КИЕВ ҚАРА ТҮТІН АСТЫНДА

КИЕВ ҚАРА ТҮТІН АСТЫНДА

КИЕВ ҚАРА ТҮТІН АСТЫНДА
ашық дереккөзі

Ресей билігінің сойылын соғушылардың қатары аз емес. Соның бірі – жер астынан жік шығарғыш Жириновский болса, екіншісі ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин мырза. Қашан да Кеңестер одағы мемлекеттеріндегі тіл, діл, саяси ахуал жөнінде өзіндік пікір білдіруге құмар олар бүкіл әлем көз тігіп отырған Украинаның саяси-экономикалық жағдайына өз мүддесі тұрғысынан үңілгісі келеді. Әдеттегіше, Ресейсіз Украинаның күні қараң деген пікір қалыптастыруға бейілді. 

Мәселен, Затулин мырза бір сұхбатында: «Украина бүгінге дейін Еуроодақ қауымдастығы келісіміне қол қою және еркін сауда кеңістігіне кіру жөнінде екі жақты келіссөз жүргізіп келгені белгілі. Шын мәнінде, сарапшылар Еуроодақтың 900 беттік құжаты Украинаға ауыр міндеттерді жүктеп отырғанын айтады. Ал Кедендік одақтың талаптары ондай қиын емес. Сондықтан да экономикалық тұрғыдан Еуроодақ қауымдастығына ену тиімді емес. Еуроодақ табалдырығын аттауға жанталасып жатқандарды көрсем күлкім келеді. Себебі, Кедендік одаққа толықтай мүше болудан бас тартқан украиндық саяси элитаға сын емес пе?! Олар осы әрекеті арқылы сайлаушылардың геосаяси таңдауына нұқсан келтірді. Кез келген салыстырмалы пікірге қарасаңыз, Кедендік одақтың тиімді, пайдалы екені айтылады. Меніңше, мемлекет Кедендік одаққа кірсе, экономикалық әлеуеті тұрақталады», – деп көсіле сөйлепті. 

Бұған жақында Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили тиісті жауабын берген сияқты. Ол астамшыл ресейлік империяның күні батқанын айтып: «Тарихшылардың Ресей империясы Киевтегі майданда өзін біржола жоғалтты деп жазатын таңы туады. Бұл күн де келеді. Украина халқы түбі жеңеді», – деп ашық мәлімдегені біраз жайттың басын ашып бергендей. 

Бүгінде Украинаның эконо­микалық жағдайы да алаңдаушылық туғызуда. Соңғы уақытта Украина банктерінің табысы бір жылда 3,5 есеге азайыпты. Тіпті, Қазақстан президенті Н.Назарбаев: «Кеңес одағының экономикасынан хабары бар адамдар Украинаның тұрақты түрде Ресейден кейінгі екінші қуатты республика болғандығын біледі. Қазір Украина экономикасының жалпы көлемі 25 пайызға дерлік Қазақстан экономикасынан төмен. Алғышарттары мен әлеуеті мол, 50 млн.-дай халқы бар ел бұлай болмауға тиіс еді», – деген ойын білдірді. 

Ақпарат көздеріне сенсек, осы аптаның соңына дейін Ресей әу бастағы келісілген 15 млрд. АҚШ долларының кезекті 2 млрд.-ын транш есебінде бөледі екен. Бірақ бұл қаржы мемлекетті тығырықтан құтқармайтын секілді. Сол себептен ресми Киев алдағы уақытта ішкі және сыртқы нарықтан 19 млрд. АҚШ доллары көлемінде қарыз алуды көздеп отырғанға ұқсайды. Елдің экономикалық ахуалы осылай сыр беріп жатқанмен, оппозиция жетекшілері мемлекеттік құрылымды өзгерту туралы мәселе көтерді. Оппозиция басшыларының кезекті жиынында сөз алған «Удар» партиясының жетекшісі В.Кличко: «Бәленің бәрі Украинаны бір адамның ғана басқарып, бір адамның ғана билеп-төстеуінен туындап отыр. Бәрін президент шешеді: сот та президенттің дегенін істейді, парламент те айналып келгенде президенттің айтқанынан аса алмайды. Сондықтан да біз президенттік билікті жойып, оның орнына биліктің теңгермелігін сақтайтын тиімді мемлекеттік құрылым орнатуымыз керек», – деп кесіп айтты. Олар тіпті, Германия канцлері Ангела Меркельмен жолығып, Еуроодақтың украиндық шенеуніктерге қарсы санкция енгізу мүмкіндігін алға тартып, олардың банктік есепшоты мен аударымдарын бұғаттап тастау жөнінде ұсыныс жасады. 

Біз арнайы сапармен Киевке барып қайтқан қоғам белсенділері мен саясаттанушылардың да Еуромайдан жөнінде пікірлерін білгенді жөн көрдік. 


Мұхтар Тайжан,  саясаттанушы:

Басты құндылық – еркіндік пен бостандық


c80d556344766c081f8a5826687c9091.jpg

– Мұхтар мырза, Украинада төрт ай бойы өтіп жатқан Еуромайданды өз көзіңізбен көріп келгеніңізді білеміз. Осы сапарыңыздан не түйдіңіз? 

– Біз көрген Киевтегі шеруге қатысушылардың бәрі Украинаның қарапайым азаматтары. Олардың бойына біткен ұлтжандылық қасиеті тәнті етті. Міне, осыны ауыз­бір­лікпен, ұйымшылдықпен пайдаланып отыр. Яғни, ежелден мықты халықтың шыңдалған намысының нәтижесі осында көрінді. Сондықтан олар өз мақсатына жетеді. Түптің-түбінде Янукович биліктен кетіп, елде президенттік, парламенттік сайлау өтетіні анық. Тіпті, Конституция­сын да өзгертіп, жаңа болмыстағы мемлекеттік жүйе қалыптастыру көзделуде. Қазірдің өзінде бұл елдегі жергілікті басқару халықтың қолына өткен. Әрбірден соң президенттің оппозиция жетекшілеріне биліктен орын ұсынуы да халықпен санасатынын аңғартып қалды. 

– Бәзбір ресейлік ақпарат құралдары Украина шерушілеріне қарсы ақпараттық майдан ашқандай. Олар алаңдағыларды «қылмыскерлер», «необандерашылар», т.б. деп атады. Сіздіңше, шерушілер кімдер?

– Олар өз елінің шынайы патриоттары. Майдан – ұлттық ынтымақтың белгісі. Майдан шерушілері ешкімнен қаражат алып тұрған жоқ. Тамақтары, жылы киім-кешектерін халық өз еркімен жинап, әкелуде. Қырымдағы татарлар келіп қолдау көрсетті өткенде. Меніңше, олардың іс-әрекеттері нәтижесін береді. Жергілікті халықтың шыдамы біткен. Бірақ құлдық сана-сезімнен бойы таза екеніне көзім жетті. Қарапайым такси жүргізушісінің өзі: «менің балаларым Януковичтің құлы болмайды ғой», – деп жауап береді. Олар құндылықты – еркіндік, намыстың жоғары тұруы деп біледі. Мысалы, майданда төрт адам қаза тапты. Соған қарамастан, ешкім қорқақтап, алаңнан тараған жоқ. Өте еркін халық. Кезінде Еуропалық мемлекеттер де солай болды. 1980 жылдары Шығыс Еуропа елдері еркіндіктің белгісін көрсетсе, 1990 жылдары Балтық жағалауы елдері, одан кейін Грузия бас көтерді. Енді Украинаның кезегі келді. Бүкіл халқы бірігіп, қаншама ай аязды күні далада тұрды. Мұндай рухты халықты жеңу мүмкін емес. 

– Ресей саясаткері Жиринов­скийдің кезекті байбаламынан хабардар шығарсыз. «Украинаны екіге бөліп, шығыс бөлігін Ресейге қаратып алу керек» дегенінің астарында не жатыр? 

– Осындай арандатушылық пікір туғызатын мәлімдемелерді Жириновскийдің аузына салатын Путиннің саясаты белгілі. Егер осы ойын жүзеге асырғысы келсе, онда Абхазия, Оңтүстік Осетиядағыдай арандатуды жүзеге асыру керек. Мұны істей ала ма? Әрине, бұл мүмкін емес. Себебі, Украинада соғыс болған жоқ. Ал Абхазияда, Оңүстік Осетия­да азаматтық соғыс тұтанды. Ресей әскерлері грузиндерді қуып шықты. Содан кейін ғана Ресей қалған осетиндер мен абхаздарға өзінің азаматтығын беріп, Грузияны бөлді. Ал Украинамен мұндай сценарий жүзеге аспайды. Өйткені Грузияда 4 млн., Украинада 48 млн. халық тұрады. Олар жерін ешкімге бермейді. 

– Майданда үш оппозиционер лидер көрінді. Олардың ішінен президент шыға ма?

– Басқа лидерлерге қарағанда Кличко кәсіби саясаткер емес. Саяси білімнен бөлек, саяси тәжірибесі де аз. Бір байқағаным, оның көшбасшылық қабілеті жоғары әрі рухы мықты. Ал саяси тұрғыдан алғанда Кличкодан гөрі Яценюк пен Тягнибоктың қарымы жоғары. Алайда, майданда көсемдердің өзі халықты тыңдап жүр. Бәрі халықтың сөзін сөйлейді. Майдандағы халық оппозициялық күштердің қолдауына, не болмаса бастауына зәру емес. Керісінше, оппозициялық топ халықтың ықпалымен жұмыс істейді. Олар үшін ең маңыздысы – өз Отанында құқықтарының тапталмауы. 

– Украин халқының таңдауы Еуроодақ дейсіз. Ал Кедендік одаққа кіруге түбегейлі қарсылығын қалай білдіруде? 

– Әрине, Еуромайдан да осыдан бас­талды ғой. Олар үшін Кедендік одақ – Кеңес одағының қайтып келгенімен бірдей. Өйткені Кеңес одағын да Мәскеу билеген, Кедендік одаққа да Кремльдің пәрмені жүріп тұрғаны айдан анық. Ал украин халқы өзін Мәскеудің билеп-төстегенін қаламайды. Олар бұл бұғаудан шығудың оңай емес екенін біледі. Және Ресей басқарған одақтың өзгеге пайда бермейтінін жете түсінген. Сондықтан да Украинаның Еуроодақ табалдырығын аттауға деген ниеті басым. Еуропалық одақ құрамындағы елдерде демократиялық көзқарас қалыптасқан десек, ертеңгі күні Украинаның да өркениетті, еркін ойлы ел болатындығына сенімім мол.  


Дос Көшім, саясаттанушы: 

Украинаны көтерген ұлттық рух пен ұлттық намыс


fb37fc9b82c4c59fe4f078f45d11b73a.jpg

– Біріншіден, украиндықтардың қанында қарсыласу қасиетінің бар екендігін көрдім. Қай жағының дұрыс не бұрыс екендігін – келешек көрсетеді, бірақ халық қарсыласу қасиетін жоғалтпауы керек. Екіншіден, биліктің 2004 жылғы «сарғыш революциядан» ешқандай сабақ алмағандығына көзім жетті. Ол уақытта да халықтың көшеге шығуы – сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз етті және Ющенконы билікке алып келді. Үшіншіден, бұрынғы метрополия – Ресейдің өз ықпалынан шығып кеткен республикаларды қайтадан уысына түсіруге бағытталған сайқал саясаты қанға алып келетіндігінің тағы бір куәсі болдық. Ең бастысы, Парламент шығармақ түгіл, Президент шығарса да, адам құқығын тежейтін, халықтың қарсылығына ұшыраған заңның көпке бармайтындығына көзіміз жетті. Меніңше, өздері шығарған заңдарын өздері тоқтатқаннан кейін Украина Радасының тарқауы керек сияқты. Ал Жириновскийдің өткендегі пікірі, өкінішке қарай, шындыққа саяды. Оны Ресей емес, украиналықтардың өздері жасай ма деп қорқамын. Ғасырлар бойы қалыптасқан орыстың ұлыдержавалық шовинизмі 20-30 жылда жоғалып кетпейді, адамдардың қанында қалады екен. Молдовадағы «Приднестровье мемлекеті» соның айғағы. Украинаны көтерген ұлттық рух пен ұлттық намыс. Оларды көтерген бас­ты мәселе – өз биліктерінің Ресейдің жетекшілігімен жасалатын құрылымға деген емеуіріні.

– Шерушілердің саяси жағынан сауаты жоғары, белсенді екені байқалады. Шетінен ұлтжанды, отан­шыл сияқты. 

– Мені жұдырықтасудан басқаны білмейді деген Кличконың салиқалы саясаткер деңгейінде көрінгені таң қалдырды. Еуропаның бел ортасында жатқан елдің саяси сауаты, мәдениеті, күрес тәсілдерін жүйелі түрде қолдана білетіндігі билікті де састырғаны анық. Меніңше, бұлардың саяси сауаттарының осындай деңгейге жеткені 2004 жылғы күрестің әсері сияқты. Сол уақытта алдыңғы шепте жастар болды, сол жас­тар қазір көсемдік деңгейге көтерілген болулары керек. Өз басым, билікке украин ұлтшылдары келетін уақыт жетті деп білемін. Бұрынғы коммунистік номенклатураның шапандарын теріс айналдырып, бірде «демократ», енді бірде «либерал» болып, сан құбылған сұрқия саясаткерлерінің күндері өткен болуы керек. Мемлекетті екіге бөлмей, сақтап қалу да, Украинаның тәуелсіздігін нығайту да тек ұлтшылдардың қолынан келеді. Екіншіден, Еуроодақ бағытын жаңа бизнес иелерінің, алпауыттардың да көпшілігі қолдайтынын ұмытпайық. Демек қарсылықтың қаржылық мәсе­лесі де біршама шешімін тапқан. Бірақ Украина халқының барлығы бір кісідей Еуроодақты қолдайды дегім келмейді. Олардың арасында да, әсіресе, орыстілді азаматтардың арасында Ресейді қолдаушылар жеткілікті. 


Жанболат Мамай, журналист: 

Янукович майданға қарсы қауқарсыз


988302a00bcca066c48318ac7597d3db.jpg

– Киевтiң қақ ортасындағы Майдан незалежности – Тәу­ел­сiздiк майданында мыңдаған адам тұрғанына және бұған дейiн арнаулы жасақтармен қақтығыстар болғанына қарамастан Украина астанасында жағдай бірқалыпты. Көшеде сапырылысқан әскери адамдар жоқ. Тек бiр байқағанымыз, Киев­ке ұшып келген шетелдiк азаматтарды шекарада бiршама қатал тексерiске алуда. Біз демалысқа қарсы келгендіктен, дәстүрлi «Халықтық жиынға» (Народное вече) тап болдық. Бiрақ бұл жолы күннiң суық­тығына байланысты ақпараттық митинг ұйымдастырылыпты. Ары қарай не iстеймiз, қандай қадамдарға барамыз, Мюнхенде өткен Еуропадағы қауiпсiздiк мәселесiне арналған жиында не айтылды деген сұрақтарға оппозиция жетек­шiлерi жауап беруi керек еді. Митингiнiң алдында елдегi дiни басқарма өкiлдерi майданда қаза тапқан азаматтардың рухына бағыштап арнайы рәсiмдер өткiздi. Күннiң суықтығына, үскiрiк желге қарамастан Киев­тiң орталығындағы майданға 25-30 мың шамасында адам жиналды.

– Еуромайдандағы ереуілшілердің бойынан нені байқадың? 

– Майданшылардың рухы өте жоғары. Қонақжай. Әсіресе, Қазақстаннан барған азаматтарды жақсы қабылдап, қарсы алды. Оппозицияның жетекшілерімен кездесудің сәті түсті. Бір таңқал­ғаным, үлкен дүкендер мен қымбат мейрамханалардың бірде бірі­нің терезесі қирамаған. Дүниесі тоналмаған. Ешқандай морадерлік әрекет жоқ. Тәртіп жағынан майданшылар жоғары деңгейде екенін көрсетті. Өздерінің ішінен құрылған халық жасақтары басып алынған үш ғимарат – Киев әкімшілігі, Украина үйі мен Кәсіподақтар кеңсесін күзетеді. Арнайы ұйымдастырылған оппозицияның штабы тәртіптің бұзылмауын қадағалап, сырттан келген азаматтарға жағдай жасалуын қамтамасыз етеді. Әзірге халықтың тарайтын түрі жоқ. Янукович биліктен кетпей, мерзімнен тыс президенттік сайлауы өтпей, сондай-ақ Кедендік одақтан түбегейлі бас тартып, Еуроодаққа қадам баспа­йынша ешқайда тарамайтынын, саяси талаптары орындалмайынша, алаңда бола беретінін нық сеніммен айтуда. Янукович майданды күшпен қуып шығуға қауқарсыз. Шындығын айту керек, Украинадағы майданды сана төңкерісі деуге болады. Бұл жерде халық әлеуметтік жағдайдың көтерілуін, жалақының өсуін талап етіп отырған жоқ, керісінше Украинаның болашағы үшін, ұлттық мүддені қорғау үшін алаңға шықты. Майдандағы халықтың түгелге жуығы украин тiлiнде сөйлей­дi. Көпшiлiгi орыс тiлiн бiлгенi­мен, ол тiлде тек ТМД аумағынан барған журналистермен, қонақтармен ғана сөйлеседi. Бiрақ орысша сөйлегенi үшiн бiреуге зәбiр көрсетiп, қинап, ұрып-соққан адам жоқ. Сонымен бiрге, шерушілер қатарында Украинаның орыстiлдi аймағынан келген азаматтар да аз емес. Олар да ресейлiк насихаттың өтiрiгiне көз жеткiзген соң шерушiлердiң қатарына қосылған.

– Негізінен біз ақпаратқа ресейлік сайттар арқылы қанық боп отырмыз. Олардың айтуынша, «Украина Ресейдің уысынан шыға алмайды, өз бетінше өмір сүрмейді». Шын мәнінде, солай ма?

– Ресейлік телеарна мен сайттарды қадағалап отырамын. Олар украиндарды «жауыздар», «бомждар» деп айыптады. Мұның бәрі түбегейлі өтірік. Сосын арнайы арандатушылар Еуромайданды «бомждар көтерілісі» депті. Ресейден нұсқау алған билік басқа облыстардағы бомждарды жинап, әдейі майданға әкелген екен. Бірақ алаңдағылар бомждарды метроның жерасты өткеліне орналастырған. Сондықтан өз басым ешқандай бомжды, қылмыскерді көрген жоқпын. Тіпті ереуілшілер өз күштерімен хирургия бөлімдері мен аурухана ашыпты. Бұл жерде майданның ашық универ­ситетiн және үлкен кiтапханасын ұйымдастырыпты. Ашық университетте әр саланың лекторлары келiп, өнерден, мәдениеттанудан, әдебиеттен, саясаттанудан, музыкадан арнайы дәрiстер оқиды. Оған қатысам дейтiн барлық азаматтар келе алады. Екiншi қабатта үлкен кiтапхана бар. Ал Киевтiң мэрия ғимараты Олег Тягнибок басқаратын «Свобода» партиясы өкiлдерiнiң бақылауында. Жиналыстар өткiзетiн, халық жасақтары мү­шелерi демалатын бөлмелер жасалған. Демек, ресейлік телеарналардағы ақпараттың барлығы дерлік өтірік. Неге осындай ақпарат тарататыны түсінікті де. 2008 жылы Грузияда соғыс болғанда ресейлік телеарналар Грузия халқы мен басшысын қылмыскер деп, үгіт-насихат науқанын жүргізді. Бұл жолы да Украинаға Ресей тарапынан ашық ақпараттық соғыс жариялануда. Өйткені Ресей империясы Киевтен басталғанын ескерсек, егер Украина Кедендік одақ пен Еуроодаққа кірмейтін болса, онда бұрынғы Кеңес одағын жандандырудың мағынасы жойылады. Өкінішке қарай, біздің көптеген ақпарат құралдары да Ресейдің үгіт-насихат науқанының жетегінде жүр. Бұл ойланарлық жайт. Ертеңгі күні Қазақстан да «Ресеймен бір одақта болмаймыз», «бұрынғы Кеңестер одағын жандандыруға қарсымыз», «Еуразиялық одаққа кіруден бас тартамыз» деп наразылық танытса, бізді де «қылмыскерлер елі» деп атауы мүмкін. Әсіресе, еліміздің солтүстік аймақтарында Ресейдің ықпалы күшті және орыс халқының саны басым екені белгілі. Майданшылардың өздері: «Ресей бізді «террорист», «экстремист» дейді. Бірақ осы уақытқа дейін алаңға шыққан 3 млн.-ға жуық адамның бәрі террорист болып кетуі мүмкін емес. Бұл халыққа жабылған жала» дегенді айтады. Осы тұрғыдан алғанда ресейлік БАҚ-тың ақпаратына сену қиын. 

– Украинада Жириновскийдің «Украинаны екіге бөлу керек» деген пікіріне көзқарасы қандай?

– Жириновский, Соловьев сынды орыс қайраткерлері Кремльдің пікірін жеткізушілер ғана. Мұндай пікір айтатындар Радада да бар. 

– Ал халық оппозицияның үш серкесі – Кличко, Яценюк, Тягнибоктің қайсысын көшбасшы санайды? 

– Үшеуі белсенді түрде танылды. Тягнибокқа қатысты әртүрлі пікір бар. Тіпті, шектен шыққан радикал дейтін пікір айтылуда. Ал Кличконың абырой-беделі таза. Халық оны батыр деп қабылдайды.  Одан өзге майдандағы шаруашылық жұмыстар мен тәртіпті қадағалап отырған «Беркут» жасақтары мен халық арасында қақтығыс бола жаздағанда, бітімгерлікке әкелген Андрей Воробей деген Рада депутаты бар. 

Еуропа одағымен ассоциацияға қол қоймауға наразылық ретiнде басталған Майданның саяси талаптары көбейе түстi. Со­ның бiрi әрi негiзгiсi – Януковичтiң отставкаға кетуi. Дәл қазiр Украинадағы толқуларды Еуромайдан деп атағанымызбен, шын мәнiнде үлкен саяси Майданға айналды. Украин халқына тән қайсарлықты ескерсек, Майдан жақын күн­дерi, яғни, билiк халықтың талабына құлақ аспайынша, тарамайтыны анық. Янукович қанша таратуға тырысқанымен, бұған шамасы жет­пейдi. Меніңше, майдан жеңіске жетіп, Украина кедендік одақ пен Еуразиялық одаққа емес, өркениетті көксеген Еуроодаққа қосылады деп ойлаймын. 

Динара Мыңжасарқызы