Жаман үйді қонағы билейді немесе үйдің иесі кім?

Жаман үйді қонағы билейді немесе үйдің иесі кім?

Жаман үйді қонағы билейді немесе үйдің иесі кім?
ашық дереккөзі

Атам қазақтан сөз қалған ба?
«Жаман үйді қонағы билейді» дейді. Өкініштісі сол, жаман үй бүгінгі таңда –
Қазақстан болып тұр. Тәуелсіздігін алған жиырма жыл ішінде Қазақстан не
естімеді? Дау көбіне көп Солтүстік аймақтар үшін өрбиді. «Қазақта ел болмаған,
мәдениет болмаған, тіл болмаған, жер болмаған» деп көсемсігендерді талтаңдатып
төрге шығарып қойдық. Құдды сол шешеннің айтқаны рас сынды.

Айталық, ең әуелі қазақ
жеріне көз алартып, оның мемлекеттігіне нұқсан келтірген КСРО-ның тұңғыш
президенті Михаил Горбачев ана бір жылдары Қазақстанға келгенде, табанының
астына түсіп қала жаздап күтіп алдық. Осы сөзді қоламтадай қоздырған орыс
жазушылары Дугин мен Солженицынге де ештеңе айта алмадық.

Ал Алматыда туып, осында
мектеп бітірген Жириновскийдің өзі туған топырағы жайында нелерді
сандырақтағанын білесіз бе? Ол тіпті қазақтың шұрайлы тілінің болғанына дейін
күмән келтірді. «Қазақтың территориясы – тек Жетісу аумағымен ғана шектеледі,
«қазақ» деген ұлт жоқ, ол рулық деңгейінде қалып қойған тайпалардың одағы» деп
шіренді. Осыдан кейін елдегі Хасен Қожахмет бастаған (кезінде «Азат» ұлттық
қозғалысының жетекшісі болған) қазақ ұлтшылдары Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігінен Ресей Думасының вице спикері Владимир Жириновскийге
«нонграта» жариялауды талап етті. Сыртқы істер министрлігі көп ойланды. Алайда,
«нонграта» жариялауға батылдары жетпеді-ау деймін, «Қазақстанға келуін
қаламайтын тұлға» ретінде жариялады. Бұның өзі біз үшін «жеңіс» дедік, қашан да
шүкіршіл көңіл. Оның үстіне Сыртқы істер министрлігінің өкілі бұның өзі «нонгратаға»
жақын дәреже екендігін айтып, сендірген еді. Алайда жыл өтпеді, «су ішкен»
құдығына түкірген Жириновский алшаңдап келіп, Алматының қақ төрінде 60 жасын
тойлап, тайраңдап қайтты. «Оған неге келдің, сенің келгеніңді біз қаламайтын
едік қой» деп бір жан айта алмады. Керісінше, Ресей саясаткерінің шашбауын
көтеріп, жағымпаздықтан жарыс өткіздік.

Қазақтың тағы бір жақсы сөзі
бар: «Бұға берсең, сұға береді» деген. Орыстың ұлыдержавалық империялық
ауруымен ауырған саясаткерлері арқылы, Кремль билігі біздің тамырымызды басып
отырған сияқты. «Елін, ұлтын қорлап, намысыңды аяққа таптап жатса да, селт
етпейтін недеген ел. Яғни, ертең бұл елді бөлшектеп алу оңайға түседі» деп
ойлаған болуы керек. Ендігі тағы бір тамыр басып көрейік деген шығар. Бұл жолы
Лимоновты айтақтапты. Кремльге оппозициялық бағыт ұстанатын Эдуард Лимонов
Қазақстанның Солтүстік бес облысын бөліп алу керек деп, айды аспанға бірақ
шығарып отыр.

Дәл осы мәлімдеме, біздің
биліктің қытығына тиген секілді. Ресейге саясаткердің бұл мәлімдемесін
түсіндіріп беруін сұрап, нота жіберетінін мәлімдеді. Лимонов өзінше «жаңалық»
ашып жатқанда, Көкшетауға өнер көрсету мақсатында келген ресейлік тағы бір өнер
иесі Алексей Панин өнер көрсетудің орнына қазақтарды ашық түрде балағаттаған. Тек
балағаттап қана қоймаған, қазақтың ұлттық намысына тіл тигізген. Ресми ақпарат
көздері Панин ойнауы тиіс спектакльге көрермендердің 2,5 мың теңгеден жоғары
төлегендерін және спектакльдің орнына оның балағатын естігендері үшін билет
құнын қайтаруға мәжбүр болғандарын айтады. Ал, Ақмола облыстық ішкі істер
басқармасы, Алексей Паниннің бұзақылығы үшін әкімшілік іс қозғағанын
мәлімдеген. Ресей ақпарат құралдары Паниннің бұндай әрекеті бірінші рет болып
тұрмағандығын жазады. Дегенмен, біздегі бар заңдылықтарға сүйенсек, Паниннің
бұл қылығы «бір ұлтты ашықтан ашық, қоғамдық орында қорлау» екендігі анық. Ендеше,
ол тек айып пұлмен шектелмеуі керек. Қазақ ұлтын қорлағаны үшін, елден, ұлттан
кешірім сұрап, тиісті жазасын тартуы тиіс. Әрі бұдан кейін бұндай жүгермектерді
Қазақстанның есігінен сығалатпаған жөн. 

Сонда ғана мәңгілік досымыз, стратегиялық басты әріптесіміз, Кедендік одақта одақтасымыз – Ресей саясаткерлері бізбен санасатын болады әрі тең дәрежеде тілдеседі. Олай етпеген күнде, күн сайын бір сайқымазақтың әжуасын естуге мәжбүр боламыз.