«Көкжиек-2020»: ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫНА БЕРЕРІ МОЛ

«Көкжиек-2020»: ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫНА БЕРЕРІ МОЛ

«Көкжиек-2020»:    ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫНА БЕРЕРІ МОЛ
ашық дереккөзі

 

Апта басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің
механикалық-математика факультетінде Еуропалық Одақ шеңберіндегі ғылыми
зерттеулер мен инновацияларға арналған «Horizon 2020» («Көкжиек-2020»)
бағдарламасын түсіндіру мақсатында ақпараттық семинар өтті.

Шараны
жүргізгендер – Польшаның Ұлттық ғылыми академиясының өкілі Зигмунт Красински
мен «Көкжиек-2020» бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Камила Мағзиева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, с
еминардың басты мақсаты – қазақстандық ғылыми-инновациялық қауымдастықты
Еуропалық Одақ шеңберінде жүзеге асырылатын «Көкжиек-2020» атты жаңа
инновациялық бағдарлама туралы құлақтандыру. Аталған бағдарлама – Еуропалық
Одақтың Инновациялық Одақты (Innovation Union) жүзеге асыруға арналған қаржылық құралы және ЕО-ның
ғаламдық деңгейдегі еуропалық бәсекелестікті арттыруды көздейтін ең маңызды
бастамасы. Бюджет көлемі 80 миллард еуроға жуық құжат 2014-2020 жылдар
аралығында іске асырылады екен. Яғни,
халықаралық ынтымақтастық арқылы қазіргі қаржыландыру жүйесін жаңа қаржыландыру
жүйесімен астастыру жолын қарастырады. «Көкжиек-2020» бағдарламасы үш негізгі
бағытқа ерекше көңіл аударады: ғылым саласындағы еуропалық рөлді Еуропалық
ғылыми кеңестің қызметі арқылы (European Research Council) күшейту;
индустриалдық көшбасшылықты инновацияда нығайта отырып, негізгі технологияларға
аса ірі көлемде инвестиция тарту, қаражатқа қолжетімділікті арттыру және
кәсіпкерлікті қолдауға көңіл бөлу; барлық еуропалықтарға қатысты түйткілдер:
әлеуметтік проблемалар, ауа райының күрт өзгеруі, жаңартылған энергия көздерін
пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі, қоғамдық қауіпсіздік, халықтың қартаюға
қатысты проблемалары т.б.

Семинар барысында К.Мағзиева мен З.Красински қатысушылардың «Көкжиек-2020»
бағдарламасы туралы мағлұматын кеңейтіп, көкейде жүрген өзекті сұрақтарына
жауап берді. Камила Түсіпханқызының айтуынша, бағдарламада басымдық берілген
тақырыптардың ұзын саны 18-ге жетеді: «Келешек және жаңа технология, шеберлік, мансап
пен білім алуды ұштауға мүмкіндік беретін «Marie Skłodowska-Curie» атты
шәкіртақылық бағдарлама, биотехнологиялар, ғарыш, шағын және орта кәсіпкерлікке
арналған инновациялар, денсаулық, демографиялық өзгеріс пен әл-ауқат,
азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты ауыл шаруашылығы, теңіздік зерттеулер және
биоэкономика, қауіпсіз, таза әрі тиімді энергиялар, интеллектуалдық, жасыл және
интеграцияланған транспорт т.б. Ең бастысы, «Көкжиек-2020» әлемдік
қауымдастыққа басымдық береді. Бағдарламаға қатысушыларға ешқандай шектеу жоқ.
Кез келген елдің, кез келген ұлттың өкілі қатысып, бақ сынасуға, тың жаңалығын
көпшілік назарына ұсынып, серіктестер табуға, арман-мақсаттарға қол жеткізуге
мүмкіндік бар».

3b1207e0c6c045a85114a3bc226d0064.jpg

Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты нығайту мақсатында, осыдан жеті жыл бұрын
ҚР Президенті К.Мағзиева бастаған ғылыми топқа жобаларға қатысатындар санын
25-ке дейін жеткізуді тапсырған екен. Бүгінде ЕО шеңберінде ұйымдастырылған
байқауларға қатысқан ҚР азаматтарының саны 35-ке жетіпті: «Көкжиек-2020»
бағдарламасына Қазақстан азаматтары да қатыса алады. Еуропалық комиссияның
шешімімен, «IncoNet-Central Asia» атты өте үлкен жобаны қаржыландыру
көзделуде. Бұл Қазақстанның Бағдарламаға қосылуына, құжаттың басымдыққа ие
бағыттарын жете түсінуге ықпал етеді әрі Еуропалық Инновациялар мен
технологиялар институтымен бірге келісімшарт қабылдауға жағдай жасайды.
Қазақстан тарапынан қатысушы – Тәуелсіз сараптамалық-консультативтік кеңес
(InExCB-Kz) пен Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік».

Қазақстан тарапынан ұсынылған ең басты жобалардың бірі – бақбақтан көксағыз
(каучук) жасау. К.Мағзиеваның айтуынша, 30-жылдары Қазақстанды шикізат көзі
ретінде қабылдаған кеңестік үкімет Қазақстанда өсетін бақбақты Беларуське алып
кетіп, арнайы орындарда кептіріп, сосын ауыр жүк көліктері, тракторлардың
дөңгелегіне кигізілетін шиналар жасаған. Енді осындай каучук алатын бақбақтың
тұқымын Қазақстан топырағында өсіру қолға алынбақ. Қазір Голландияда
зертханалық жолмен өсірілген бақбақ біздің топырақты жерсінгеннен кейін тіпті,
зауыт ашу да көзделуде. Бүгінде халықаралық
деңгейде екі серіктес те табылыпты – голландиялық шина жасайтын зауыт  Apollo Vredestein мен әлем бойынша ең ірі кәсіпорындар санатындағы италиялық Pirelli компаниясы. Аталған
серіктестеріміз бізге инвестиция құюға дайын отыр. Бақбаққа қатысты тағы бір
өнім бар – бал. Бал араларынсыз көксағыз бір-бірімен қиюласпайды. Ал бақбақтан
өте тәтті бал алуға болады.
«Каучук
өндірісі – қалдықсыз өнім. Біріншіден, біз көксағыздың өзінен каучук аламыз,
екіншіден, бұл өнім медициналық тұрғыдан алғанда да өте тиімді әрі пайдалы:
одан инулин алсақ, сусамырды емдеуге пайдаланар едік. Сусамыр – бүкіл Жер шарын
алаңдатып отырған дерттердің бірі. Үшіншіден, барлық қалдық биоотынға айна­лады.
Төртінші­ден, бұл бақбақтардан жоғары сапалы бал пайда болады», – деген
К.Мағзиева каучуктен медицинаға қажетті қолғап, түтікше т.б. заттар жасалатынын
жеткізді.

Өте тығыз кестеге жоспарланған семинарға қатысушылардың
қызығушылығы мол болды. «Көкжиек-2020» бағдарламасына қызыққан азаматтардың
сұрақтары да көп екен. Олардың көпшілігіне жауап берілді. Ал үлгермегендеріне
семинарды ұйымдастырушылар электронды пошта арқылы жауап беруге уәде етті. Алматыдан
кейін дәл осындай семинар Астана қаласында да ұйымдастырылды. Елордадағы
қатысушылардың қызығушылығы мол. Демек, Еуропалық Одақпен арадағы
ынтымақтастықты нығайтуға сеп болатын ғылыми және иноваторлық жобалар саны
жақын келешекте арта түседі.

  Нәзия Жоямергенқызы