БАБАЛАРДЫҢ ДАНАЛЫҒЫН ЖЫРЛАҒАН

БАБАЛАРДЫҢ ДАНАЛЫҒЫН ЖЫРЛАҒАН

БАБАЛАРДЫҢ ДАНАЛЫҒЫН ЖЫРЛАҒАН
ашық дереккөзі

«Қобыздың дауысы…

Қиырға жетті шымырлап.

Не деген сарын не деген ғажап тың ырғақ?!

Жан-жандар, жәндіктер біткен елеңдеп,

«Қорқыт»! дейді әр тұстан бәрі сыбырлап».

Ақын Ибрагим Бекмаханұлы дана Қорқыт, абыз Қорқытты осылайша жырлайды.

Ибрагим Бекмаханұлымен сырттай таныс болсам да, өзімен сөйлесіп, кездесуім 1993 жылы атақты жырау Тұрымбет Салқынбайұлының (1868-1946 ж.) 125 жылдығын атап өту кезінде басталды. Сол шараға мен бұрынғы Тереңөзек ауданының әкімінің орынбасары ретінде қатысқан болатынмын. Алғашқы кездесуде-ақ оның өршіл ақындығымен қатар азаматтық тұлғасын аңғардым. Сырттай жақсы ісіне қуандым, жетістіктерінен хабардар болып жүрдім.

2001 жылы есімі Сыр еліне мәлім атақты билердің бірі болған Төребай Пышанұлының (1845-1911 ж.) туғанына 150 жыл толу мерекесін өткізу, ол туралы жинақ құрастыру кезінде Ибрагим Бекмахановтың ақындық қабілетін одан әрі тани түстім. Сондықтан да Жезқазғандағы Ибрагимге қоңырау шалып, баба жайлы хисса, дастан жазуды Ә.Бөрібаев екеуіміз өтінген болатынбыз. Көп ұзамай Жезқазғаннан 29-30 беттік поэма келіп түсті. Осы поэманы оқып отырып, оның жырынан Сыр сүлейлерінің сарынын, жалғасын таптым. Поэма «Жолбарысты Төребай би» атты жинаққа енді. Ибрагим Төребай би бабасын:

…Талайды тура сөзбен таңырқатқан,

Төребай медет алған тәңір – хақтан,

Қанша ел араздасып, жауыққанмен.

Би сөзін тыңдап, содан сабыр тапқан, – деп жырласа, Әбілхайыр ханның бас батырларының бірі болған Айбасұлы Арыстанбай хақындағы дастанында Арыстанбайдың алғашқы ерлігі жайлы:

…Жас батыр таң қалдырып қарсы жақты,

Иттей ғып дәу қалмақты қансыратты.

«Қой, мұның көзін құртып тынайық?», – деп

Бір толғады найзасын шаншып қатты. 

И.Бекмаханұлы «Арыстанбай» шығар­мас­ында азаттық үшін күрескен жас батырдың бас батыр болғанын, оның адами қасиеттерін, басқа да оқиғаларды ауызша әңгімелер негізінде дастан еткен. Өлеңдері шымыр, теңеулерді де орынды қолданып, Арыстанбай батырдың бейнесін сомдаған.

Көптеген ақындарымыз дастан жазудан қашқақтайды. Өйткені дастан, хисса өзіндік ой-толғамдарымен ерекшеленеді. Осындай бабамыздың ізімен хисса, дастандар жазумен көзге түсіп жүрген аз ғана ақындарымыздың бірі Ибрагим.

Ибрагим Бекмаханұлы Сыр сүлейлерінің ұстазы атанған Дүр Оңғар бабаның 150 жылдығына орай «Дүр Оңғар» атты дастанын 2009 жылы шығарды.

… Жақсының шарапаты мыңға тиген,

Жаманның кесапаты құмға сіңген.

Халықтың жүрегінен орын алып,

Абырой, даңқын Оңғар шыңға ілген, – деп Дүр Оңғардың ақындық, жыраулық бейнесін сомдаса, өз бабасы Тұрымбай Салқынбайұлы мен діни қайраткер (молда) Нияз Тасболатұлына арнаған дастандары бір төбе.

Жалпы, ақын Ибрагим Бекмаханов шығар­ма­ларын, оның поэзиясының негізін дастан, поэмалар құраса, жекелеген өлеңдер тобында еңбекте көзге түскен Арқа өңірінің адамдарын жырға қосқан. Ибрагим қаламынан шағын өлендер, толғаулар, арнаулар, төрттағандар мен жеке шумақтар қанат қақты. Ол Сырда туып, саналы өмірінің ширек ғасырын Арқа өңірінде өткізді, сонда көрінді. Ақынның «Шапағат», «Сағым сары», «Сырмен Арқа саздары», «Жарық сәуле», «Жүрегімнің шуағы», «Арыс­танбай батыр», «Тұрымбет жырау», «Сыр мен Қырдың перзенті», «Дария көңіл, тау мүсін», «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр», «Қарсақбайлық қайсар ұл», «Жалмауызға да жан керек» атты кітаптары жарық көрді.

Алдағы уақытта да Ибрагим қаламынан оқырмандарға ой тастайтын қуатты жырлар көп жазылатынына сенеміз. 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

этнограф