Гүлсім СТАМҚҰЛОВА, Алматы қалалық онкологиялық орталықтың дәрігері: ӘРБІР ӘЙЕЛ ЗАТЫ АНА БОЛАТЫНЫН ОЙЛАУЫ ТИІС
Гүлсім СТАМҚҰЛОВА, Алматы қалалық онкологиялық орталықтың дәрігері: ӘРБІР ӘЙЕЛ ЗАТЫ АНА БОЛАТЫНЫН ОЙЛАУЫ ТИІС
Әйелдер арасында ең жиі кездесетін аурулардың бірі – жатыр мойны обыры. Талай келіншекті жарымжан еткен, ажалына себеп болған да – осы дерт. Алматы қаласында жыл сайын осы диагнозбен бірнеше әйел тіркеледі екен. Алматы қалалық Онкологиялық орталықтың онколог-гинекологы Гүлнар Стамқұлова ханым обырға себеп болатын жайттар, алдын алу шаралары мен емдеу тәсілдері туралы әңгімелеп берді.
– Гүлсім Әбілханқызы, соңғы жылдары әйелдер арасында жатыр мойны қатерлі ісігінің жиі кездесетінін білеміз. Қазіргі ахуал қалай?
– Онкологиялық аурулар арасында жатыр мойнының қатерлі ісігі сүт бездерінің обырынан кейін ең жиі кездесетін дерттер қатарында тұр. Былтыр осы ауру бойынша 178 әйел есепке алынды. Бірақ соңғы кездері әбден асқынып кеткендер саны едәуір азайды. Бәлкім мұның себебі алдын ала медициналық тексерулерден өткізу, скрининг жасаудың арқасында шығар. Әрі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихат жұмыстарын жүргізу, әйелдерді дертті асқындырмауға және алдын ала тексеруден өтуге шақырдық. Көрсеткіштердің жақсаруына БАҚ-тың да көмегі тигені анық. Адам папиломмасының вирусы жатыр мойны қатерлі ісігіне ұшырау қаупін арттырады. Обырдың бұл түрі негізінен жыныстық қатынасты 18 жасқа толмай бастағандарда, темекі шегетін әйелдерде, 18 жасқа толмай тұрып немесе 40 жастан асқаннан кейін бала туғандарда, жыныстық гигиенаны сақтамайтындарда, төсектестерді жиі алмастыратын келіншектерде жиі кездеседі.
– Дерттің алдын алу үшін не істеу керек?
– 2013 жылы 11-12 жастағы қыз балаларға Адам папилломасы вирусына қарсы екпе жасауға қатысты жоба қолға алынды. Бұл тәжірибе түрінде жүзеге асырылатындықтан, тек Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ, Павлодар мен Атырау облыстары ғана қамтылды. Осы тақырыпқа орай мектептерде лекциялар оқыдық, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Көңілге сәл кірбің салатыны, ата-аналардың көпшілігі аталған екпе туралы хабары жоқ болғандықтан, қыз балаларына салдыруға мүлде қарсы. Бұл вакцинация 3 кезең бойынша іске асырылады, ешқандай зияны жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз Медициналық университетте оқитын қыз балаларға осындай екпе жасаған болатынбыз. Көз жеткізгеніміз, ешқандай да кері әсері байқалмады. Жатыр мойны обырынан қорғанудың бірден бір тиімді әрі залалсыз жолы – осы екпе. Ескеретін жайт, Адам папиломмасы вирусына қарсы екпе тек жыныстық қатынасқа түспеген қыздарға ғана жасалады. Сонымен қатар скрининг жасау да – аса маңызды шаралардың бірі. Дертін асқындырып алатындар кімдер? Дәрігерге қаралуға айлап, жылдап келмейтіндер. Еш жері ауырып, мазаламаса да, әйелдер жылына бір рет гинеколог пен маммологқа тексерілуі тиіс. Бір жері ауырса, міндетті түрде емделгені жөн.
– Келіншектердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қалай?
– Өкінішке қарай, өте төмен. Былтыр жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 100 мың әйелге шаққанда 18-20 болды. Сырт қарағанда, өте аз көрсеткіш. Бірақ әрбір санның артында біреудің анасы, біреудің қызы немесе біреудің жары, яғни, адам тағдыры тұр ғой. Ең маңыздысы, обыр болған әйелдердің басым бөлігі бала тууға қабілеттілер – 17-44 жас аралығындағылар. Алысқа бармай-ақ, өзімді айтар болсам, маған күн сайын 30-ға дейінгі жас келіншектер келеді. Олардың барлығында да қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін деген қатер бар. Өкінішке қарай, емханалар мен ауруханалардағы кейбір дәрігерлердің «Сіз бала тумағансыз, сіз жассыз, сіздің жатыр мойныңыздағы эрозияны емдеудің қажеті жоқ» деп елді адастыратыны және адам өміріне қауіп төндіретіні бар. Ондай әріптестермен айтысудан, түсіндіруден жалықпаймыз. Тіпті, жатыр мойны суықтаған қыз балалардың өзіне (жыныстық қатынасқа түспеген) радиотолқынды, химиялық коагуляция лазерлік жолмен емдеу тәсілдері ұсынылады. Дер кезінде емделмегеннің соңы өкінішті жайттарға әкеп соғады. Соңғы кездері жатыр мойнының обыры жасарып келеді. Бұрын бұл ауруға 35-40 жастағылар шалдығатын. Қазір 25-ке жетпегендерде жиі кездесетін болды.
– Оның себебі неде?
– Бәлкім, соңғы жылдары қыз балалар жыныстық қатынасқа ерте түсетіндіктен шығар? Сондай-ақ, төсектестерді жиі алмастыру, ерте жаста бала туу (18 жасқа дейін), қайта-қайта жасанды түсік жасату, көп бала туу, арақ ішу, темекі тарту т.б. барлығы да дертке ұшырау қаупін тудыратындар санатында ғой. Экология мен қоршаған ортаның ластанғаны бар. Мүмкін біздің өмір сүру қарқынымыз өзгеріп, ағзаға кері әсер етіп жатыр ма?.. Нақты себебі белгісіз.
– Егер жатыр мойны обыры ерте кезеңде анықталса, оны емдеудің қандай пайдасы бар?
– Егер қатерлі ісік алды және ерте кезеңде анықталса, ағзаға айтарлықтай қауіп төнбейді, негізінен жатырды жергілікті емдеу тәсілдері қолданылады. Мұндайда тіпті, әйелдің бала туу қабілетін де сақтап қалуға болады. Яғни, дертке шалдыққан келіншекке 3 жылдан кейін бала көтеруге рұқсат беріледі. Ескеретін жайт, онколог-гинекологтың жіті қадағалауында болуы шарт. Ал екінші-үшінші кезеңінде адам өмірін сақтап қалудағы арпалыс басталады. Былтыр ауруы асқынып кеткен, обыр үшінші, тіпті, төртінші кезеңге өтіп кеткен әйелдер келді. Бұл дегеніңіз – олар бірнеше айдан кейін өмірімен қоштасады деген сөз. Өкінішке қарай, жатыр мойны қатерлі ісігі ажалға әкеп соғады. Меніңше, елу-алпыс жас дегеніңіз кәрілік емес, кәрілік 70-тен кейін басталады. Сол үшін әйелдер өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, лайықты бағалауы тиіс.
– Сіз ата-аналар қыз балаларына Адам папиллома вирусына қарсы екпе жасатуға наразы дедіңіз. БАҚ-та да бұл екпенің жағымсыз тұстары көбірек айтылды. Обырға ұшыраудан қорғайтын екпені жұрт дұрыс қабылдауы үшін не істеу керек?
– Біздің мемлекетіміз бен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталған екпені еш тексерусіз ала салып, біздің жүйеге енгізе салуы мүмкін емес қой. Біріншіден, бұл өте қымбат тұратын нәрсе. Екіншіден, өте көп жұмыс істеуді қажет етеді. Вакцинаны қолданысқа шығармас бұрын кез келген фармацевтикалық фирма қауіпсіздік ережелері бойынша көп кезеңдік тексеру, зерттеу жұмыстарын жасайды. Екпеден кейін қыздардың бойында Адам папилломасы вирусына қарсы иммунитет пайда болады. Ал жағымсыз ақпараттардың таралуы, ата-аналардың қарсылық танытуы – қалыпты жағдай. Әрдайым жаңа бір нәрсе ұсынылғанда пайда болатын реакция. Осыдан бірнеше жыл бұрын гепатит вирусына қарсы екпе шыққанда да ата-аналар құптаған жоқ. Алайда, қазір екпені енгізгеннен кейін елімізде гепатит дертіне шалдығатындар азайды.
– Екпе үш кезеңнен тұратынын айттыңыз. Толығырақ тоқталсаңыз…
– Иә, үш кезеңнен тұрады. Мәселен, алдымен бірінші екпе егіледі. Екіншісін арада бір ай өткеннен кейін, ал үшіншісін бірінші екпе егілгеннен кейін 6 ай өткенде жасайды. Бұл міндетті. Шетелдік тәжірибені алсақ, Адам папилломасы вирусына қарсы екпе мен скринингтердің арқасында жатыр мойны обырының әдеуір азайғаны байқалады. Осы себепті, дамыған елдерде бұл ауру 7-8-орында тұрса, бізде сүт бездері қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр. Соңғы жылдары кездесулер өткізіп, ата-аналардың барлығына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне айтар өтінішіміз, ақпаратты Интернеттен алмай, кәсіби мамандардан, яғни, онколог-гинекологтардан алсаңыздар. Интернетке кім көрінген ақпарат тықпалайды, олардың арасында шындыққа жанаспайтындары көп. Осының салдарынан, қоғамды адастыратын, көңілдеріне күдік ұялататын нәрселер пайда болады. Біздегі көптеген онколог дәрігерлер өздерінің қыздарына қымбат тұратын осы екпені бірнеше жыл бұрын ақылы түрде ектірді. Кезінде бір екпе 30-35 мың теңге тұратын, қазір 10 мыңға төмендеді. Алматыдағы Вакцинация орталығында жасайды. Мен жақында өзімнің бойжеткен қызыма да салдырмақпын. Ал тәжірибелік жобаны 11-12 жастағы қыздарға тегін егеді. Бір қызығы, жатыр мойны обырымен ауырғандар дертінен құлан-таза айыққаннан кейін, өз қыздарына осы екпені ектіріп жатыр. Бұл қауіптің алдын алуға сеп.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы