Инфляция есікті қағып тұр ма?

Инфляция есікті қағып тұр ма?

Инфляция есікті қағып тұр ма?
ашық дереккөзі

Билікке салсақ, «девальвация бағаға айтарлықтай әсер етпейді, тек импортталатын заттар ғана қымбаттамақ». Бірақ базардағы баға бұл уәжге көнгісі жоқ.

 Билік халықты  сендіріп әлек

Девальвациядан кейін ресми мәлімдеме жасаған ҚР Президенті Н.Назарбаев теңгенің құнсыздануын былайша түсіндірді: «Тек осы шара ғана экономиканың 6 пайыздық өсімін қамтамасыз етеді. Яғни, қарапайым халыққа түсінікті тілмен айтсақ, экономиканың өсімі – бюджетке түсетін ақшаның өсуі. Бұл дегеніңіз аталған қаражат қарапайым халыққа жұмсалады: зейнетақыға, жалақыға, кірістерге». Алайда, Елбасының сөзі азаматтардың барлығына бірдей тоқтау сала алмады. Қымбатшылық, жұмыссыздық пен қордаланған әлеуметтік түйткілдерге алаңдаған халық Үкіметтен түйткілдерді шешуді талап етті. Азаматтардың бір тобы тіпті, көшелерге шығып, өздерінің наразылығын білдірді. Министрлер кабинетін сынға алған Президент тіпті, Үкіметті отставкаға жіберем деп қорқытқан. Көп ұзамай, қордағы астық көлемі ішкі тұтынушылық нарықты қамтамасыз етуге толық жететінін, яғни, нанның қымбаттамайтынын айтқан ҚР Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «Қазақстан – әлемдегі ең ірі астық экспорттаушы елдердің бірі. Ішкі нарыққа 509 мың тонна астықты шектеулі бағамен бағыттайды. Бұл девальвациядан кейін нан бағасының қымбаттауына жол бермеуіне сеп», – деп мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, 17 миллионға жуық халқы бар Қазақстан жыл сайын 3,0-3,5 миллион тонна астық тұтынады.
Қалтасы онсыз да тесік қарапайым халық девальвациядан кейінгі қымбатшылыққа бой үйрете алмай әбігерге түсіп жатқанда, бірнеше дүкен, базарларды аралап шыққан бірқатар шенеунік: «Баға тұрақты. Девальвация инфляцияға кері әсер еткен жоқ», – деп қуанды. Бірақ бұл қуанышты хабарға елп ете қалған ел жоқ. Өйткені шын мәнісінде баға өсімі барлық аймақта байқалды. Мәселен, ішкі нарыққа талдау жасаған маркетологтар қант Астанада – 22 пайызға, Павлодар мен Петропавлда 11 пайызға көтерілгенін айтты. Сонымен қатар Өскемен, Ақтөбе, Көкшетау, Алматы, Орал, Таразда да қант 2-8 пайызға дейін қымбаттаған. Соңғы кездері қантты көтерме бағамен сататын кәсіпорындар көлемді күрт қысқартыпты. Әзірге себебі белгісіз. Үкімет «нан мен жанар-жағар май қымбаттамайды» деп ант-су ішіп жатқанда бірінші сортты ұнның бағасы 6-9 пайызға дейін ышқынып кетті. Кейбір аймақтарда бұл меже 3 пайызбен шектелген.
Өкінішке қарай, азық-түліктің басқа түрлері де қымбаттаған. Мәселен, макарон өнімдері шымкенттіктердің қалтасына 12 пайыздық салмақ салған. Ал пияз 20 пайызға бір-ақ шарықтапты. Ақтөбедегі жағдай басқаша: дәнді-дақыл түгел қымбаттаған, күнбағыс майы, жұмыртқа, шай, макарон өнімдері, сүт пен сыр түгел өскен. Билік әп дегеннен-ақ теңгенің құнсыздануы импортқа кері әсер ететінін ескерткен еді. Павлодардағы сүт өнімдерінің басым бөлігі сырттан тасымалданатындықтан, сыр – 21 пайызға, сары май – 16 пайызға, ірімшік 10 пайызға қымбаттапты. Сүт, қаймақ, айранды жергілікті өнім өндірушілер әкелетіндіктен, баға сол қалпы тұрған көрінеді. Есесіне, сүт пен сүт өнімдері Астана. Тараз, Қарағанды, Петропавлда ышқынған.
Тиынын санап жүрген жұрт теңгенің құнсызданғанына қайғырып жүрсе, билік керісінше, жағымды жаңалықтармен бөлісіп әлек. Мысалы, ҚР Ұлттық банкінің басшысы Қайрат Келімбетов девальвациядан кейін елде макроэкономикалық өзгерістер болатынын айтады.: «Қазірдің өзінде экономикалық өсім 2014 жылы 7 пайызға тең болатынын байқаймыз. Ал инфляция деңгейі 6-8 пайыз төңірегімен шектелмек». Ал 20 пайыздық девальвацияның кері әсерінен бейхабар ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің басшысы Әлихан Смайылов бағаға қатысты мәселені өз бетінше зерттеп көріпті. Баспасөз мәслихатын өткізген ол: «Мен дүкендерге кірдім. Мәселен, егер иіссуларды алсақ, Астанада 40 пайыздық жеңілдіктер болып жатыр. Олардың барлығы – импорттық тауарлар. Ал азық-түлікке келсек, айтырлықтай қымбаттағанын байқамадым», – деді. Шенеуніктің «айтарлықтай» деп жақауратуының астарында «иә, баға өсті, бірақ аса қымбаттаған жоқ қой» деген емеурін жатыр. Ал қарапайым халыққа болмашы қымбатшылықтың өзі қаржылық тұрғыда ауыр жүк. Өйткені азық-түлік, жолақысы, тұтынушылық тауар, коммуналдық төлемдер тағы бар. Смайылов өз сөзінде 20-25 ақпан аралығында баға бойынша тағы да мониторинг жүргізілетінін, 1 наурызда инфляцияға қатысты деректер жарияланатынын ескертті: «Әрине, девальвацияның кейбір әсері болады. Бұл бірқатар импорттық тауарлардың бағасына байланыс­ты. Әрі кейбір саудагерлер бағаны өсіруге тырысады». 
Еліміздегі базарлар, сауда орталықтары мен ірілі-ұсақты дүкендерде шынымен де баға өсті. Атырауда девальвацияға дейін 248 теңге тұрған алманың 1 келісі теңге құнсызданғаннан кейін 595 теңгеге шарықтапты. Бағаның сан құбылуы басқа аймақтарға да тән. Пенде болғасын бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Мұндайда дәріханаларға тұра жүгіретінің белгілі. Бірақ дәрі-дәрмектің басым бөлігін сырттан таситын сау­дагерлер қауымы девальвация жарияланысымен-ақ бағаны күрт өсірді. Мысалы, балалардың мұрнын шаюға арналған теңіз суы бұған дейін 1400-1500 теңге тұратын. Девальвациядан кейін бір күн өткенде сол суды 2800 теңгеге сатып алдық. Бұл өз басымыздан өткен бір ғана жайт. Біз көрмеген, біз білмейтін қаншама келеңсіздік бар. Дәрі-дәрмекке қатысты айқай-шу, наразылық ушыға бастаған тұста денсаулық сақтау министрлігіндегілер: «Егер бағаны негізсіз өсірсе, жазалаймыз. Егер дәлел келтіре алмаса, жауап береді», – деді. Бірақ дәріханалардағы барлық дәріге девальвацияның кері әсер етуі, яғни, шекара сыртынан қымбат долларға импорттауы мүмкін емес. Бұл сұрақпен енді кезінде «Асқазаның ауырмасын десең, майлы ет жеме», – деп ауылдағы ағайынға ұрысқан Денсаулық сақтау министрі бас қатыруы тиіс. Теңге құнсызданған кезде долларды тым қымбатқа сатып, бір «жырғап» қалған банктерге жаза ретінде Ұлттық банк 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салған еді. Ал ашкөздікке ұрынған қалған алыпсатарларды құзырлы органдар тезге салады. Әсіресе, 11 ақпан күні есіктерін іштен кілттеп алып, бағаны бір-ақ сәтте «құтыртып» жіберген ірі сауда орталықтарының қожайындарын қадағалау керек. Мұндайда жылу, жарық, суға монополия орнатқан коммуналдық қызмет туралы айтудың өзі артық.