КӨКСАҒЫЗДЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ

КӨКСАҒЫЗДЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ

КӨКСАҒЫЗДЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ
ашық дереккөзі
545

Еуропалық Одақтың батыстық елдер, әсіресе, ЕО-ға мүше мемлекеттерде тұратын азаматтарға арналған жобалары мен арнайы бағдарламаларына атсалысуға, анығы, сол арқылы пайда табуға біздің ғалымдар мен инноваторлар да қақылы. Ол үшін ЕО тарапынан қойылған шарттар мен талаптарды бұлжытпай орындаса жетеді. Бүгінде осындай бағдарламалар арқылы Қазақстанның ғылыми-технологиялық саласын дамытып жүрген отандастар бар. Олар ұсынған жоба да өте қызық әрі Қазақстан экономикасын дамытуға аса пайдалы. Бұған апта басында Алматыда ұйымдастырылған арнайы ЕО-ның «Көкжиек-2020» бағдарламасына орай өткізілген семинар барысында көз жеткіздік. Аталған еуропалық шаралар туралы бізге ғалым, Технологиялар мен инновацияларды дамыту бойынша Еуропа Одағының 7-ші шеңберлік бағдарламасының Ұлттық Координаторы Камила Мағзиева ханым әңгімелеп берді.


«ЕО бағдарламаларына қызығушылық артты»


– Камила Түсіпханқызы, алдымен бүгінгі семинар туралы қысқаша түсіндіріп өтсеңіз?

– Семинардың басты мақсаты – қазақстандық ғылыми-инновациялық қауымдастықты Еуропалық Одақ шеңберінде жүзеге асырылатын «Көкжиек-2020» атты жаңа инновациялық бағдарлама туралы құлақтандыру. Аталған бағдарлама – Еуропалық Одақтың Инновациялық Одақты (Innovation Union) жүзеге асыруға арналған қаржылық құралы және ЕО-ның ғаламдық деңгейдегі еуропалық бәсекелестікті арттыруды көздейтін ең маңызды бастамасы. Бюджет көлемі 80 миллард еуроға жуық құжат 2014-2020 жылдар аралығында іске асырылады. Яғни, халықаралық ынтымақтастық арқылы қазіргі қаржыландыру жүйесін жаңа қаржыландыру жүйесімен астастыру жолын қарастырады. «Көкжиек-2020» бағдарламасы үш негізгі бағытқа ерекше көңіл аударады: ғылым саласындағы еуропалық рөлді Еуропалық ғылыми кеңестің қызметі арқылы (European Research Council) күшейту; индустриалдық көшбасшылықты инновацияда нығайта отырып, негізгі технологияларға аса ірі көлемде инвестиция тарту, қаражатқа қолжетімділікті арттыру және кәсіпкерлікті қолдауға көңіл бөлу; барлық еуропалықтарға қатысты түйткілдер: әлеуметтік проблемалар, ауа райының күрт өзгеруі, жаңартылған энергия көздерін пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі, қоғамдық қауіпсіздік, халықтың қартаюға қатысты проблемалары т.б.

– Бағдарламада қандай тақырыптарға басымдық берілген?

– Басымдық берілген тақырыптардың ұзын саны 18-ге жетеді. Мысалы, келешек және жаңа технология, шеберлік, мансап пен білім алуды ұштауға мүмкіндік беретін «Marie Skłodowska-Curie» атты шәкіртақылық бағдарлама, зерттеулік инфрақұрылым (оның ішінде электрондық инфрақұрылым да бар), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (ІСТ), нанотехнологиялар, биотехнологиялар, ғарыш, шағын және орта кәсіпкерлікке арналған инновациялар, денсаулық, демографиялық өзгеріс пен әл-ауқат, азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты ауыл шаруашылығы, теңіздік зерттеулер және биоэкономика, қауіпсіз, таза әрі тиімді энергиялар (ядролық энергиямен бірге), интеллектуалдық, жасыл және интеграцияланған транспорт т.б. Ең бастысы, «Көкжиек-2020» әлемдік қауымдастыққа басымдық береді. Бағдарламаға қатысушыларға ешқандай шектеу жоқ. Кез келген елдің, кез келген ұлттың өкілі қатысып, бақ сынасуға, тың жаңалығын көпшілік назарына ұсынып, серіктестер табуға, арман-мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бар. 

– Бұл бағдарламаның Қазақстан азаматтарына қатысы бар ма?

– Әрине, бар. Бірақ үшінші тарап,  яғни, Еуроодаққа мүше емес немесе Бағдарламаға, жобалар мен «Көкжиек-2020» бағдарламасына қосылмаған елдердің ішінде ең алдымен Еуропалық Одақпен Ғылыми-техникалық ынтымақтастық (Қытай, Үндістан, АҚШ, Украина мен Ресей) туралы келісімге қол қойған мемлекеттер тартылады. Өкінішке қарай, аталған құжатқа Қазақстан әлі қол қойған жоқ. Есесіне, «Көкжиек-2020» бағдарламасына Қазақстан азаматтары да қатыса алады. Еуропалық комиссияның шешімімен, «IncoNet-Central Asia» атты өте үлкен жобаны қаржыландыру көзделуде. Бұл Қазақстанның Бағдарламаға қосылуына, құжаттың басымдыққа ие бағыттарын жете түсінуге ықпал етеді әрі Еуропалық Инновациялар мен технологиялар институтымен бірге келісімшарт қабылдауға жағдай жасайды. Қазақстан тарапынан қатысушы – Тәуелсіз сараптамалық-консультативтік кеңес (InExCB-Kz) пен Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік. Осыдан жеті жыл бұрын Елбасы бізге Еуроодақтың бағдарламалық жобаларына қатысатын Қазақстан азаматтарының санын тым болмаса 25-ке дейін көбейтуге тапсырма берген еді. Соңғы жеті жылдың ішінде ЕО шеңберіндегі Жетінші бағдарлама бойынша Қазақстанның 32 жобасы қаржыландырылады. Мақтан ететінім де осы.    


«Мемлекет тарапынан қолдау көбейсе дейміз»


– Біздің отандастардың белсенділігінің артуына не себеп?

– Меніңше, жасалынып жатқан істердің нәтижесі. Әлбетте, жұмысты үйлестіру бастапқыда бізге өте қиынға соқты. Жобаға қатысатындарды жеке-жеке іздеп, тауып алып, қажетті адамдармен байланыстырып, әлекке түсетінбіз. Әлі күнге мемлекет тарапынан бірде бір көмек алған жоқпыз. Тіпті, отыратын кабинет те жоқ. Құзырлы органдарға айтсақ, біз сияқты мекемелерге көмек берудің тетіктері әлі қалыптаспағанын айтады. Есесіне, Еуропалық Комиссияның байқауларына қатысып, ақшамды жұмсап, байқауларда жеңіп алған қаражатымды Қазақстан азаматтарын тартуға жаратып жүрмін. Осының арқасында, соңғы кездері азаматтар өздері қызығушылық танытуда.    

– Жобалардың көптігінен Қазақстанға қандай пайда бар?

– Пайда өте көп! Әсіресе, «Көкжиектен» келер пайда тіпті көп. Біріншіден, еуропалық технологиялық нарықтағы коммерциялауға жол ашылады. Бұл дегеніңіз – қандай да бір керемет жобаны ойлап тапқан қазақстандық ғалымдар еуропалық нарыққа, еуропалық серіктестермен жұмыс істеуге қол жеткізеді. Интеллектуалдық бастамаларын кіріс көзіне айналдырады. Сонымен қатар Қазақстанның саяси жүйесіне де ғылыми-технологиялық саласында тиімді. Жобаларды Қазақстанның ғылыми зерттеулеріне пайдаланып, елдің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. 1995 жылдың мамырында Қазақстан INTAS және бұрын КСРО құрамында болған жаңа тәуелсіз мемлекеттердің ғалымдарымен ынтымақтастықты қолдау туралы Халықаралық Ассоциациясымен ғылыми-техникалық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Осылайша, Еуропалық Одақ шеңберіндегі ғылым мен технологияны дамытуға арналған Төртінші бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Ол кезде INTAS посткеңестік елдерде тұратын ғалымдарды ЕО-ның ғылыми бағдарламаларына тарту мақсатында құрылған еді. Уақыт өте келе, жинақталған тәжірибенің арқасында INTAS пен Қазақстан бірге қаржыландырған байқаулар жариялана бастады. Аса күрделі өтпелі кезеңде Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуын қолдаудың қаншалықты маңызды екенін білген ҚР Үкіметі INTAS беретін гранттардың барлығын кез келген салықтан босатып, арнайы жеңілдік жасады.  

–  Еуропалық жүйеден Қазақстанға қандай сабақ алуға болады?    

– Меніңше, Еуроодақтың осындай бағдарламаларын Қазақстандағы әртүрлі министрліктер саналуан бағдарламаларын бір жерге шоғырландырып, тиімді әрекет етуді қолға алу қажет. Бізде қалай? Білім министрлігі – бөлек, технологиялар министрлігі – өз алдына жеке отау. Әр министрліктің жеке-дара құжаты бар, тарыдай шашылған соларды неге біріктірмеске? Бізде жобаларды іске асыруға үшінші тарапты тартайық. Мәселен, Қазақстан шеңберінде атқарылатын бағдарламаларға үшінші жақ ретінде Еуропалық Одаққа мүше елдерді тартайық. Ал «Көкжиек-2020» бағдарламасының басты мақсаты – әрбір адамның өмірін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар өндірістік көшбасшылықты қолдау туралы да бастама көтерілген. Бұл ірі өндіріс орындары арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты нығайтады, өндірістің ғылымға инвестиция құюын қамтамасыз етеді.«Каучук арқылы өндірісті дамытамыз»

– Отандық ғалымдардың ең маңызды жобасы қандай?

– Ең маңыздысы, бақбақтан көксағыз (каучук) жасау. Құмда өсетін сағыздан алынады. 30-жылдары Қазақстанды шикізат көзі ретінде қабылдаған кеңестік үкімет Қазақстанда өсетін бақбақты Беларуське алып кетіп, арнайы орындарда кептіріп, сосын ауыр жүк көліктері, тракторлардың дөңгелегіне кигізілетін шиналар жасаған. Өйткені көлік неғұрлым көлемді болған сайын оның доңғалағына кигізілетін резеңке құрамында соғұрлым көп көксағыз болуы тиіс. Бұл сапалы да төзімділік үшін аса маңызды. Жер шарында жарыстарға қатысатын жеңіл машиналардан басқа бірде бір көліктің доңғалағына синтетикалық резеңке пайдаланылмайды. Ал ұшақтарға кигізілетін резеңкедегі көксағыздың үлесі 98-пайызға жуық. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде одан кем болмауы тиіс. Әлемдік нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруда Оңтүстік-Шығыс Азия алда келеді. ХІХ ғасырда Ұлыбритания Бразилиядан көксағыз өсетін ағашты (бразилиялық гевеяны) алып кетіп, Въетнам мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтарына отырғызған көрінеді. Соның арқасында аталған аймақ бүгінде табиғи көксағыздың алпауытына айналды. Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, оларға балама ретінде тек біздің таулы аймақтарда өсетін көксағыз ғана тең келеді екен. Қазақстанда өсетін көксағыздың тағы бір ерекшелігі – тек бізде өсетін көксағыз ғана өсіруде тиімді әрі механизацияға бейім өнім. Аса ірі көлемде өсірілетін көксағыз плантациясына керекті құрылғының үлгісін де жасап қойдық. Ал азиялық елдерде өсірілетін бразилиялық гевея ондай емес. Күн сайын таңертең 6 мың адам шығып, ағашты тоқпақтап ұрып, жиналған көксағызды қолмен сыпырып алады. Көз алдыңызға елестетіңізші! Қандай ауыр еңбек! 

– Көксағыз жобасын қолға алуға не себеп?

– Біз көксағыз жобасын алғаш рет 2006 жылы бастадық. Оған дейін ешқандай ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Жетінші шеңберлік бағдарламаны жүзеге асыру барысында сегіз мемлекет (Голландия, Германия, Чехия, Франция, Швейцария т.б.) қызығушылық танытып, осы жобаға 8 млн. еуро көлемінде қаражат тартылды. Нәтижесінде көксағыздың жаңа түрлерін алдық. Аз мөлшерде болса да отандық көксағыздан шиналар, медициналық құрал-жабдықтарды жасадық. Енді аталған жобаны одан сайын тереңдетіп, жалғастыру мақсатында еуропалық Одақтан қосымша қаражат түсірдік. Көксағыз «Қызыл кітапқа» енгізілгендіктен, өнім алуда кедергілерге кездесуіміз мүмкін еді. Сондықтан біз Үкіметке тікелей шығып, өтініш айттық. Бізді қолдаған, кедергілерді жоюға көмектескен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешев мырзаға алғысымыз шексіз. Осының арқасында Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктен бизнес-жоспарды жүзеге асыру үшін әрі Голландияда зертханалық жолмен өсірген көксағызды Қазақстан топырағында өсіру үшін зерттеулер жасауға шағын көлемде грант алдық. Жуық арада голландиялық алқаптарда өсіріліп жатқан көксағыздың тұқымдарын елге әкеліп, оның Қазақстанды қалай жерсінетінін байқап көрмекпіз. Бастапқыда Голландиямен бірге Испания және Германияда да өсіргіміз келген. Бірақ ойлана келе, тек Голландияға тоқтауды ұйғардық. Өйткені көксағыз жобасы – біздің зерттеу тобының интеллектуалдық меншігі. Оның үстіне, қазақстандық билік тарапынан да біз қолдау таптық. Қазіргі мақсатымыз – өндірістік айналымға енгізу. Халықаралық деңгейде екі серіктесіміз бар: голландиялық шина жасайтын зауыт  Apollo Vredestein мен әлем бойынша ең ірі кәсіпорындар санатындағы италиялық Pirelli компаниясы. Аталған серіктестеріміз бізге инвестиция құюға дайын отыр. Тұқымдарды сеуіп, шикізатты алғаннан кейін дайын өнім жасайтын шағын зауыт ашуды көздеп отырмыз. Сосын біздің тағы да қосымша өніміміз бар. Ол – бал. Өйткені бал араларынсыз көксағыз бір-бірімен қиюласпайды. Бақбақтан өте тәтті бал алуға болады. Қайталап айтайын, бұл – бірегей жоба. Өкінішке қарай, Қазақстанда көксағыз бойынша сарап¬шылар жоқтың қасы. Өнімнің сапасын саралап, баға беретін ешкім жоқ. Мәселен, 2006 жылы каучук бойынша сарапшыларды шам алып іздеуге кірістік. Тек біраздан кейін ғана әрең дегенде тамыр зерттеуші ғалымды таптық. Айта кететін жайт, каучук өндірісі – қалдықсыз өнім. Біріншіден, біз көксағыздың өзінен каучук аламыз, екіншіден, бұл өнім медициналық тұрғыдан алғанда да өте тиімді әрі пайдалы: одан инсулин алсақ, сусамырды емдеуге пайдаланар едік. Сусамыр – бүкіл Жер шарын алаңдатып отырған дерттердің бірі. Үшіншіден, барлық қалдық биоотынға айналады. Төртіншіден, бұл бақбақтардан жоғары сапалы бал пайда болады. Демек, бір ғана көсағыздың өзінен қаншама қызық та тиімді жоба дайындадық. Қазір Голландиядан әкелінетін тұқымдарды сеуіп, одан көксағыз алуды тағатсыздана күтіп отырмыз. Бұйыртса, Қазақстанда өсірілетін көксағыздан медициналық өнімдер жасауды қолға алмақпыз. Сіз білесіз бе, дүние жүзіндегі дәрігелерлердің барлығы көксағыздан жасалған қолғапты киюге құмар. Себебі, табиғи көксағыздан тігілген қолғап жыртылмайды не кесілмейді.

– Қазақстан ғалымдары ұсынған жобалардың көпшілігі қай салаға арналған?

– Отандық инноваторлар мен ғалымдар энергия, ауа райы, денсаулық сақтау, азық-түлік, биотехнология саласына қатты қызығушылық танытты. Бүгінгі ұйымдастырылған семинарға қатысуға өтініш айтқандар тізімі де көп. Тіпті, сонау Көкшетаудан келгендер бар. Алматылық ғылыми қауымдастықтың құлшынысы мен белсенділігі өз алдына бөлек әңгіме. Ең алдымен ҚазҰУ-дің әкімшілігіне шараны өткізетін зал бергеніне алғыс айтамын. Осындай шараны ертең енді Астанада өткіземіз. Астаналық әріптестер тарапынан да қызу қолдау табатынына сенімдімін. Өйткені «Көкжиек-2020» бағдарламасы туралы естігендер таныстарына, туған-туыстарына міндетті түрде хабарлап, жаңалықтармен бөліседі ғой. Бұл Қазақстандағы бағдарламаға қатысуға мүдделі азаматтардың қатарын көбейтетініне ықпал ететіні сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары