Тілдің де білгірі болып кеттім

Тілдің де білгірі болып кеттім

Тілдің де білгірі болып кеттім
ашық дереккөзі

Медицинада өз ісін жетік білетін мамандар аз емес. Сондай маманның бірі – Жауғашты Ахметов. Ол еліміз егемендік алған жылдары алғашқылардың бірі болып медициналық терминдерді қазақшалап, үлкен істің басы-қасында жүрді. Мұның жемісін көрді де. А.Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» медалімен марапатталған ғалымды бүгінде үзеңгілес әріптестері «Биопсия білгірі» деп біледі. Біз «Денсаулық сақтау саласының үздігі», С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің «Патологиялық анатомияның модулі» кафедрасының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-патологанатом Жауғашты Байназарұлын әңгімеге тартып, осы саланың қыр-сырымен жіті танысып едік.

– Патологиялық анатомия саласы нені зерттейді? Әуелі осы жөнінде айтып берсеңіз… 
– Патологиялық анатомия – бұл аурулардың анатомиясы. Біз ағзаның патология кезінде қалай өзгергенін анықтаймыз. Сол арқылы аурудың даму кезеңдерін байқауға болады. Мұның нәтижесінде дәрігер науқасқа дұрыс ота жасады ма, жоқ па деген сұраққа жауап беруге тура келеді. Яғни, патологанатомдар дәрігердің біліктілігін бақылайтын маман. Егер науқасқа аутопсия жасалмаса, көптеген құпия ашылмас­тан кете беретін еді. Дәрігерлер өз қателігін білмей жүрер еді. Сондықтан қайтыс болған кісіге аутопсия жасалуы міндетті. Ал бұдан ертерек кезде науқастың ауырған ағзасы биопсия арқылы тексерілуге тиіс. Сонда ғана дертті бастапқы сатысында анықтай аламыз. Бір қызық айтайын, кейде хирургтар ота кезінде мақтаны адамның ішінде қалдырып кетіп жатады. Науқас ауыр дерттен қайтыс болғанда, оған аутопсия жасадым. Бауырдың астынан ұзындығы 25 см темір құрал тауып­ алғаным бар. Сосын сол бөлімнің бас дәрігеріне хабарласып, болған жайды айтсам: «Оның сондай әдеті бар», – деп күледі. Бұған кім жауапты? Не үшін осындай келеңсіздікке жол берілді? Ота жасау – жауапты іс. Кейін хирург-дәрігерді емханаға ауыстырып жіберіпті. Себебі, емханада адамды қарағанмен, ота жасамайды ғой. Дәрігердің іс-әрекетін бақылаушы орган ретінде осының бәріне талдау жүргіземіз. Бірақ оларды сотқа бермейміз. Егер науқастың туыстары сотқа шағым түсірсе, аутопсия арқылы көз жеткізген жайттарды сұрастырады. Кезінде №12 ауруханада бес жыл патологиялық анотомия бөлімінің бастығы болып істедім. Бас дәрігер Есентай Тәжиев еді. Ол қателікке бой алдырған дәрігерді жұмыстан бірден шығаратын. Мысалы, сол кезде дәрігерлер жүрекке тікелей катетер арқылы дәрі жіберуді қолға алды. Алғашқыда оның қолдану тәсілін игере алмай, екі-үш адамның өліміне жол беріп алды. Кейін бұл мәселені талқылағанда, мамандар ресейлік катетердің жуан, ебедейсіз екенін жеткізді. Реаниматорлар Франция­да жасалған катетердің қолайлы екенін айтқан соң, аурухана көп ұзамай оны да сатып алды. Бұдан кейін өлім процесі күрт тоқтады. Егер реаниматорлар өлім-жітімнің себебін жан-жақты түсіндірмесе, адам шығыны көбейе беретін бе еді, кім білсін?! Патологиялық анатомияның мақсаты – ауру кезінде ішкі ағзалардағы дамыған өзгерістерді зерттеу. Аутопсияның міндеті – дәрігерлердің диагнозын, іс-әрекетін бақылау. Бізде екі бөлім бар. Аутопсия – мәйітті ашып көру саласы. Биопсия – тірі адамнан алынған материал. Яғни, бұл қатерлі ісікті алдын ала анықтау деген сөз. Мысалы, елімізде әйелдердің арасында бірінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр екен. Бұл кезде ісіктің шетінен кесіп алып, дәрігер патолаганатомға жібереді. Біз дереу диагнозын анықтап береміз. Себебі, хирургтар омыраудың бір шетін алып тастау керек пе, сүт безін түгелдей алу керек пе, нақты шешім шығара алмайды. Біздің қорытынды шешім осы кезде керек. 
– Өткенде дәрігерлер Көкшетау қаласының 24 жастағы тұрғыны Айнұр атты бойжеткеннің омырауын «қатерлі ісік» деп алып тас­тапты. Сөйтсе, әлгі қыз бұл дерттен құлан-таза екен. Сонда ауруды нақты анықтау жұмысы дұрыс жүргізілмеген бе? 
– Зерттеуі толық болмаған ғой. Дәрігерлер қателік жіберген. Біз сияқты ағзадан материал алып, биопсия арқылы анықтамаған. Жақында ғана бірге жұмыс істейтін қыздың әкесі асқазанның қатерлі ісігіне шалдығыпты. Қызылордадағы патологанатомдар «қатерлі ісік жоқ» деп диагноз қойған. Бір препаратын маған әкеліп көрсетті. Сөйтсем, қатерлі ісік екен. Ол кісіге ота жасалып, асқазанын алып тастады. Ал ішекті өңешке жалғап қойды. Мұндай жағдайда он жылдан астам өмір сүріп жатқандар бар. Егер «ісік жоқ» деген сөзге сеніп, ауылда жүріп қалса, ертеңгі күні оған ота жасау да көмектеспес еді. 
– Дәрігерлердің қателігін анық­тай­мыз дейсіз. Мұны мамандарға студенттік кезден бастап сіңіру керек шығар… 
– Күнделікті препараттарды студенттерге көрсетіп, түсіндіреміз. Әр аурудың асқыну жолын, алдын алу тетігін айтамыз. Тағы да қайталап айтамын, сүт безінен биопсия алмай, ота жасауға болмайды. Патологанатомның диагнозы қажет. Кейбір облыстық, аудандық ауруханалар анық-қанығына көз жеткізбей, «ісік» екен деп ота жасап жіберуі мүмкін. Бұл жақсы емес. Науқастың туыстары сотқа беруіне әбден болады. Тіпті, әлгі қыз жасанды сүт безін сатып алу керек болса, оның өзі қыруар ақша. Бұл адамға моральдық, материалдық жағынан шығын. 
– Қайтыс болған адамның бәріне аутопсия жасауға рұқсат берілген бе? 
– Денсаулық сақтау министрлігінің «Ауруханада қайтыс болған кісіні ашып көру керек» деген заңы бар. Себебі, дәрігер өз қателігін білмесе, ертең өлім көбейіп кетеді. Науқастың неден өлгенін анықтау қажет. Өлім себебіне талдау жасалады. Әр ауруханада патологиялық анатомия бөлімі жұмыс істейді. Олар дәрігерлердің қателігін дер кезінде ашып, дәлелдеуі керек. Мәселен, дәрігер-гинеколог әйелдің жыныс ағзасынан қан кетті дей салуы мүмкін. Шын мәнінде, қан кетудің он түрлі себебі бар екен. Ал оны гинеколог біле бермейді. Сондықтан патологанатомдарға жатыр қырындысын тексеруге жібереді. Қан кетудің себептері: қабыну процесінің басталуынан, жүктіліктің қалдықтарынан, ісіктің пайда болуынан, туберкулезден, т.б. болуы мүмкін. Әйелдер арасында бедеулік неге көбейіп кетті? Бедеуліктің бірінші себебі – аборт. Жатырда тұқым тұрақтайтын жердің бәрі қырылып кетеді. Түсік жасатқаннан кейін күтінбейді. Содан қабыну процесі басталып, ұрық өту жолы бітеліп қалады. Міне, осының бәрін дәлме-дәл анықтаймыз. Біз диагноз қойғаннан кейін нақты ем қабылдау шарасы басталады. 
Тағы бір мысал. Бірде хирургке ішегі тесілген науқас келеді. Оған ота жасайды. Бірақ көп ұзамай ішегі қайта тесілген. Мұны екінші рет биопсия алғанда көрдім. Сөйтсем, ол кісі ішектің қатерлі ісігіне шалдығыпты. Демек, алғашқы күннен бастап екінші рет тесілгенін күтпей, онкологияға жіберіп, емдеу керек еді. Бір өкініштісі, хирургияға жедел түскендерді «соқырішек» деп кесе береді. Бірақ зерттеп қарасақ, олардың 20 пайызы соқырішек болмай шығады. Мәселен, адамның оң жағы ауырса, жатырдың аналық безінде, түтігінде қабыну процесі жүріп жатуы мүмкін. Ал хирургке барса, бас-көз демей соқырішегін алып тастай салады. Ол ертең басқа ауруға әкелсе ше? Соқырішек – артық тұрған ағза емес. Ол ішектегі бактерияны бақылап отырған иммунитетті орган. Оны алып тастаса, иммундық жүйе бұзылады. Бірақ хирургтардың қолы қышып тұра ма, кесуге асық. 
– Негізінен дәрігерлік маман­дыққа осы саланы жан-тәнімен сүйетін адам келуі керек сияқты. Қазіргі кезде медициналық оқу орындарында білім алып жүргендер нағыз «дәрігер боламын» дейтіндер ме?
– Мамандықты таңдау қиын мәселе. Мектеп бітірген жүз баланың оны ғана мақсатына жетуі мүмкін. Мүмкін, ол ертең дәрігер болып кетер, бірақ оның осы салаға икемі болуы керек. Дәрігер адамның психологиясын түсінетін, адамға жаны ашып тұратын маман. Мұндай маманның бойында жауапкершілік те мол болады. Кез келген салада маман және қатардағы азамат бар. Бір жылы бітірген маманнан жәй ғана дәрігер немесе білікті профессор шығуы мүмкін. Сондықтан адамда өз ісіне деген махаббаты, таланты болуы керек. Кейде мамандық таңдауға ата-анасы да себепкер болады. Бірақ бұлар бастапқыда қиналады. Ал әрі қарай мамандықты алып кету өзіне ғана байланысты. Дипломы бір болғанмен, мүмкіндігі, қарымы, білімі еш уақытта бірдей болмайды. Шынын айту керек, бітіргеннің бәрі нағыз дәрігер болып кетпейді. Бірі республикалық, енді бірі облыстық, үшіншісі аудандық деңгейде көрінеді. Біз студенттердің 20-30 пайызын оқудан шығарып жіберу керек шығар деп айтамыз. С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті бес-алты жылдың ішінде тест жүйесін енгізді. Балдық жүйенің оқу үлгеріміне пайдасы көптеп тиюде. Жақсы оқитын студенттердің өзі үшке бөлінеді. Соған орай студенттердің де білімге деген құштарлығы артып келеді. Өйткені бітірген кезде дипломына бағасы айқын жазылып тұрады. Жұмысқа қабылданар кезде бағасына қарап «нашар оқыған студенттен қандай жақсы маман шығады?» деп алмайды да. Қазір мұны студенттер жете түсіне бастады. Ақылы бөлімдегі студенттер бұрын «маған үш қойып берсеңіз болды» деп жүре беретін. Бүгінде модулдық жүйемен де білім беруді қолға алдық. Оның ерекшелігі бір саланы бастан-аяқ оқытамыз. Мысалы, маман бір жүректі алты кафедрадан біліп барады. Жүректі түгел зерттеп, талдайды. Оның құрылысы, қызметі, өзгерістері, басқа ағзаға әсері, бәрін біліп шығады. Студенттің басында жүрек патологиясы туралы толық білім қалыптасады. 
– Негізі дәрігер мен мұғалім мамандығын тегін оқыту керек деген дұрыс шығар… 
– Әрине, кезінде бәрі тегін болды. Әсіресе, адамға ең қажетті екі мамандықты тегін оқыту қажеттігі байқалады. Бір мысал келтірейін. 1992-1996 жылы Түркістандағы Қазақ- түрік университетінің Кентауда медицина факультеті ашылып, үш кафедра жұмыс істеді. Сол кезде мені кафедра меңгерушісі қызметіне шақырды. Төрт жыл жұмыс істеп, әбден аяғынан тік тұрған соң, Алматыға қайтып келдім. Сонда айтайын дегенім, медицина факультетіне алғаш қабылданған студенттер – нағыз осы саланы таңдаған жастар еді. Олар өз білімімен іріктеліп, тегін білім алды. Алғашқы жылы біліміне сай 40 студент қабылданды. Бәрі «сен тұр, мен атайын» деген жастар. Кейіннен парақорлық араласып, сұйылып кетті. Қазір солардың көбі жер-жерде денсаулық сақтау саласын басқарып жүр. Бізді құртып жүрген – парақорлық. Бұл тек медицинаға ғана емес, қоғамға дендеп кірген дерт. Әйтеуір қалтасына ақша түсіруді көздейтіндер көп. Бұл бір күнде жөнделмейді. Бірақ қазіргі кезде оқу орнына енгізіліп жатқан жүйе жемқорлықты азайтуға септігін тигізеді. 
– Медициналық оқу орында­рын­да 7-9 жыл білім алады. Соған қарамастан, дәрігерлердің білік­сіз­дігіне байланысты сын көп айтылады… 
– Оқу орнында бес жыл білім алған студент толық дәрігер емес. Ол тек емханада ғана жұмыс істей алады. Одан кейінгі интернатурада бір пәнді жан-жақты тереңдетіп оқиды. Мысалы, невропотолог болам десе, соны терең біліп шығады. Ал жалпы білім алса, ол анда емес, не мұнда емес жүреді. Негізі 9-12 жыл оқу шетелдің моделі. Егер 12 жыл терін төгіп, аянбай білім алса, ол дәрігер өзінің жеке клиникасын ашуға мүмкіндігі бар. Немесе бөлім бастығы болады. Ал бес-алты жылда тек бір ғана мамандықты игересің. Мұндай маман ертең хирургиялық ота жасай алмайды. Дәрігерлерді жеке мамандыққа бөліп оқыту мәселесі – арнайы білімді жетілдіреді. Демек, жүз дәрігердің тек оны ғана нағыз білікті маман болып шығады. Жеке бір аурудың нағыз білгірі. 
– Жауғашты аға, сіз тәуелсіздік алған жылдары медициналық терминдерді қазақшалаған бірден-бір ғалым екенсіз. Осы жөнінде айтыңызшы… 
– Иә, ол рас. Еліміз босағасын бөлектеп, егеменді мемлекет болып шыққанда медицина саласында қазақша оқу құралы кездеспейтін. Бар болғанның өзінде, көбі аударма оқулық еді. 1993 жылы «Патологиялық анатомия» атты оқу құралын шығардым. Қаншама патологиямен туылған сәбилердің суретімен бердім. Осыны жазу үшін көп уақытымды сарп еттім. Қазақ тілінде 742 беттік оқулық жазу үшін, медицинаның ғана емес, тілдің маманы болуың керек. Қарағандыда бір әріптесім Ресейдің оқулығын қазақшаға аударды. Ал мен күнделікті студенттерге осы саланы сіңіріп келе жатқан маман ретінде өзім жазуға кірістім. Қазақстанда алғаш рет патологиялық анатомия бойынша оқулықты қолға алған автор ретінде танылдым. 2004 жылы қайта толықтырылып, 2008 жылы екінші басылымы жарық көрді. «Патологиялық анатомия терминдерінің орысша-латынша-қазақша түсіндірме сөздігінің» (1994 ж.) жеке авторы, «Гистология, цитология, эмбриология атласының», «Орысша-қазақша медициналық сөздіктің», «Ағылшынша-қазақша медициналық сөздіктің» серіктес авторымын. Ал 2007 жылы жаңа бағытта жазылған оқулықтар мен сөздіктер үшін Жоғары оқу орындарының бірлестігі тарапынан Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталып, «Саңлақ автор» атандым. 2011 жылы «Ана тілінде» «Жүйкеге тиген жіңішкелік белгісі» деген мақалам шықты. «Бұл белгінің бізге еш керегі жоқ, бұл орысқа ғана тән нәрсе» деп жаздым. Кейінгі жылдары патологанатомнан гөрі тіл маманы болып кеттім. Тіл мәселесіне келгенде кіммен болсын таласуға бармын. «Өз әліпбиіңді түземей, латын біздің не теңіміз?» деген мақалам да жарық көрді. Әліпбидегі 42 әріптен орыстың әріптерін алып тастайтын уақыт жетті дегенді ашып айттым. 25 жылдан бері тілдің тағдырына алаңдап, аракідік мақала жазып тұрамын. Рас, өз мамандығым мен тіл мәселесін қатар қоямын. 
1994 жылы «Ана тілі» газетіне бірінші рет 145 медициналық терминді жарыққа шығардым. Міне, содан бастап сөздіктерді жинай бастадым. Бас-аяғы 142 ғылыми жұмыстың авторымын. Өзімді қазақ тілінің жанашыры деп есептеймін. Себебі, 1988 жылы медициналық оқу орнында екі-ақ қазақ бөлімі болды. Құдайға шүкір, қазір студенттердің 80 пайызы қазақ. 1988 жылы университеттің Ғылыми кеңесінде қарар шығып, Мәскеуге докторантураға кетуім керек еді. Кафедра меңгерушісі татар ұлтының өкілі болатын. Татар болса да, қазақ тіліне жаны ашып: «Сен кетсең мына жерде қазақша дәріс беретін ешкім қалмайды ғой» деп мұңая қарағанда, ет жүрегім елжіреп кетсін. Содан амал жоқ, елдің баласы армандап жүрген Мәскеу докторантурасынан өз еркіммен қалып қойдым. Егер болашағын, білікті ғалым болуын көздейтін маман болса, көзді жұмып тартып кетер еді. Бірақ мен өйтпедім. Содан кейін біржола оқулық жазуға кірістім. Меніңше, менің ұлтжандылығымның, патриоттығымның көрінісі осында жатқан сияқты.
– Сонау Самарқанда туып-өстіңіз. Елге ертерек ора­лу­ыңыздың да астарында қазақ­тық­ты жоғалтпау деген мақсат жат­ты дейсіз бе? 
– Өзім Өзбекстанның Тамды ауданында тудым. Тамды – қазақтың жері. Сол кезде тірі өзбекті бір мәрте ғана көргенім бар. Самарқан медициналық университетіне түсіп, үздік бітірдім. Бірақ оқу орнында үш жыл өзбекше және орысша оқыдым. Кейін сонда қалып жұмыс істедім. 1971-79 жылға дейін студенттерге өзбек және орыс тілінде дәріс оқыдым. Ал, Алматыға неге көшіп келдім? Қызым екінші сыныпқа, балам бірінші сыныпқа баратын кез. Әйелім – Нүкістің қазағы. Екеуміз отырып, ақылдастық. «Ертең қызымыз бой жетіп, өзбекке ұзатылып кетсе не болады? Ұлым тәжіктен қыз алып, тұқымын бұзса, ұрпағымыз қалай өрбиді?» деген сауалдар мазалай бастады. Сөйтіп, қауіптің алдын алып, 1979 жылы Алматыға көшіп келдік. Бірақ сол жылдары жоғарыдан «қазақты Алматыға жолатпау керек» деген нұсқау болған. Қазақтар 25 пайыздан аспайтын. Біздің ұтқанымыз, Өзбекстандағы жеке үйімізді сатып, Алматының шетінен жер үй алдық. Жұмыс бар, прописка жоқ. Уақытша тіркеуге тұрайық деп, күнде орыстың кемпір-шалдарының үйін жағалаймыз. Ал олардың итіне арналған бір бөлмесі бар. Шынымды айтсам, сол уақытта бізді маңайына жуытатын Алматыны көрмедім. Бүгінде бәрі басқаша. Алматы қазақы қалаға айналды. 1979 жылдан С.Д. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінде қызмет атқарып келемін. 35 жыл ғұмырымды студенттерге білім беруге арнаппын. «Паталогиялық анатомия модулі» кафедрасының меңгерушісі ретінде әлі де талай мамандарды тәрбиелеуге күш-қуатым жетеді деп ойлаймын. 
– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен  Динара Мыңжасарқызы