МҰХИТ АСҚАН БАЛАЛАРДЫҢ МҰҢЫ

МҰХИТ АСҚАН БАЛАЛАРДЫҢ МҰҢЫ

МҰХИТ АСҚАН БАЛАЛАРДЫҢ МҰҢЫ
ашық дереккөзі

Еуропадағы қазақ балаларын аралаған Жанар Байсемізова бұл жолы мұхит асып, қазақ балаларын іздеп қайтты. Отызға жуық қазақстандық баланың тағдырына куә болған журналистің көзімен көргендері мен көңілге түйгендері бар. Өрімдей балалар ата-анасын іздейді. Мұхиттың ар жағында жүрсе де, анасына алаңдайды. «Тапсам» деген үміт ұшқыны да жоқ емес. Тілі ағылшынша шыққан, америкалық отбасында тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларының көбі өздерінің қазақ екенін біледі. Өйткені асырап алған ата-анасы олардың қазақ екенін жасырмайды екен. Реті келсе, қазақша үйретіп, қазақтың салт-санасын бойға сіңіруге тырысқан америкалық отбасылардың қолында өсіп жатқан қазақ балаларымен танысқан Жанардың айтары көп. 

– Жанар, Америкаға барған алғашқы сапарың емес. Бұл жолы не көрдің, нені аңғардың, нені көкейге түйіп келдің? 

– Америка Құрама Штаттары мен Канаданы қосқанда бір айдың ішінде отыз шақты баламен кездестік. Сан түрлі тағдырлар. Бірі бірінен асып түседі. Бұл жолы, кезінде туған анасы қоқысқа тас­тап кеткен қыз бен бір кезде Алматы қаласындағы көшелердің бірінде шырқырап жылап жатқан сәбидің де тағдырларының қалай қалыптасқанын көрдік.  

– Отыз шақты баланы табу оңай болмаған шығар. Балалардың нақты мекен-жайын табуға кімдер көмектесті? 

– Әрине, балалардың ата-аналарымен алдын-ала келіссөздер жасалды, екі-үш ай көлемінде жоспар құрылды. Уақыт тапшылығынан келісімін берген кейбір отбасыларына соға алмадық. Жалпы, Еуропа елдеріндегі және АҚШ пен Канададағы қазақстандық балғындарды табуға, олардың ата-аналарының келісімін алуға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетті. Оның ішінде Халықаралық ақпарат комитетінен Жанболат Үсенов, Нұрбек Алмашов, Консулдық қызмет департаментінің директоры Қасымқұлов Нұрлан Әбілқасымұлы, АҚШ бойынша Америкадағы Қазақстан Елшілігі, консул Рақым-Жан Ахметов, Нью-Йорктағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы, Нью-Йорктегі Бас консул Раушан Есболатова, консул Ерлан Құбашев, вице-консул Қадыр Қайыпов, Канададағы Қазақстан елшілігі, консул Нұрлан Жанбатыров, Дания Шалғынбаева, АҚШ-та тұратын қандасымыз, халықаралық бала асырау істері жөніндегі сарапшы Айнұр Көкетаеваның есімдерін атап өткім келеді. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің біріккен жобасы деп санауға болады. Жалпы, шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының мекен-жайлары, оларға қатысты барлық ақпарат бала асырау заңдылықтары бойынша өте құпия сақталады. Қайда тұратынын білген күннің өзінде біз оларға хабарласып, сіздерді теледидарға түсірейік деп едік деуге болмайды. Әр  қадамын аңдап басатын, өз құқығын бүге-шігесіне дейін білетін шетел азаматтары бұған көне қоймайды. Олар бізге балаларға қатысты қандай да бір ақпаратты беруге міндетті емес. Олармен тікелей байланысқа шығып, баланың өміріне қатысты кез келген мәліметті алуға, бүлдіршінмен кездесуге тек шетелдегі қазақстандық консулдар ғана құқылы. Шетелде жеке өмірге қатысты  дерекқор, балалардың өмірі, құқығы қатаң сақталады. Сол үшін де бағдарлама түсіргеннен бөлек, әлеуметтік желілерде, ғаламторда балалардың суреттерін жариялау үшін алдын ала рұқсат алу қажет. Осыған байланысты маған келісімін берген қазақ балғындарының ғана суреттерін іссапар барысында жариялап тұрдым. Осы жолы, өзім 2009 жылы кездескен  балаларды тағы да көрдім. Олардың біреуімен жолығуға Америкада тұрып жатқан қазақ әйелі, халықаралық бала асырау істері жөніндегі ғылыми еңбектің авторы Айнұр Көкетаеваның көп көмегі тиді. Ермек деген кішкентай бала қазір жігіт болыпты, он үштен асқан. Оның мектебіне барып, ұстаздарымен кездестік, сабақ үлгерімімен таныстық. АҚШ-тағы  білім ордаларында түсірілім жұмыстарын жүргізу өте қиын, ата-аналарының рұқсатынсыз балалардың түрін көрсетуге қатаң тыйым салынған. Осылайша бір ғана мектепте 1-2 сағат түсірілім жұмыстарын жасауға 1-2 ай көлемінде келісім жасалды. Бұл ұйымдастыру жұмыстарының басында Айнұр ханым жүрді. 

