ҚАЙТАЛАНБАС ХАС ТАЛАНТ

ҚАЙТАЛАНБАС ХАС ТАЛАНТ

ҚАЙТАЛАНБАС ХАС ТАЛАНТ
ашық дереккөзі
315

 90-жылдардың басы. Қажекеңмен бұрынғы ЦУМ-ның, қазіргі «Заңғар» дүкенінің алдында кездесіп қалдым. Қарсысындағы «Қаракөз» деген кафеге қарай бастады мені. Ауылдан келген болулары керек, әлдебір үш жігіт те сонда еліріңкіреп тұр екен. Қажекеңнің оң қолының саусақтары ойнап шыға келді. «Сақ-сақ еткізейін бе сабакаларды!» дейді. Онысы ұрып жығайын ба дегені. «Неңіз бар, Қажыаға?!» дедім мен. «Ойбай-ау, ауылға келген төбелесті құр жіберуге бола ма?!» дейді ол жұлынып. «Өз бауырларыңыз ғой, жазығы не?» десем, «Жазығы – Қажытайдың кім екенін біліңкіремей, қағынып тұрғаны!» дейді көкем. Осыған дейін де оның «сақ-сақ» еткізетінін талай естігем, сонысынан қорқып, бұл арадан тезірек зытуды ойлап тұрғанымда, «Кеттік! – деді өзі. – Жеңгең күтіп қалады, қонаққа бару керек!».

 Екеуміз «Қаракөзден» шыға жерас­ты жолына түстік. Ол жерде бір орыс баянын құлаштай тартып қалпағын жерге аударып тастап, қайыр сұрап тұр екен. Қалпақтың қасында балалайка жатыр. «Тоқта» дегендей ишара жасады Қажекең. Тоқтадық. Тыңдасақ, әлгінің ойнап тұрғаны «Катюша». Қажекең басын шайқады, ұнатпағаны. Жерде жатқан балалайканы іліп алып бебеулете бастады. Орысым мәз. Мен түсінбейтін орыстың екі күйін қайырып жіберіп, әлгінің иығындағы баянды жұлып алды да, «Антошканы» ойнай жөнелді. Енді орыстың делебесі қозып биге басты. Аяғындағы керзі етігі тарпылдап, ал кеп билесін. Арлы-берлі өткендер жиналып, жұрт тегін концертке қарық болды да қалды.Тағы бір күйді шолақ қайырып Қажекең «кеттік!», – деді маған тағы. Ана орыс Қажекеңнен оңай айрылар емес, өлердегісін айтып жатыр. Үйінің адресі ме, телефоны ма, бірдемесін жазып, тілдей қағаз ұстатты. Біз «жерастынан» қашқандай боп шықтық, «бұл сабакаларға осылай танытып қою керек!» деп, насыбайын ерніне салып, шырт түкірді Қажекең.

– Домбыра тартасың ба, дударбас?

 – Жоқ!

 Шашыма қарай солай атайтын.Сенер-сенбесін білмей бағжия қарады бетіме.

 – Әкең тартушы ма еді?

 – Жоқ!

 Тұқымымызда күйші болмағанын айттым. Әкейдің керемет ағаш шебері екенін, ауылдағы әр шаңырақтың еркесіне домбыра жасап бергенін, жасаған домбырасының шешендігін, өзімнің де қысылғанда домбыра жасай алатынымды, бірақ бұл құрғырдың ішегін көлденең тарта алмайтынымды айтқанда, Қажекем әрі таңданды, әрі қатты ренжіді.

 – Менің қасымда үш ай жүрсең, жә деген күйші шығарамын сенен!

 Сенген жоқпын. Өзім түгіл, ұлымды да, қызымды да домбыра үйрететін курстарға жаздырғам кезінде. Нотасын біліп, бір саусақпен тыңқылдатып шертті де, ары қарай дамыта алмай екеуі де тынды. Тегі, қанда болмаса қонбайтын өнер ме деп қалдым. Құдай бермегенді Қажытай береді дегенге қайдан сенейін!

***

Қасым Аманжоловтың туғанына жүз жыл толған ұлы тойда Қарқаралыда Қажекеңмен ең соңғы рет сапарлас болдым. 

Жатқан жеріміз мейрамханадан алыс бір төбенің астында, тамақтанып алған соң Қажекеңді қолтықтап қайтам. Жарықтықтың екі өкпесі сырылдап, ентігіп жүре алмай қалады. Онысында шаруасы жоқ, жүйрік ат туралы ұзын-сонар бір әңгімені бастайды, аттың сыны, бабы туралы көсіліп бір кетеді де, ол әңгіме орта тұсқа келгенде қыран құс қосылады, қылыш қанат, жез шеңгел, шегір бүркітті құйғытып-сонарлатып, тұғырына қондыра сала күй мен Жұматайға кірісіп, не айтып, не қойғанымызды білмей, жатар орнымызға әзер жетіп жығылып жүрдік.

Қасымның ауылында салтанатты жиналыс өтіп, соңы концертке ұласып жатты. Тобымыздан көз жазып қалған Қажекең екеуіміз қаз-қатар тігілген үйлерді кезіп, жолдастарымызды таппай әбден діңкеледік. Қолтығынан демеп келе жатам, әңгімесі бітпейді, насыбайды ерінге салып, екі ұртында малмаңдатып барып шырт түкіреді де, тұмсықты бір бұрап тастайды. Өкпе сыр-сыр…

 – Әй, ана аттасың бүгін ерледі! – дейді қариям (Ғ.Жайлыбайды айтқаны), – Мәледес! Баяндаманы қалай жасады?! Қасым туралы ғылыми-танымдық еңбек деп осыны айт! Түбінен қопарып, індетіп, бәлесін қарашы… Көптен бері бұндай баяндама естімеп едік… дауысы да қоңыраулап… өзі де нып-нығыз, қолтоқпақтай… ой, сабакаң, жарап тұр-ей! 

 Атын айтпай-ақ қояйын, сөзге шыққан біреулердің жеті атасын жездей қақтап, сықпыртып-сыбап келеді. Онысымен қоймай тұра қап көсіледі қария, қайта сүйрей жөнелем. Өстіп жүріп қарын ашты, қарым қайтты да, бір үйдің алдына келіп, бір жас жігітке жөнімізді айтып едік, үйге бас­тады. Кірсек, облыстық Жер басқару департаментінің дөкейлері екен. Ауыл болса Мақпал Жүнісованың туған ауылы деседі. Қақ төрде, керегеде Мақпалдың үлкейтілген суреті ілулі тұр. Далада, сахнада Мақпал ән шырқап жатыр. Қызып алған кісілер біз сияқты құдайы қонаққа пысқырып қарайтын емес, дастарханның шетіне келіп жайғастық. Отырғандардың барлығы бір кісінің аузына қарап қалған, қошамет-қолпаш соған ғана айтылып, соған ғана бас шұлғысады. Аманжоловтың 100 жылдығы емес, тап бір мына кісінің туған күні, мерейтойы өтіп жатқан секілді. Ентігін басып, әлденіп алған Қажекең той басқарып отырған асабадай суырылып сөйлей жөнелсін. Өзін таныстырды, мені таныстырды, ақын екенімізді айтты. Қасымның кім екенін, ата-бабасынан шолып Алматыға жеткізіп, сол Алматыдан бізді қай Құдайдың айдап келіп, дәмдес қып отырғанын, жер сатылғанмен өлең сатыла бермейтінін қапысын тауып айтып, жер сатушыларды шенейтін бір өлеңін оқыды, жаным шығып, өкпе-реніш болар ма екен десем, керісінше бәрі разы. Маған да бір өлең оқытты. Аралықта үлкен ас кеп қалған еді, Қажекең шұбыртып бата жасады. Әлгі отырғандардың назары тек екеуімізде. Өз әңгімелері жайында қалған. Бір қасиеті Қажекең осы дастарханда қысқа қайырды, «өз батамыз – өзімізден» деп орнымыздан тұрып едік, ана кісілер де дүрк көтеріліп, есік алдына бірге шығып, қол берісіп қоштасып қалды. Жердің киесі ме, елдің қасиеті ме, туған-туыстарымыздың ортасында жүргендей мәре-сәре күй кештік.

Енді ұлу жүріске сап екеуіміз қолтықтасып, бәйге төбеге беттедік. Ол да бір ит өлген жер екен, біз жеткенше аламан бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс дейсіз бе, бәрі де өтіп кеткен, жүлде таратылған, қонақтар өз-өзінің автобустарына отырып алған … өлдік-талдық дегенде соңғы көлікке мініп үлгірдік. Сол жолы Қажекең жыр мүшайрасының үшінші жүлдесін, ал мен Ә.Әбішев атындағы арнайы жүлдесін иеленіп қайтқамыз.

***

Бильярд дегенде ішкен асын жерге қоятын, жарықтық. Ол кісінің өлермендігі, құмарлығы, Құдай біледі, бір ойыншыда жоқ шығар! Түнде шырт ұйқыда жатқанында телефон соқсаң, «кәзір түсе берейін» дейтін қуанып. Сен қай жақта жүрсің, қанша уақытта келесің, – оны сұрап жататын Қажекең жоқ.

Бильярд дегенді «тасқаяқ» деу керек, қазақта «тасқаяқша қағыстырды» деген әдемі сөз бар ғой, – дейтұғын Қажекең. Сол сөзді ескерген қазақты көрсем көзім шықсын, тасқаяқ әлі баяғыдай Қазақстан бойынша – «Бильярд»! 

 Сөйтіп, мені тасқаяққа Қажекең алып келді. «Сенен ақын шығады екен, суретші шығады екен, тасқаяқшы неге шықпасқа!» деп сүйреп әкелген Қажекеңмен жеті-сегіз жылдай тас қағыстырдым. Майданға аттанардай қамданып келетін Қажекең: термоста сүтті шайы, төртке бөлінетін таяғы, қолға ілетін қолғабы дегендей асай-мүсейін сайлай келетін. Ол ол ма, бір күн бұрын моншаға түсе келетін.

– Баланың жүні жетілген екен, жынын қағып тастайын! – деп тиісе келетін.

– Осы сөзіңіз үшін мен сізді жеті шарға дейін жіберемін,– десем әзілдеп: – Сөйте қойшы, ар жағындағы жалғыз шарды өзім көріп алармын, – дейтін кеңкілдей күліп.

Басында маған сыйлықтас – фора беріп жүрді, әуелде бес-алты тасты тізіп беретін, кейін қолым жүре бастағанын білді-ау деймін, сыйлықты тоқтатты.

 Темірше Сарыбаев екеуіне жақын жүретін едім. Екеуінің ойынын көрсеңіз, ол бір хикая. Темкеңнің көзі алысты көріңкіремейді, Қажекең оны «қолмерген» дейтұғын. Қаңғыған шарлары ұяшыққа көбірек түсетін, сосын сақасы бірнеше шарға қатар соғысатын. Мен оны «Темкең-шар» деп әзілдеймін, «тым құрыса атыңыз шарда қалсын» дейтінмін, оған ол кісі балаша мәз болатын. Темкеңнің атқан шары ұяшықтың аузына жақындағанда, «Үй, жаным! Жаным! Жаным!!! Дү-дү-дү…» -деп айғайлап кетеді, ондайда Қажекең: «Әй, мынаның былдырлауы жаман, аяқасты тілі шығып кетеді-ау деймін» дейтұғын қалжыңдап. Қажекеңмен бильярд ойнаудың өзі Темкеңе үлкен қуаныш, бильярдқа бара жатқандарын айтып, маған телефон шалатын, «көрерміз» дей саламын ондайда. Шынын айтсам, ол кісілермен ойнаған маған қызық емес, сондықтан кейде көңілдерін қимай барамын да, екеуінің тас-талқанын шығарып ұтамын да, «енді қанша уақыт ойнайсыздар?» деймін әдейі. «Бір сағат» десе үстемелеп екі сағаттың ақшасын төлеп кетем, оған жарықтықтар тіптен қуанып қалушы еді. Сөйтіп жүрген екеуі араларына бір ай салып, бір жылда бақилық болатынын ол шақта ойламап едік. Темкең дүниеден өтерінен бір күн бұрын телефонмен сөйлестім, «қала деген бәледен құтылдым, Қызылорданың іргесіндегі ауылдағы бір досымның үйіне көшіп кірдім, бұйыртса Алматыдағы үйді сатып, осы үйді аламын. Есік алдында көлі бар, жазда келсең қармақ саламыз, қыста келсең қоян атамыз. Шақырған деген осы, кел!» – деді көкем жарқын-жарқын сөйлеп. Ертесі түске таяғанда «Темкеңнің інісі едім, Темкеңнен айырылып қалдық» деп тұр біреу, өз құлағыма өзім сенбедім. Құдіреттің әмірі, Темкеңмен ең соңғы рет солай тілдесіп қалғаныма әзірге дейін қайранмын. Кейін естісем, Темкеңнің қазасына Қажекең де қатты қайғырыпты. Екеуі өте сыйлас достар болатын, әзіл-қалжыңдары да әдемі жарасатын. 

 Бір күні Қажекең айтады:

– Бұрнағы күні бильярд ойнайық деп бір қорамыз осында келсек, бір келіншек алдымнан ойқастап шықты да, «аға, кәзір бес минөттен кейін жарық өшеді» деп тұр. Онысы – сіздер ойнауға үлгере алмайсыңдар ғой дегені, «Қарындас, – дедім сөзін іліп ап, – онда шешіне берейін бе?». Өзі де сөз түсінетін қу қыз екен, жатта кеп күлгені.

 Қажекеңнің мұндай тапқыр әзілдері жеткілікті. Енді бірде үстел басында тас қағысып жатқанбыз, Қажекеңнің қолы жүрмей атқан шары ұяшықтың аузынан қайтып жатты. Әлдекім Қажекеңе жағымсып: «Қажаға, шар қисық, шар қисық!» деп еді Қажекең жұлып алғандай: «Шар қисық емес, шал қисық!» дегені, ду күлдік. Тағы бірде жарыс үстінде кезегім бойынша ойнап жатқам, ойыным оңбай, шекем шытынап тұрсам, қасыма келген Қажекем : «Ананы былай ұр, мынаны алай ұр» деп тұр. «Қажеке, тыныш тұрыңызшы!» дедім ренжіп, дауысым да қаттырақ шығып кетсе керек. « Тыныш тұра алмасам не қыл дейсің маған?!» деп Қажекең тұр міз бақпай. Ой, Алла-ай! Күлерімді де, жыларымды да білмедім…

***

«Тасжарған» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығын алды Қажекең. Жерлесі Дутан Сәкеев деген ақын ағамыз Қажекеңнің үйіне қонып, түнімен әңгімелесіп, ертесі таңертең Жазушылар одағына келе жатыр екен, қасында Қажекең, қарсы жолықтым. Аман-сәлемнен соң Дутан аға Қажекеңнің «Тасжарғанын» жатта кеп мақтады. Мақтауға тұрарлық кітап екенін, сол кітаптың «Алашты» бекер алмағанын айтып едім, ана кісінің көзі атыздай болды:

– Шынымен «Алашты» алды ма?! – дейді сенер-сенбесін білмей.

– Иә.

– Оны неге айтпайсың, әй!?

Қажекеңе сұраулы жүзбен қарады. Қажекең былқ етпейді.

– Несіне айтам?

 Қайырылып менен қайта сұрайды:

– «Тасжарғаны» үшін алды ма?

– Енді бас жарғаны үшін алды дейсіз бе!

 Қажекең күлкіден екі бүктетіліп қалыпты. «Әй, дудар бас! Сен де айтады-ақ екенсің!»

Қажекеңнің сотқарлығын білетін Дутан ағамның да күлкіден ішегі түйілген. Ол кісінің таңғалғаны – Қажекеңнің «Алашты» жасырып қалғаны. Қажекеңнің орнында басқа біреу болса марапатын айтып бөсер еді, ал Қажекең ләм деп аузын ашпаған. 

Сол «Тасжарғанды» парақтап отырып:

…Шырғаны, шындықты айтып дәрменімше,

Жарылқайын жасыған жан көрінсе.

Өлеңнің көзін шұқып, басын жарса,

Ататұғын киесі бар меніңше,

(«Тасжарған», 19-бет, 2001 ж. Өлке» баспасы) – деген бір шумақ өлеңін тауып алып:

 Жырымен желпінтеді, мұңайтады,

Тілімен мұқатады, тыңайтады.

Талайдың көзін шұқып, басын жардың,

 Кісіде кие жоқ деп кім айтады?! – деп эпиграмма жазып, суретін салып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялап едім, Қажекең: «Әй, дударбас сабака-ай!» деп мәз болып еді. Суреттегі Қажекеңнің арқасында домбыра, оным ол кісінің күйші-композиторлығын көрсеткенім. Сол қолында тасқаяқтың таяғы, оның қасында үшінші нөмерлі шар, Қажекеңнің бильярдқа өлермендігін, ойынының деңгейінің үштіктен аспайтынын білдіру. Оң қолында портфелі – ол кісінің қаламгерлігін таныту. Көз жанарынан шатақтығын да өзімше аңғартқандай болып едім.

***

Қажекеңнің ақындығы, жазушы­лығы, күйшілігі, композиторлығы, атбегілігі, шатаққұмарлығы туралы талай-талай әңгімелер айтылып жүр. Өзінің бір айтқан әңгімесінде ол кісі биді өте жақсы көріп, өте жақсы билейтін көрінеді. «Сен білесің, – деген бір әңгімесінде, – Үрімжіде, «Шынжаң газетінің» аударма бөлімінде аудармашы болып жұмысқа тұрған кезім. Ол кезде аударма дегенің аткөпір, қытайшадан қазақшалау үшін мұрныңнан шаншыласың. Бастығым да оңған біреу емес, шолақ белсенді, кірген-шыққаныңды аңдып отыратын. Үрімжіге кейінірек барғанда байқасам, газетхана баяғы сол орнында екен ғой. Оның артқы жағында «Жастар бақшасы» деген саябақ бар емес пе, біздің тұсымызда сонда би алаңы бар болатын. Күндіз музыка ойналып, би қызып жататын. Музыканың дауысы естілгенде, өне-бойым шымырлап, шиыршық атып отыра алмай кетем. Есіктен шықсаң, бәле! Содан артқы терезеден секіріп түсіп, би алаңына барып бір-екі рет шыр айналып билеп келіп, білдіртпей орныма отыра қалам. Күнде сол…»

Өлеңге де, өнерге де құштарлық Қажекеңнің бір басында жетіп артылатын. Қаншама жыл көлеңкесіндей айрылмай қасында жүргенде бір байқағаным – ол кісінің досқа адалдығы, өнерге деген кіршіксіз тазалығы шексіз болатын. Жұрттан асқан төзімді, қайратты көрінетін ағамыздың «қырық түрлі ауруы бар» екенін Руда жеңгем кейінірек айтып еді. Соңғы бір-екі жылдың жүзінде Қажекең қатты жүдеп, ауруханаға жатып қалып жүрді. Оған дейін еңсесінің еңкейгенін, белінің бүгілгенін байқамап едік.

Құдай алдында жасырып не қылайық, Қажекең соңғы жылдары айтар сөзін жинақтай алмай, бірден бірге кететінді шығарды. Мынау алмағайып заманда ұзын-сонар әңгіме тыңдауға қай жұрттың төзімі жетсін. Жоқ сылтауды айтып, тезірек құтылуға қамданатын едік. Енді ойласам, бұның бәрі де надандық екен! Қайсымыз, қаншамыз аттың сынын, қыранның бабын қай деңгейде білеміз?! Салт-дәстүрімізді, жөн-жосығымызды Қажекеңдей түгендей алдық па?… Қажекеңнің кеудесі құлыптаулы алтын сандық екенін кеш түсініп, кеш білдім өз басым. Қарттарын, даналарын қадірлей алмайтын ұрпақтың бірі екеніме көз жеткіздім. «Әттеген-айды» ерте білгенде қазыналы қарияның айтқандарын қағазға, хатқа түсірмесек те, санаға, зиынға түйер едік…

Қайран аға!

Ғалым Қалибекұлы, 

ақын,  «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Серіктес жаңалықтары