Жарылыс тудыратын жаңғырық

Жарылыс тудыратын жаңғырық

Жарылыс тудыратын жаңғырық
ашық дереккөзі
214

Аяз ақырып тұр. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында ауыл ішінде адасып, үсікке шалынғандар саны артып келеді. Ауа райының қолайсыздығы мал мен адамды да аяп тұрған жоқ. Таяуда Сарқан, Панфилов, Алакөл және Ақсу ауданының төтенше жағдайлар қызметі екі күн ішінде бірнеше жағдайдың орын алғанын баяндады. Қардың қалың түсуі мал қыстатып отырған шопандарға да біраз қиындық әкелген. Соңғы екі күнде тек қана медициналық жедел жәрдем көліктерінен үсік шалу бойынша 5 оқиға тіркелген. Олар Алматы облысының алыс-жақын аумақтарынан, тау бөктерінен және қыстақтардан шақыртылған екен.

Қыс қаһарын таулы аймаққа төгеді. Биыл Алатау шыңдарына қар қалың жауған сияқты. Мұндайда тау шатқалдары мен шыңдарында көшкін қаупі болатыны баршаға мәлім. Ақпанның бірінде Талғар ауданына қарасты Ақбұлақ спорт кешенінде шатқалдағы қарды қолдан түсіру барысында құтқарушы қайтыс болды. Соңғы аптада Алматы маңайында 21 қар көшкіні тіркелген. Бірақ шаңғы тебушілер қауіп-қатерге қарамастан Шымбұлақ шыңына ағылуда. Ендеше, әлемге танымал шатқалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қандай деңгейде? Бұл туралы кешеннің іскерлік қызмет жөніндегі менеджері Игорь Гаяновты сөзге тартқан едік. 
– Шымбұлақ шатқалының 2 мың метрлік биіктікте екені белгілі. Жалпы шатқалды тамашалаушылардың қауіпсіздігі қалай жүргізіледі?
– Көшкін қаупінің алдын алу үшін зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Біз австриялық «Сноу контрол» компаниясымен келісімшартқа отырғанбыз. Олар қар көшкінінің алдын алу бойынша дүние жүзіндегі ең мықты мамандар. Жыл сайын бізге өз мамандарын жіберіп отырады, биыл үшінші жыл қатарынан біздің қар патрулдері мен құтқарушыларды оқытуда. Қардың қалыңдығы мен құрылымы, сараптамалық зерттеу жасау, тау шыңдарына түскен қардың беріктігін анықтайтын тестті жасау тәсілдерін бүге-шігесіне дейін жіліктеп береді. Осы мәліметтерден қорытынды шығарған соң, көшкіннің көлемі мен қаупі анықталады. Жалпы, көшкін бес деңгейге бөлінеді. Бірінші, екінші деңгейлері – қауіпті емес, үшінші, төртіншісі – қауіпті, ал бесінші деңгей – ең қауіптісі, қатерлісі де осы. Зерттеулер нәтижесі бойынша көшкіннің өршуін анықтайды, яғни жаңадан жауған қардың биіктігі 30 см-ден асса, үшінші не төртінші деңгейлі көшкін болуы мүмкін деген болжам жасалады. Бұл шама күні-түні бақылауда. Егер көшкін қаупі анықталса, біз Алматы қалалық құтқару қызметінің тікұшақтарын шақыртамыз. 
– Қолдан көшкін жүргізу тәжірибесі жиі қолданыла ма?
– Иә, арнайы жабдықталған құрылғы бар. Біз дүниежүзінде жиі қолданылатын құрылғылардың бірі – Dizibell-ді пайдаланамыз. Ол тікұшаққа ілінетін қоңырау пішіндес құрылғы. Оның оттегі мен сутегінен тұратын екі баллоны бар. Тікұшақта шаңғы патрулі отырады. Ол көшкінді қай шыңнан, қай нүктеден құлату керек екенін көрсетіп, басы-қасында болады. 
– Сонда бұл жарылыс емес пе?
– Жоқ. Бұл – қатты дыбыс қана. Бұрын жарылғыш заттар арқылы түсіретін. Қазір бұл қоршаған ортаға зиянын тигізетіндіктен, неғұрлым зиянсыз құрылғылар қолданысқа енген. Жаңа жүйе қатты дыбыс шығарып, жаңғырықтан жарылыс тудырады. Бұл тәсіл ауа райына тікелей байланысты. Өйткені қардың төмен сырғуы үшін күн жылы болуы шарт. Өйткені жаңа жауған қар мен қатқан қар берік болса қанша жарылыс жасаса да қозғалмауы мүмкін. 
– Биылғы маусымда қолдан жарылыс жасалды ма?
– Күні кеше жауған қарға дейін бір ай бойы қар жауған жоқ. Күн суық болғандықтан қарашада түскен қар мұз боп қатып қалды. Бұл жаңа жауған қар үшін өте қауіпті. Екеуі бір-бірімен жанаса алмады, сондықтан біз 4 деңгейлі қатерді белгілеп, шаңғы кешенін жауып тастадық. Ондай кезде шаңғы трассалары мен көтеретін құрылғыларды мүлде ашпаймыз. Байқасаңыздар, шаңғы жолының екі шеті қоршалған, осы аралықтағы адамдардың өмірі мен денсаулығына біз жауап береміз. Ал қоршалған шекарадан асып кетсе, біз көмектесе алмаймыз. Соңғы қар жауғанда бірнеше жарылыс жасап, жолды тазаладық. Шатқалдар шыңында қазір көшетіндей қар қалған жоқ деп айтуға болады. Қардың қалыңдығы мен климаттық жағдайларға байланысты биыл 5-10 күн ұшып жүріп, бір күнде кемінде 30-40 жарылыс жасадық. Таудың етегі мен шатқал ылдиына Қазақстан селден қорғау мекемесі жауапты. Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақтың арасында көлік және аспа жолы бар. Бірақ көшкін екі қатынас жолына да қауіп төндірмейді. Ал көктемде сел мен көшкіннің алдын алу үшін тағы да жарылыс жасап, қарды төменге түсіріп тастаймыз. 
Тау баурайында орналасқан Алматының халқын қыста көшкін, көктемде сел қаупі үрейлендіреді. Табиғи апаттардың алдын алу үшін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті қарды қолдан құлатып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары