулі шығарма боп қалыптасқан. Айтар сөз аз емес болғанда, орын тарлығынан, әзірше тек алғашқы, сүйсінген ғана көңілді білдіреміз. Жас жазушы Қалтай «бұл жанрда алда да өнімді өріс табады» деп нық сенгіміз келеді», – деп драманы құптап, ағалық кеңесін де қосқан. «…Тек қана бір кезеңде комедия сәл «әттегене-айды» айтқызатын жәйі бар тәрізді. Екінші актінің екі суреті бойында Марфуға мен Арыстандардың келеңсіз, жеңілтек берекесіздігіне күлудің орны молырақ болып кеткен. Тегі бұлар мінездерінің бергі бетінде тұрған келеңсіздіктер, олардың: міні болса да шыны емес. Тек тоғышарлық. Құр ғана қазақ тілін шала шәлдіректеумен күлкі тудыру, өз өлшеуі мен мөлшерінен аса қалса тапқырлық болмай, сәлден соң татымалдау болып кетеді екен. Олардың осы сыпатына арналған күлкіні азайтыңқырап, анау, түбегейлі тақырыпқа, түпкі арқауға арналған сырлы сатира, зілді сықақ көбірек орын алса, оңдырақ болар еді». Аузы дуалы, сөзі уәлі Әуезовтың сенім артқан ізгі тілегі Қалтайды қанаттандырып жібергені сондай кейін жазған драмалық шығармаларын жазуда шабытына қамшы басып, қоғамдағы келеңсіздіктің бәрін батыл күлкінің қылышымен кесіп, найзасымен шаншыған. Қалағаң «жаздым-жаңылдым» деп Жандилдиннің алдына қол қусырып бармады. Қайта осы комедиясымен Жандилдин айтқандай мазақ болған орыстың тілін емес, Қазақ тілінің басқа тілмен шұбарланған мүшкіл жайын сол кезде-ақ спектакльге шым-шымдап кіргізіп, сананы қозғап кеткенін саналы көрермендер сезіп, ашынғаннан күлген де болар. «…Марфуға. Привет знаменитому историку и фотографу! Сайлаубек. Сәлем, носительницу передовой культуры! Әнуар. (кекетіп) Қазақстанда модалы киімдердің негізін қалаушы десейші! Марфуға. (түсінбей) Спасибо, хоть сендер признаете менің культурный адам екенімді. Ал байым «осы нарядыңды ұнатпаймын» дейді. (заттарын орындыққа қойып). Ох, шаршалғандым. Әнуар. (кекетіп) Ұнатпаса, неге ұнатпайсың деп сұрамайсың ба? Марфуға. Айтады ие, мен де айтады, мұндай одеждаларды сенен басқа ешкімнен көрмеген деп айтады. Сайлаубек. (кекетіп) Шаршалғандым отырғанда көп айтпа демейсің бе? Марфуға. Вечно сендер маған күлесіңдер. Попробуй қатын болып мұндай күнде тамақ тасуға». Жарықтық Қалтай ағам кезінде Ана тілі үшін күресті күлкінің күшімен осылай бастаған екен-ау. «Құдағи келіпті» комедиясы басталғаннан-ақ езу тартасыз. «…Айша. Менің айтарым осы. Шеше деп тыңдайтын болсаң, осы жолы еріп жүресің. Марфуға. (күмілжіп). Мама, мен тыңдаймын, ойланамын тағы да. Айша. Не ойланатының бар? Әлі де өмір бойы осында болғың келе ме? Марфуға. (біраз үнсіз). Ну, ал кетейін… Сұңғат бармайды… Мен оны люблю… Айша. О, любовьта басың қалғыр, миың әбден ашыған-ау балам». «Өзіме де сол керек» драмалық комедиясынан үзінді: «…Телефон. Тергеу енді басталды. Әзір белгісіз. Сау болыңыз. Садық. (трубканы қойып). Келіскен екенбіз. Сардар. Не болды? Садық. Хайдарбек оқуға түсушілерден пара алған дей ме, милицияда отырған көрінеді. Сардар. Пара? (басын шайқап) Е-е, түсімде Абаймен кездестім деп еді, ақыры алып кеткен екен ғой. Садық. (ойланып). Ертең баяндама, ағадан жеген таяқтың түрі мынау. Балдыздың батпағы анау. (Басын шайқап). Өзіме де сол керек». «Қуырдақ дайын» үш перделі комедиясынан: «…Жақан. (ойланып). Ол былай, так, менің немере ағамның әйелінің нағашы апасы тиген кісінің жиенінен туған қызды осы келе жатқан кісінің жұбайының бөлесі алып отыр. Ережеп. (түсіне алмай). Сонда не болып шықты? Жақан. Не ғой өзі, внимательно тыңдаңызшы. Біздің немере ағайдың әйелі бар емес пе, так… Ережеп. Қош. Жақан. Сол жеңгеміздің нағашы апасы күйеуге тимей ме, білдіңіз бе? Ережеп. Қош, тиді. Жақан. Соның күйеуінің енді жиені бар емес пе? Ережеп. Қош, бар болсын. Жақан. Содан келіп әлгі жиенінің бір қызы бар екен. Ережеп. Қош, солай дейік. Жақан. Әлгі қызды осы келе жатқан кісінің жұбайының туған бөлесі алып отыр. Ережеп. (түкке түсінбесе де). Жаным-ау, арадан қыл өтпейтін туыс болып шықты ғой өзі. Жақан. Негізі осылай оралып келеді. Қазақ, шамасы құдандалы деп осыны айтады-ау деймін». Комедиядан осы бір үзіктің өзі көрер­мендерді ойландырып, езу тартқызбай ма. Ал енді қарға тамырлы қазақтың туыстық ұшығын тауып көр. Ережептің күйін кешіп, еріксіз күлесің. Қиыннан қиыстырған драматургтің шеберлігіне тәнті боласыз. Жалпы Қалтай ағаның, қай комедиялық шығармасында да қоғамдағы келеңсіз жағдайларды ғана көрсетіп қоймай, сол кездегі Хрущевтің солақай саясаты «Коммунизмге тез жету үшін орыстың тілін тез игеру керек» деген қағидасымен Ана тіліміздің бөтен тілмен шұбарланып, қадыр-қасиетінен айрылып бара жатқанына қарсы күйіне отырып, ащы мысқыл-күлкінің уыты арқылы күрескені байқалады. Қалтай Мұхамеджанның кесекті туынды­ларының бірі нақты деректерге құралған «Жат елде» драмасы. Үлкен саясатқа жазылған әлеуметтік-психологиялық тартысқа толы шығарма. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында «Түркістан легионында» болып, Отанға орала алмай қалған қандастарымыздың тәлкекке түскен тағдыр-талайынан сыр шертеді. Мұнда жұртты күлкімен көметін комедия жоқ, жанына аяушылық сезім ұялататын трагедия бар. Драманы көріп отырып неше түрлі күйге түсесің. Күйінесің, жиренесің. Олар сатқын болса да кейде тұла бойыңды аяушылық сезім билейді. Оқиға Германия Федеративтік республикасының Мюнхен қаласында өткен. Мұстафа Шоқайға қастандық жасаған өзбек Уәли Хасенов, Отанын сатқан Құрбан, ата мекенге деген сағынышпен жүрген ақын Асан және басқалар арасындағы психологиялық тартыс драманың өн бойында егіз өрімдей өріліп жатыр. «…Асан. Сөздің тазасы мынау. Сендер менен мықты емессіңдер. Халық, Отан деген ең алдымен ақын адамға керек. Халықсыз ақын – қанатсыз қыран. Түркістан азат етілгенше аттап баспаймын. Ал енді мені тыңда, Құрбан. Біріншіден, ана қуларың мүйізгектеп, орнымнан тайдырмақ ойы бар. Алдымен соларға тиым сал. Екіншіден, қатын мені үйден қуып шықты. Шамасы дұрыс жасады-ау деймін. Түрік комитеті маған баспана тауып беруі керек. Үшіншіден, Құрбан мырза, мақсатымызға жеткен күні келешек ұрпаққа сен туралы хикаяны кім жазады? Құрбаннаманы Фердауси тіріліп келіп жазбайды. Мына алдыңда отырған Асан жазады. Сондықтан Венаға мені де жібер. Тірі қазақтарды бір көріп қалайын. Құрбан. Мынау ішуіңді қоймасаң, Мюнхеннен еш жаққа шықпайсың. Асан. Қайбір жетіскеннен ішеді дейсің. Мастығым тарқаса, құлазып жалғыз қаламын. Ішсем өзіме-өзім бір тайпа ел болып, Сарыарқаны сайрандап жүремін». Екеуінің осы бір диалогында қаншама сыр жатыр. Бірі Отанын шын сатқан Құрбан да, екіншісі Отанға деген сағынышы өзегін өртеген Асан. Ол: «Түркістан азат етілгенше аттап бас­паймын», – дейді. Қалтай оның аузына осы сөзді неге салды? Қазақ елі коммунистік Ресей империясының қол астында екенін сол арқылы жеткізіп, көрермендер көзін ашып отырған жоқ па. Арға жағы ерте ме, кеш пе ерікті ел болуды меңзеу ғой. Драманы мәскеулік режиссер, РСФСР-ға еңбек сіңірген әртіс, профессор М.М.Новохижин арнайы шақыртумен келіп, сахналаған. «Бөлтірік бөрік астында» комедиясынан «ұлтшылдық» қоңырауы ілінген Қалтай ағаның осы спектаклінің алғашқы қойылымына Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінен төрт қызметкер қатысады. Оның үстіне «халық жауының» баласы. Оған сенімнен гөрі күдік-күмән басым. Әдеттегідей зал көрермендерге толы. Асанның ролін жас актер Асанәлі Әшімов сомдаған. Фарида Бекжанқызы: «Спектакльдің кезекті қойылымына режиссер Новохижиннің шақыртуымен Қалтай екеуміз тағы бардық. Театр кассасының алды толған адам. Мен: «Қалтай-ау, билеттер бірнеше күн бұрын сатылып кетті деп еді ғой», – дедім таңданып. Кассаға барсақ сапырылысқан жұрт билеттерін өткізіп жатыр екен. Түкке түсіне алар емеспіз. Қалтай: «Қазір режиссердан біліп келейін», – деп театрдың жоғары қабатына көтеріліп кетті. Новохижиннің кабинетінде бейтаныс кісі отыр екен. Новохижин оны Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері деп таныстырады. Ол Қалтайға шаншыла қарап, спектакльдің бұдан былай қойылмайтынын жеткізеді. Қалтай себебін сұраған. Анау оны кейін білерсіз дегендей бұлталақтатып жауап береді. Мұндайда ұйқы қайдан тыныш болсын. Қашан драма тағдыры оң шешілгенше Қалтай мазасыз күй кешті», – дейді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшылары ОК-тің идеология хатшысына мәселені төтесінен қойған. «Автор Отанын сатқан Асанның аузына неге жақсы сөз салады? Бұл дарама біздің идеологиялық саясатымызға қайшы келеді. Сондықтан сахнадан мүлдем алып тасталуы керек. Ал авторға қателескені үшін қатаң жаза қолданбаса болмайды». Солай драма сахнадан алынған. Іс насырға шауып, Қалтайдың тағдыры тағы да қыл үстінде тұрды. Спектакльді жақтаушылар да болды. Таразының қай жағы басады? Егер комитет таққан айып мақұлдана қалса, онда Қалтайдың темір тордың арғы жағында отыруы ғажап емес еді. Алайда Никита Хрущевтың жылымығына байланысты екі жақты айтыс-тартыс созыла берген. Уақыттың созылуы Қалтайдың пайдасына шешілді. Новохижиннің ықпалымен «Жат елде» Мәскеудің сахнасында да көрсетіліп, талап-талғамы жоғары мәскеулік өнер қайраткерлері мерзімдік басылымдарда биік бағалады. Осылай Қалтай екінші рет тағдыр сынынан дін аман өтті. Алаң көңілмен тағдыр соққысына аз күн иілгенмен сағы сынған жоқ. Қайта ширығып, алған бетінен қайтпады. Тек көңілінде сол бір ауыр күндердің қаяуы қалды. Айта кететін тағы бір жәйт, автор спектакльде Отанның адам баласы үшін аса құндылығын сатқын Құрбанның анасы арқылы тамаша жеткізген. «…Жар өледі – төсек жаңғырады. Жалғыз өледі – жара бітеді. Ата-анаң өледі – өзің ата-ана болғанда ол да ұмыт болады. Өмірде ұмыт болмас, естен шықпас, орны толмас бір-ақ нәрсе бар. Ол – Отан, туған халқың! Оны жоғалтсаң…». 3Әлем театрларының сахналарында қойылған «Көктөбедегі кездесу» қалай жазылды? Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов 1972 жылы қаңтардың орта шенінде Алматыға келіп, Фурманов көшесінің бойындағы қонақ үйге жайғасады. Қалтай екеуі кешкілік астан соң сыртқа шығып, бой жазған. Аязсыз айлы түнде жақын маңдағы бақ ішіне барғанда Қалтай: «Шықа, қазір не жазып жүрсіз?», – дейді. Шыңғыс көптен ойында жүрген бір повестің оқиғасын тәптіштеп айтып береді. Қалтай: «Жақсы дүние екен. Қашан жазып бітіресің?», – дейді. Шыңғыс: «Осы жөнінде өзіңмен ақылдасуым керек» – дей келіп: – Мәскеудегі «Современник» театрының директоры Олег Табаков пен бас режиссері Галина Волчекке осының сюжетін айта қойып едім, олар: «Шыңғыс Торекулович, бұл повестен гөрі драмаға қолайлы екен. Бізге жазып берсеңізші», – деп бірден қолқа салды. Мен: «Ойланып көрейін», – деп кетіп едім, олар қайта-қайта телефон шалып, қыр соңыма түсіп алып, басымды әлекке салды. Қалтай, мен драма жазуға жоқ адаммын. Осыны екеуміз бірігіп жазсақ қайтеді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Алматыға келгендегі бар шаруам да осы». Қалтай ойланып қалған. «Менің жазғаным ұнамай қалып: «Сенің драматургтігіңе болайын», – десе, шаруамның біткені ғой. Бәрін өзіне артып, бас тартсам ба екен… Қайтсем екен?.. Бірақ сенім артқан дос пейілін қайтарғаннан не табамын? Не де болса тәуекел!». Келісімін алған кезде Шыңғыс иығынан бір ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала берген. Екеуі таң саз бергенше болашақ пьесаның құрылымын жүйелеу жөнінде кеңеседі. Алайда оқиғаны айту бар да, оны жазу бар. Жазу барысында көп жайдың басқаша өріс алып кетуі де ғажап емес. Кейіндеу Шыңғыстың риза көңілмен: «Қалтай драма оқиғасының көркемдік деңгейін мен айтқаннан да бетер әрлендіріп, мәнді етіп жіберіпсің», – дегені сондықтан болар. «Уәде осы болды да, Шыңғыс Фрунзеге жүріп кетті, – дейді Қалтай «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісіне берген сұхбатында. – О бастан түйе толғақпен жүретін мен онша асыға қоймай, бірдеңелерді шимайлап жүрдім. Байқаймын драманың жобасы бар да, жотасы жоқ. Арада бір ай өтпей Шыңғыс: «Батыр-әкесі, қал қалай?», – деп телефон соқты. Қалдың мәз емес екенін айттым. Ол: «Сәуірдің орта шамасында Мәскеудің «Сов­ременник» театрының директоры Олег Табаков пен бас режиссері Галина Волчек саған барады. Сол кезде мен де келемін», – деп қарап тұр. Зәрем зәр түбіне кетті. Туғалы үш айда пьеса жазып көрген жоқпын. Болмайды деуге тағы бет жоқ. Зобалаң енді туды. Үш күннен кейін Шыңғысқа «Өзімнен хабар болмай ешқайсысы келмесін», – деп бар дүниені жинап қойып, екі білекті сыбана кірістім. Сыбанғаны құрысын, қанша ырғассам да бел беретін түрі жоқ. …Сөйтіп жүргенде осында университетке оқуға түскен Шыңғыстың үлкен ұлы Санжармен бірге тұратын қайын апасы Айша бір күні үйге келді. Әңгімеден әңгіме шығып отырып, соғыс кезінде интернатта тәрбиеші болғанын айтты. Біздің басты кейіпкерлеріміз интернаттан майданға кетіп, содан аман қайтқандар болатын. Мен Айша апай кетпей-ақ жазу столына отырдым. Ар жағы он бір күнде пьеса бітті. Өзім Ыстықкөлге бара жатып, мамырдың ортасында сол нұсқаны Фрунзедегі Шыңғысқа беріп кеттім. Өз ойымша жаман шықпады, дегенмен күмән шіркін мазалай берді. Екі күннен кейін Ыстықкөлге Тахауи келді. Ол: «Сен Шыңғыс екеуің пьеса жазыпсыңдар ғой. Жолай соғып едім, мақтап отыр», – деді. Сонда барып жүрек орнына түсті. Бұдан бұрын он шақты пьеса жазған мен дәл осының үстіндегідей қиналып көрген жоқпын». «Түркістан» газеті редакциясының таңертеңгілік лездемесінде әдебиет тақырыбында да әңгіме-дүкен болып тұратын. Сондай сәттердің бірінде төрде отырған Қалағаңа «Көктөбедегі кездесу» драмасы жайында сауал тастаған едік. Ол: «Драмадағы кейіпкерлердің басын біріктіретін образды таппай біраз жүрдік. Телефон арқылы Шыңғыс та, мен де ойымызға келгенді айтып жатырмыз. Бірақ, оқиғамен қабысар емес. Айша апай үйге келіп әңгімесін айтқан кезде Фарида: «Шыңғыс екеуіңнің іздеп жүргендерің осы кісі ғой», – демесі бар ма. Көкейіме қона кетті. Өйткені драмадағы бейнелер бар сырларын біреуге айтып беруі керек қой. Айша ұстаз. Ал олар шәкірттері. Ұстаз бен шәкірт қашанда сырлас. Шыңғысқа телефон шалып, ұсыныс жасап едім, бірден қолдай кетті. Сонымен пьеса құрылымы өзінен-өзі түзіліп шыға келді. Ыстықкөлден келсем Шыңғыс орыс тіліне аударып та қойған екен. Сол жылы екеуміз тамыз айының басында «Көктөбедегі кездесудің» орысша нұсқасымен Мәскеуге бардық. «Современникте» дайындық басталып кетті. Спектакльді көріп, қабылдайтын Мәдениет министрлігінен бастап, мемлекеттік мекемелер бар емес пе. КСРО Мәдениет министрлігіндегілер мен Мәскеу қалалық мәдениет басқармасындағы шенеуніктер әрі-бері ырғасып, ақыры қабылдамай қойды. Драманың мұртын бас, жалын күзе, ананың басы артық, мынаның өзі артық деп мың әуреге салмасы бар ма. Сонымен табаны күректей үш ай өтті. Әсіресе министрліктегі алты сағатқа созылған соңғы талқылаудан кейін титықтап шыққан Шыңғыс қонақжайға келген соң: «Енді пьеса деген итіңді желкемнің шұқыры көрсін. Сен осы уақытқа дейін осындай әуре-сарсаңға қалай шыдап, күн көріп жүрсің? Өзім повесімді жазып жүре берсемші. Сонда мынандай ары тарт та, бері тарт көкпарыңа соқтықпас едім», – деді жабырқау үнмен. Мен: «Шыңғыс, мұндайға менің етім өліп кеткен. Көрген құқайым бұл бір емес», – дедім. Алматыда әрбір спектаклім үшін басымда ойнайтын әңгіртаяқты ол қайдан білсін. Не керек, Шыңғысқа Кремльдегі ОК-ке баруына тура келді. Мәселе сол жақтан шешімін тапты да, 1972 жылдың 4 желтоқсан

Серіктес жаңалықтары