Денсаулық министрлігін тарату керек
Денсаулық министрлігін тарату керек
Парламент
Мәжілісінде өткізілген Үкімет сағатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының
орындалуын талқылау барысында Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму
комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Денсаулық сақтау министрлігінің
қажеттігіне күмән келтірді.
– Ауруханалар мен емханалармен кері
байланыс жоқ. Олардың толып жатқан қиындықтары министрлікті толғандырып отырған
жоқ. Тыныш кабинетте отырып алып, шенеуніктер түрлі инновацияларды ойлап табуға
құмар, сосын аймақтар мен астананың төменгі деңгейлеріне енгізіп жатыр. Мұндай жаңашылдықтарды
қадағалаған адам жоқ, оларды бұл мәселе толғандырмайды да, – деді Д.
Назарбаева.
Жаңа технология мен жаңа
инновацияны енгізуге асық. Бірақ олардың жемісін еш жерден байқай алмадық дейді
жұртшылық. «Баяғы жартас – сол жартас». Әсіресе емханалардағы былықтың бітер
күні болмас. Осы пікірді алға тартқан депутат ханым Денсаулық министрлігінің
қызметін оңдырмай сынады.
–
Аталмыш
министрлік жаңа реформаларды ойлап тауып, бюджеттен қалай да қаржыны бөлгізіп
алып, қалай болса солай игеру үшін ғана құрылған сияқты. Қай мәселені көтерсең
де министрліктің жауабы дайын. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге «СК-Фармация»,
құрылғы сатып алуға – «ҚазМедТех»
АҚ жауап береді, ал басқа былықтарға жергілікті әкімшілік жауап береді. Бұлай жалғаса
берсе, министрліктің қажеті де жоқ, таратуға болады, – деді ашынған депутат
Дариға Назарбаева. Расында бұл жайт жалғыз Денсаулық министрлініне тән емес.
Басқа да аты дардай, мойнына алған міндетті салмақты ведомстволар жеме-жемге
келгенде жауапкершілікті басқаның мойнына арта салады. Басшылық осылай
бұлтарса, басқамызға тіпті сот жоқ. Қоғамның бүгіні осындай боп тұр.
Сондай-ақ екі орталықтың жұмысын
сынға алды. Соның бірі – Денсаулық сақтаудың электронды орталығы. Бұл орталықтың
жұмысын бастағанына – бақандай 7 жыл. Олар әлі де электронды ақпараттық жүйені
іздестіруде екен. Мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінген, жалпы сомасы –
6 миллиард теңгеден астам. «Басшысы әлі өзгерген жоқ, басшылықта отырғанына 7 жыл болды. «Крышасы»
мықты екен. Бұл жүйені енгізуге неше жыл жұмсалды, бірақ әлі енгізілген жоқ. Ведомство
жазбаларын өзгертеді, бірақ өзгерген түгі жоқ. Дәрігерлер мен науқастардың
амбулаторлық электронды картасы әлі жасалған жоқ», – деді Дариға Назарбаева. Депутат
ханымның назарына іліккен мәселе бір бұл емес. Көптен бері көпшіліктің
көкейіндегісін дөп басып айтып жүрген депутат дәрігерлердің біліктілігін көтеру ісін министрліктің «бизнес көзіне» айналдырғанын да жасырған жоқ. Бұл
дәрігерлердің өз ішіндегі мәселесі. Ал бізге анығы емханалардың жайы ғой. Депутат
оны да айтты. «Емханада емделу үшін азаматтар өз қалауы бойынша кез келген
емханаға тіркеле алады. Бірақ кейбір емханалар әлі күнге дейін ХҚО (ЦОН)-дан
мекенжай анықтамасын талап ететін көрінеді», – деді ол. Бұл бүгінгі күннің ащы
шындығы. Ауылда тіркеліп, қалада жұмыс іздеген азаматтар мен пәтер жалдаған
жүкті әйелдерді қалалық емханалардың қабылдамай, мұрнын шүйіре қарайтыны шындық.