БАЛ АРАСЫ БЕСІНШІ ТҮЛІК БОЛСА ЕКЕН

БАЛ АРАСЫ БЕСІНШІ ТҮЛІК БОЛСА ЕКЕН

БАЛ АРАСЫ БЕСІНШІ ТҮЛІК БОЛСА ЕКЕН
ашық дереккөзі

Осыдан жиырма жылдай бұрын елімізде ара өсіріп, бал
өндірумен айналысатын ұжымшарлар көп болған екен. Алайда, Қазақстан
тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл кәсіп біршама құлдырауға ұшырады. Елеулі табыс
көзі болып саналатын кәсіптің қадірі қашып, көпшілік оны көзге ілмеуге айналды.
Тек соңғы жылдары ғана оң бетбұрыс орын алып, омарташылықтың тамырына қан
жүгірген жайы бар. Біз еліміздегі ара шаруашылығы, омарташылық кәсіптің
түйткілді мәселелері жөнінде «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағының
вице-президенті Ғабит Нұраділ мырзаны әңгімеге тартқан едік.  

– Ғабит мырза, еліміздегі бал өндіру кәсібі туралы айтып берсеңіз. «Бал-Ара»
омарташыларының ұлттық одағы қашан құрылды?

– Қазақстан республикасының 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық
даму бағдарламасы қабылданған кезде әрбір қазақстандықтың көкейінде оған қандай
үлес қосамын, қай бағытта жұмыс істеймін деген сұрақ туындағаны рас. Сол кезде
«Бал-Ара» Қазақстан омарташылар ұлттық одағының президенті С.Терещенко
омарташылық ісін қолға алуды ұсынды. Сөйтіп, 2010 жылдың басында Қазақстан
омарташылар одағын құру идеясы пайда болды. Бүгінде дүниежүзі 1 млн. 200 мың
тонна бал өндірсе, бірінші орында – Қытай, екінші орында – Аргентина тұр. Түркия
мен Украина да көшбасында. Сондай-ақ Польша, Румыния, Чехияның тәжірибесін зерттегеннен
кейін ғана Омарташылар одағын құру жөнінде ереже бекіттік. 2010 жылы жаз айында
одақ жұмыс істей бастады. Кезінде Қазақстан бал өндіру жөнінде Ресей, Украина,
Белоруссиядан кейінгі төртінші орында еді. 1991 жылға дейін еліміз балды Жапонияға,
Оңтүстік Кореяға, Германияға, т.б. Еуропа мемлекеттеріне 50 мың тоннаға дейін
эскпортқа шығарған. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл сала біршама құлдырауға
ұшырады. Тек 2011 жылы небәрі 1100 тонна бал өндірген екенбіз. Мұның өзі аз.
Меніңше, Қазақстанның теориялық және тәжірибелік жағынан тонналап бал өндіруге
қауқары жетеді. Қазақстан – омарташылықтың Орал тауы бөктеріндегі отаны. Дүниежүзіне
балды сыртқы саудаға шығарушы ең ірі ел болуына барлық жағдай бар. Біздің алға
қойған мақсатымыз – 10 жылда Қазақстан бал өндіретін 10 ірі елдің қатарына
кіріп, ал 2030 жылы дүниежүзінде бал өндіруші елдердің көшбасшысы болу.  

Олқылықтың орнын толтыру үшін қандай
шараларды қолға алдыңыздар? Омарташылар қауымдастығының халықаралық
федерациясына мүшелікке өту де оңай болмаған шығар…

– Кеңес
одағы кезінде омарташылардың әр облыста қоғамдық ұйымдары жұмыс істеді. Олардың
мұрағаттарын ақтарып отырып, үміт арқалаған талай хатқа куә болдық.
Омарташылар: «Дүниежүзінде омарташыларды біріктеретін «Апимондия» қауымдастығы
бар екен. Осы қауымдастыққа кіріп, оған мүше 200-дей мемлекеттің омарташысымен
тәжірибе алмасып, съездеріне қатыссақ деген арманымыз бар» деген талап-тілегін
жазыпты. Құдайға шүкір, қазір біз осыны жүзеге асырдық. 2010 жылы «Бал-Ара»
Қазақстан омарташылар ұлттық одағы құрылған соң,  2011 жылы Аргентинада өтетін «Апимондия»
съезінің хатшылығына хабарласып, ұйымның басшыларымен сөйлестік. Олар өз
тарапынан: «Егер мүше болғыларыңыз келсе, жарғымен, ережемен танысып,
Қазақстанның омарташылық дамудағы әлеуетінің мол екенін дәлелдеңіздер» деді.
Сонымен не керек, 2011 жылы қыркүйекте Аргентинаға барып, 200 мемлекеттің
алдында Қазақстанның омарташылық жағынан даму мүмкіндігі бар мемлекет екендігін
паш ететін тұсаукесер өткіздік. Әр мемлекеттің өкілі дауыс беріп, мүшелікке
қабылдады. Бір қиындық келтіргені, негізгі тіл – испан тілі екен. Сосын
дүниежүзінде тағы қандай одақ бар деп сұрастырып едік, Еуропаның омарташыларын
біріктіретін «Апиславия» деген одақ бар екен. Оған 25 мемлекет мүше және
негізгі бес тілдің бірі – орыс тілі екен. Бұл одаққа да мүше болдық. Румынияда
болған басқосу кезінде 2016 жылы «Апиславияның» бір сессиясы елімізде өтетін
болып шешілді. Енді бар мүмкіндігімізді сол кезде көрсетеміз деп ойлаймын.

– Көш басында Қытай тұр дедіңіз. Ресей де ондыққа кіреді
екен. Ал Қазақстан қай сатыда?

– Қазақстан
ең төменгі сатыда. 2008 жылғы мәліметке қарасақ, елімізде 2 мың 800 тонна бал
өндірілген. Қазір жылына 8 мың тонна бал өндіріледі. Үш есеге артты. Ел азаматтарының
балға деген көзқарасы өзгеріп, балмен қоректенуі ұлғайды. Біз қазір БАҚ-та
жүйелі түрде балдың денсаулыққа пайдасы туралы бағдарлама жасап келеміз. Айта
кету керек, бал сусынының да ағзаға берер күші көп. Ол екі түрмен алынады.
Қымыз сияқты ашытылады және қайнатылады. Бірақ оны өндіру және ішу мәдениеті
бізде қалыптаспаған. Бал сусындарын дайындау Украинада жақсы дамыған. Арнайы
шақыртылған украиндық мамандар бір ай ішінде теориясы мен тәжірибесін үйретті. Содан
бері омарташылар қайнатылған және пісірілген балды кеңінен қолданыла бастады.
Бұл әсіресе, қариялардың жүйкесіне жақсы. Ұйықтар алдында 50 грамм бал сусынын
ішсе, ертеңгі күні жаңа туған баладай шапқылап жүреді. Былтыр ақпан айында бал
сусындарын дайындау жөнінде сайысқа 39 омарташы қатысып, екі номинация бойынша
жеңімпаздар марапатталды. Ал Польшада өткен Еуропа мемлекеттерінің арасында бал
сусындарын дайындау байқауына Қазақстан атынан қатысқан омарташы Шулико 4-орын
алып, үлкен мәртебеге ие болды. 

– Омарташылық саланы дамыту үшін нақты қандай қадамдар
керек? Мемлекет тарапынан қандай да бір  көмек
беріле ме? Мәселен, шаруаларға субсидия бөлу жағы қалай?

– Түйебұршақ
деген өсімдік бар. Тамыры екі жарым метрлік азоттық негіз. Егер біз жерді
демалту үшін осы өсімдікті егетін болсақ, жер тыңайып, құнарлылығы артады. Бірінші
мәселе, дүниежүзінде омарташылардың ең бірінші пайдасы балды өндіріп, сату
емес. Шетелде көп болдық. Кез келген жерде омарташылардың негізгі пайдасы –
аграрлық өнімдерді тозаңдандыру, сол арқылы өнімді әлденеше есе мол алу. Сіз
күнбағыс егіп, оның бір гектарынан пәленбай тонна алдыңыз делік. Егер жаныңызға
омарташы көшіп барып, күнбағысты тозаңдандырса, өніміңіз еселеп артады. Әлем
халқы әлі күнге арадан басқа тозаңдандырудың кілтін тапқан жоқ. Қытай мен
Америка ара жоқ болса, күн көре алмайды. Альберт Эйнштейн: «Егер жер бетінен ара
кетсе, төрт жылдан кейін адамзат та болмайды» деген. Бізде бәрі басқаша.
Фермерге барып: «маңайыңызға қоныстанып, күнбағысты тозаңдандырайын» десем, ол:
«маған ақысына бір бөшке бал беріңіз» деген ұсыныс жасайды. Ау, ара
тозаңдандырса, өнімі мол болмай ма? Бірақ фермерлер мұны түсінбейді. Сондықтан
да 2002 жылы қабылданған «Омарташылар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар
енгізетін уақыт жетті. Кезінде Ауылшаруашылық министрлігінде Ара шаруашылығы
басқармасы болған. Қазір жоқ. Маман да жоқтың қасы. Мұны орнына келтіру керек.
Кеңес одағында Шығыста ара шаруашылығының арнайы институт жұмыс істеді.
Тәуелсіздік алған жылдары жағдай қиын болды, экономика құлдырады. Қазір жағдай
басқаша. Сол институтты қалпына келтіру қажет. Бүгінде Америка жанталасып
ауылшаруашылығын, экологияның тепе-теңдігін сақтап қалу үшін Аустралиядан, Жаңа
Зеландиядан ара сатып алып жатыр. Олар ара кетсе тіршілік жойылатынын біледі.
Біз де қауіптің алдын алуымыз керек. Екінші мәселе – ел халқының денсаулығы
мықты болсын десек, балабақшадан бастап бал жегізу керек. Әскердегі
сарбаздардың түрі анау. Көбі әлжуаз, әлсіз. Құдайға шүкір, біз елімізді он екі
мың омарташы өндірген сапалы балмен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бірақ та олар
өнімдерін қалай саудалайды? Кедендік одаққа кіргелі Ресей мен Белоруссияның
арзан бал өнімдері қаптап кетті. Алайда, Қазақстанның балы басқа елдердікімен
бәсекелесе алады деп толық сеніммен айта аламын.  

– Шымкентте үлкен база салынып, оған Украинадан карпаттық
ара әкелінеді деген жоспардың шеті шығып еді. Бұл жұмыс қай деңгейде?

–  Қазақстанда үш түрлі ара бар. Орыс арасы,
карпаттық және украина арасы. 1953 жылғы «Правда» газетінен бір мақала оқыған
едім. «Қазақстандық ғалымдар Қазақстан арасын шығару үшін үлкен ізденістер
жүргізіп жатыр. Соның арқасында «қазақстандық араның» дүниеге келу мүмкіндігі
пайда болатын шығар» деп жазыпты. Одан бері қаншама жыл өтті. Ешқандай нәтиже
жоқ. Оңтүстікте үлкен асыл тұқымды ара шығаратын зауыт салу керек. Қазір осы
мәселені қолға алдық. Бізге үкімет тарапынан қолдау керек. Өйткені 20 шақырым
радиуста бірде бір ара болмауы тиіс. Аталық пен аналық ұштасқан кезде таза болу
керек. Екінші, Шығыс Қазақстанда өзіміз орыс арасын шығаруымыз керек. Үш түрлі
араны неге айттым? Олар біздің жазымыз бен қысымызға үйреніп қалған. Табиғатымызға
бейімделген. Зауыттан асыл тұқымды ара шығарсақ деймін. Орыс не өзбектің
қалтасына ақша салмай, омарташылар араны отандық зауыттан сатып алса, тиімді
емес пе? Тағы бір мәселе – ара шаруашылығына қажетті әртүрлі құрылғаларды
өзімізде өндірсек. Бұл әрі жұмыс орнының ашылуына септігін тигізер еді. Қазір
араның ұясын өз мамандарымыз жасайды.  Біз
күні бүгінге дейін Қытайдан, Ресейден алып келдік.

– Бұл мәселені үкіметке жеткіздіңіздер ме?

– «Атамекен
одағы» ұлттық-экономикалық палатасы басшыларымен кездестік. Аграрлық
мәселемен айналысатын арнайы комитет құрылды. Енді біз Үкіметке үнімізді сол
одақ арқылы жеткізсек дейміз. Біздің жұмысымыз – қоғамдық. Ешкім ақша
төлемейді. Шын ниетімізбен осы мәселемен айналысудамыз. «Жұмыла көтерген жүк
жеңіл» демекші, бірлесіп көптеген мәселені шешуге болады. «Атамекен одағы»
арқылы фермер мен омарташы арасындағы қарым-қатынасты дұрыстауға кіресеміз.
Мәселен, Америкада фермер омарташыға өнімін тозаңдандырғаны үшін 300 АҚШ
долларын төлейді. Сондықтан да фермерлер омарташылар жүрген жерге егін еккенді
қалайды. Біз бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің
алдына қойғанымызда, қолдаған еді. Себебі, шаруалар ара жүрген жерден 30-40
пайызға артық өнім алады. 2011 жылы Елбасы Солтүстік Қазақстан облысында омарташылармен
кездесуде жақсы тілек айтқан болатын. Асыл тұқымды ара өсіргісі келген
омарташыларды ынталандырып, мемлекет тарапынан субсидия беру керектігін айтты. Қазір
30-ға жуық омарташы субсидия алып, кәсібін өрге домалатып жүр.  

– Жалпы, қазақтың ара өсіріп, бал өндіруге деген
құлшынысы қандай? Бұл кәсіп бізге тән бе?

– Қазақ
негізінен мал өсірген ғой. Кезінде қазақ егіншілікті де білмейді деген  стереотип болған. Бірақ біз бәрін үйрендік. Қазір
астықты алқапқа айналдық емес пе?! Ал араға келсек, 1990 жылдары Кеңес одағы
ыдыраған кезде бізде бұл саламен көбінесе орыстар, еврейлер, немістер
айналысқан. Кейін олардың көбі отанына көшіп кетті. Ара шаруашылығында
ұжымшарлар, колхоздар болды. Ал соның ішінде арамен айналысатын қазақтың үлесі
тіпті жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ара өсіруді кәсіп еткендерді кездестірмедік.
Қазақ баласын қаржыгер, заңгер болсын дейді. Бірақ ара өсірудің тиімді екенін
біле бермейді. Бал – табыс көзінің тетігі. Басқа ұлттың еңбекқорлығына қарап, ара
шаруашылығы қазақтың кәсібіне айналса екен деп армандайсың. Шығыс Қазақстан
облысындағы Қатон-Қарағай мен Сарытауда екі колледж жұмыс істейді. Ара
шаруашылығы жөнінде оқытатын оқу орны осы ғана. Бұдан басқа қысқамерзімді
курстар бар. Ресей ғылым академиясының омарташылық институтымен байланысты
нығайттық. Олар ара шаруашылығы жөнінде оқып жатқан тәлімгерлерден сынақ алып,
сертификат табыс етуді дәстүрге айналдырмақшы. Израиль елшілігінің грантын
жеңіп алып, 2011 жылдың ақпан айында 30 омарташыны апардық. Іштей  қазақ барса екен деп тіледім. Әйтеуір бес
қазақтың барына қуандым. Олар 20 күн оқып, тәжірибе алмасты. Озық
технологияларды көрді. Бір өкініштісі, бізде бәрі қолмен жасалынады. Араны да
өзіміз қолмен көтеріп, көшіреміз. Бізде Израильден келген соң жаңа құралдар
пайда болды. Екіжақты байланысымыз артып, жақында ғана тағы тоғыз маман сол
елде оқып келді.

Біз
дүниежүзінде жер көлемі жағынан 9-орын аламыз деп мақтанамыз. Қаншама таулар,
жазықтар, сайлар бос жатыр. Бәрінде ағаштар, гүлдер жайқалып өсуде. Ал олардың
гүлдеп, қайтадан қурап кеткені кімге керек? Егер осы жерлерде ара өсірсек, нәр
алып, бал өндіретін едік. Сол арқылы адамның денсаулығын, экологияны жақсартуға
болады. Мысалы, Венгрияны алсақ, олардың жерінің 1/4 бөлігі батпақты жер. Оны
құрғату үшін акация ағашын егеді. Бұл суды жақсы сіңіретін ағаш. Акациядан шыққан
балдың дәмі де ерекше. Бүгінде Венгрия акация балын экспортқа шығаруда 1-орын
алады. Ал біз қаншама өсімдік пен гүлдерді дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Соңғы
жылдары ғана осы салаға қызығатын жастар өсіп келеді. Басқа ұлт өкілдері әуелі
мені баулыды. Ал өзім төрт жылдың ішінде онға жуық жас маманды тәрбиеледім.
Малдың жайын қалай білсең, араға да солай қарау керек. Оған күтім жасау да
әжептәуір шаруа.

Білуімізше, еліміздегі кейбір өңір
мектептері мен балабақшаларына «Бал-Араның» балын тағам есебіне кіргізіп жатыр
екенсіздер. Осы жөнінде айтыңызшы…  

– Жапонияда
мектеп қабырғасындағы балалар күніне 10-20 грамм бал жейді. Орта есеппен өмір
сүру ұзақтығы – 87 жас. Біздің қазақ бал жемейді. Өзім де осы мәселемен
айналыспағанша, бал жеген жоқпын. Туыстарым, ортам, достарым да. Өйткені, балды
жеудің мәдениеті қалыптаспаған. Тек соңғы төрт жылда ғана балмен ауыз ашамын. Әр
қазақ әселді үзбей жесе екен деймін. Елімізде 17 млн. халық тұрса, бір адам
жылына небары 40 грамм бал жейді екен. Кем дегенде  2,5 келі жеу керек. Ал 4 келі жесе, тіптен
жақсы. Біз қазір Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысында, Алматы мен Астана
қаласындағы мектеп оқушыларына бал беріп жатырмыз. Өз қаржымызға үш айда
пилоттық зерттеу жүргіздік. «Шаңырақтағы» екі қазақ мектебіндегі оқушыларға үзіліс
кезінде беріп, көзімізше жегенін қадағаладық. Кімде аллергия барын тексердік.
Негізі үш мың балаға зерттеу жасағанда үшеуінде ғана аллергия бар екен. Шын
мәнінде, бал таза, сапалы болса, кері әсер бермейді. Тіпті, Жапонияның
тәжірибесінде адам зейнетке шыққан кезде бюджет есебінен балдың аналық сүтін
береді. Қазақстанның геронтологтары адам жасын қалай ұлғайтамыз деген мәселеге
бас қатыруда. Ал ұзақ өмір сүретіндердің 95 пайызы – омарташылар және араның
өнімімен қоректенетіндер. Елбасы жолдауында орта есеппен 80 жас өмір сүру керек
деді. Ол үшін бірінші кезекте омарташылықты дамыту керек. Осы ретте
апитерапияны дұрыс жолға қою қажет. Қанның қоюлануын сұйылтуды, сондай-ақ
асқазан, жүйке, тері, буын ауруларын араның уымен емдейді. Осы мақсатта отандық
30 педиатр-терапевті Украинадан арнайы шақыртылған медицина университетінің
мамандары қайта оқытуды қолға алды.  

– Қазақтар балды жақсы тұтынбайды дедіңіз. Балдың да
маусымдық кезеңге байланысты түрі көп қой. Қайсысының пайдасы көп?

– Ара кез
келген шырынды алу үшін 5 шақырым радиуста ұшады. Ол жерде бұршақ, күнбағыс, т.б.
өсімдіктер мен гүлдер болуы мүмкін. Негізі жинайтын балымыз әртүрлі өсімдіктен
құралады. Көктемде өсімдік нәрін жаңадан алып жатады. Бұны «май балы» дейді.
Қыстан ағзасы әлсіреп шыққан адамға көптеген дәрумен керек. Міне, көктемгі
балдың осы кезде пайдасы мол. Омарташылар ауа райына байланысты көшіп жүреді. Балдың
да  құнарлылығы жердің шүйгіндігіне
тікелей қатысты. Шын мәнінде, көпшілік балды қалай жеуді білмейді. Таңертең тұрып,
тісіңізді шаймай тұрып, бір шәй қасық балды таңдай мен тілдің арасына салып,
ақырын сору керек. Сол кезде балдың құрамы қанның құрамымен 95 пайыз бірдей
болады. Бал жүйелермен, лимфалармен қанды қуады. Инфаркт пен инсульт қай кезде
болады. Адам күшенген кезде қан тамыры жарылып кетіп, басқа, жүрекке қан құйылуы
мүмкін. Ал бал жеген адам бұл аурудан тыс болады. Екінші, жатар кезде қайнаған
жылы суға бір шәй қасық балды қосып, алты минут әбден араластырып, ішу керек.
Бұл суық тиюден, әртүрлі аурудан сақтайды.

Шығыс Қазақстан облысы нағыз бал өндіретін
аймақ. Бұдан өзге
қай өңір ара
өсіріп, бал өндіруге қолайлы?

– Сізге қай
өңірде өсіруге болмайтынын айтайын. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облысындағы
тікенек өсімдіктің нәр беруі қиын. Омарташылардың 90 пайызы көшіп-қонып
жүреді.  Мәселен, Маңғыстауда тұрсаңыз
да, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша оңтүстікке уақытша көшіп келіп, омарташылықпен
айналысуыңызға болады. Жұмысты бастауға деген барлық қаржыны бағдарлама
төлейді.  Айталық, Солтүстік Қазақстанда араны ерте
көктемде алады да, күзде қысқа қалдырмай, қырып тастайды. Ал Оңтүстікте олай
емес. Бзде ауа райы жылы, қолайлы. Біз солтүстіктегі омарташыларға: «Араны
өлтірмеңдер, уақытша оңтүстікке келіп, қыстап тұрыңыздар» деп айтамыз. Құп көргені
келіп жатыр. Ал қалған облыстың бәрінде ара өсіруге мүмкіндік бар. Қазір әр
өңірде өкілдеріміз жұмыс істейді. Мамандардың бәрін грант арқылы оқытамыз. Төрт
жылда төрт семинар өткіздік. Шетелден мамандарды өз қаржымызға шақырып,
тәжірибе алмасамыз. Жан-жақтағы омарташылар жиналып, тегін дәріс алады. Оқу
орталықтары, колледждер ашылып жатыр.

– Араны өлтіріп тастап, оны қайта сатып алу қымбат емес
пе? Негізінен Қазақстан омарташылары араны қайдан сатып алады?

– Араны
өлтірмей, оңтүстікке әкелсе орын тауып беруге дайынбыз. Аралар қыс кезінде де
қоректенуі керек. Қор есебінен бал беріп, аш қалдырмау қажет. Бал арасын өлтіру
қыстау мәселесімен бас ауыртқысы келмейтіндердің ісі ғой. Ал негізінен
омарташылар араның аналығын пакетімен Өзбекстаннан, Украинадан, Ресей мен
Қырғызстаннан сатып алуда. Бір пакет он екі мың теңге тұрады. Содан-ақ араны
көбейтуге болады. Адамзат баласы тоғыз айда нәресте әкелсе, аналық ара бір
сөткеде 3,5 мыңға дейін ұрық салады. Ара орта есеппен 30 күн өмір сүреді. Сосын
басқасы орнын басады. Тек қыс уақытында ғана жарты жылға дейін өмір сүреді.
Араның патшайымы – аналығы үш-төрт жыл өмір сүреді. Неге? Өйткені аналық ара
аналық сүтпен қоректенеді. Өзімде қазір 150 омарта ара бар. Бұл әрі-бері көшіп
жүргендер. Ал үйде 25 омарта ара өсуде. Омарташылардың негізгі мәселесі – өнімін
тұтынушыларға жеткізу. Олар тек жәрмеңкенің көмегі арқылы өткізеді.

Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы