ҚАЗАҚСТАН «ҚАЗАҚ ЕЛІ» АТАЛСА...

ҚАЗАҚСТАН «ҚАЗАҚ ЕЛІ» АТАЛСА...

ҚАЗАҚСТАН «ҚАЗАҚ ЕЛІ» АТАЛСА...
ашық дереккөзі
424

Өткен аптада баспасөзде де, интернет желілерінде де ең көп талқыланған тақырыптың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан» атауының болашақта «Қазақ Еліне» айналуы мүмкін деген пікірі. 
Атырауда болған ресми сапарында осы өңірдегі интеллектуалдық мектеп оқушыларымен кездесу барысында жазушы Рахымжан Отарбаевтың  «Мәңгілік Ел» идеясына орай қойған сұрағының жауабында дәл осы ой айтылды. Дәлірегі: «Орталық Азиядағы мемлекеттердiң атында бар “стан” бiзде де бар. Алайда осы “станды” қойып, “Қа­зақ елi” атансақ  болады. Мысалы, шетел­дiктер екi миллионнан асар-аспас халқы бар Моңғолияға көбірек назар аударуда. Сондықтан бiз де “станды” қойып, Қазақ елi атануға қақылымыз. Бiрақ бұл туралы халықпен ақылдасып, ойласып алу керек», – деді Президент. Содан бергі бір апта ішінде интернет желісінде көбіне осы ұсыныс қана талқыланды десек, артық айтқандық емес. Тіпті көптеген интернет ресурстар арнайы парақша ашып, бұл идеяны қолдаушылар мен қарсылардың қолын жинауды да бастап кетті.

                                                          Өзгелер қалай қабылдады?

Бұл тақырыпқа қалам тартпаған ақпарат құралы кемде-кем. Бұл мәселеге өзгеден бұрын өзін мүдделі санайтын Ресейді былай қойғанда мұхиттың ар жағындағы Американың да, Ұлыбританияның да журналистері үн қосып жатыр. Әрине, мемлекеттің атын өзгерту мәселесі – ең маңызды тақырыптардың бірі. Сондықтан да әлемдік аренада Назарбаевтың аузынан шыққан бұл сөздің қызу талқылануы заңды.
Ресейлік басылымдар көбінде сарапшылардың пікіріне жүгінуді жөн санаса, американдық Wa­shington post газетінде өз ойын сарапқа салған Макс Фишер (Max Fisher ) «Қазақ елі» атану үшін Қазақстанның этникалық біртекті мемлекетке айналуы қажеттігін сөз етеді. Ол мысалға Қазақстанның этникалық картасын көлденең тарта отырып, Қазақстанда орыстардың әлі де көп өмір сүретінін және мемлекеттік тіл қазақ тілімен қатар, орыс тілінің ресми тіл ретінде қолданылатындығын әрі 23 жыл ішінде орыс тілінің басымдыққа ие екендігін және діни наным-сенім тұрғысынан да біртекті ұлтқа айнала алмай отырғандығын жазады. «Демек, Қазақстанның «Қазақ еліне» айналуы жақын болашақта мүмкін емес» деген ой түйген. Британдық ВВС телеарнасы Британия үкіметінің саяси кеңесшісі, профессор Саймон Анхольттің пікіріне жүгінген. Ол «Егер Қазақстан атауы «Қазақ Еліне» ауысатын болса, бұның соңы жаһандық салдарға ұласуы мүмкін» деген пікірде, әрі ол «стан» жалғауының мемлекеттің имиджіне ешқандай нұқсан келтірмейтіндігін айтады. «Туристер, инвесторлар, басқа да мүдделі топтар кез келген елдің атауына емес, сол мемлекеттің ішкі ахуалымен танысуға барады. Және мемлекет ішіндегі жағдайға орай, әрекет етеді» деген ол. Сол секілді International Business Times, Radio Chine Internationale, eurasianet.org секілді ақпарат құралдарында Президент Назарбаевтың бұл мәлімдемесі жайында ақпараттар берілген.
Ресейлік мерзімді басылымдар негізінен қазақтың өз саясаттанушыларына жүгіне отырып, бұл идеяның бұрыннан келе жатқандығын, алайда көпшіліктен қолдау табуы екіталай екендігін айтады. Мәселен, «Московский комсомолец» газеті бұған дейін Қазақ елінің атауының бірнеше рет өзгеріске ұшырағанын айта отырып, бұнда 3,7 миллион орыс ұлтының өкілдерінің тұратындығын ескертеді. Ал «Радиоточка» интернет радиосына сұхбат берген ресейлік тарихшы, Ресей стратегиялық зерттеулер институтының «Проб­лемы национальной стратегии» журналының бас редакторы Аждар Куртов Қазақстан атауын өзгерту халықаралық аренада жақсылық әпермейді деген ойда. «Стан» жалғауын алып тастағанмен, түбірі бәрібір қалады ғой. Ел атауынан «Республика» сөзін алып тастау ешбір қисынға келмейді. Оны өзгертуге қандай себеп барын көріп отырған жоқпын, бұл тек өзгеде көкейкесті мәселелерден халықтың назарын аударудың амалы деп ойлаймын» деген ол.

                                                 Қазақ Елі ме, Қазақ Республикасы ма?

Назарбаевтың ел атауын Ұлттық негіздегі «Қазақ елі» деп атау туралы ұсынысын қолдаймыз деген отандық саясаттанушылардың пікірінің өзі екіге жарылып отыр. Олардың басым көпшілігі – «Ел» деген сөздің орнына «Республика» сөзін қалдырған жөн дейді. Біздің саясаттанушыларды толғандыратын мәселе – ел атауын шетелде, әлемдік аренада қалай атау керектігі. Тіпті кейбір орыстілді саясаттанушылар «Қазақ елінің» тұрғындары кім болады «қазақелдіктер» (қазақельцы) бола ма, деп мазаққа айналдыруда. Қазақ саясаттанушылардың көбі «Қазақ Елі» деген атаудың қазақ үшін қандай қасиетке, әрі ұлы мағынаға ие екендігін тілге тиек етеді. Мәселен, саясаттанушы Әміржан Қосанов ел атауының ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де қабылдануы маңызды дей отырып: «Қазақ елі» – деген сөз әрбір қазақ үшін аса маңызды ұғым. Алайда ел атауының ағылшын тіліндегі және басқа тілдердегі транскрипциясына маңыз берген жөн, сонымен бірге елдің тұрғындары қалай аталатындығын айқындап алған жөн. Ал бұл идеяға қарсы шығушыларға айтарым, қазақтардың өз атамекенінде ұлттық менінің, санасының қалыптасуы мен өсуі жолындағы табиғи процеске түсінікпен қарап, біржақтылыққа бой ұрмаса екен. Сондай-ақ, бұл бұдан сәл бұрын мәлім етілген «Мәңгілік ел» патриоттық акциясының жалғасы болуы мүмкін» деген.
Парламент Мәжілісі ІV шақы­рылымының депутаты, Білім және ғылым вице-министрі болған Мұрат Әбенов: «Қазақ тілін жақсы білмейтін адамдар бұл ұғымға күдікпен, түсінбеушілікпен қарауда. Өйткені олар бұған дейін мұндай атауды естіген емес. Ал қазақша білім алғандар үшін, бұл ұғым өте жақын, әрі жылы естіледі. Бұл атауды ешкім ойлап тапқан жоқ, ол баяғыдан бар ұғым», – дей отырып, болашақ ұрпағының қазақ елінде өсіп-өнгенін қалайтынын жеткізген.
Саясаттанушы Расул Жұмалы:
– Кеңестік заманның өзінде біздің еліміз «Қазақ Республикасы» деп аталды. Әрі бұл солай болуға тиісті болып келді. Меніңше, елдегі біртектілікті сақтау үшін, ел атауындағы қос стандарттықтан бас тарту үшін бұл ұсыныс – өте көңілге қонымды, – деген ол «Қазақ Елі» атауының орнына, «Қазақ Республикасы» болғаны жөн дейді.
Саясаттанушы Ерлан Қарин: «Бұл жағдай «Ұлттық бірігу» доктринасына ұқсайды. Қазірдің өзінде ресейлік әлеуметтік желілер бұра тартып, Елбасының кезекті ұсынысын сан түрлі етіп өзгертіп беріп жатыр. «Назарбаев хочет переименовать Казахстан» (Дни.ру), «Назарбаев предлагает переименовать Казахстан» (ТВ центр)» деген ақпараттар көптеп тарап үлгерді. Бірақ Елбасы: «Келешекте еліміздің атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мүмкіндігін қарастырған жөн, бірақ мұны да міндетті түрде халықпен ақылдасу керек» деген болатын кездесуге келгендердің бірінің қойған сұрағына жауап ретінде.
Міне, бүгін де солай болды, кім не естігісі келді, соны естіді.Бүгін елдің атын ауыстырамыз дегенді естіп, оған қыруар қаржы кететінін айтып тарылғандар көп болды. Солардың көпшілігі «Алматыны» «Алма-Ата» қылып өзгертуге келгенде ақша, шығын туралы бас қатырмап еді», – деген ой айтқан. 
Шын мәнісінде, ел атауын қалай атауды әуелі мемлекетке атын берген негізгі ұлт өкілдері шешуі керек. Ал шетелде оны қалай атау қажеттігін халықаралық қауымдастық өз ыңғайларына қарай бейімдеп алады ғой. Айталық, «Қазақ Елінің» тұрғындары «қазақтар» (ұлтына, нәсіліне қарамай), мұндай тәжірибе бүкіл ұлттық мемлекеттерде бар. Мәселен, Түркияның өз еліндегі ресми атауы «Түркі Жұмхрияты», яғни «Түркі мемлекеті», ондағы тұрғындардың барлығы «түріктер», Қытайдың өз еліндегі ресми атауы «Жуңго елі», бүкіл дүниежүзінде оны «China» деп атайды. Ал, Грузияны ТМД елдері «Грузия» деп танығанымен, ел ішіндегі атауы «Сакартвело» деп аталады.
Тарих сахнасына әуелі «Алтын орда» атауымен келген қазақтар ХV ғасырда Қазақ хандығы ретінде дәуірлей бастады. ХІХ ғасырда отарлау саясатын жүзеге асырған Ресей империясы он жыл бойы аттан түспей Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Хан Кененің көзін біржола жойғаннан кейін хандық билікті таратып, қазақ даласындағы бекіністерін империялық тұлғалардың атымен атай бастады. Және қазақ ауылдары губернияларға, болыстық басқаруға бөліне бастады. Ал ХХ ғасырдың өзінде Қазақ елінің атауы бірнеше рет өзгерді. 1920 жылы РСФСР құрамында Қырғыз автономиялық Советтік социалистік республикасы құрылды. 1925 жылы Қырғыз АССР-і Қазақ АССР-і болып қайта құрылды. 1936 жылы Қазақ АССР-і Ресей құрамынан шығарылып, Қазақ Совет социалистік одақтас республика болып қайта құрылды. 1991 жылдан бері Қазақстан Республикасы аталып келеді. Саясаттанушылар 1991 жылы Жоғары Кеңес депутаттары еліміздің көп ұлттығын көлденеңдете отырып, Қазақ Республикасы атауын қолдамағанын жұрттың көбі ұмыта қойған жоқ. Сөйтіп, Елбасы Қазақстан Республикасы атауын қабылдауға мәжбүр болған.

                                                  ХАЛЫҚ ПІКІРІ ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ

Елбасының аузынан осы пікірді естісімен, интернетте дауысқа салу жарысы басталды. Байқасаңыздар, ел атауын тап бүгін өзгертіп жіберердей жанығу көзге ұрып тұр. Фейсбук әлеуметтік парақшасында, www.nur.kz порталында, www.avaaz.org cайтында, www.kazakeli.kz сайтында дауыс беру басталды. www.avaaz.org cайтында «Мы против!» деген айдармен қол жинау акциясы басталған. Оған дауыс берушілердің саны ақпанның 6-сынан 11-іне дейінгі 1990 адамға жеткен. Ал енді www.qazaqeli.kz доменіне қол жеткізе алмаған «IT» компаниясының жетекшісі Алтынбек Әбіш www.kazakeli.kz доменімен халықты Назарбаевтың ұсынысын қолдауға шақырған. Бұл сайт қорытындысы бойынша, қолдап дауыс берушілердің саны – 31601 адамға, қарсы дауыс берушілер саны – 42143 адамға жеткен. Ал www.nur.kz сайтындағы дауыс беруге қатысушылардың 62 пайызы қарсы болса (5554), 33 пайызы (2968) қолдаған.
Демек бұл мәселеде де, қол­даушылардан гөрі қарсы болу­шылардың саны анағұрлым артық. Яғни қазақтілді қолданушылардың интернет белсенділігінің төмендігі біздің қоғамдық пікірде жеңілуімізге түрткі боп тұр. Егер осы тақырыпқа орай референдум жарияланса, қайсысының салмағы басым болар еді. Бұл жағы беймәлім. Өйткені интернет арқылы дауыс берушілердің дені орыстілді қолданушылар екеніне шәк келтіруге болмайды. Тек қазақтың тілі мен рухын қолдайтын нағыз жанашыр оқырман интернет ауылынан алыс жатыр. Қалай десек те, еліміздің тағдырына қатысты аса маңызды стратегиялық қадамдар интернетте ерігіп отырғандардың икеміне қарай жасалмайтыны жақсы-ақ.

Мәмбет Қойгелді:
                                                            Қазақ этникалық тұрғыдан біртекті

– Мәмбет аға, Назарбаевтың ел атауын «Қазақ Елі» деп өзгерту туралы ұсынысы шыққалы бері бұл тақырып аса көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Байқағаным, қазақ саясаттанушыларының пікірінің өзі екіге жарылған. Бір тобы – «Қазақ Елі» атауын қолдаса, енді бір тобы – «Қазақ Республикасы» атауын жөн дейді. Сіз бұған не дейсіз?
– Жалпы «Республика» деген сөз ұлттың өзін-өзі басқаруы дегенді білдіреді. Ал «Қазақ елі» деген ұғымға келсек, ол мемлекеттігі бар, өзін-өзі басқаратын (самоопределяющееся) ел деген мағынада айтылған ой. Меніңше, елдің атауының «Қазақ еліне» ауыстырылуы қай тұрғыдан алғанда да негізді. Біз көп жағдайда еуропалық ойлау жүйесіне тәуелді екендігімізді байқатамыз. «Республика» деген ұғым бізге Ресей арқылы, Еуропадан келген. «Қазақ Елі» елдің өзін-өзі билеуі, елдің ел болып, мемлекет құруы дегенді білдіреді. Жалпыадамзаттық ойлау тұрғысынан алғанда, бұл жерде ешқандай ауытқу жоқ. Қазақ Елі – ата-бабамыздың армандаған мақсат-мұраты емес пе? Яғни, мемлекетімізді «Қазақ елі» атап біз бастапқы ұлттық ойлау, тәуелсіз ой қорыту арнасына оралу жолыда тұрғанымызды көрсетеміз. Ел боламыз, мемлекет боламыз десек, біз ғылыми негізде ойлау аппаратын, ойлау жүйесін өзгертуіміз қажет. Бізге тіптен еуроцентристік терминдерден бас тартуға тура келеді. Бізге тәуелсіздікке лайық еркіндік философиясы, дербестікке лайық ойлау жүйесін қалыптастыру қажет . Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ Елі» идеясы өте орынды ұсыныс. Болашақта осы «Қазақ елі» идеясын қандай мазмұнмен толтырамыз? Мәселе сонда. Шынайы республикалық билік жүйесін енгізсек, бізге оның несі зиян? Біздің зиялы қауым және оның ойлау жүйесі империялық дәуірде, еуроцентристік арнада қалыптасқан. Біздің ең басты кемшілігіміз де, трагедиямыз да сол арнадан шығаалмауымызда. Сол себепті де, осындай тың идея айтылса болды, белгілі бір бөлігіміз өре түрегеліп қарсылық көрсететініміз бар. Әрине, өкінішті. Сондықтан, халықаралық аренада, мәселен, керек болса, еуропалық «республика» терминін де пайдалана білейік. Шет тілінде «Казахская респбулика», «Republic of Qazaq»деген атауларды пайдалана берсін, ал ел ішінде «Қазақ елі» болғаны дұрыс.
– Интернеттегі қыңыр тартқан пікірдің бірі «мемлекет тұрғындарын қалай атаймыз?» дегенге саяды. Көптеген интернет қолданушылар тұрғындарымыз «қазақ елдіктер» бола ма, оны орысша қалай атаймыз «казахельцы» бола ма деген сауал тастайды, тіпті ащы сарказмге толы дүниелерді оқып жатырмыз. Қазақ елінің тұрғындары «қазақтар» емес пе?
– Мұндағы тұрғындар біздің елімізді сыйласа, халқымызды сыйласа, онда бізбен санасуы қажет. Мемлекет тұрғындары арасында көбірек түсіндіру жұмыстарын жүргізейік. Елдегі ұлтаралық татулыққа бұның ешқандай сызат түсірмейтінін айтқан жөн. Сондықтан олар енді «қазақ» болуға мойынсұнуы тиіс. Бұған дейін қазақтар достыққа, жолдастыққа берік екендігін дәлелдеп келеді. Меніңше, біздің қазақ халқы осы ұстанымда болады.
– Елбасының Қазақстан атауы «Қазақ елі» болып өзгеруі мүмкін деген ұсынысы естілгеннен бері, осы мәселеде үн қатпаған жан жоқ шығар. Дегенмен, бұған қарсы дауыс берушілердің дені басым боп тұр. Тіпті ағылшынтілді сайттардың өзіндегі мақалаларды қарасаңыз, Қазақстандағы этникалық жағдайдың біртекті еместігін көлденең тартып, бұған әлі дайын емес деген пікір айтыпты. Сондай-ақ, ол бұл ретте мемлекеттік тіліміздің өз тұғырына қона алмай отырғанын көлденең тартады. Оған не дейсіз?
– Біздің халқымыздың өз еліндегі үлес салмағы – 67-68 пайызға жетті. Осы статистиканың өзі біздің мемлекетқұраушы ұлт екендігімізді білдіреді. Сандық тұрғыдан ғана емес, сапалық тұрғыдан да басымбыз. Ендігі жетпей отырғаны, ұлттың ерік-жігері. Мемлекеттің атауын қалай атаймыз, бұдан былайғы ұстанымымыз қалай болады, бұның барлығы – ұлттың мәдени, саяси ерік-жігерімен астасып жатыр.
– Рахмет!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары