БОРЫШКЕРЛЕРДІ НЕГЕ ОЙЛАМАЙДЫ?

БОРЫШКЕРЛЕРДІ НЕГЕ ОЙЛАМАЙДЫ?

БОРЫШКЕРЛЕРДІ НЕГЕ ОЙЛАМАЙДЫ?
ашық дереккөзі
150

 Теңгенің құлдырауы – бүйірден тиген тепкідей болды қазаққа. «Қаралы сейсенбінің» құрбанына айналды көпшілік. Қоғамның барлық саласы сансырап қалғаны былай тұрсын, ел экономикасына тірек болатын екінші деңгейлі банктер тірек болудың орнына, алақан жайып, қайыр сұрап қалғандай…


Банкке – билік, ал борышкерге кім көмектеседі? 


Девальвация екінші деңгейлі банктердің ұрымтал тұсынан соққы боп тиді. Бұл жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ. Бұған дейін де отандық банктер бәсеке мен басқа да қиындықтарға төзімсіз екенін көрсетіп алған. Банктер жекеменшік болса да, жеме-жемге келгенде Үкіметке ауыз ашады. 2008 жылдың қаржылық дағдарысын еңсеру үшін Үкімет еліміздегі екінші деңгейлі банктерге көмек қолын созып, біразын сақтап қалғаны есте. Бірақ бұл жәрдем банктерге сабақ болмапты, керісінше «әдет болып» кеткен сияқты. Бұл мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сынға алып, «жаман әдеттен» арылуды талап етті. «Банктерді үнемі қорғаштаймыз. Жеке банктер – бұл жеке адамдар. Олар үнемі біз іріміз, баймыз деп мақтанады. Қазір қайда олар? Сұрамшақтанып, мемлекетке келеді. Біздің несиелерімізге көмектесіңдер, құтқарыңдар дейді. Онда қарызды неге берді?», – деді ашуға мініп. Расында, түскен табысын мемлекетпен бөліспейтіні де ақиқат. Олай болса Үкімет пайданы уыстап табатын банктерге емес, шаңырағына бола шырылдаған борышкерлерге қол ұшын созғаны абзал емес пе?! 

Жыл соңына дейін проблемалы несиелер саны арта түспек. Әсіресе, банк­тен несиені теңгемен емес, доллармен қомақты түрде алғандардың жағдайы мүшкіл. Мұндай қарыздар, яғни жұмыс істемейтін несиелер бітеу жара секілді. Жалпы сомасы – 27 миллиард доллардан асады. Несиесін қайтара алмай отырған банктер көшін БТА банк, Альянс банк және АТФ банк бастап тұр. Елімізде қайтпаған борыштарды сатып алатын қор да құрылып еді. Әттең, Ұлттық банкке қарасты бұл ұйым белсенділік таныта алмай отыр. Банктер қор ұсынған талаптармен келіспейді. Түбінде мемлекет тентіретпейді деген әдетке салып, экономиканың хал-ахуалын ескерместен проблемалы несиелерін жұмған жұдырығынан шығарар емес. Алайда билік бұл жолы да көмектесуге келісім берді. Саланы сауықтыру үшін зая кеткен несиелерді сатып алмақшы. «Өкінішке қарай, мұндай қадамға баруға мәжбүрміз. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, наурыз айының 1-іне дейін банктердің қайтпаған несиелерін сатып алу жөнінде ұсыныс дайындауы керек. Ұлттық банктің алдына жаңа міндет қоямын. 2015 жылдың қаңтар айының 1-іне дейін тиімсіз несие үлесін 15 пайызға, 2016 жылдың бірінші қаңтарына дейін 10 пайызға дейін қысқартуы керек», – деді Елбасы. Билікке алақан жайған екінші деңгейлі банктерге қойылатын талап – проблемалы несиелерді барынша қысқарту, қажет болған жағдайда өз активтерін азайтуы да міндет. Нәтижесінде еліміздегі ірі деген банктер шағын ғана қаржы орталықтарына айналмақ. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, «Қаржы құрылымдары қолымен істегенді мойнымен көтеруі керек». Банктерді банкрот болдырмаудың бұдан басқа амалы жоқ десек те, халықтың жағдайына келгенде банктер осындай қадамға бармайтыны өкінішті…

Мәселен, қарызын доллармен алған борышкерлер алдағы күннің азабын ойлап, зар жылауда. Олардың мәселесіне банктер түсіністікпен қарап, пайыздық үстемесін қысқартып бере ме? Жоқ?! Мәселен Жәмилә Әмірбекова банкке ай сайын 500 доллар көлеміндегі қарызын төлейді. Бұл сома бұрын – 76 мың теңге болса, доллардың жаңа курсымен есептегенде – 93 мың теңгені құрап отыр. Бірді бірге жеткізе алмай отырған отбасы ай сайын мұндай соманы төлеу қалтаға ауыр түсетінін айтуда. «Несиені теңгеге ауыстыра алмай жүргенімізге көп болды. Бірақ банктер өте көп үстемақы сұрайды. Оның комиссиясы – қарыздың 1 пайызына тең. Біздің қарызымыз көп те емес – 45 мың доллар, алайда теңгеге ауыстыру үшін 450 доллар төлеу қажет. Бұл өте қымбат», – деді Жәмилә Әмірбекова. Доллармен қарыз алған жалғыз ол емес. Елімізде мұндай борышкерлердің саны Үкіметтің есебінше, 10-15 пайыз, ал экономистердің есебінше – 30 пайызға жуық. Бірақ банктерге қол ұшын созған Ұлттық банк пен билік жекелеген борышкерлер мәселесіне тас керең. Әмірбекова Ұлттық банктен көмек сұрап отыр, доллармен алынған қарызды теңгеге ауыстыру үшін төленетін 450 долларды банктердің өз мойнына алуын немесе мемлекеттің төлеуін сұрап отыр. Біақ қайдам… Ірі кәсіпкерлер мүддесі әрқашан да ұсақ борышкерлер мәселесінен өтімдірек… 

Ұлттық банк бұл жағдайға басын ауыртқан жоқ. «Елімізде доллармен алынған несие саны көп емес. Сондықтан мәселенің ауқымы да кең емес. Сонда да кейбір банктер портфелінің нашарлауы мүмкін. Біз бұл мәселені алдағы 5 жылда қарастыратын боламыз. Мақсат айқын, оны қалай шешудің жолын білеміз», – деді Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов. Оның пікірінше, бүгінгі жағдайдың 2009 жылғы девальвациядан кейін қалыптасқан экономикалық жағдаймен ұқсастығы жер мен көктей. Ол кезде доллармен алынған несиелер көп болатын. Біртіндеп олар да реттелді деді Ұлттық банк төрағасы. Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев даңғаза жасаудың қажеті жоқ деген пікірде. 

Бұл адамдар қарызын баяғыда доллардан теңгеге ауыстырып алуы керек еді, бірақ олар алды-артын болжаған жоқ. Егер олар осы күнге дейін теңгеге аудармаса, онда төлей алатынына сенімді болған. Ескерте кетейін, ипотека – баспана алудың арзан жолы емес, оған жағдайы орташадан жоғарылар ғана қол жеткізе алады, – деді нық сеніммен. 

Бұдан шығатын қорытынды, борыш­кер­лердің мәселесі ешкімді селт еткізген жоқ. Есесіне Ұлттық банк «қаржыны төл теңгемен сақтаған дұрыс» деумен келді бүгінге дейін. «Доллар курсының өсуі – дұрыс қабылданған шешім дегенді қайталағанша, ақшаны долларға айырбас­та деуі керек еді» дейді әлеумет. Жыл соңында проблемалық несиелер санының артатыны ақиқат. Өйткені несиесі доллармен төленетін борышкерлердің саны жалпы қарызы барлардың – 30 пайызын құрайды, теңгемен несие төлеушілердің де қарызын кедергісіз өтеуі неғайбыл. 

Қаржысын депозитте сақтағандардың жайы бір бөлек. 2013 жылы ресми статистика бойынша, ұлттық валютамен салынған депозит 6,317 миллиард теңгені құраған. Қазір бұл сома анағұрлым қысқарып қалыпты. 

Әркім өз қарызын өзі төлесін дейміз. Бірақ банктерге бюджет көмектеседі де, ал борышкерлерге банк тура солай жеңілдік жасамайды. Сонда банкті билік кім үшін құтқарады? 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары