ӘЛЕМ ДЕФЛЯЦИЯ ҚАУПІНЕН ҚОРҚАДЫ

ӘЛЕМ ДЕФЛЯЦИЯ ҚАУПІНЕН ҚОРҚАДЫ

ӘЛЕМ ДЕФЛЯЦИЯ ҚАУПІНЕН ҚОРҚАДЫ
ашық дереккөзі
192

Жыл сайын мыңдаған адамды «Күлтөбенің» басына жинайтын Давостағы саммит әдеттегідей жағымды жаңалыққа сараң болды. Есесіне, әлемдік
экономикада ілгерілеушілік бар. Еуропалық орталық банк тарапынан дағдарысқа
қарсы күрес шарасы жалғаса бермек. Бірақ кейбір сарапшылар дефляция қаупін
жоққа шығармайды. Бұл әлемдік экономиканың тығырықтан шығуына кедергі.  

Швейцарияның Давос қаласында жыл
сайын өткізілетін Дүниежүзілік экономикалық форумы аяқталды. Осымен 44-рет
өткізілген саммитке 2 жарым мыңнан астам адам қатысты. Тек тақырыбы ғана
экономикалық деп шектеп тұратын бұл шараға саясаткерлер, кәсіпорын, компания
басшылары, миллиардерлермен бірге мәдениет және ғылым саласының өкілдері де атсалысуды
дәстүрге айналдырған. Аталған шараның маңызына тоқталған ҚР Президенті
Н.Назарбаев: «Давос – тығыз кездесулер орны, себебі форумға мемлекет пен
үкіметтер басшылары, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялар жетекшілері көп
жиналады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мен бұл форумға жиі келіп
тұрдым, өйткені ол кезде біздің ел танымал емес еді. Сапарлардың мақсаты жас республика туралы әңгімелеп,
инвесторлар назарын аудару болатын. Инвесторлар кеңесін құру бастамасы да дәл
осында көтерілгенін еске сала кетейін. Ал бүгін 2050 Стратегиясының
қабылдануына және онда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты
қойылғанына байланысты осы жөнінде форумға қатысушыларға әңгімелеп беру
қажеттігі туып отыр», – деді. Экономикалық форум президенті
К.Швабпен, сондай-ақ өзге мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен кездескен
Елбасы арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында журналистерге: «Мен Қазақстанда
жұмыс істеп жатқан компаниялар басшыларымен де кездесулер өткізіп тұрамын. Біз
олардың еліміздегі алдағы уақыттағы қызметінің перспективаларын талқылаймыз.
Басты мәселе сонда – өндіруші салаларда жұмыс істеп жатқан трансұлттық
компаниялар өз кәсіпорындары үшін бізде сервистік компаниялар құруға тырысуы
керек. Бұл жайт Қазақстанды индустрияландыру секторына қатысты. Менімен
әңгімелескен кісілер еліміздің даму болашағы үшін инфрақұрылымды дамытуға
– автожолдар мен теміржолдар, порттар, аэропорттар салуға деген біздің
ұмтылысымыздың маңыздылығын айтады. Өткізілген кездесулер бұл орайда өте
маңызды болды», – деді. ДСҰ жетекшісі Р.Азеведомен пікір алмасқан
Н.Назарбаев  Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі
басты сыртқы экономикалық басымдығының бірі екенін айтты. Ал Азеведоның
пікірінше, негізгі мәселелер – ДСҰ-ға мүше елдермен келісу, Кеден одағына
қатысуына байланысты Қазақстан мен Ресейдің импорттық кедендік баж салығы
жөніндегі міндеттемелерін үйлестіру. Еуропалық Комиссия төрағасы Ж.М.Баррозумен
жүздескенде Елбасы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастың
дамуына Ж.Баррозудың ерекше назар аударатынын жеткізді: «Еуропалық Одақпен
арадағы сауда көлемі – 50 млрд. доллар. Біз қазір бірқатар мәселелермен, атап айтқанда,
серіктестік пен ынтымақтастық аясын кеңейту туралы келісіммен жұмыс істеп
жатырмыз. Мүмкіндігінше бұл құжаттарға қол қоюды жеделдеткен жөн. Біз Еуропалық
Одақпен визасыз режім туралы мәселенің шешілуіне де мүдделіміз. Сонымен қатар,
қазіргі уақытта мейлінше маңызды жайт – біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ)
кіруіміз». Ал Баррозу Еуропалық Одақ Қазақстанның басты сауда және
инвестициялық серіктесі болып саналатынын, еуропалық компаниялар біздің елмен
экономикалық байланыстарын одан әрі тереңдетуге мүдделілік танытып отырғанын айтты.
Осыған байланысты ол Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестік пен
ынтымақтастық аясын кеңейту туралы жаңа екіжақты келісім жөніндегі
келіссөздердің аяқталып, таяу уақытта оған қол қойылуы өзара тиімді ынтымақтастықты
нығайтуға қосымша серпін беріп, Еуропалық Одақпен арадағы диалогтың сапалы жаңа
кезеңіне құқықтық негіз қалыптастыратынына сенім білдірді.

Сонымен, биылғы саммиттің ерекшелігі қандай? Қысқаша
айтсақ, осыдан бес-алты жыл бұрын, анығы, 2008 жылы қайтаруы қиынға соққан
ипотекалық қарыздардың кесірінен қаржылық дағдарыс басталғанда Жер шары,
әсіресе, дамыған елдер аса қынжылған жоқ. Өйткені, дағдарыстың туындап, артынша
тығырықтан шығу табиғи заңдылыққа айналған болатын. Бірақ жағдай күрт ушығып кетті.
Қаржылық дағдарыс әлемдік экономиканы тұралатып, еуроаймақтағы ахуал
шатқаяқтады, көрсеткіштер құлдырай бастады, көптеген мемлекетке стагнация мен
дефолт қаупі төнді. Борыштар қордаланып қалғандықтан қиындықтар енді қарыздық
дағдарысқа ұласты. Бұған дейін жаймашуақ қалыпта өтетін Давостағы саммитер енді
қырық пышақ пікірталасқа айналып, наразылық пен қарсылық танытатындардың, күмән
келтіретіндердің шарасына айналды. Саммитте қабылданатын құжаттардың өзі
бүгінде бір-бірінен аумайды. Қатты ұқсас. Өйткені былтыр, алдыңғы жылы, оның
алдында айтылған түйткілдер шешімін тауып үлгермей жатып, жаңа проблемалар
туындайды. «Жығылған үстіне жұдырық», әлемдік экономиканың жағдайы бір
жақсармай қойды. Тек былтыр жыл соңында ғана көрсеткіштер оң бағытқа қарай өзгерген.
Мұның себебін Еуропалық орталық банктің (ЕОБ) жетекшісі Марио Драги былайша
түсіндіреді: «Экономикада сәл де болса ілгерілеушілік бар. Соңғы үш-төрт айда
ЕОБ-ның 2011 жылдан бері жүргізіп келе жатқан монетарлық саясаты (мөлшерлемелердің
төмендетілуі, ұзақмерзімдік қаржыландыруды енгізу т.б.) ақыры экономиканың
нақты секторына да жетті. Біз жағдай тұрақтана бастағанын байқап отырмыз.
Әзірше өте әлсіз, нәзік әрі біркелкі емес».

Давостағы саммитке жиналған халықаралық сарапшылар да жағымды
хабар айтып, сүйінші сұрауда сараңдық танытады. Өйткені шынында да бес жылдан
астам уақыт сергелдеңге салған дағдарысты еңсеру қиынға соғуда. Әрі әп дегенде
бірінен кейін бірі банкротқа ұшыраған компаниялар мен кәсіпорындар,
қысқартулар, қаржылық тапшылық т.б. келеңсіздіктер жұмыссыздар санының күрт
өсуіне әкеп соқты. Бүгінде экономиканы тұрақтандыруға басты кедергілердің бірі
– жұмыссыздық. Енді қиындықтан шығар жолды ұсынған экономистер мен банкирлер бірге
атқаратын шаруада «growth friendly» үлгісін күшейте түсу керектігін
айтады. Яғни, салықтарды барынша азайту, шығынды барынша қысқарту, инвестицияны
барынша көптеп тарту. Бүгінде қолында мол қаражаты бар инвесторлардың өзі
экономиканы жақсартуға едәуір сеп болатын инвестицияны молынан құюға
құлшынбайды. «Аузы күйген үріп ішедінің» керін келтіретіндер ақшасын желге
шашудан қорқады. Ал инвестициясыз әлемдік экономиканың халі мүшкіл. Саммиттегі
пікірталасқа айналған тақырыптардың бірі – дефляция қаупі. Мәселен, Халықаралық
қаржылық қордың басшысы Кристин Лагард дефляцияға ұласатын проблемалардың бар
екенін ескертсе, ЕОБ жетекшісі Марио Драги бұл қауіпті теріске шығарды: «Егер
қажет болған жағдайда Еуропалық орталық банк тиісті шараларды қабылдайды». Бұл
орайда он бес жыл бойы дефляцияның зардабын шеккен жапондардың тәжірибесімен
бөліскен Жапония Орталық банкінің басшысы Харухико Кирода дефляцияның кесірінен
инвестиция көлемі азаятынын, құнды қағаздарды жаппай сатып алу арқылы
экономикаға дем беру және инфляцияны 1,2 пайызға дейін жетізудің нәтижесінде
тығырықтан шыққандарын айтты. Ескеретін жайт, жапондардың тәжірибесін Еуропалық
орталық банк қолдана алмайды. Өйткені ондай құзырға ие емес.

Давоста бас қосқандар Еуропалық Одақтың келешегіне қатысты мәселені де
қозғады. Былтыр Давостағы басқосуға аттанар алдында Ұлыбританияның ЕО құрамынан
шығуы мүмкін екендігін айтып, біраз адамның ұйқысын бұзған болатын. Биыл
керісінше, ағылшындардың Еуроодақсыз алысқа бара алмайтынын және Одақ құрамында
болу өте тиімді екенін мәлімдеді. Әлбетте, ЕО-ны қайта құрылымдауға ұсыныс
білдірді.

Бүгінде кез келген халықаралық
деңгейдегі шаралардың маңызын әлемдік тұлғалардың қатысқан-қатыспағаны арқылы
анықтау үрдіске айналған. Давостағы саммитке шаңғы теуіп жүріп, мертігіп қалған
Германия канцлері Ангела Меркель келе алмады. Сонымен қатар келмегендер тізімін
Франция, Қытай мен Ресей көсемдері толықтыра түсті. Есесіне, бұған дейін
Давосқа ат ізін салмаған Ираннан өкілдер, анығы, Иран президенті Хасан Роухани
мен АҚШ мемелкеттік хатшысы Джон Керридің келуі кездесуге көрік бергені анық.
Журналистермен бетпе бет келуден қашқақтаған Хасан Роухани сұхбат беруде
сараңдық танытты. Бірақ  дүние жүзіндегі
ең ірі энергетикалық компанияларды Иранға инвестиция салуға шақырды. Санкцияға
қатысты мәселелердің біртіндеп шешіліп жатқанын және Иранға келетін
инвесторларға жеңілдіктер жасалатынын ескертуді де ұмытпады. «Иран президенті
кездесуде келісімшарттардың бізге өте тиімді болатынын айтты. Бұл жақсы
жаңалық. Алайда, қандай талап қойылатын әзір белгісіз», –деп мәлімдеген «Total»
компаниясының президенті Кристоф Де Маржеримен ҚР Президенті Н.Назарбаев та
кездесті. Компанияның Қазақстандағы қазіргі қызметі және оның Солтүстік Каспий
жобасы бойынша өнімдерді бөлу туралы келісімге қатысуының мәселелері
талқыланған басқосуда Н.Назарбаев пен Кристоф Де Маржери инвестиция тартудың
және жаңа технологияның арқасында Қазақстанның мұнай-газ саласы қарқынды дамып
келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Қашаған кен орнын игеруді жүзеге асыруға
қатысты ахуалға тоқталған Елбасы адами капиталды дамытуға және еліміздің
әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған түрлі инвестициялық жобаларды іске
асыруға ерекше назар аударды.

Бұған дейінгі саммиттерде сырт
қарағанда сырбаз, салқынқанды көрінуге тырысқанмен, кез келген көсемнің
көңілінде күдік бар болатын. Онысын ешкім жасыра да алмайтын. Алайда, биылғы
форумда арқа басты кеңге салғаннан тәуелсіз сарапшылардың көпшілігі қауіптеніп
отыр. Себеп, бұл жұдырықтай жұмыла әрекет етуге кедергі. Сонымен, кем дегенде
1-2 жылға оптимистік болжам жасаған форум қатысушылары бұған дейінгі дағдарысқа
қарсы күрес бағдарламасы мен басқа да құжаттарды жалғастыра беруге шешім
қабылдады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары