ҰНЖЫРҒАСЫ ТҮСКЕН УКРАИНА ҰЛЫҚТАРЫ

ҰНЖЫРҒАСЫ ТҮСКЕН УКРАИНА ҰЛЫҚТАРЫ

ҰНЖЫРҒАСЫ ТҮСКЕН УКРАИНА ҰЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
432

Украинаның саяси ахуалы бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Күзде басталған бейбіт түрдегі наразылық шарасының соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, халықтан да, биліктен де береке қашты. Алайда, азаматтық құқы мен міндетін жақсы білетін, еркіндікке жаны құмар ұлтқа керегі бұл емес. Олар болашақта Ресейге тәуелділіктен құтылып, демократиялы елде өмір сүру жолын таңдауды өздерінің аңсары санап отыр. 

 Екі айдан астам уақыт ішінде Киев алаңдарын теке-тірескен күйде босатпаған халықтың күші қандай? Талаптарын үздіксіз жеткізіп, биліктің емеурін танытуын көздеген ереуілшілер нені көкседі? Әрине, ақпарат көздерін жаулап алған ресейлік басылымдар мен интернет сайттарына зер салсақ, Киев алаңдарындағы наразылық топтарды, әсіресе жастарды қаралаған мақалалар лек-легімен шыға келеді. Бір жақты, бір сарынды. Оларға салса, Украина өз бетінше өмір сүре алмайтын, Ресейге әу бастан тәуелді мемлекет сияқты. Сондай-ақ жастарының өз ұстанымдары жоқ, бұзақы, арандатушыларға сенгіш екен. Жоқ, олай емес. Украинада кеңестік заманнан қалған бірлі-жарым тұяқтар болмаса, жастардың дені көзі ашық, саяси жағынан сауатты. Олар Украинаның Еуроодақ табалдырығын аттауға деген ұмтылысы туралы әңгіменің шеті шыққанда-ақ бірауыздан құптап, келешекте еуропаша білім алып, өмір сүрудің тиімділігін тілге тиек еткен болатын. Міне, сол себептен де Еуроодақ келісімінен бас тартқан билікке өкпелері қара қазандай. Әлбетте, бұл мәселеге Ресейдің жан-жақты қысым жасағанын еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жақсы біледі. Әуелі украиндық кәмпиттердің құрамында зиянды заттар бар деп тулады, одан көгілдір отынды сылтау етті. Айналып келгенде, газды үш есе арзан бағамен беріп, қарыз есебінен 15 млрд. долларды тықпалады. Онда да астамшыл Ресей қазір транш бойынша жырымдаған бастапқы 3 млрд. долларын қайта саудалап жатқан көрінеді. Бұл азын-аулақ қаржы елді дефолттан шығарды ма? Ал қалған 12 млрд. АҚШ долларын әр қызға бір сырға етіп бөле бере ме? Экономикасына елеулі нұқсан келген Украина тығырықтан қалай шығады? Бұл сауалға Украина басшылары да нақты жауап бере алмайды. Себебі, кім болса да, қарыз берушіге жалтақтайтыны анық. Соның айтқаны заңның бабындай шегелі. 

Еуромайдан ереуілшілерінің шымбайына батқаны да осы. Ал Украинаның Еуроодақтан тікелей бас тартуына барынша күш салған Ресейдің әзірге арманы орындалып тұр. Бірақ украин халқы бұдан да ығар емес. Керісінше, Еуромайданның бірінші күнінен бас­тап ауызбірлік танытып, «бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін» күресетінін анық көрсетті. Осы уақыт аралығында украин халқының ойы да, деңгейі де өсті. Саяси қоғамда ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне сараптамалық көзқараспен қарап, тәжірибе жинақтады. Бәзбіреулердің соңынан ермей, ортақ бір мақсаттың аясына топтасатындығын білдірді. Билік қанша жерден айыптаса да, Еуромайдан ұлттың, елдің ертеңіне елеңдейтін, саяси ұстанымы нық нағыз саясаткерлерді дайындап берді. 

Украина – Еуропаның кіндігінде орналасқан. Сөйте тұра, бассыздық әрекеттерге жол берген биліктің шешімі құптарлық емес. Бұл әуелі кешегі дүрбелеңнің алдында Жоғарғы Рада қабылдаған халықтың құқығы мен бостандығын шектейтін «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңынан туындайды. Неге дейсіз ғой! Жұмыс күні де емес, сенбіде аяқ астынан бекітілген заң не мақсатпен да-йындалды? Тіпті, депутаттары ерсілі-қарсылы жүрген Рада көз алдымызға кәдімгі базардың кейпін әкелгендей еді. Сорақысы сол, кейбір депутат есіктің аузында қол көтеріп, дауыс беріп тұр. Мұнысы несі? Бұл халықты қорлау емей немене? Мұны көрген жастар тұтас елдің тағдырын «аймақтар партиясынан» сайланғандарға сеніп тапсыруға болмайтынына көздері жетті. Ал «Аймақтар партиясының» тасасында Кремль, Ресей олигархтарының ақшасы тұрғаны бесенеден белгілі болатын. 

Украинаның тағдыры Еуроодақ келісімінен бас тартқаннан кейін күрт өзгерді. Әңгіме бір бүгінмен аяқталмақ емес, бүгін Еуромайданда пісіп, жетілген жастардың тағы да бес жылдан кейін бас көтермейтініне кім кепіл? Себебі, Еуромайдан – өр рухты жас­тар үшін үлкен саяси мектеп іспеттес. Тіпті, Ющенконың кезінде де саяси беделі жоғары болған халық тобыр емес екендігін дәлелдеген. Мемлекеттік тіл – украин тілінің мәртебесін арттырып, орыс тілінің қолданыс аясын тарылтуға күш салған Ющенко да осал басшы болған жоқ. Оның абырой-беделі де 2004 жылғы «қызыл сары» төңкерісте айқындалған болатын. 

Азаров отставкаға кетті

Еуромайдандағы бей-бере­кет­сіздіктің күшеюіне де аталмыш заң себеп болды. Бұрын өз ойын ашық білдіруге ұмтылатын халықтың бостандығы мен құқығына шектеу қойылды. «Бұл – демократияны таңдаған мемлекет үшін үлкен қателік» деген Еуропа, Батыс елдері де Украина билігінің шешіміне қарсы шықты. Тіпті, АҚШ пен Еуроодақ өкілдері жағдай ушыға берсе, санкция енгізуді де мәлімдеп үлгерді. 

Бұл іске алпауыт мемлекеттердің араласқанынан аяқ тартты ма, Жоғарғы Рада «диктаторлық» заңды кері қайтарып алатын болды. Жергілікті ақпарат құралдарының айтуынша, 9 заң күшін жойды. Өткенде ғана қос қолдап, мақұлдаған депутаттар кері дау­сын қайта берді. Киевке арнайы келген Еуропарламент депутаты Ребекка Хармс: «Януковичтің басқа қадамы қалмады. Ол өз халқының сенімі мен қолдауынан айрылатынын түсініп, «айдаһарлық» заңның баптарын алып тастауға мәжбүр болды» дегенді қадап айтты. 

Айтпақшы, «Мир» телеарнасының «Слово за слово» атты ток-шоуы «Украинаны екіге бөліну күтіп тұр ма?» деген тақырыпты талқыға салды. «Справедливая Россия» фракциясының мүшесі Михаил Брячактың: «бір мемлекет екінші бір мемлекеттің ішкі мәселесіне қол сұқпауы керек. Меніңше, Еуромайданда халықтың бірлігі, тұтастығы жеңеді. Ал АҚШ, Еуропа, тіпті Ресейдің де Украинаның мәселесіне араласатын жөні жоқ. Егер Ресей араға түссе, Еуропаның Ресейді айыптайтыны күмәнсіз» деген пікірі ойға қонымды. Ал журналист Петр Акаемов: «Бастапқыда майдан Еуроодақ келісіміне қол қоюдан бас тартқан билікке қарсы болды. Ал бүгін ше? Еуромайдандағы күрес билікке таласқа ұласып кетті. Кличко да, Тягнибок те, Яценюк те билікке қол жеткізуді көздеп отыр. Олар мұны ашықтан-ашық «Янукович кетсін!» деп айтуда. Міне, бар болғаны сол», – дейді. Алайда, оппозиция жетекшілері билікті аңсай ма, әлде халықтың болашағына алаңдай ма, бұл жөнінде кесіп айту қиын. Бір анығы, «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличко бастаған топ билікке халықтың талабын жеткізіп, бетін бері қаратуға жұмылған жұдырықша кірісіп жүр. 

Украина президенті Янукович те солай ойлауы әбден мүмкін. Себебі, ол оппозицияның серкелерімен кездесіп, билік тізгінін ұстататынын мәлім етті. Айталық, Янукович «Баткивщина» партиясының жетекшісі Арсений Яценюкке премьер-министр, ал «Удар» партиясының басшысы Виталий Кличкоға гуманитарлық мәселелер жөніндегі вице-премьер лауазымын атқару туралы ұсыныс жасаған. Алайда, Яценюк мырза қазіргі билік үстемдік құрып тұрған кезде премьерлік қызметтен бас тартатындығын мәлімдеген болатын. 

Януковичтің оппозицияға жасаған ұсынысын естігеннен кейін шабан үйректің керін келтірді ме, Украинаның премьер-министрі Николай Азаров отставкаға кететіндігін ашып айтты. Ол бұл шешімге елдегі жағдайды реттеуге байланысты барғанын айтады. «Елдегі қақтығысқа ұласқан жағдай Украинаның экономикалық және әлеуметтік дамуына салқынын тигізді. Бұл Украина қоғамы мен әрбір азаматына қауіп-қатер төндіруі мүмкін еді», – деп атап өтті өз сөзінде. Сондай-ақ, ол: «Үкімет кикілжіңдерді мейлінше реттеуге күш салып, халықты бейбіт шешімге шақыруға тырысты. Біз елде қанның төгілгеніне, азаматтардың құқығының бұзылуына жол бермейміз. Мемлекет қандай қиын жағдайда болсын әлеуметтік топты қорғау жүйесін қамтамасыз етеді. Алайда қақтығыстардың өткірлігі азаматтар өмірі үшін, Украина тағдыры үшін қосымша жауапкершілігі зор қадамдарды талап етеді. Сондықтан да өзім президенттен өтініп, премьерлік қызметтен босатып, отставкаға жіберуін сұрадым», – деді. Бүгінгі таңда ең бастысы Украинаның бірлігі мен тұтастығын сақтауға басымдық беру керектігіне екпін түсірген бұрынғы премьер-министр «Елдің болашағы жеке бастың жоспары мен амбициясынан да жоғары нәрсе» деген баға берді. 

Ал Ресей мемлекеттік Думасының ТМД жөніндегі комитет басшысы Леонид Слуцкий Азаровтың ер азаматқа тән шешім шығарғанын атап өтті. «Азаров ұзақ жылдар бойы Украинаның ұлттық экономикасын дамытуға үлес қосты. Ол қазір де елдегі жағдайды реттеуге байланысты ұтымды қадамға барып отыр. Сондықтан да саясаткерге құрметпен қарауға тиіспіз», – деді Слуцкий. 

Жер астынан жік шықты…

Ресейлік телеарналар «ЛДПР» төрағасы Владимир Жириновскийдің кезекті сандырағын қайта-қайта жарнамалау үстінде. Ол Украинаны екіге бөлуді ұсыныпты. Журналистерге берген сұхбатында: «Украинаны өркениетті принциптермен екіге жарып, католиктерді Батысқа, православтарды Шығысқа топтастыру керек. Сөйтіп, біз Ресейге жақын бөлігіне иелік етуіміз қажет. Әйтпесе, күрес жалғаса береді. Бұл шығынға батыруы мүмкін», – деп әбігерге түсіпті. Тіпті, Жириновский Украинаның болашағына да сенімсіздікпен қарайтынын ашық білдірген. «Ресейдің уысынан шықпау керек еді» деп өзеуреген арандатушы саясаткер: «Кез келген одақ, бірлестік қажеттіліктен туындайды. Сол сияқты қайсыбір мемлекет те бостандықты, азаттықты қалайды. Бұл мүмкін емес. Егер Украинаның газ сатып алуға ақшасы жоқ болса, біз не істейміз? Сендерден басқа Белоруссия, Грузия, Балтық жағалауы елдері, Орта Азия мемлекеттері бар. Бізден іргелеріңді ажыратпағанда, орыстың тегін газына қарық болатын едіңдер. Дәл осылай қиналатындарыңды білсеңдер, неге Ресейдің қол астынан шықтыңдар? Біздің бөлінгіміз келмеді. Кравчук 1990 жылы Украинаның тәуелсіздігін жариялағанда керемет өмір сүріп кетеміз деп ойлаған шығар. Бірақ олай болмады. Қазір бәрі Кеңес одағына оралуды аңсайды. Тіпті, Еуроодаққа кірген Балтық жағалауы елдері де. Естеріңде болсын, Украинаны Еуроодақ ешқашан қабылдамайды…» деп кезекті бүлікшіл ойынан хабар береді. Ресми санақ бойын­ша Украинада 48 млн.-ға жуық халық тұрады. Оның 8 млн.-ы ғана орыстар. Демек, Жириновскийдің Украинаның бір бөлігін Ресейге қаратып аламыз деуінің өзі саяси арандатушылық деп қабылдауда саяси сарапшылар.

Шын мәнінде, ресейлік телеарналар мен басылымдар Жириновскийдің пікірін «жеке адамның көзқарасы» деп ақталса да, дәл осындай ұрымтал сәтте пайдаланып қалатыны бар. Жириновский «ЛДПР» басшысы ретінде айтқанмен, ол бүкіл Ресейдің атынан сөйлеуге шебер. Демек, ресейлік атқамінерлер айта алмай жүрген пікірін Жириновскийдің аузына салып береді деген сөз. Онсыз да жұртқа тосын мәлімдемелерімен таныс оның бұған түгі де кетпейді. Біреу «жындының сандырағы» деп түсінсе, енді біреу әр сөздің астарына үңіліп, іріткі салушы һәм алауыздық туғызушы екенін сезе қояды. Ол осы «еңбегінің» арқасында ғана Ресейдің саясатынан орын алып жүрген жоқ па?! 

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары