Театр һәм Теменов

Театр һәм Теменов

Театр һәм Теменов
ашық дереккөзі

Таяуда Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар және
балалар театрының бір топ әртісі аталмыш театрдың директоры Талғат Теменовтың
орнынан кетуін сұрап, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына
мәлімдеме жолдады. Онда былай делінген:

“Қазақстан Республикасының 
 Мәдениет министрі 
Арыстанбек Мұхамедиұлына 
Ғ.Мүсірепов ат.  Балалар және жасөспірімдер 
театрының  ұжымынан 

Мәлімдеме


Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы, біз
театр директоры Талғат Теменовтың қызметтен кетуін талап етеміз.

Себебі:

1) Театр «қазақ
өнерінің қара шаңырағы» деген киелі атаудан жұрдай болып барады. 
Репертуарымыздың тоз-тозы шыққан. Бұған Теменов мырзаның драматургия саласын
кеудесімен басып «жатып алуы» басты кесірін тигізіп отыр.  Қазақстанда Теменовтан басқа драматург
жоқ па?! Ұлы қаламгерлерден қалған ұлы шығармаларды олақ қолымен қасиеттен
жұрдай етіп, өз атынан сахнаға шығарады.  Қазақтың асқаралы алыбы Мұхтар 
Әуезовтың «Қарагөзін»  – «Айқарагөз», 
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселімін» – «Қызыл
орамалды шынарым», әлем әдебиетінің шыңы А.С. Пушкиннің  «Сказ о царе
Салтане» деген ертегісін «Шығыс сазы» деп шатпақтап, киелі өнерге қиянат
жасауда. Классиктерден мұрға қалған туындылардың  Ғ.Мүсірепов
театрындағы қойылымдық нұсқаларын көрсеңіз аза бойыңыз қаза болады. 
Пушкиндік қолтаңбаның жұрнағы қалмаған «Шығыс сазының» соңында  ел алдына
шығып, тағзым етуге ұяламыз. Көрермен ұялғаннан қол соғады, біз қысылғаннан
иілеміз… Ал түзету туралы сөз қозғасаң Теменовтың «тепкісіне» қаласың. Ұжым
арасындағы «Шекспир» деген лақап атына масаттанатын директорымыздың екі сөзінің
бірі: Тетрдан қуып шығамын!  Қазақ өнерінің киесі де, иесі де бір өзі?!
Бірнеше адамды қызметтен шығарып та жіберді. Теменовтың қол астындағы
қызметкерлерді тобымен той-томалаққа жіберетін де «әдеті» бар. 
Балалардың туған күнінде, мықтылардың балаларының тойында  той иесінің
Теменовке «өтіп кеткенінің» өтеуін біз қайтарамыз. Актер деген қасиетті
мамандықты таңдағандардың  көрері осы ма еді?  Театр ғана емес, 
ұжым да  Теменовтың меншігіне айналған.  Әйел, еркегіңе қарамай
репетиция кезінде аузына келгенін айтады.  Тіпті, техникалық
қызметкерлерге қол да жұмсады. Министр мырза, сізге сұрақ: Театр ұжымы
Теменовтың құлақ кесті құлы ма?
2) Театрды сыбайлас  жемқорлық жайлаған. Тықыр таянғанда  Бас есепші,
орынбасарларын  «жазалап», жұмыстан шығарады да, өзі «сүттен ақ, судан
таза» болып шыға келеді. Бірақ Теменовтің де таза екеніне күмәніміз бар. Өткен
жылы «Ресейдің Орынбор, Омбы қалаларына гастрольге баруға 13-15 миллион теңге
бөлінді» деді. Артынша « мен сұраған ақша толық берілмеді, бармаймыз» деп, шорт
кесті. Сонда, бөлінген қаржы қайда кетті? Теменов «Қазақстан» Ұлттық арнасынан
«Судағы із» деген сериалды түсіруге қаржы алды. Театрдың бар техникасын
пайдаланды,  ұжымның бір бөлігін  сол киноға түсірді. Бірақ
ешкімге  көк тиын төлеген жоқ. «Ақша бітті» деген бір ауыз сөзбен
актерлардың да көмейіне құм құйды,  сериал да консервацияға түсті. 
Шығармашылық топқа ақы төлемесе6 ол ақша
желге ұшты ма? Арна да асықпады, Теменов те созбаққа салып жүрді. Осы
қыста  Талғат Теменов сол сериалдың жалғасын түсіре бастады. Қаржыны
қайдан алды?  «Қазақстан»  телеканалы тағы ақша бөлді ме? 
Бұл – театрдың залын жеке мекемелерге жалға беріп, шырша тойын ұйымдастырудан
түскен қаржы болар?  Сол шыршада түрлі ертегі кейіпкерін сомдап шалдығатын
ұжымның маңдай тері шығар? Қызылорда қаласына бір апта гастрольге барғанда да
қомақты қаржы жиылды. Ол ақша қайда? Театр сахнасы үнемі арендаға беріледі…
Тағы да «қайда кетеді?» деген сұрақ алдыңнан шығады? Құрық бойламайтын
құрдымнан анталайтын көп сұрақтың жауабын заң орындары таппаса біз  айтып
бере алмаспыз…. Біздің еститініміз – «Ақша жоқ!

051cfbde0ca0263a9483f34146d81ba0.jpg

3)  Теменов үшін
шығармашылық еркіндік, шарықтау деген түсініктер жоқ. Өзі бір спектакльге 
4-5 ай  репитиция жасап жүріп алатын директорымыз маусым ашыларда
2-3 режиссерді уақытқа таластырып, берекетімізді алады. «Аз уақыт қалды» 
деп жанталасып жүргенде «Сахнаны жалға алушыларға босатып беріңдер!» деп
алқымнан алатыны тағы бар. Ұрыс-керіс, айғай-шумен әзер сахналанған
қойылымдардан көрермен қандай ләззат алсын… Режиссерлер де, актерлер де мезі
болды. Театр не өнер, руханият  қайнары, не Теменовтың табыс ордасы
болсын!

Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы, бұл
қазірде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және  жасөспірімдер театрындағы
ахуалдың ұшығы ғана. Бәрін қағазға тізіп бітіру мүмкін емес.  Біздің
талабымыз:  Талғат Теменовты қызметінен алып, театрдың өркендеуіне жол
ашыңыз!  Біздің Теменовте «алты аласы, бес бересіміз» жоқ. Бірақ, қазақ деген
киелі халықтың өнер жүгін арқалап жүрген азаматтар болғандықтан құлша бүгіле
бергенді жөн санамадық.  68 маусым еліне қызмет етіп келе жатқан Киелі
ордамыздың батпаққа батып бара жатқанына үнсіз қарай алмадық. «Адам қолымен
шалажансар күйге түскен өнердің соңғы демі шыққанын күтіп жүре бермей,
құтқарайық!» деген ниетімізді Сіз түсінеді, қолдайды деп сенеміз!

Талабымыз орындалмаса біз сахнаға
шығудан бас тартамыз!

Театр ұжымы


Мәлімдемеге қол қойған бір топ әртіс: «Театр «қазақ өнерінің
қара шаңырағы» деген киелі атаудан жұрдай болып барады.  Репертуарымыздың
тоз-тозы шыққан. Бұған Теменов мырзаның драматургия саласын кеудесімен басып
«жатып алуы» басты кесірін тигізіп отыр.  Қазақстанда Теменовтан басқа
драматург жоқ па?» дегенді айтады. Шын мәнінде, мәлімдеме неге жазылды?  Арыздағы жазылған жайттар қаншалықты шындыққа
жанасады? Екі жүзге жуық ұжымы бар театрда 
жиырма жеті әртіс ғана директорға қарсы ма? Директордың әртістерді
«театрдан кетіремін» деп қорқытатыны рас па? Біз бұл жайттарға қатысты сауалды
театр директоры Талғат Теменов пен театр әртістеріне қойдық. Тіпті, кейбір
әртістер бұл жайттан бейхабар көрінеді. Кейбірі алғаш естіп отырғанын айтады.
Сонда  директорға наразы болып отырған
кімдер?

Гүлжамал Қазақбаева,

Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:

6e2ec4990b7d4e28a16bf9e1b951f266.jpg

 
Гүлжамал апай, әртістердің министрге арыз
жазуына не себеп болып отыр?

– Жалпы, осы театрда жұмыс істегеніме қырық жылға
жуық уақыт болыпты. Театрдың әртүрлі кезеңін басымыздан өткіздік. Шарықтау шегі
де болды. Театр дегеніміз тірі организм. Тірі организм болғаннан кейін оның
түрлі кезеңі  болады. Ауыратын кезі,
жұлдызды сәті болады.  Дәл қазір
әртістердің осыншалық шу шығарып, министрге хат жазатынындай, күйреп жатқан
ештеңе көрмей тұрмын. Театрымызда жастарымыз билеп, өз жұмыстарын атқарып
жүр.  Отыз әртістің бірдей сахнаға шығып
билейтінін қай театрдан көрдіңіз?! Жастарымыз шетінен ән айтады. Өйткені
театрда дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді. 
Әртістерге жақсы жағдай жасалған. Киноға түсесің бе, бар, түс. Уақытын
береді. Репетициядан босатады. Ең бастысы, ақшасы сақталады. Теменов еш уақытта
ешкімнің ақшасын кесіп тастаған емес. Әйтеуір, әртістің жағдайын жасап отыр.
Теменов директор болып келгелі, айлығымызға елу пайыз ақша қосылды.  Шығармашылық процессте ренжісетін де,
өкпелейтін де сәттер кездеседі. Бірақ оны жеке бастың жаулығына әкеліп, тырнақ
астынан кір іздеудің қажеті қанша? Ең бастысы, әртіске қажеті не? Роль.
Ролімізді ойнап жүрсек, одан артықтың қажеті жоқ. Құдайға шүкір, шет елдерге де
жиі гастрольдік сапарларға шығамыз. Қайда барсақ та, көрермен жақсы қабылдайды.

 
Сонда арыз туралы мүлдем естімедіңіз бе?

Маған Еркін Әбдіреш
хабарласып, «Гүлеке, театр құрып бара жатыр. Арызға қол қойыңыз», – деді. Мен
оған қол қоя алмайтынымды жеткіздім.  Қол
қоятын жастан асып кеткенімді айттым. Сол үшін екеуміз аздап, сөзге келіп
қалдық. Осындай арыз жазылайын деп жатқанын содан естідім. Теменовтың бұл
театрға істеген жамандығын өзім көргем жоқ. Қанша адамдар атақ-дәрежелер алып жатыр. Рольдерін ойнап жатыр. Еңбектері
бағалануда. Режиссерлер «мынадай пьесам бар еді» деп келсе, соны қойдырмай
жатқанын естіген емеспін. Бәрі де қойып жатыр. Мен неге арыз айтуым керек.

Райхан Қалиолдина, актриса:

22f51f93311a20f74cc18a2930a5721f.jpg

– Театр ұжымы арасында бұған дейін алауыздық болып па еді?

– Жұмыс барысында, пенде болғаннан кейін
өкпе-реніштер болады. Бірақ дәл мәлімедемеде көрсетілгендей дүниелер болды деп
айта алмаймын.

– «Театрдан
кетіремін» деген сөздер қайдан шыққан?

Директордың олай
дегенін өз басым естіген жоқпын.Театр
директоры әртістер үшін жатақхана да салып берді. Сол жатақхана үшін қаншама
сөз естіді. «Заңсыз салынды» деп, айтқандар да болды. Өзіңіз қараңызшы, пәтерде
тұрып көрсеңіз, қанша ақшаңыз кетер еді. Жатақханада тек қана актерлер ғана
емес, техникалық қызметкерлер де тұрады. Кір жуатын машинасы бар. Ыстық, суық
суы бар. Одан артық не қажет?

– Мәлімдемеде «техникалық қызметкерге қол жұмсады» деп жазылған. Шын
мәнінде, директордың ашуға беріліп, сондай іс-әрекеттерге барған кезі болды ма?

– Ондай кезін көргенім жоқ. Тіпті естіген де
емеспін. Жұмыс барысында ашуланып, ренжіген сәттері болған шығар, бірақ «бас
жарып, көз шығарыпты» дегенді естіген де, көрген де емеспін.

Мүмкін,
әртістерді рольден қысатын шығар. Қалай ойлайсыз?

Театрда қаншама
актер бар. Оның әрқайсысына сай келетін рольдерін береді. Біреуге беріп,
біреуге бермей қойыпты дегенді білмеймін. Кез келген театрда рольді режиссерлер
бекітеді. Онда да әртістің оң жамбасына келетін рольдерді береді ғой.

Қадырғазы Қуандықов,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

38c2edab7569c317f3b40cb57522bf19.jpg

– