Келімсектер қаптаған кеңістік

Келімсектер қаптаған кеңістік

Келімсектер қаптаған  кеңістік
ашық дереккөзі
762
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында елді астықпен қамтамасыз ету күрделі проблемаға айналғаны анық сезілді. 1953 жылы 31 миллион тоннаға жетер-жетпес астық дайындалды, бірақ жұмсалған астық мөлшері 32 млн. тоннаға жетті. Әсіресе азық-түліктік дақыл – бидай өте тапшы болды. Сөйтіп, бұрын шет жұртқа астық сататын еліміз тұңғыш рет мемлекеттік резервке қол салды. Осыған орай КОКП ОК-нің 1954 жылғы ақпан-наурыз айындағы пленумының шешімімен Сібір облыстары мен Қазақстанда жаңадан игерілмекші тың және тыңайған жердің есебінен астықты дақылдар егістігінің көлемін ұлғайту көзделді. Бұл науқан тым шұғыл және асығыс жүргізілді. «Тың игеру» десе, көз алдымыз­ға алдымен мидай далаға эшелон-эшелон, машина-машина болып келіп түсіп жатқан адамдар легі елестері сөзсіз. Шынында да солай болатын. Бұрын қазақ даласына адамдардың осындай нөпірі келіп пе еді? Осы өңірді игеру мақсатымен орыс-украин мұжықтарын ақ патша сонау Столыпин кезінен бастап-ақ қоныстандыра бастаған. Күні кешегі неміс фашистерімен болған қырғын соғыс қарсаңында Кремль кеңес елінің түкпір-түкпірінен тұтас халықтарды: Қиыр Шығыстан – кәрістерді, оңтүстік шекарадан – ассириялықтар, курдтар, ирандықтар мен түріктерді, батыс аймақтан – немістер мен поляктарды, Кавказдан – қарашайлар мен балқарларды вагон-вагонымен жөнелткен. Бірақ бұл олардың еркінсіз, өкіметтің әдейі зорлап жасаған қимыл-әрекеті еді. Ал қарасы одан да асып түскен мына көштің жолы мүлдем бөлек. Бұлар – патриоттар, партия мен комсомолдың тың игереміз деген ұранын қостап келген заман қаһармандары. Қысқа мерзімде атқарылуы тиіс ауқымды іс жұмыс күшін көп қажет етті. Сондықтан қазақ жеріне басқа республикалардан, Ресейдің ішкі аудандарынан көптеген адамдар жіберу қажеттігі туындады. Өйткені Никита Сергеевич Хрущевтің тұжырымдамасында адам күшін алдын ала дайындау ескерілмеген. 1954-1956 жылдары Қазақстанға сырттан 640 мың адам қоныс аударып келді. Және олардың басым көпшілігі 25 жасқа дейінгі жігіттер мен қыздар болатын. Бірақ олардың көпшілігі мұнда келгенде бірден жұмысқа орналасқан жоқ. Жаңадан құрылып жатқан шаруашылықтар оларды көптеп қабылдауға дайын емес еді. КСРО Совхоздар министрлігі төралқасының 1954 жылдың 20 ақпанындағы қаулысы бойынша сол кезеңде тың және тыңайған жерлерде құрылып жатқан совхоздарға маман механизаторлар жіберу белгіленген. Бірақ сол алғашқы екі жылда еліміздің солтүстік аймағына келген 650 мың адамның 130 мыңының ғана бұл өңірге аса қажетті механизатор мамандығы бар еді. Ал қалған тыңгерлердің көпшілігі тіпті, трактордың қай жағынан келуді де білмейтін. Ол аз болғандай, Никита Хрущев түрмеде отырғандарға үш-төрт рет амнистия жариялап, сол бойынша жазасын өтеуден босатылғандарды да тыңға тоғытты. Әскери міндетін өтеу мерзімі біткен солдаттарды генералдарымен қоса осында келуге үгіттеді. Бойдақтарын үйлендіріп, тұрақтандыру үшін «патриот» деген айдар тағып, вагон-вагон қыз-келіншектерді де тыңға қарай жосылтты («Правда» газеті, 13.03.1955). Дабылы мен даңғазасы көп тың игерудің алғашқы екі жылының өзінде Қазақстанға жан-жақтан 25 мыңдай жетекші кадрлар жіберілді. Олардың ішінде тыңға соқа салудан гөрі басқару аппараттарынан үлес алуды көбірек көксеп келгендері аз емес еді. Лауазымдық жұмыстарға негізінен келімсек кадрлар орналас­тырылды. Республиканың бұрынғы басшыларын шұғыл ауыстыру шаралары Орталық Комитеттің шынайы көмегі деген желеумен жүзеге асырылды. Жергілікті ұлт кадрлары жаппай ысырылып, қызмет деңгейлері күрт төмендеді. Олардың үлкен республиканы басқаруға қабілеті жетпеді, қиыншылықтан тайсақтады деп түсіндірілді. Тарихтан белгілі ғой, орыс елінің құрамына ілігуіміз мұң екен, Ресей біздің аймаққа орыс мұжықтарын тоғытып, оларды мүмкіндігінше қазақ жерінде тұрақтандыруға жанталасты. Империя бойдақтарды үйлендіріп, семья құруына, олардың жаңа өңірге бауыр басып, мәңгілік қонысына айналдыру үшін бар күш-жігерін жұмсады. Осыған орай ертеректе Солтүстік Кавказ аймағында туристік сапармен жүргенде бір гид айтқан әңгіме ойға оралады. Кезінде оған мән бере қойған жоқ едім, кейін сол ақпаратты мәскеулік ғылыми-танымдық «Родина» ресми журналынан оқыдым. Енді соны тыңдап көріңіз. «Полктің штаб пәтерлері әбден жайғасып, әскердің отырықшылық тұрмысқа қажетті нәрселері жинақ­талғандай еді, сонда да бірдеме жетіспей тұрды. Көңілсіз үнсіз жұрт тек жау шапқыншылығы кезінде ғана тіріліп, жанданатын сияқты. Госпиталь және оның бөлімшелері болса да ауру-сырқауларға лық толған… Шеру алаңында күніне үш рет музыка ойнайды. Қатар-қатар әткеншектер орналасқан. Мұны ешкім сезбегендей, көрмегендей. Сарбаздар көңілсіз, зауқы жоқ, тамақ ішіп-жеуге ықылассыз, түрлері жүдеу, жүздері солғын тартқан. Әскер басшылары жауынгерлердің көңілсізденіп, мұң-шерге түскендігін сезіп, бұдан қалай құтыларын білмей бастары қатты. Бақыттарына орай, адам жанының жағдайын біледі-ау деген бір генерал (А. П. Ермолов) табылды; ол әскерилерге не жетіспейтінін анық­тап, Кавказ сияқты тау мен орман арасындағы шалғайда ұзақ мерзімді қызмет атқарушыларға әйел керек деп шешті. Жоғары жаққа хат жазды. Бастықтар Ресейден баласы бар бірнеше мың жесірді, сонымен бірге жас қыз-келіншектерді жинап, Астрахан арқылы теңізбен Кавказға, біраз бөлігін құрғақпен Ставропольге аттандырады. Оларды қалай қарсы алды дейсіз ғой? Жағалауға жақындай бергенде әйелдердің құрметіне артиллерия зеңбіректен оқ жаудырса (!), солдаттар бас киімдерін лақтырып, «Ура!» деп айғайлайды. Жеребеге не түссе – сол күйеуі. Яғни бастықтың бұйрығы мен Құдайдың жазғаны ғана орындалады. Жүрек қалауына сай келмейді, басқаны ұнатамын деу – жоқ! – олай деуге ешкімнің дәті бармайды. Құдай, кешіре гөр, олар ешкіге де үйленуге дайын еді, ал мұнда шапағаты мол бастықтар нағыз әйелдің өзін беріп отыр…» Отаршыл Ресей кезінде басып алып, сосын оны меншіктеген өңірге келімсектерді байырғыландыру үшін неше түрлі амал тауып, тұрғылықты халықтың санын барынша азайтуға шұғыл кірісті. Үлкен саясатқа қатын-қалашты араластырудың өзі осындай мақсат-міндетті көздеген жымысқы арамза пиғылдан туындаса керек. Құйтырқы әдіс-айла кейін совет заманында, әсіресе тың игеру кезінде, кеңінен қолданылды. Қазақстанға Хрущевтің өзі келді. Ол тыңгерлердің палаткада қарадүрсін жағдайда өмір сүріп жатқанын көреді. Бойжеткендер жоқ деп шағымданады жастар. «Мен Мәскеуге келгенде, – деп еске алады Никита Сергеевич, – көрген-білгендерімді айтып, комсомолға қыздарды тыңға шақырып, үндеу тастаңдар деп ақыл айттым, оларға жұмыс та, күйеу де табылады. Жаңа жерде отбасы құрылғаны өте жақсы, үй де, бала да болады, отырықшыл халық пайда болып, сосын ежелгі тұрғынға айналады (Л. Млечин. Назарбаев. Групповой портрет с президентом. //М., 2010, с. 68). Никита Сергеевичтің атын атамай өзін бірінші тыңгер деп жариялаған Л. И. Брежнев осы деректі «Тың» деген естелік кітабында қайталайды. – Целиноград облысының көктемі мен күзінде болған ертеректегі бір әңгіме есіме түсті, – дейді автор. – Тың игерудің алғашқы көктемінде келгендердің біразы мұнда қалғысы келмейтіндігін басшылар айтқан. «Мариновский» совхозының директоры А. В. Заудалов: – Бір жағынан қарағанда халық ала-құла сияқты, ал екінші жағынан әскер тәрізді – өңкей жас жігіттер. Бүгін осында болса, ертең үшті-күйлі жоғалып кетуі әбден мүмкін. – Иә, проблема…– деп келістім. –Жастарға арманшылдық тән. Бір-екі жыл өткен соң, біразы кете бастайды. Сіз көріп тұрсыз ғой: көпшілігі палаткада жата бергісі келеді. Мүмкіндік болса, қайтсе де жеңетін қиындықты беріп көріңіз. Олар шаруасын шапшаң тындырады да, сосын іші пысып, басқа жаққа тайып тұрады. – Сонда не істеуіміз керек? – Кадрларды қалай тұрақ­тан­дырамыз, соны ойлау керек. Мен екі жолды көріп тұрмын. Қыздарды келіңдер деп үгіттеңдер, сосын жігіттер бұл жерде мәңгі қалады. Қазірдің өзінде жұмыс аз ба, сауыншылар, тұқым себушілер, телефоншылар, аспаздар, дәрігерлер, мұғалімдер, ал жаңа жерге ертең қаншасы керек болады? Екіншіден, семьялы адамдарды шақырыңдар, бірақ оларға күні бұрын өмірге қажетті қалыпты жағдай жасаңдар. Сөйтіп, оларды осы жерде тұрақтандыра аламыз. Тіпті айтар болсаң, сөз адамның бақытты болуын жоспарлау туралы өрбіді. Әркімге үй, ошақ, махаббат керек, бала керек. Мемлекет, қоғам оларға ескіше айтқанда, тағдыр қосқанды тауып бере алмайды, солай болса да елде бірыңғай «ерлер ауданы» немесе «әйелдер» қаласы болмауын қарастыру қажет. Егер демографиялық мәселе сауатты шешілсе, жастар бірін-бірі табады және бақытты болады. Олар бақытты болуға тиіс те, өйткені онсыз елдің берекелі болуы мүмкін емес. Кейін нақ осы Атбасар ауданы қыздарды тыңға шақырудың бас­тамашысы болды. Алматыға келген соң 1954 жылдың 17 шілдесінде «Правда» газетінен «Мариновский» совхозының жас тың игерушілері Раи­са Емельянова, Александра Замчий, Елена Клешня, Валентина Непочатова, Полина Пашкова және Людмила Семенованың «Қыздар, бізге – тың жерлерге келіңдер!» деген ашық хатын оқыдым. Осы шақыруға үн қосып, сол жылдың күзінде-ақ тың игеруге басқа өңірлерден 60 мың қыз-келіншек келді. Тыңнан бақыт іздеген әйелдер батыс өңірінен қазақ жеріне тоқтаусыз ағылды. Мәселен, осы үндеуден кейін бес жыл өткен соң «Ленинградтық қыздар тың жерге аттанды» деген тақырыппен ТАСС тілшісі ленинградтықтар өз өкілдерін тың және тыңайған жерге талай рет шығарып салған дей келіп, ертең Павлодар облысына Ленинградтың 450 қызы алғашқы эшелонмен жүріп кетеді деп хабарлайды («Социалистік Қазақстан», 5.04.1959). Бұл аз болғандай, Н. С. Хрущев тіпті түрмеде отырғандарға үш-төрт рет амнистия жариялап, сол бойынша жазасын өтеуден босатылғандарды тыңға тоғытты. Тың игеру науқаны кезінде Мәскеудің тікелей нұсқауымен Қазақстанға жаппай қоныс аудару дүмпуі бір сәт толастамады, 60-жылдардың ақырына дейін созылып, тоқтамады. Жоғарыда атап өткеніміздей, сол жылдары орталық «Правда» газетінен бастап, бүкіл кеңес еліндегі хабарлама құралдары тыңға шақырған жалынды үндеулерді жарыса жариялап жатты. Бірақ атамекеннің ежелгі халқы – қазақтарды тыңға арнайы шақыру болған емес. Бұл ешкімді толғандырмады. Нәтижесінде қазақтардың өз еліндегі үлес салмағының одан әрі азая түскенін 1959 жылғы санақ айқын көрсетіп (29%) берді. Сөйтіп, Қазақстан негізінен қазақтар тұратын рес­публикадан ең көп халқы орыс тілділер болып табылатын, көп ұлтты республикаға қалай айналып кеткенін білмей де қалды. Қазақстандағы тың жерлерді игеруге барша жұртшылық жұмыла кірісті. 1950 жылдары Кеңес үкіметі мен компартиясы, кәсіподағы бірігіп арнайы қаулы шығарды. Онда Қазақстанның тың өлкесін игеруге баратын Кеңес Одағының азаматтарына «он жылға өсімақысыз несие берілсін, егер колхоз-совхоздарда істеп жатқан шарулар тың өлкесіне баратын болып, ал олар өз колхоз-совхоздарына борышты болса, борышы жойылсын, егер Қазақстанға бара жатқанда шаруалар сиырын, шошқасын, тауығын ала кетемін десе, мемлекет есебінен тегін тасылсын, ал егер малын Қазақстанға апармаймын, қалдырып кетемін десе, арнайы анықтама алсын, Қазақстанға барғанында сол анықтама бойынша Қазақ КСР үкіметі оларға сол мөлшерде сиыр, тауық, шошқасын берсін. Тың өлкесіне барғандар ең бірінші кезекте баспанамен немесе тұрғын үйге қажетті құрылыс материалдарымен жабдықталсын» делінген. Сол құжатта «аталған шарттар мен жеңілдіктер Қазақстанды мекендеп отырған жергілікті ұлттың өзге өңірлерінде тұратын өкілдеріне қолданылмайтындығы» атап көрсетілген. Демек, тыңға бөтен жақтан барғандарға коммунизм жасалады. Ал қазақтарға ондай жеңілдік жоқ («Жас Алаш», №51, 28 маусым 2012 ж.). Осыған орай Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныстандыру жөніндегі бас басқарманың 1954-1955 жылдары келгендерді Қазақстанның тың жеріне орналастыру жөніндегі қорытындысын оқып көрейік. Бұл жылдар ішінде Ресей, Украин, Беларусь, Молдаван КСР-лерінен 22 мың отбасы көшіп келген; әрқайсысына 10 мың сом мөлшерінде ұзақ мерзімді несие және оның 35 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен өтелетіні айтылған. Үш жыл бойы салық төлеуден босатылады және басқа да жеңілдіктері бар көрінеді. Міне, осыны оқып отырып мұндай жеңілдіктер өзіміздің оралман қандастарымызға неге жасалмайды екен деген ой мазалай береді. Л. И. Брежневтің естелік кітабында тың және тыңайған жерлерді игеруде екі мәселеге мән берілмейді, айналып өтеді. Біріншіден, этностың рөлі және оның қоғамдағы орны туралы; екіншіден, кеңестік және ұлттық арақатынас жөнінде ләм-лим деп аузын ашпайды. Қасіреті мол бұл науқан негізінен қазақ жерінде өтті. Осыған орай мынаны қадап айтқымыз келеді. Совет заманында ғана болған қазан төңкерісі, азамат соғысы, коллективтендіру сойқандары, үш дүркін аштық, репрессия мен 1941-1945 жылдардағы сергелдеңдер нәтижесінде қазақтың едәуір бөлігі қырып-жойылды, біразы туған жерден безіп кетті. Олай болса, әлемнің түкпір-түкпіріне еріксіз шашыраған алаш жұртын тың игеру кезінде атамекенге ерікті түрде қайтарып алуға үлкен бір мүмкіндік туғандығы рас. Өкінішке қарай, қиын-қыстау заманда жат жұрттың мыңдаған адамын бауырына басып, ыстық ықылас көрсете білген қазақ халқына кеңес өкіметі кезінде шет елде әртүрлі себеппен бас сауғалап қалған қандастарымызды атажұртына жинап, қайта оралдырғысы келмеді! Бұл жағдайды дұрыс пайдалана білгенде өткеннен қорытынды шығарылып, қазақ қауымы демографиялық тұрғыдан өркендеп, сырттағы ағайындарымыздың атажұртта тұрақтануына жағдай жасалып, экономика мен мәдениетіміз, рухани байлықтарымыз одан әрі көркейе түсері сөзсіз болатын. Бірақ мұның бәрі бізге қажет болғанымен, Кремльге керегі жоқ еді. Өйткені жаңадан ұйымдастырылған құрылым әкімшілік-территориялық тұрғыда Қазақстанның құрамында деп есептелгенімен оның хұқығы ресми түрде 16-шы одақтас республикаға теңестіріліп, мемлекеттік бюджетін тікелей Мәскеу бекітетін (!). Сөйтіп, сол кезде Тың өлкесіне кірген Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарын қаржыландыру ҚКСР-нан бөлек жүргізілді, мұның өзі осы өңірді түбінде Ресей құрамына тезірек өткізуге жасалған шешуші қадамның бірі болғаны ақиқат. Амантай КӘКЕН Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары