Оқырман ойы «Түркістан» – менің газетім!
Оқырман ойы «Түркістан» – менің газетім!
Соңғы бес жылдан бері «Түркістан» газетінің тұрақты оқырманы болдым. Газет маған несімен ұнады? Мұнда қоғамдық өмірдің барлық саласы қамтылған. Тіл, тарих, экономика, дін, мәдениет-өнер тақырыптарында мәнді мақалалар жарияланады. Қай мәселені қозғаса да оқырманға әдеппен жеткізеді. Әсіре айқайшыл, әсіре ұраншыл емес. Құлаққа сіңімді, ойға қонымды мақалаларынан рухани азық аласың. Сондай-ақ газетте мемлекеттік тіл – Ана тіліміз жайында да өзекті материалдар молынан жарияланып жүр. Сексен алтының ызғарлы желтоқсанында алаңға туған тіліміз үшін де шыққан едік. Тіл үшін күресіп жатқан басылымды 20 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, мен де өлеңмен қолдауды жөн көрдім.
МӘҢГІЛІК ТІЛІ ЕЛІМНІҢ
Көзіндей байтақ жерімнің,
Өзіндей өршіл сенімнің.
Қазақ тілі білгенге,
Мәңгілік тілі Елімнің!
Өзің деп көңіл, Ар алаң
Қайнардан тұнық нәр алам.
Тегім қайсар Қазақпын,
Көк бөріден жаралған!
Тілім, дінім, ділім бір
Мұңым, сырым, жырым бір.
Қасиетті Ана тіл,
Шуағыңмен жылындыр!
Мәңгілік тілім – Өзіңсің,
Бабадан қалған көзімсің.
Ана тіл, мынау жүректе,
Мөлдіреп тұрған сезімсің!
Жамбыл неге әлі «Джамбул»?
Еліміз ескі атаулардан біртіндеп құтылып жатыр деп қуанамыз. Оған жиырма жылда атқарып жатқан шаруамыз куә шығар. Алайда, әлі күнге баяғы сүрлеумен келе жатқан мекемелерге не деуге болады? «Қазақстан темір жолы» кассалары сататын билетке үңіліп қарасаңыз, өзіңіз-ақ көз жеткізесіз. Бір қарағанда, бұны ұсақ-түйек деп қабылдауыңыз мүмкін. Бірақ жетімсіреп тұрған қазақ тілінің мүшкіл халіне жаным ашыды.
Қыс кезінде теміржолдың көмегіне көп жүгінеміз ғой. Астана-Тараз бағытына билет сатып алдым. Пойызға мініп, жайланып билетіме қарасам, «Астана-Джамбул» деп тұр. «Мұнысы несі?» деп қоямын аң-таң болып. Жанымдағы серік жолаушылар билеттегі ескі атаулардың егемендікпен бірге жасап келе жатқанын біледі екен. Әдейілеп мән бермесем, көрмейді де екенмін. Сонда «Қазақстан темір жолы» неге атауларды ауыстырмаған? Ономастика комиссиясы қайда қараған?
Тілге жанашыр кейбір ағайын мұны бұрын-ақ байқап, ономастикалық мекемелерге шағымданған көрінеді. Тіпті, осы салаға қатысы бар мамандар мұның өзгермейтінін де айтыпты. Себебі, біз аузымызды толтырып «Атырау» деп айтып жүрген қала билетте әлі күнге «Гурьев» деп жүр. Олардың айтуынша, оны өзгерту үшін әлем елдері карталарын ауыстыру көп қаражатты қажет ететін көрінеді.
Өкініштісі сол, Мәжіліс депутатының бірі Алматы бағытына сатылатын билеттегі «Алма-Ата» деген жазуды көріп, жаңалық ашқандай болыпты. Шын мәнінде, осындай жайтты әуелі халық қалаулылары білмеуші ме еді? Неге олар мәселе көтеріп, тиісті орындардан талап етпейді? Әлде, «әлем елдері картасын ауыстыруға қомақты қаражат керек» деп қала атауларын ауыстыруды кейінге шегере береміз бе? Сонда бұған кім жауап береді?
Журналист Көлбай Адырбекұлы Кеңестер Одағының батыры, ұшқыш-барлаушы Плис Нұрпейісов жайында осыдан бес-алты жыл бұрын халықаралық «Түркістан» газетінің бірнеше санына інісі Жүсіпбайдың естеліктерін жариялаған еді. Көп кешікпей сол мақалалар және Смоленск әуе әскери мұрағатынан табылған құжаттар бойынша автор «Жүрек жұтқан» деп аталған кітап жазып шықты. Онда Плистің балалық шағы, есею жылдары, соғыстағы ерлік істері жайында баяндалған.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңына дейін Қарақалпақ Қазақстан құрамындағы ел болатын. Плистің туып-өскен жері Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Біліс өзені бойы. 1919 жылы әкесі Қойгелді Қарақалпақтың Тақтакөпір ауданына қоныс аударған. Плис сол жерде орта мектепті, пединститутты үздік бітіріп, 1940 жылы Мелитопольдегі үш жылдық әскери-авиация училищесіне оқуға түседі. Бір жылдан соң неміс-фашистеріне қарсы соғыста жараланып, Сібірде емделеді де, 1943 жылы 3-Беларусь майданындағы алыс қашықтықтарға арналған 47-ші гвардиялық барлау полкінде жүріп, жау бекіністерін фотопланшетке түсіріп, қару-жарақ артқан бірнеше эшелондарды жойып жіберген. Тіптен 1943 жылдың күзінде-ақ Германия астанасы Берлинге ұшып барып, қаланы және бекіністерін фотопланшетке түсіріп, ерліктің асқан үлгісін танытқан. Жалпы, жүзден астам рет жау тылына ұшып, жоғары командованиенің тапсырмасын ойдағыдай орындаған. 1945 жылы 24 сәуір күні экипаж командирі Константин Дунаевский, радист-атқыш Алексей Волков және штурман-ұшқыш Плис Нұрпейісов жау астанасы Берлин қаласына үш рет ұшып барып, бекіністерін фотопланшетке түсірген. Олар төртінші рет өз өтініштерімен Берлинге тағы ұшқан. Үшеуі сол сапарда ерлікпен қаза тапты.
Плис Нұрпейісов туралы жазушы С.В. Дригоның «За подвигом подвиг», Т.Д. Джураевтың «Верные сыны Родины», Мәскеуде 1987 жылы жарық көрген «Герои Советского Союза» екі томдығында жазылған.
Қазақта соғыс ұшақтарын меңгерген ұшқыштар көп емес. Әсіресе олардың арасынан Плис Нұрпейісовтей батыр жоқтың қасы. Ол небәрі 24-ақ жыл өмір сүрді. Оның ерлік істері қазіргі жастарға үлгі. Батырдың інісі Жүсіпбай қазір Алматы маңындағы Жандосов елді мекенінде тұрып жатыр. Еліміздің қалаларында Плис Нұрпейісов атына берілген көше жоқ. Қызылорда қаласынан бір көше аты берілсе, құба-құп болар еді. Түсінген жанға бұл игі шара бүгінгі ұрпақ үшін, тарих үшін аса қажет-ақ. Қызылорда әкімшілігі осы ұсынысыма түсіністікпен қарап, қолдар деген үміттемін.
Орыс комментаторларының оспадар қылығы ойлантады
Қазақ футболы ілгері жылжымай отыр деген пікір жиі айтылады. Рас та шығар. Соған қарамастан, еліміздің құрамасы халықаралық аренада бағын сынай бастағаны қашан. Жетістіктері де жоқ емес. «Шахтер» командасы Еуропаны да елең еткізді. Қазір қаракөздердің спорттың бұл түріне деген ынтызары арта түскен. Бұған да шүкіршілік деу керек.
Өткенде «Мир» телеарнасынан Санкт-Петерборда өткен Достастық елдер кубогының ойынын тамашаладым. Алаңда «Қазақстан» мен «Белорусь» командасы. Біздің құрама бұрынғыдай емес, тәп-тәуір ойын үлгісін көрсетті. Әдіс-тәсіл мен техниканы қолдану жағынан өскендігі байқалады. Әрине, футболды негізгі спортқа айналдырған елдердің тәжірибесі мол екені анық. Нәтижесінде Белоруссия құрамасы Қазақстанды 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Біздің ойыншылар соққан жалғыз доптың иесі, қазақ футболшысы Бауыржан Исламхан болатын. Алайда, жеңілді екен деп жеңіске ұмтылған құраманы сонша тұқыртуға болмайтын шығар, сірә. «Мир» телеарнасының екі спорт комментаторы отырып алып, Орта Азияның футболын түкке тұрғысыз етеді. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан футбол командалары Ресей мен Белоруссия футболшыларының жанында әшейін доп қуалап жүрген «ойын балалары» сияқты. Тіпті, комментаторлар «Бұлардан түк шықпайды» дегенді ашық айтып отыр. Олардың дәл осылай Орта Азия мемлекеттері футболының болашағын бұлыңғыр етуіне қандай қақысы бар? Ол ол ма, комментаторлар ойыншылардың есімдеріне тиісіп, мұқатып жатты. Адамның азан шақырып, қойған атын осыншама келеке етуге бола ма? Әлгі комментаторлар ТМД елдерінің командаларын Кеңес Одағы кезіндегідей бір тудың астында көргісі келетінін де жасырған жоқ. Бұл әрбірден соң бір футболшыны ғана емес, бүкіл ұлтты кемсіту емес пе?!
Соңғы жылдары елімізде футболға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, өзіміздің қаракөздерді тартуға ден қойылуда. Ал, әлгіндей Қазақстанды әлі күнге Кеңестер Одағының құрамынан іздейтін комментаторлардың көксегені не? Олар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екенін, желбіреген көк байрағы барын білмей ме?
Менің «крышам» мықты!
Бүгінігі қоғамда: «Жетістікке жетудің екі-ақ жолы бар: бірі – таныс, екінші – ақша. Қанша білімді болсаң да, жұмысқа тұру үшін таныс керек және ақша беруі міндетті. Тіпті, ақша алмайтын жерде сенің біліктілігіңді бастыққа мақтап жеткізетін, жаңадан келгендерге шүйлігетін басқармадан қорғайтын «крыша» керек», – деген терістеуге қиын пікір қалыптасты. Бұл жайды мен әлі бастан кешіп көрмегендіктен, өзім көрген жайттардан түйгенімді саралап көрмекпін.
Менің қоғамдағы әлеуметтік статусым – студент. Ал студент туралы айтқанда, бірінші сөз етеріміз – ҰБТ. Мектеп бітіретін оқушының ата-анасының көмегінсіз өмір сынымен бір өзі бетпе-бет келер тұсы – осы. Әке-шешесі бабын жасауға бар қаржысын жұмсар: репетитор жалдап, не ауыл квотасымен түсер деп соңғы екі тоқсанын ауыл мектебінде формальды түрде оқытар. Ал ҰБТ-да өз білімі мен ақыл еңбегінің рөлі ойнайды. Бірақ бұл кезде де кейбір ата-ана баласының балы үшін барын жұмсап қалуға әрекеттенеді. Ол әрекеттің тірелер жері, әрине, таныс. Сонымен таныс тауып, ақшасын сайлап, тұмсығын майлап, ол таныс бәрін ыңғайлап, орайын тауып, сынға түскен баланы сүріндірмей өткізеді. Осылайша студенттік өмірге жолдама алады. Студент болу оңай ма?! ҰБТ-дан бетер әлекке салар сессия сергелдеңі сенделтіп жібергенде, таныс іздеп сарылатын кез де жетеді. Ақша берсең жаныңнан табылатын әулие іспеттес «крышалар» мұнда да жоқ емес. Ол мықты болса, бір соғатын қоңырауы жетіп жатыр. Айтпақшы, сессиядан бұрын табаныңнан тоздыратын жатақхана алу мәселесі тағы бар. 1-курста ол қиын шаруа емес. Себебі, 1-курстардың барлығы (ақылы бөлімде оқитындарды есептемегенде) жатақханамен қамтамасыз етілуге міндетті. 2-курста сабақ басталған бір аптада дәрісхана емес, деканатты жағалайсың. Әр түрлі әлеуметтік жағдайларды растайтын анықтама өткізіп, бір түнейтін үй іздеп кетесің… Соңында әйтеуір аласың.
3-4-курста әлгі айтқан анықтаманың рөлі жүрмей қалады. Өйткені 1-2-курста қандай құжаттардың күші мықтырақ екенін білген студенттер таныс арқылы 3 балалы отбасын көпбалалы қылып, әке-шешесінің табысын растайтын құжатқа мөлшерін азайтып жаздырып алдыртады. Енді жағдайлары бірдейлердің ішінен таңдауда комиссия мүшелері ұзақ ойланады (қоңырау да күтеді). Күтуден мезі болған студенттер өзгелердің жасап жатқанын естіп-көріп, тағы да алыс та болса түбінде жақындығы бар танысқа барады. Ол «туысының» беделі жоғары болса, сол күннен қалмай-ақ жатақхана алады. Сөйтіп «ендігі жолы бұлайша күтпей, бірден айтуым керек» деген ой бекиді.
Айта берсең, әрбір мәселе таныспен шешілетіндігіне толықтай көз жеткізуге болады.
Менің де «крышам» бар. Бірақ менікі өзгелерден әлдеқайда мықты! Олай дейтінім, мен колледж бітіріп, КТ тапсырдым. Бірақ одан өтудің заңсыз түрін қарастырмадым, қарастырарлықтай мүмкіндігім, мүмкіндіктен бұрын ниетім де болмады. Өз мамандығыма қатысты екі пәнді өзім белгілеп, қалған екеуін жанымда отырған жігітің «көмегімен» (шпаргалкадан тауып берді) тапсырдым. Ол жігіт нәтижені сатып алып қойғанын айтқан болатын. Адамгершілігі бар екен, бос отырмай, болысты. Нәтижесін білуге барғанда жанымдағыдан әлдеқайда аз да болса, грантқа түсуге жетерліктей балл алғанымды біліп, «Крышама» рахмет айттым. Осы орайда басын ашу керек шығар. «Крыша» жаргонының әдеби тілдегі баламасы «қолдаушы, қорғаушы» деп түсінемін. Ал менің қолдаушым, қорғаушым – бір Алла. Егер Алла қаламағанда жаныма ол жігіт отырмай, мен не болса да көрермін деп белгілеп, жақсы балл ала алмас па едім?! Алматыға оқуға түсіп (кейбіреуге арман да емес шығар…), профессорлардың тағылымы мол дәрістерін тыңдамас па едім?! Тіпті Алла Тағала мұндай қабілет бермегенде толғандырған жайды басын құрап жаза алмас па едім?! Сол себепті Аллаға шүкіршілік етемін. Мен ғана емес, өмір сүруге мүмкіндік алған әрбір жан Алласын, Жаратушы Иесін ұмытпауға тиіс!
Қойыртпақ әнді кім тыңдайды?
Бүгінде кім көп, әнші көп. Күн сайын жаңа есімді естіп жатамыз. Бұл біздің өнерге деген жастардың құлшынысы шығар, кім білсін? Бірақ қазір ән тыңдап отырып, шаршап кетесің. Жартысы қазақша, жартысы орысша, тіпті ағылшыншасы да жоқ емес. Әжептәуір әннің быт-шытын шығарады. Мұндай қойыртпақ әннен кім ләззат алады? Кейде өзіміздің әуезді қазақ әнін құлақ құрышын қандыра тыңдағың келеді. Амал не, әлгіндей әннен кейін әсерің бұзылады еріксіз.
Бұл не масқара? «Сәнге» айналған 50х50 саясатын ән өнеріне де әкелдік пе сонда? Телеарналар осы жоспарды орындаймыз деп орыс тіліндегі бағдарламаларды қазақшаға аударып жауыр қылса, енді бұл әнге де жеткен сияқты. Бір шумағы – қазақша, екінші шумағы – орысша, қайырмасы – ағылшынша. Нағыз үштілділік осы дерсің. Тыңдаушы ретінде айтар болсам, мұндай әннің тәрбиелік мәні де, пайдасы да шамалы. Бүгінгі көрермен мен тыңдарманның іздегені осы дейтіндер болса, мүлдем қателеседі. Себебі, біз даңғыр-дұңғыр музыка емес, баяғы ұлттық әуенді сағындық. Кейде уақытты бір ғасырға кейін шегергім келеді. Кешегі Құрманғазы мен Динаның күмбірлеген күйі, лирикасымен баурап алатын Ақан серінің әндері келмеске кеткендей сезіледі. Өткенде Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін тойда бір орындаушы көңілді леппен айтып тұр. Шын мәнінде, Жаяу Мұса бұл әнді атын тартып алған Шорманның Мұстафасынан зәрезап болғандықтан шығарған жоқ па? Ал әлгі орындаушы зарлы, мұңды әнді тойдың әніне айналдырып, ақша тауып жүр. Күлесің бе, жылайсың ба? Тағы бір қарнымды ашырары, соңғы кезде жастар халық әндеріне өзінше өңдеу жасап, арасына иірімдер қосатын болды. Кей әнге жарасады, енді бір әнді қойыртпаққа айналдырады. Сондықтан қазақтың халық әндерін жаңа заманға бейімдеп, бей-берекетсіз әрлеп, өңдеу беруге болмайды. Ұлттық нақыштың иісі қалу керек. Мұны жастар түсінсе екен.
Қысқасы, әндерді де 50х50 етіп айту сән боп кетті. Бұл үрдіс дұрыс па, бұрыс па? Таяқтың екі ұшы бары сияқты, пайдасы да, зияны да көп. Пайдасы – дәл бүгінгі жастардың көңілінен шығып, тыңдарман санын көбейту болса, зияны – қазақтың ұлттық әндерін бұрмалаушылыққа алып келеді. Бұдан құтылмасақ, өз әуенімізден айрылып қалуымыз мүмкін.
Шылым шегетін әйелдер көбейді
Әлем бойынша 1,1 млрд. адам шылым тартады. Ресейде ер адамдардың 58 пайызы, әйел адамдардың 12 пайызы улы түтіннің арбауына түскен. Англияда бұл көрсеткіш ерлер арасында 30 пайызды көрсетсе, әйелдерде 28 пайызға тең. Ал, Америкада жоғарыдағыдай темекі тартатындардың саны 28 пайыз екен. Айта кету керек, 2013 жылғы статистика бойынша Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде темекі тартатын ерлердің саны 14,1 пайызға азайған. Есесіне, никотиннің түтінін ермек қылған әйелдердің саны артып отыр. 2001 жылмен салыстырғанда 2010 жылы шылым тартатын әйелдер 9,4 пайызға көбейген. Соған қарағанда Ресейді де қуып жеткендейміз. Бірақ, бұл мақтанарлық жағдай ма?
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметі бойынша, бір ғана Еуропаның өзінде темекі тартатын 850 млн. адамның 100 миллионы өмірден озған. Шылым шегу кеңінен тараған бірнеше мемлекетте өкпедегі қатерлі ісік ауруынан қайтыс болғандардың 90 пайызы темекінің әсерінен кеселге ұшырап, 75 пайызы бронхит пен эмфиземаға шалдыққан. Бұдан кейін темекімен «достықты» қалай үзбеуге болады? Әсіресе, қыз-келіншектер бұдан не опа табады екен?