Франциядағы Қазақтар

Франциядағы Қазақтар

Франциядағы Қазақтар
ашық дереккөзі
1453
Францияда тұратын қазақтар және олардың бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері жайында баспасөз беттерінде және электронды БАҚ-та біршама айтылып, жазылып жүргенімен Франция жеріне қазақ баласы дәл қай кезден аяқ басып, қалай қоныстана бастағаны осы уақытқа дейін жақсы зерттеле қоймаған тақырыптардың бірі. 1812 жылы Орыс-Француз соғысы басталған кезде Ресей империясы үшін орыстармен бірге империя құрамындағы кавказ халықтарының өкілдері, татар, башқұрт, қалмақ секілді орыс емес ұлттардан құралған әскери құрамада қазақтар да Наполеонға қарсы соғысқа қатысқан. Тарихи деректер сол кезде Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бір бөлігі – Орынбор губерниясында 40 атты әскер полкінің құрылғанын айтады. Қазақ сарбаздары Ресей үшін қанды майданда бастарын бәйгеге тігіп, Орыс шекарасынан Франция жеріне дейін барып соғысыпты. Орыс тарихында «атақты Бородино шайқасы» деп аталатын қан майданда көрсеткен ерлігі үшін қазақ сарбаздары Майлыбаев пен Қарынбай Шындаулетов күміс медаль және көгілдір ленталы медальмен марапатталса, 1814 жылғы наурыздың 14-і күні император І Александрдың бұйрығымен құрметті жеңімпаздар ретінде Парижге кірген әскерилер арасында қазақ сарбаздары Амен Байбатыров пен Орынбай Жанжігітов те болған. Қазақстан Республикасының Орталық архивінде Мұхамет Әб­ді­рахманов деген ақмолалық қазақтың 1814 жылы “Парижді алғаны үшін” медалімен марапатталғаны жайлы тарихи құжат бар. Ал қазақ үшін түсініксіз, мақсатсыз осы бір қан майданда қаншама қазақ сарбаздаздары жат жерде шейіт болды? Бұл тарихшы, зерттеушілер тарапынан жеке зерттелетін тақырып. Франция астанасы Парижде 1921-1941 жылдары Алаш қозғалысының қайраткері, Біртұтас түркі халықтарының бірлігі үшін күресіп өткен Мұстафа Шоқай әйелі Мария Шоқаймен бірге өмір сүріп тұрды. Париж қаласындағы осы өмірі М.Шоқайдың ұлт қайраткері, күрескер әрі танымал саясаткер ретінде әлемге танылуына септігін тигізді. Сонда жүріп Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік және саяси қиын жағдайды әлем жұртшылығы назарына ақпарат құралдары арқылы жеткізумен болды. М.Шоқай 1941 жылдың соңына дейін Франция астанасында өмір сүрген алғашқы қазақ. Ол 1941 жылы күзде Польшадағы Түркістан легиондарын аралап, сондағы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен ұлтынан құрылған соғыс тұтқындарының жағдайымен танысып, қайтар жолда кенет ауырып, 1941 жылы 12-айдың 28-і күні Берлинде қайтыс болды. Ал ұлты бөлек болса да жарына адал болған Мария Горгина Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейiн оның барлық жазған еңбектерiн, қолжазбаларын көздiң қарашығындай сақтап, өзі қайтыс боларының алдында Францияның Орталық мұражайына өткiзiп кетiптi. М.Шоқайдың «Францияны – екінші отаным, ал француздарды – екінші халқым» дегені бар. Француздар да қазақтың ұлы перзентінің тарихи тұлғасын соңғы жылдары тани түсуде. Франциядағы «М.Шоқай француз-қазақ достық» қоғамының араласуымен Шоқайдың 120 жылдығына орай  өзі мекендеген Париждің Ножан Сүр Марне ауданы аумағында Мұстафа Шоқай мүсіні сомдалған ескерткіш қойылды. Ал атақты әнші, сазгер Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерді орындап, 2-бәйгемен қоса  күміс медаль алды. Сол кезде «Париж апталығы»  газетімен «Ле-мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазса,  Сорбонна университетінің профессоры Перно Әміренің орындауындағы бірнеше әнді жазып алған. Париж төрінде қазақтың атын әлемге танытқан тұңғыш қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпас та талай күш иелерімен белдесіп чемпион атанды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистерге қарсы күресте Францияның оңтүстігіндегі партизандық бөлімдердің рөлі айрықша болды. Вермахт түрмелерінен қашып шыққан кеңес тұтқындары қатарында қазақтардың да шайқастарға қатысқаны тарихи деректерден мәлім. Францияда кеңес тұтқындарынан екі партизан полкі біреуі –  Марсель (Marseille) ауданында, екіншісі Альби (Alebi) ауданында құрылған. Екінші кеңес партизандық полкінде 300-ге жуық қазақ болған деген мәлімет бар. Осы шайқастардағы ерлігінің белгісі ретінде көптеген қазақ жігіттері «Қарсыласу қозғалысына қатысқаны үшін» медальмен марапатталса, ал Шәміл Құсайынов «Францияны азат етуші» орденімен марапатталады. Соғыстан кейін осы қазақтардың бірен-сараңы француз әйелдерге үйленіп, Францияда біржола қалып қойса, көбі Қазақстанға оралып, отбасымен қауышып, бейбіт еңбекке араласып, бала-шаға, немере сүйді. Ал қайсыбірі сталиндік түрме азабын басынан кешті. Бүгінде сол бабалар ізі қалған Франция жерінде қазағымыздың келесі ұрпағы өсіп-өніп отыр. Олар Түркиядан өткен ғасырдың 70-жылдары еңбек шартымен келіп осы жерде тұрақтап қалған қазақтар. Бұлар Қытайдың коммунистік билігіне қарсы ел-жерін тастап көшуге мәжбүр болған Шығыс түркістандық қазақтар. Францияға алғаш 1971 жылы Түркияның Стамбұл қаласынан Шаймардан Қырал, Керім Жеңгіс, Яшар Дініш секілді 5 қазақ келіпті. Олар тері киім тігумен және сауда-саттықпен айналысады. Кейінгі толқын ол Кеңес одағы ыдырап Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Францияға келген қазақтар. Бұлардың бүгінгі саны нақты болмаса да оу бас­та Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі жүздей қазақ студенті Францияның әйгілі Сорбон университетінен бастап басқа университеттерінде оқып, білім алуға келген. Франция астанасы Париж қаласында Қазақстанның дипломатиялық елшілігі жұмыс істейді. Сондай-ақ соңғы жылдары ғылыми зерттеу жұмыстарымен және мәдениет,өнер саласында жекелей жұмыс істеп жүрген қазақтар саны көбейе түсуде. Мысалы, елге танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы соңғы жылдары Париж опера театрында ән шырқап жүр. Түркия, Қазақстаннан басқа Қытай, Моңғолиядан келіп оқу оқып, білім алып жүрген қазақ балалары да баршылық. Тек Қытайдың өзінен 20-дай қазақ баласы Францияның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Уақытша келіп, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген қазақтар да баршылық. Мысалы, Қытайдан келген Айнұр деген қарындасымыз Француздың атақты «Шампан» шарабын қалай жасайтын технологиясын үйренуге келіпті. Бірлі-жарым қазақ қыздары француздарға тұрмысқа шыққан. Француз, түрік қыздарына үйленген қазақ жігіттері де кездеседі. Қазақтар қайда жүрсе де, ұлтының мәдениетін, тарихы, тілі мен дінін жоғалтпауды мақсат етеді. Бүгінде Францияда шамамен 2 мыңға жуық қандасымыз бар. Олар Париж қаласы және оның маңындағы кішірек аудандарда шоғырланған. Тек Париж қаласында 230-дай қазақ отбасы тұрады. Париж және оның маңайындағы қалашықтардан тысқары Страсбургте (Strasbourg) 6 үй қазақ отбасы, Лионда (Lyon) 5 үй, Орлиде (Orleans) 3 үй, Креллде (Creteil) 6 үй, Суасанда (Soissons) 4 үй қазақ отбасы бар. Франциядағы қазақ мәдени қоғамын көп жылдан бері елге танымал кәсіпкер Мехмет Зенгин басқарып келді. Париждегі қазақ мәдени қоғамының қазіргі басшысы – Құрбанәлі Гулен деген азамат. Сондай-ақ, Парижде 2007 жылы құрылған «Мұстафа Шоқай – Қазақ-Француз достық қоғамы» деген ұйым жұмыс істейді. Оның басшысы Яшар Дініш, ал орынбасары түрік бауырымыз кәсіпкер Самиддин Балабан. Франциядағы қазақ мәдени қоғамы Алматыдағы Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығымен тығыз байланыс­та жұмыс істейді. Өткен жылы Фран­циядағы қазақтар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және Франциядағы Қазақ елшілігінің жан-жақты қолдауымен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын жақсы өткізді. Әрине мұндай құрылтай өткізу оңай шаруа емес. Кіші құрылтай біткен соң, Еуропада жүрген бауырларымыздың қазақ қауымдастығына деген кейбір өкпе-реніштері кезінде қазақстандық БАҚ-тарда жарияланғаны есімізде. Жат жерде өскен, жат елде жүрген қандастардың «өкпешіл» келетіні тағы бар. Бұндайды қазақ атамыз «Піскен асқа жеуші көп – біткен іске даушы көп» деп көрегенділікпен тауып айтқан. Мінеки, Еуропадағы қазақтардың саны жағынан ең көбі тұратын, талайдың көргісі келіп ауызының суы құрыған әсем Парижді көру, сондағы ағайындар жағдайымен көзбе көз танысу мүмкіндігі маған да туды. Менің Парижге баруыма ең біріншіден Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың сол елде 20 жылдай өмір сүрген тарихы және сонда 40 жылдан астам уақыт өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының бүгінгі жағдайы, тыныс тіршілігі қызықтырған еді. Менің қазір тұрып жатқан Орталық Еуропадағы Польшаның Познань қаласы мен Париж қаласының арасы 1000 шақырымнан сәл асады екен. Поезбен жүрсең 14-15 сағаттық жер, ал ұшақпен 2 сағаттық қана жер. Жолаушылардың көптігі соншалық ұшаққа да, поезға да билет табылмай қала жаздап, ақыры ұшаққа билет табылғандықтан көзді жұмып, әсем де сұлу Париж қайдасың деп тартып отырдым. Бұл менің Парижге алғаш рет келуім. Ұшақ Познаньның «Lawica» әуежайынан уақытында ұша алмай 20 минут кешігіп ұшса да бәрі ойдағыдай болды. Парижден 80 шақырымдай алыс­та французша «Bueveils» оқығанда «Буебе» деген қалашықта орналасқан әуежайдан сыртқа шығуға бет алған мені жолымнан француз кеденшісі бөгеп, алып келе жатқан қолсөмкемді тексергісі келетінін сыпайы түрде білдірді. Жүрерде Париждегі қазақтарға рухани қазына ретінде керек болар деген оймен өзімінің екі кітабымды: «Шындық жаршысы» және «Қазақ көші»-нің әрқайсысынан 2 данасын сөмкеме салып алған едім. Кеденші көзі қырағы, бірден сол кітаптарға шұқшиды. Оның французша сұрақтарына мен басымды шайқадым. Не жазылған, кімдікі деген секілді сұрақтарға ағылшын тілінде тиісті жауабын алған соң рахметін айтты. Жүзім шарабын көп ішетіндіктен бе кім білсін, француздардың басқа еуропалықтардан бір өзгешеліктері бар дегенді көп естіген едім. Бұны да соның біреуі шығар деп ойладым. Мені Парижде тұратын Абдулсәмет Алтай ағамыз күтіп алды. Әбекең күллі қазақ жұртшылығына танымал дінтанушы ғұлама, қасиетті «Құран кәрімді» қазақ тіліне тәржімалаған марқұм Халифа Алтайдың ұлы. Амандық-саулықтан кейін Әбекең әуежай сыртына қойған көлігіне қарай жол бастады. Әуежай тер­риториясының ішіне қойылатын көліктерге төленетін төлемақы қымбат болғандықтан Әбекең әдейі әуежай сыртын таңдапты. Әбекеңде екі көлігі бар екен. Біреуі той-томалақ, қонаққа барғанда мінетін жаңа «Мерседес-270» көлігі, ал екіншісі қала ішіндегі күнделікті жұмыс шаруаға мінетін былайша айтқанда «мініс ат» Пежо. Бұл жолы «Пежо»-сымен келіпті. Бір байқағаным, Париж қаласына көлікпен кіру, қала ішінде жүру оңай шаруа емес екен. Алматыдағы «пробка» яғни көлік тығынын мұнда да әр көшенің бойынан көресіз. Ең қызығы машина айдайтын әйелдердің көптігі таң қалдырады. Әсіресе, Францияға Африка елдерінен жұмыс істеуге келген иммигрант әйелдердің де Париж көшелерінде еш қымсынбай машиналарын жүйткітіп жүргендерін көріп таң қаласың. Әуежайдан 3.5 сағат жүріп Әбекең тұратын Париждің шетіндегі Монтрей (Montreuil) деп аталатын ауданға келдік. Әйелі және бір ұлы бар Әбекеңе қала әкімшілігі жаңа салынған көп қабат үйден 3 бөлмелі пәтер беріпті. Өзі және жеңгеміз Ісмет Алтай екеуі де зейнеткер ал ұлы-Рауан жедел жәрдем қызметінде кіші дәрігер болып істейді. Қызы тұрмысқа шыққан. Күйеуімен Парижде тұрады. «Айына коммуналдық қызметке, жарыққа, газға, суға 400 евро шамасында ғана төлейміз», – дейді Әбекең. Париж қазақтарының бірен-сараны болмаса, көпшілігі қала әкімшілігі салғызған көп қабатты осындай үйлердің пәтерлерінде тұрады екен. Францияда әйел мен еркек 65 жасқа толғанда зейнетке шығады. Алайда бала санына байланысты әйелдер ертерек шығуға болады екен. 25 жылдан бері Парижде тұрып келе жатқан Әбекең де басқа қазақтар құсап алғашында Түркияда үйренген кәсібі тері киім тігумен, оны сатумен айналысып кейін бұл сауда өтпейтін болғаннан кейін бұл кәсіпті қойған. Оның себебі Қытайдың арзан тері киімдері Еуропа базарын жаулап алған және тері киімдер қазір модадан шығып қалған. Әбекеңнің айтуынша, бүгінгі күні Францияда жалпысы Еуропада жүрген барлық қазақтардың басындағы ең бір қиын жағдай ол бала-шаға, ұрпақтарының барған сайын қазақтықтан, қазақ тілінен ажырап бара жатқандығы болып отыр. Үлкендерінің көбісі бір-бірімен үйлерінде түрікше кейде қазақша сөйлеседі, ал балалары мектепте оқитындықтан французша не түрікше сөйлейді. «Болашақ ұрпақ тағдыры мені қатты алаңдатады» дейді Әбекең. «Францияда туып-өскен қазақ балалары өз араларында французша не түрікше сөйлеседі. Тіптен түрік тілін жоғалту қаупі де бар. Тек дін арқасында мұсылмандық тәрбие ғана күшті болып тұр», – дейді ол. «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан және Париждегі Қазақстан елшілігі тарапынан болатын түрлі мәдени іс-шаралар кезінде қазақ тіліндегі әдеби кітаптар, газет-журналдар таратылады алайда оның бәрі жетпей қалады. Тіптен қауымдастықтың «Алтын бесік» журналын тұрақты ала алмаймыз», – дейді Әбекең. Франциядағы қазақтардың көбі кириллше еркін оқи алмайды. Кирилл әріптерін жас­тар тұрмақ, үлкендер де жақсы білмейді. Қазақстаннан жіберілген кітаптарды оқу, мазмұнын түсіну қиын болғандықтан, 2012 жылы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі Париждегі қазақтарға қазақ тілін үйретуге Шырын Әбдіғалиқызы деген қазақ тілінің маманын 1 айға жіберген. Париждегі 250 үйлі қазақ отбасынан (шамамен 1000 дай қазақтан) қазақ тілін үйренуге құлшыныс білдіргендерің саны бар жоғы оншақты ғана адам болған. Оның көбі балалар. Атажұрттағы қазақтар секілді Франциядағы қазақтар да тойсыз отырмайды. Бір-бірімен құда түсу, шілдехана, бесік той, қыз ұзату, келін түсіру секілді тойлары көп. Сондай-ақ тек қуаныш ғана емес өлім секілді қайғылы жағдайды да бірге өткізеді. Көңілді жұбатар бір жағдай ол ересектердің дінге қатты көңіл бөлуінің арқасында балаларының да дінге беріктігі сол арқылы наша қолдану, темекі шегу, арақ ішу, бұзақылық жасау секілді қоғамдағы жат қылықтарға көп ұрынбайтындығы. Францияда туған кейінгі ұрпақ өкілдері француз мектептерінде білім алып, француз тілін жетік меңгеріп, жалақысы жоғары мамандық иелеріне айналуда. Франция азаматтығын алған қазақтар мемлекеттік қызметтерге орналаса алады, жоғары білім алған қазақ жастары арасында дәрігер, адвокат, инженер болғандары да кездеседі. Сапарымның ертеңінде Париждің Ножан Сүр Марне ауданына бардым. Мұндағы Ла Фонтане көшесі бойында мүсіні қойылған Алаш ардагері, Бүкіл түркі халықтарының бірлігі, ынтымағы үшін күрескен қайраткер Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне барып тағзым еттім. М.Шоқайдың Париждегі өмірі жайлы Француз-Қазақ достық қоғамының төрағасы Яшар Дініш және оның орынбасары Самиддин Балабан мырзалармен ұзақ отырып әңгімелестік. Мұстафа Шоқай атамызды француздарға танытып, оның 20 жыл бойы Парижде өмір сүрген кездеріне қатысты тың және жаңа деректерді жинастырып жүрген бірі қазақ бірі түрік осы екі азаматқа ризашылығымды білдірдім. Ал Парижге саяхаттап баратын қазақтардың көбі қаланың дәл ортасындағы Республика «Republique» алаңына жақын маңнан «Ата» деген дүкен ашқан кәсіпкер азамат Мехмет Зенгинді әдейі іздеп баратыны шындық. Түркияның Алтайкөй ауылында дүниеге келген Мехмет орта мектепте түрікше оқып білім алған. 21 жасында Парижге келген ол талай өмірді бастан кешірген бүгінде жігіт ағасы. 2002 жылы інісі Жамалимен бірге Стамбұлда 200-дей жұмысшысы бар терезе перделерін жасайтын фабрика ашқан. Ал тағы бір інісі Мұстафамен бірге Алматыда да дүкен ашқан. Әбекең секілді Мехметтің де атажұрт Қазақстанмен байланысы күшті. «Үй ішінде бәріміз қолымыз босай қалғанда бұрынғы атымен «Сaspionet» қазіргі атымен «Kazakh.tv» телеарнасын тамашалаймыз. Бұрынғыдай емес қазіргі бағдарлама бізге ұнайды», – дейді Мехмет. «Әрбір шеттегі қазақтың Қазақстанға пайдалы жұмыс істеуі – борышымыз деп білуіміз керек. Ал Францияда тіршілік етіп жатқан қазақтардың Қазақстанға бара қоюлары екіталай. Қазақстанда көші-қон мәселесі тоқтап тұрған қазіргі жағдайда ана тілдік проблеманың барына қарамастан олар Франциядағы қазақ диаспорасы болып жүре бергенді барынша қалайды», – дейді ол. «Лайым, қазақ баласы қайда жүрсе де аман жүрсін, қазағының атын жақсы жағынан шығарып жүрсін» деген жақсы тілекпен Париж қазақтарымен хош айтысып, сағатына 180 километр жылдамдықпен зулайтын Париж-Берлин «InterCity» экспресс поезына отырып, Познаньға қарай аттандым. Жолда Еуропа Одағы және НАТО ұйымының орталығы саналатын Бельгия астанасы Брюссель қаласы және Францияның Париж қаласынан кейін қазақтар ең көп шоғырланған Германияның Кольн қаласына аялдау жоспарым бар. Досан Баймолда

Серіктес жаңалықтары