МЫСЫР МЕТАМОРФОЗАЛАРЫ

МЫСЫР МЕТАМОРФОЗАЛАРЫ

МЫСЫР МЕТАМОРФОЗАЛАРЫ
ашық дереккөзі
309

 Мысыр кешегі қалпында емес. Түр-сипаты ұқсағанымен, мазмұнның ұдайы өзгеріп отыратындығының көрінісі бұл. Тарихқа сілтеме жасаудың, сөйтіп, бағзы бір ғасырларда өткен, толарсағынан қан кешкен мамлүктердің елесін іздеудің қажеті жоқ. Бүгінгі Мысырдың тарихы күн сайын Каирдің көшелерінде түзіліп жатыр. Енді ол баяғы заманда перғауындар салтанат құрып, одан соң қыпшақ ұлы Бейбарыс сұлтан басқарған мамлүктер мемлекетінің мұрагері емес, есте жоқ ескі уақыттан ескерткіш болып қалған Пирамидалардың отаны да емес, тіпті соңғы онжылдықта еуропалықтар мен еуразиялықтар үшін арзан әрі ғажайып демалыс орны да емес.
Қазіргі Мысыр – үш жылдан бері Араб төңкерісінің ошағына айналған, көтерілісшілер рухы жайлаған, бүлікке бір бүйрегі бұрып тұратын мекен. Бүгінгісі бұлыңғыр болғанда, ертеңі қалай болары тіпті күңгірт. Отыз алты айдың ішінде демократиялық сайлаудан әскери төңкеріске ұласып, кеше ғана ел болып аузына қараған екі мемлекет басшысын (бірінен соң бірін) түрмеге қамап, Конституцияны бір емес, екі рет өзгертуге барған елдің ертеңі қандай болмақ? 
Аз күнде Каирдің осы өзгерістерінен не байқағанымызды қағазға түсіріп көрелік.


КЕШЕ – БИЛІКТЕ, БҮГІН – ТҮРМЕДЕ…

Соңғы үш жылда Мысыр тарихы бірнеше мәрте бетбұрысты өзгерістерді бастан өткерді. 2012 жылғы бүкілхалықтық сайлауда «Мұсылман бауырлар» 40 пайыз дауыс жинап, ал Мұхаммед Мурси президенттік сайлау­да 51,73 пайызбен жеңіске жеткенде, мұсылман мемлекетінде де демократиялы дамудың болатындығын дәлелдеген сияқты еді. Бірақ билікке қол жеткізу мен оны уысында ұстап тұрудың арасында жер мен көктей алшақтық бар екені көрінді. Бір жарым жыл өтпей жатып, Мурси басқарған үкімет биліктен тайдырылды, басына іс түсіп, қамауға алынды. Қазір «Мұсылман бауырлар» қозғалысы Мысырда ресми түрде «террористік ұйым» деп танылды. Ал кешегі президент Мұхаммед Мурсидің өзі бірнеше бап бойынша заң алдында істі болып, Александриядағы сотта жауап беруде. 
Мұхаммед Мурси 2013 жылы түрмеге қамалғаннан кейін, енді оған темір тордың ар жағында бүлік ұйымдастырып, қашты деп айыптап отыр. Мурсидің соттағы бейнесі торда отырған арыстанды елестетті. Өз айыбын мойындаған қылмыскерден гөрі, жазмыштан жазықты болған, ашулы адамға көбірек ұқсайды. Сот процесі басталғанда, бір орнында отыра алмай, тордың арғы жағында ерсілі-қарсылы жүріп, ара-тұра қолын сермеп, әлденелерді ызбарлана айтып, айғайлап қояды. Кеше ғана бір мемлекетті басқарған адамның басынан бағы та­йып, өз елінде пұшайман болуы жанға жайлы көрініс емес.
Жалпы, шектен шыққан диктаторлардың көзі тірісінде істі болып, сот алдында жауапқа тартылғанының бірталай мысалы бар. Оның біршамасын қазіргі заманнан да табуға болады. Бірақ басқа диктаторлардан өзгешелігі – Мурсиді жемқорлыққа, парақорлыққа жол берді, әлсізге жәбір көрсетті деп ешкім айыптаған жоқ. Ресми айыптың мазмұны мемлекетке сатқындық жасады, шеруге шыққандардың өліміне жа­уапты, зорлық-зомбылықты ушықтырды дегенге саяды. 
Түрмеден қашқан Мурсиге палестиндік «Хамас» тобы көмек берген деген де болжам бар. Егер бұл болжам расталса, онда қазіргі әскери жүйе экс-президенттің басынан сипай қоймас. Мурсиді билікке әкелген «Мұсылман бауырларды» террористік ұйым санатына қосқаннан кейін кешегі президентті біржола тұқырту үшін бүгінгі билік басындағылардың барын салары түсінікті. Өйткені Мурсидің тағдыры басқалараға сабақ болуы керек. Онсыз да Мурси бастаған қозғалыс өкілдері биліктен тайдырылған соң, кеше ғана оларды қолдаған кейбір жергілікті исламдық топтар дереу жаңа жүйенің жағына шыққан.
Қазақ мұндайда «еркек тоқты құрбандық» дейді. «Мұсылман бауырлардың» үнін біржола өшіру үшін Мурсидің басы құрбан болса да таң қалатын ештеңе жоқ…

ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП ОРНАМАСА ДА…

Бүгінде Мысырда істі болу ешкімге таңсық болмай қалды. Ел басқарған президенттен бастап, қуыршақ театрының кейіпкерлеріне дейін соттың алдын көрді. Ал саяси ұйымның өкілдері, шығармашылық пен өнер иелері, қайраткер тұлғалардың әлдеқандай айып­пен жауапқа тартылуы үйреншікті жайтқа айналғандай. 
Исламдық ұйым өкілдері түзей алмаған экономикалық ахуал әскери билік тұсында да оңалып кете алмады. Мурсидің кетуіне мүдделі болған сырт күштер елде төңкеріс жасауға кезінде қомақты қаражат бөлгені араб ақпарат кеңістігінде ашық айтылды. Қазіргі Мысыр билігінің Сауд Арабиясымен ара қатынасы күрт жақсарғанының себебін осыдан іздейтіндер де баршылық. 
Елде әскери биліктің орнағаны Каир көшелерінен анық аңғарылады. Әрбір ауданда, алаңдарда, мемлекеттік стратегиялық нысандар жанында биік дуалдармен қоршалған әскери база бар.
Ерте заманнан бастап гректердің, римдіктердің, арабтардың, түріктердің, француздардың, ағылшындардың басқыншылығын көрген Мысыр үшін әскери күшпен билеу жүйесі таңсық емес. 
25-26 қаңтарда Тахрир алаңына келіп түйісетін он шақты көшенің бәріне кем дегенде екі-үш, ал кейіне алты-жеті БТР қойылды. Одан бөлек, қалқан жамылып, автомат кезенген солдаттар жемтігін іздеген аңшыдай сақадай сай тұр. Мемлекеттік органдар емес, ірі сауда орталықтарының өзінде кірген-шыққанды тексеретін арнайы құрылғылар орнатылған. Дүкенге кіру үшін қолыңдағы сөмкеңді компьютерлік сканерден өткізу қажеттігін де осы елден көрдік. Ал кітап жәрмеңкесін ұйымдастырғанда да осы қауіпсіздік шаралары ескерілді. Тыңғылықты шаралардың нәтижесі болар, әр-әр тұста болған жарылыстарды ескермегенде, әлдеқандай топтардың елді тұтас көтеретіндей бүлік шығаруы енді мүмкін еместей. 
Бір ғажабы, мұның бәрі сырт көзге сөлекеттеу көрінсе де, жергілікті жұрттың бойы әлдеқашан үйренгені байқалады. Қарапайым каирліктер күнделікті нанын табудың қамында жанталаста. 
«Мұсылман бауырларды» жақтаушылар қаңтар айының ортасында өткен референдумға кедергі жасай алмады. Жаңа конституция мысырлықтардың 55 пайыз даусымен қабылданып кетті. Бұдан былай, Египет Араб Республикасы – зайырлы мемлекет болып жарияланды. 247 баптан тұратын құжат адам құқықтары мен бостандықтары, ер мен әйелдің теңдігі, саяси партия құруға еркіндік беру сияқты мәселелерді нақтылап берді. Екі палаталы парламент күшін жойып, енді 450 мүшеден тұратын бір палаталы болды. Зайырлы мемлекеттің заңдарында шариғат үкімдері құпталғанмен, исламдық мәселелер енді Жоғарғы конституциялық сот арқылы шешілетін болды. Оның үстіне, жаңа конституция әскери саланы өз бюджеті бар, саяси процестерге еркін араласуға құқылы ықпалды күш ретінде мәртебесін бекітіп берді. Бұдан былай діни партия құруға тыйым салынды. 

КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТ КІМ?

Былтырғы шілдеден бері Мысыр ресми президентсіз өмір сүруде. Президенттің міндетін уақытша атқарушы болып Адли Мансур бекітілген. Мурсидің әскери күштің екпінімен президенттіктен тайдырылғанының шын салдары қандай болары әзірге белгісіз. Ендігі президент сайлауы сәуір айында өтуі тиіс. 15 қаңтарда ғана жаңа Конституциясын қабылдаған Мысыр елі басында билігі жоқ күйге бой үйретіп қалғандай енжар кейіп танытады. Бұған дейінгі сайлау Египет тарихында «алғашқы демократиялы сайлау» болып жазылғаны белгілі. Ал әскери төңкерістің салдарынан ресми түрде сайланған президентінен айрылған, жарты жылдан аса уақыт әскери жүйенің тәртібімен жүріп-тұрып дағдыланған, Конституциясын саяси жағдайларға сай өзгертуге мәжбүр болған Мысырда ендігі сайлау қалай өтері де күңгірт. Қарапайым мысырлықтар «күнім тыныш өтсе» дейтін халде өмір сүріп жатыр. Әлеуметтік жағдайдың ауырлығы, күнкөрістің қиындығы саяси жағдайды жіті қадағалап отыруға мүмкіндік бермейді. 
Қаңтардың соңғы күндерінің бірінде жергілікті ІІМ басшысының орынбасары, генерал Мұхаммед Саид белгісіз біреулердің қолынан қаза тапты. Генералды өз үйінің алдында атып кеткен топ та ештеңеден қаймықпайтын тәрізді. Екінші жағынан, бар билікті қолына алып, қауіпсіздікті қанша күшейткенімен, қазіргі билік басындағылар да ештеңеге, ешкімге кепіл бола алмайтынын байқатып алды.
Мурси тақтан тайған соң Каир қанға бөккені де рас. «Мұсыл­ман бауырлардың» биліктен алыс­татылғанына наразы топ пен билікті қолына алған әскерилер арасында бірнеше мәрте қақтығыс болып, үш мыңдай адам қаза болған еді. Одан басқа екі мыңнан аса адам түрмеге жабылды, істі болды.
Ақыры, қара халыққа қару жұмсауға тайынбайтынын анық танытқан әскери жүйе елде аздап тыныштық орнатқандай болды.
Президенттік сайлаудың өтетін уақыты белгілі болғанымен, әлі күні нақтыланған жоқ. Шындығында, үш айдан аз уақыт қалса да, сайлау алды компаниясы жарияланған да жоқ. Сондықтан да алдағы сайлауға кімдердің үміткер болуы мүмкін екені долбарлап қана айтылады. Қазіргі қорғаныс министрі Әбдел-Фаттах әс-Сиссидің сайлауға түсуі мүмкін делінсе де, оның өзі әлі нақты мәлімдеме жариялаған емес. Жақында ғана фельдмаршал атағын алған әс-Сиссиді жақтап бір топ мысырлықтар шеру өткізді. Тахрир алаңында әс-Сиссидің «Respond» («Жауап») атты суретті плакаты желбіреп, алыстан менмұндалап тұр. Қалай дегенмен де, қарапайым халық ішінде әс-Сиссидің аты озып, атағы шығып тұр. Мұндай жағдайда, егер ол президенттік сайлауға түсер болса, жеңіп шығуы әбден мүмкін екені даусыз.

