Алматыда мектептегі іс-шара кезінде алты бала құрғақ тұманнан уланып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
ZTB Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға 9 ақпанда №199 гимназияда болған. Мәдени бағдарлама барысында залда сахналық түтін қосылған. Осыдан кейін бірнеше оқушының жағдайы нашарлап, жөтеліп, көздерінен жас ағу белгілері байқалған.
12 жастағы алты оқушы улану белгілерімен балаларға арналған жедел медициналық көмек бөліміне жеткізілді. Олар токсикология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер балалардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр, тиісті ем қабылдауда.
Мектеп әкімшілігі дереу жедел жәрдем шақырған. Оқиға бойынша тексеру басталды. Жабдықты пайдалануға жол берген педагог тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ауа сынамалары алынып, оның нәтижелері кейінірек хабарланатыны айтылды.