"Омбы - қазақтың жері"

"Омбы - қазақтың жері"

"Омбы - қазақтың жері"
ашық дереккөзі

Белгілі әнші Қайрат
Нұртастың  Ресей Федерациясының Омбы
қаласында жеке концерті өтті. Жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда, қазақтың
қарадомалақ баласының концертіне жиылған қауымда шек болмапты. Концертке
жергілікті қазақтармен бірге, өзге ұлт өкілдері де жиылған екен. 

Желгілікті БАҚ өкілдері
әнші Қайраттың концертінің аншлагпен өткенін ерекше таңданыспен жазады. Омбының
орталық цирк ғимаратында өткен концертке билет таба алмағандар да көп болғанға
ұқсайды. Билеттер
алдын-ала сатылып кеткеніне қарамастан,
цирк ғимаратының алдына көрермен көп жиналыпты. Тіпті, билет таба алмаған кейбір көрермен
концертті ғимараттың жақтауларындағы балкондардан тік тұрып тамашалаған. Кейбір
көрермен жергілікті БАҚ беттеріне берген сұхбаттарында «Қайрат Нұртасты сүйіп
тыңдайтындықтарын айтып, оның өнерін жоғары бағалайтындығын» да жеткізіпті.

Қайрат Нұртас: «Бұл менің Омбы қаласында алғаш рет
өнер көрсетуім. Өкінішке орай, менің жоспарларым өте тығыз. Алыстағы ағайынға
келуге тырыссам да, жұмыс жоспарларым оған мүмкіндік бере бермейді. Бұл қалада
өнер көрсету маған арман болатын. Себебі, Омбы бұл қазақтың қаласы, қазақтың
жері. Алдағы уақытта осындағы ағайын үшін үнемі келіп тұруға тырысамын», – деп
өз ойымен бөлісіпті жергілікті баспасөздің біріне.

Қайраттың әнін сүйіп тыңдайтын тыңдарманның Ресей
жерінде де көптігі көңіл қуантады. Қазақтың қарапайым баласының үлкен аренаға
шығып, жергілікті жұртты өнеріне тәнті ете білсе, оған неге қуанбасқа?!
Ресейдің талай өнер жұлдыздары елімізге келіп, өнер көрсетіп жатады.
Қазақстанға келіп, қыруар қаламақы алатын жұлдыздардың орнын қазақ баласы  басып жатса, әрі оның Ресейдің Омбы қаласына
барып, қазақша концерт беруінің өзі үлкен дәреже емес пе?

Омбыны өнерімен табындырған Қайраттың алар асуы
әлі алда. Ән салшы, Қайрат! Еліңді өз өнеріңмен қуанта бер дегіміз келеді.

Мақаладағы деректер мен суреттер www.baq.kz сайтынан алынды.

Гүлзина
БЕКТАС