БАСЫНА ІШКИІМ КИІП АЛЫП...

БАСЫНА ІШКИІМ КИІП АЛЫП...

БАСЫНА ІШКИІМ КИІП АЛЫП...
ашық дереккөзі

Бүгін басына шілтерлі ішкиім киіп алып, Алматыдағы Тәуелсіздік
алаңына шыққан отандық журналист Валерия Ибраеваны, тағы басқа да азаматтарды тәртіп
сақшылары тұтқынға алыпты. АІІБ-не артынан іздеп барған қоғам қайраткері Мұхтар
Тайжанға: «Мен Тәуелсіздік алаңына барған жоқпын. Қ.Сәтпаев пен К.Байсейітова көшелерінің
қиылысында тұрғанмын. Басыма ішкиім киіп алдым. Ішкиімді қай
жеріме кием десем, өзім білем. Менің оған қақым бар. Кедендік одақ шеңберінде
жиегі кестеленген шілтерлі ішкиімдерді сатуға тыйым салынды. Мен оған қарсымын.
Әлбетте, наразы болатын басқа да мәселелер бар. Бірақ басыма киіп шыққаным соңғы
шілтерлі ішкиімім болатын», – деді.

Негізі жалғыз өзі жеке азамат ретінде ұстанымын, көзқарасын
білдіруге Ата заң тыйым салмайды. Түсініксізі, көрінгенді бас салып, абақтыға сүйрейтін
кейбір тәртіп сақшылары неден қорқады? Неге қорқады? Азаматтық қоғамда
демократиялық құндылықтар дамуы үшін жекелеген тұлғалардың ҚР Конституциясында
көрсетілген баптарды толық пайдалануына шектеу қоймау керек. Билік күні кеше
Республика сарайының алдындағы Абай ескерткішіне жиналып, биліктің солақай қаржылық
саясатына, әлеуметтік түйткілдерді шешуге мүдделі болмауына, төл теңгеміздің 20
пайызға күтпеген жерден шарықтап шыға келгеніне наразылық таныту үшін жиналғанда
да полиция өкілдері «ұрдажық» саясатқа ұрынды. Бұл дұрыс емес!!! Егер азаматтар
жергілікті биліктен наразылық шеруін өткізуге рұқсат сұраса, берер ме еді? Күмәнім
бар. Өйткені, былтыр жөргекпұл мен жәрдемақыға қатысты наразы болған аяғы ауыр әйелдердің,
басқа да аналардың өтінішін қанағаттандырмаған жергілікті билік өкілдері. Соған
қарамастан, Алматы мен Астана, Қазақстанның басқа аймақтарында да рұқсат
етілмеген заңсыз шеру өткізді қыз-келіншектер қауымы.

Ал түптеп келгенде, наразылық таныту – қылмыс емес. Бұл әрбір
азаматқа ҚР Конституциясы беретін мүмкіндік! Өйткені “мемлекеттің басты
байлығы – АДАМ” (Конституциядан). Демек, адамнан артық ештеңе жоқ біздің
мемлекетте. Біз тек қуанышымызды ғана емес, реніш, уайым, алаңдаушылығымыз бен  наразылығымызды да білдіре аламыз. Әлбетте, заңның
шеңберінде! Момындықтан емес, марғаулықтан, жалқаулықтан, немқұрайлылық пен
жалтақтық, жалпы ҚҰЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯДАН қорқу керек! Қазақ елін құрдымға сүйрейтін
– сол құлдық психология. Өр мінезді, мәрт те жомарт атаның ұрпағымыз. Айтпаса сөздің
атасы өлетінін де білеміз. Демек, ЗАҢ шеңберінде наразылық танытуды, Үкіметті қамшылауды,
елдің дамуына үлес қосуға тырысуды қылмыс деп білетіндер пікірін өзгерткені жөн.
Тіпті, күні кеше Н.Назарбаевтың өзі Үкіметті отставкаға жіберем деп қорқытты ғой.
Сонда билік халықтан не естігісі келеді?! Алғыс па?!

Билік табатын табысы «басына тартсаң, аяғына жетпей»,
тыртыңдаған тірліктен титықтаған халықты сабырға шақырып, қордаланған
проблемаларды шешуге тырысудың орнына елді абақтымен, айыппұлмен қорқытқысы
келеді. Аш құрсақ адам сабасына оңайлықпен түсе қоймайды.  Елбасы да, Үкімет те девальвация елдегі инфляцияның шарықтауына ықпал етпесін
деп бұйырды құзырлы органдардан. Тіпті, ірілі-ұсақты шенеунік біткен базарлар
мен дүкендерге барып, бағаның «орнында тұрғанына» «көз жеткізіп» қайтты. Ал шын
мәнісінде, жағдай басқаша еді. Шенеуніктер дүкен аралап жүргенде, сауда
орындарының көпшілігі бағаларды ауыстырып, анығы, өсіріп үлгерді. Алда тағы да қымбаттайтынын
олар жасырмайды да. Өйткені кешегі девальвация экспортқа ыңғайлы болғанымен,
импортқа – ыңғайсыз. Яғни, шекара сыртынан келетін тауар біткен қымбат бағаға
келеді. Мұндайда қиналатын кім? Әлбетте, қарапайым халық! Халықтың лайықты өмір
сүруі үшін билік жағдай жасап, халықпен есептесуді, азаматтардың ой-пікіріне, ұсынысы
мен наразылығына құлақ асуды үйренуі тиіс. Сонда ғана халықтың әлеуметтік тұрғыда
туындайтын реніш-өкпесі, наразылығы саябыр тартады. Елдің дамуына үлес қосуға құлшына
кіріседі.

Нәзия Жоямергенқызы