КӨШЕДЕГІ КЕЛЕҢСІЗ КӨРІНІСТЕР

Мысыр территориясының көлемі жөнінен әлем бойынша 30-шы орында. Жалпы аумағы 1 миллион шаршы шақырымнан асса да, мұнша жер байлығы Сахара шөлінің астында жатыр. Жерінің 96 пайызы шөлейт саналады. Жергілікті тұрғындардың 98 пайызы – арабтар, халықтың 90 пайызы ислам дініне мойынсұнады. Христиандардың саны он пайыздан аспайды. 
Каир – аттап басқан сайын мешіті менмұндалайтын, азанның үнімен оянатын, дүкендерінде, көпшілік орындарда харамды саудаламайтын қала. 
Мұнда бетін тұтас тұмшалаған мұсылман әйелді де, басына шәлісін орай салып, шалбар киген келіншекті де, шашын жайып жіберіп, қысқа көйлек киген төмен етектіні де көресіз. Ер кісілердің де киімі әр алуан. Жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі заманауи әдеппен киінеді дегенмен, кең пішілген, тобыққа дейін түсетін ұзын жейде киген ер адамның киімі де таңсық емес. 
Статистика кейде кереғар ұғымдарды түсінуге жол ашады. Мысалы, өткен айда 20 мың адам Каир көшелеріндегі наразылық шерулеріне қатысып, бүлік шығарған. Егер осыншама халық басқа қалада көшеге шығар болса, онда оның соңы үлкен дүмпуге айналары сөзсіз. Алайда, Каир жиырма мыңның у-шуын елеген жоқ, орталық алаңнан тыс аудандарда тіршілік өз ретімен жалғаса берді. Мәселенің мәні қаланың ауқымы мен оның тұрғындарының санында екені байқалады. Жалпы саны 25 миллион тұратын қалада жиырма мыңның үні, яғни 0,1 пайызды құрамайтын топтың дауысы – азшылықтың айғайы ғана болмақ. 
Оның үстіне, жалпы жергілікті халықтың төбелес пен бұзақы әрекеттерге үйір еместігі сезіледі. Көшеге жиналған топ көбіне айғай-шу көтеріп, ұрандатып, ыза-ашуын шығарып алған соң, тарқап жүре береді. Тіпті көшедегі көлік жүргізушілерінің өзі бір-бірін жағасынан алуға бейіл емес. Тым қатты ашуланғанда, бір-бір айғайласып кете барады.
Мүбаракты да, Мурсиді де тақтан тайдырған елдегі әлеуметік-экономикалық жағдайдың ушығуы делінеді. Бір емес, екі бірдей президентті күшпен тақтан тайдырған елдің одан соң тұрмысы түзеліп кеткені шамалы. Тахрир алаңының маңында көше бойында төсек қойып, шәй қайнатып отырған қария осының жарқын мысалы. Кей деректерге қарағанда, халықтың 2-3 пайызы ғана бай тұрады екен. Ал мысырлықтардың 40 пайызының күнделікті табысы 2 доллардан аспайды. 
Жалпы, Каир көшелерінде тұратын үйсіздер мен моланы мекен еткен жергілікті тұрғындарға бөлек репортаж арнауға болар. 
Ресми деректерге жүгінсек, бүгінгі Мысырда тұрғындар саны 85 миллионнан асады. Шындығында, бейресми дерек көздері халық санының 90 миллионға жетіп жығылғанын айтады. Орта есеппен, әр шаршы шақырымға 74 адамнан келеді екен. Халықтың тығыз орналасқаны Каирдің өзінде-ақ байқалады. Астананың өзінде 8 миллионнан көп адам тұрады, ал қала маңындағы халықтың саны 17 миллионнан асады екен. 
Сырт қараған көзге оғаш көріністер өте көп. Қаланың орталық аудандарында болмаса, жалпы көше тазалығы, қала мәдениеті деңгейі төмен. Қаланың шет аймақтарындағы көшелерде, қалааралық жолдардың бойында шашылып жатқан қоқыс жергілікті тұрғындар үшін көзге үйреншікті көрініс секілді. Кеше ғана төңкеріс дүмпуі жүріп өткен аудандар соғыстан кейінгі қалыпты елестетеді. Үңірейген үйлер, күйік шалған ғимараттар, қираған инфрақұрылымдар… 
Көше демекші, Каир көшелерінен бағдаршам көрмедік. Ешбір бұрылыс, қиылыста не бағдаршам, не көлік реттеушіні емге таппайсың. Тек, көлік кептелісі көп болатын күрделі тұстарда бірлі-жарым полиция қызметкерінің қолына таяғын ұстап тұрғанын көрдік. Бірақ жергілікті азаматтардың айтуынша, оларды елеп жатқан ешкім жоқ. Көшедегі көліктер өз ыңғайына қарай жүруге бейім. Бір ғажабы, әрлі-берлі ойқастаған көліктердің соқтығып, апатқа ұшырап жатқанын да көрмейсің. 
Жалпы, бір сөзбен Каир мынандай деп айту қиын да шығар. Өйткені қаланың о шеті мен бұ шеті 200 шақырым болғандықтан, оны бір аптаның ішінде аралап шығу мүмкін емес. Екінші жағынан, қаланың үлкен болғандығы, оның жалпы тыныштығына сеп. Бір алаңда болып жатқан теке-тірес, атыс-шабыстың жай-жапсарын шаһардың екінші аймағында тұратын адамдар теледидар мен ғаламтор арқылы ғана біліп отырады. Қаңтардың 25-іне дейін мұндағы шетелдіктерге үлкен алаңдарға бармай, мүмкіндігінше үйден шықпай отыруға кеңес берілген. Әйтеуір, бүгінге дейін мұнда болып жатқан толқулардан қазақ азаматтары, студенттер мен қонақтар зардап шекті деген ақпарат жоқ. 

САУАТСЫЗ ХАЛЫҚ КІТАП ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ ЖҮР…

Қаңтардың 22-і мен ақпанның 4-і аралығында Каирда халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Бүкіл араб әлемін кезек-кезек аралап жүретін жәрмеңке осымен 45-ші рет өткізіліп отыр екен. Үлкен алқапты алып жатқан жәрмеңкені бір күнде түгел аралап шығу мүмкін емес. Тіпті оның арғы басына шығу үшін арнайы автобус­тар қатынайды. Мұнда араб елдерінен шыққан барлық әдебиеттерді, оған қоса ағылшын тіліндегі түрлі саладағы кітаптарды табуға болады. Көп кітап арнайы төмендетілген бағамен сатылады. Осы жолы 24 мемлекеттен 755 баспа өнімін алып келген. Бір таң қаларлығы, екі апта бойы таңнан қара кешке дейін жәрмеңкедегі адам аяғы басылған жоқ. Мұнда топ-тобымен жүрген шетелдіктер де, бала-шағасын ерткен жергілікті арабтар да бар. Кітап іздеген қарақұрым жұртқа қарап, «Жергілікті халықтың басым көпшілігі сауатсыз» деген тұжырымды жоққа шығарғың келеді. Ресми деректерде мысырлықтардың 20 пайызы сауатсыз делінеді. Егер 100 пайыз сауаттылыққа қол жеткізгенде, бұл ел қандай болмақ деген сауал туындайды.
Мысырдың Ислам әлемінің білім-ғылым орталығы болуына әбден-ақ қақысы бар. Он ғасырлық тарихы бар әл-Азхар университеті бұған дәлел. Бүгінде әл-Азхарда жүз елу мыңға жуық студент білім алып жатыр. Әлі кәмелеттік жасқа жетпеген бозбаладан бастап жігіт ағасына дейін сатылап ілім жинауға жағдай жасалған ірі білім ордасы бұл. Осы уақытқа дейін Қазақстаннан әл-Азхарды отызға тарта адам бітіріп шыққан. Алдыңғы буын алты-жеті жыл оқыса, қазір он шақты жылдан бері оқып жүрген студенттер де бар екен. Ал қазіргі таңда бұл университетте 70-ке жуық қазақ білім алып жүр. 
Бірақ ислами ілім іздегендердің көздегені тек әл-Азхар емес. Әр түрлі жолмен қаражат тауып, басқа да ислами орталықтарда білім алып жүргендер де жетерлік. Бір ғана мысал. Александрия аймағында бір топ қазақстандықтың оқып жатқаны айтылды. Тіпті күні кеше қазақ ақпарат кеңістігін дүрліктірген ақпаратқа сәйкес, Сириядағы соғысқа «жиһад» деп аттанған 150 қазақтың дені осы Александрияда топтасқан көрінеді. Бәлкім, атышулы бейнеролик осы жерде түсірілді деген де долбар бар. 

Соңғы үш жылда Мысыр демократиялы жолмен мұсылман мемлекетін құру талпынысынан айнып, әскери билікке бас иді. Қаңтар айының ортасында өткен референдум нәтижесінде енді зайырлы мемлекет болып танылды. Базбір мемлекеттер ғасырлар бойы өтетін жолды осылайша аттап-бұттап санаулы жылдарда басып өтті. Дегенмен, Мысырдағы төңкерістің рухы басылды дей алмаймыз. «Мысыр бумерангы» қайталануы да мүмкін. Елдің ішкі өмірінде болып жатқан өзгерістердің әлі де бір қайнауы ішінде секілді. Сондықтан да Мысыр метаморфозалары әлі де жалғаса түспек…

Серіктес жаңалықтары