– АҚШ-тағы балалардың нақты санын анықтай алдың ба? 

– 6609 бала. Консулдық есепте тіркелген балалар саны. Дегенмен кейбір ақпараттарға сәйкес Америкадағы қазақстандық балғындар саны жеті мыңға жетіп қалған. 600-дей бала кәмелеттік жасқа толып кеткен. 

– Елімізден жасырын кеткен балалар бар ма? 

– Ондай жағдайлар кездесуі мүмкін. Бірақ біз оларды біле алмаймыз. Бұрын шетелдік азаматтар қазақстандық балаларды асырап алғаннан кейін, тек өз елдеріне жеткен соң ғана сол мемлекеттегі Қазақстан елшілігіне келіп, консулдық есепке тұрулары тиіс болған. ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Нұрлан Қасымқұловтың айтуынша, кейбір ата-аналар бұл талаптарды орындамаған. Осыдан кейін ғана Сыртқы істер министрлігі бұл келеңсіздікті жойып, шетелдіктердің баланы шекара аспай тұрып тіркеуге қоюы туралы қатаң шарт қойған. Сондай-ақ шетелдік азаматтардың арасында асырап алған  балаларға қатысты  жыл са­йын берілуі тиіс есепті өткізбегендері өте көп екен. Жалпы, Америкада соңғы уақытта қазақстандық жетім балаларға қатысты тіркелген жайсыз оқиғалардан кейін Қазақстан АҚШ азаматтарының  біздің елден бала асырап алуына уақытша мораторий жариялаған болатын. Сондай-ақ Қазақстан АҚШ Мемлекеттік департаментіне елімізден асырап алынған барлық балалардың өмірі, тұрмысы, психологиялық ахуалы, жалпы жағдайларына қатысты, олардың ата-аналарына байланысты толыққанды ақпарат беруге талап қойған еді. Осыдан кейін екі ел арасында арнайы жұмыс тобы құрылып, 2013 жылдың қараша айында Вашингтонда отырыс болып өтті. Бұл жиынға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Нұрлан Қасымқұлов, Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер, Бас прокуратура өкілдері, ҚР АҚШ-тағы Елшілігінің консулы, Нью-Йорктегі Бас консул қатысты. Ал, Америка жағынан мемлекеттік департамент, иммиграциялық полиция, балалардың ісі бойынша бюро өкілдері болды. АҚШ қазақстандық балаларға қатысты  бірқатар мәліметтерді тапсырды. Америкадағы  қазақстандық балалардың  өміріне  қадағалау жүргізіп отыру мақсатында екі ел тарапынан құрылатын жұмыс тобының отырысы әр жыл сайын өткізілетін болып шешілді, келесі жиын үстіміздегі жылы Қазақстан территориясында ұйымдастырылуы тиіс. АҚШ Мемлекеттік департаменті американдықтар асырап алған балаларға қатысты тағы  бірер ақпаратты ұсынған­нан кейін ғана екі ел арасындағы бала асырау процесінің қашан ашылатыны анықталады. 

– Америкадағы зорлық-зомбы­лық­қа ұшыраған қазақстандық балалармен кездесуге мүмкіндік болды ма? 

– Ағалы-қарындастың үлкені кәмелеттік жасқа толып кеткендіктен, енді Қазақстан азаматы емес. Қыз бала ғана Қазақстан азаматы болып танылады. Бұл балаларды Петропавлдан 2004 жылы асырап алған. Қазіргі уақытта екеуі екі бөлек, басқа америкалық отбасыларда тәрбиеленуде. Мен барлық мүмкіндіктерді қарастырдым, бар амалдарды жасадым,  бірақ балалармен кездесу мүмкін болмады. Олардың аты-жөндері,  мекен-жайларына қатысты ақпарат өте құпия. Олармен Қазақстан тарапынан тек бір адам ғана кездесті. Ол – Мейоттарға қатысты барлық сот процесіне қатысқан Қазақстанның Нью-Йорктегі Консулы Ерлан Құбашев. Бір айта кетерлігі, қазақстандық дипломаттардың өзі оларға  балалардың адвокаты арқылы ғана шыға алады. Олар АҚШ ақпарат құралдарына да ешқандай түсініктеме бермеген. Қазір олар қалыпты тіршілікке араласқан, психологиялық ахуалдары да  тұрақталып қалды. Ешқандай көмекке зәру емес екендерін айтқан, сондай-ақ болашақта туған жерлеріне келгілері келетіндерін жеткізген, өйткені Қазақстанда олардың туыстары қалыпты. Қазақстаннан шыққан жігіттен туылған нәресте өзімен бірге басқа отбасында тұрып жатыр. Қыз бала басқа жанұяда. Жалпы, АҚШ-да патронаттық жүйе жақсы жолға қойылған. Қандай да бір себеппен балалар ата-ана қамқорлығынан шеттетіліп жатса, отбасында зұлымдыққа тап болса немесе әке-шешесі нашақор болса, түрмеде отырса, өмірден өтсе т.б. әлеуметтік қызметкерлер дереу балаларға басқа отбасыларын іздей бас­тайды. Алайда  бала өмір бойы сол әлеуметтік қызметкер орналастырған бір жанұяда тәрбиеленеді деген сөз емес, егер ол қаламаса өзі шешеді, яғни тағы басқа ата-аналар іздестіріледі.  

– Жалпы, Америкада тәрбиеленіп жатқан қазақстандық балалардың кәмелетке толғаннан кейін елге оралуына мүмкіндігі бар ма? 

– Ал олардың оралғылары келе ме деген сұрақ сізді мазаламай ма?! Жалпы, екі азаматтық алу бізде мүмкін емес. Тек шетелдік азаматтар асырап алған балаларға ғана рұқсат бар. Кәмелетке толғаннан кейін оларға таңдау құқығы беріледі. Алайда, көп жағдайда олар сол өздері өсіп-жетілген елдің азаматтығын таңдайды. Қазақстан олар үшін енді жат ел саналады. Тілді білмейді, ағайын-туысы жоқ, олар не істемек? Дегенмен  қазақ балаларының Қазақстан дегенде жандары бөлек. Тек олармен арадағы байланысты үзбеу керек, шетке кетсе де қазақ болып қалатынын олардың жүрегіне жеткізу қажет. 

– Қазақылығы бар, әлі де болса ұлттық ұстанымын жоғалтпаған балалар кездесті ме? 

– Әрине, ондай балалар көп. АҚШ-тың Род Айленд деген штатында қазақ ауылы бар. Сара деген қазақ қызын асырап алған Сюзен Саксон  деген американдық әйел құрған бұл ұйымды. Сол қазақ ауылы жыл са­йын «Жайлау» деп аталатын жазғы лагерь ұйымдастырады. Бұл жерге  Американың барлық штатындағы қазақстандық балалар жиналады. «Жайлауда» олар қазақтың тарихын, тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ән-жырын үйренеді. Ұлттық тағамдар әзірленеді. Ұлттық ойындар ойнатылады. Қазіргі уақытта бұның барлығы бізден бала асырап алған америкалық ата-аналардың  күшімен жасалуда, сондай ақ Қазақстаннан арнайы мамандар шақырып отырады. Осының барлығы қазақ балаларының тамырын жоғалтпауы үшін, өздерінің кім екендерін, қайдан шыққандарын білуі үшін атқарылып жатқан шаралар.  «Жайлауда» болған балалар қазақша сөздерді біледі,  қазақ биін орындай алады, домбырада ойнайды. Осы жазғы лагерьде Даяна деген қазақ қызын асырап алған әйел қазақтың зергерлік бұйымдарын істейді екен, соның қолынан шыққан  қазақтың шаңырағы бейнеленген алқа, сырғаларды қазақ балалары мен америкалық ата-аналар тағып жүр. Бұл туралы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының алдағы көрсетілімдерінің бірінде айтылады. 

– Америкалық отбасылар өзде­рінің асыраушы екенін балаларынан жасырмай ма? 

– Жоқ. Кішкентай кездерінен айтады. Суреттерін көрсетеді. Балалар үйіндегі суреттерін міндетті түрде көрсетеді. «Сен менен туылған жоқсың», «Сен маған берілген тағдырдың сыйысың», – деген сөздерді айтады. Туған ата-аналары жайында жағымсыз  пікір қалыптастырмайды. «Сенің болашағың жақсы болсын деген оймен сені маған берді», – тәріздес сөздермен өсіреді. Еуропалықтар  сынды америкалықтар да бала өзінің  түбірінен ажырап қалса, толыққанды адам болып қалыптаса алмайды деген ұстанымда. Мэриленд штатындағы бір отбасында қазақ қызы мен вьетнамдық қыз апалы-сіңілі болып өсіп жатыр. Оларды асырап алған ерлі-зайыптылар  Вьетнамға барып, қыздың туған әке-шешесін, жақындарын та­уып, кездескен. Енді уақыты келгенде олар  қазақ қызының да туғандарын іздеп көрмекші. 

– Еуропалық балалар мен амери­калық отбасында тәрбие алып жүрген бала­лардың айырмасы қандай? Бай­қап көрдің бе? 

– Америка жер шарының басқа бөлігінде жатыр. Арамызда мұхит. Оған қарағанда Еуропа бізге біраз жақындау. Алайда Еуропаға қарағанда, Америкадағы балалардың көпшілігі Қазақстаннан көбірек хабардар. Мұның барлығы қазақ ауылына қатысты болар деп ойлаймын. Олар бір-бірімен қарым-қатынасты үзбейді. Еуропада ондай ұйым жоқ. Алайда бәрібір олар енді қазаққа бөтен. Тіл, менталитет, болмыс, бағыттары бөлек. Өте алғыр, зерек, ақылды балалар. Сенің сұрағыңа өзі қайтара сұрақ қояды. 

– Жүрегіңді ауыртқан көріністер болды ма? 

– Ермек деген бала бар. Мен онымен 2009 жылы кездескем. Қазір жасы он үштен асыпты. Менен туған ата-анасы туралы сұрады. Не үшін  шын аты-жөндерін қалдырмаған деп. Бұл сұрақтың жауабын ешкім білмейді, әрине. Сосын Ермек бұл сұрағына өзі қайта жауап берді. «Олар мен өскен соң, Қазақстанға барып, бізді іздеп, тауып алмасын деп ойлаған шығар», – деді. Ермектің тура сол сөзді айтқандағы  бейнесі, түрі әлі күнге көз алдымда. «Мен америкалық болып кеттім, бірақ Қазақстанға оралсам, қайтадан қазақ бола алам, қалай дегенмен де мен туған еліме адал болып қалғым келеді». Бұл АҚШ-тың астанасы Вашингтон қаласында тұратын он жеті жасар Темірлан деген баланың айтқаны. 

– Бұл бағдарлама жалғаса ма? 

– Құдай бұйыртса, жалғасын  табады деген үмітім бар. Әлемнің отыз елінде қазақтың балалары бар. Тіпті, Африкада да. АҚШ-та іс-сапар барысында, бірінші күндері  қатты жабырқап, қалың ой құрсауынан шыға алмай жүрдім. Жалпы, шетелге кеткен балалармен кездесуге, оларға түрлі сұрақтар қоюға, олардың өміріне араласуға менің моральдық құқығым бар ма деген ойлар қатты мазалады. Бұл жоба жарық көруде. Демек қазір болмаса да, болашақта бағдарламаның шығуының да бір қайыры болғанын білетін шығармыз. Бір сауапты іске себепші болар, бәлкім. Қазақстан қоғамына ой сала алатын шығар!  

– Рахмет! 

Әңгімелескен Гүлзина Бектас