КЕДЕНДІК ОДАҚ ІШКИІМГЕ ҚОЛ САЛДЫ

КЕДЕНДІК ОДАҚ ІШКИІМГЕ ҚОЛ САЛДЫ

КЕДЕНДІК ОДАҚ ІШКИІМГЕ ҚОЛ САЛДЫ
ашық дереккөзі
234

Сапаны сылтауратқан Ресей сөрелердегі өзге
елдерде өндірілген арзан тауарларды тықсыруға көшті. Бұл жолы кезек әйелдердің
ішкиіміне келіпті…

Кедендік одаққа мүше елдер шеңберінде әйелдердің жиегі
кестеленген шілтерлі ішкиімдерді өндіруге, әкелуге және сатуға тыйым салынбақ.
Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық жүйелеу істері жөніндегі
министрі Валерий Корешковтың пікірінше, бұл тыйымға себеп болған: Кедендік одақтың
техникалық регламентіне сәйкес келмейді. «Қойылатын талаптар жаңадан шығарылған
жоқ. Бұрыннан бар. Әріптестеріміз осы талапқа сай әрекет етуі тиіс еді. Бірақ
олар бұл тосыннан қойылған мәселе сияқты кейіп танытты. Демек, бұған дейін аталған
өнімді қалай әкелгенін анықтау керек», – деп мәлімдеген Корешков ішкиімдерге қатысты
мәселені тағы көтерді. Тағы көтерді дейтін себебіміз, былтыр жыл соңында
Ресейдің жеңіл өнеркәсіпке жауап беретін шенділерінің бірі – Виктор Евтухов Өнеркәсіп
пен сауда министрлігі тарапынан әйелдердің жиегі кестеленген шілтерлі ішкиімге
тыйым салуға қарсы екенін және осы талапты алдырып тастауға күш салатынын
айтты. Бірақ оған шамасы жетпеді. Өйткені КО техникалық жүйелеуге жауаптылар
«Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентін көлденең
тартып, полиамид, нейлон, полиэстер материалынан тігілген ішкиімдердің адам
денсаулығына зиян екенін, бұл талап 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне
енгенін ескертті. Бірақ бұған дейін сертификат алып үлгергендер аталған
ішкиімдерді 2014 жылдың 1 шідесіне дейін сатуға, өндіруге, таратуға қақы бар.
Тауар өндірушілердің айтуынша, синтетикалық материалдардан тігілетін
ішкиімдердің ылғалды сіңіру қабілеті ғана комиссияның көңілінен шықпай отыр.
Сондықтан олар «ластовица» аталатын материалы бар өнімдерге ылғалды сіңіруге қатысты
қойылатын талапты 3 пайызға дейін төмендетсе деген тілек айтты. Оның қабылдана қоюы
күмәнді.

Егер осы ішкиім мәселесін Қазақстанға қатыстыра сараптасақ,
бізде ресейлік емес, қытайлық өнімдер басым. Өйткені олардың бағасы басқа
елдерге (Ресей, Түркия, Италия т.б.) қарағанда, әлдеқайда арзан. Ал «қалтасы
тесік» ағайын әрқашан сапаға емес, бағаға баса назар аударады. Ал Ресей
тарапынан «ішкиімдерге» шабуыл жасалуы бір жағынан алғанда, қазақ нарығындағы өзге
елдерден (үшінші тараптан) келетін өнімдерге тосқауыл қою, яғни, бәсекелестікті
бәсеңдету. Талап күшіне шындап енген сәтте сөрелердегі арзан ішкиімдер жоғалады
да, олардың орнын ресейлік өнімдер басады. Әрі Кедендік одақ құрылғалы бері
отандық тауар өндірушілердің есесі кетіп келеді. Мұны шағын және орта кәсіпкерлік
өкілдері тынбастан айтып, наразылық танытумен келеді. Тыңдайтын құлақ жоқ.

  Нәзия Жоямергенқызы  

Серіктес жаңалықтары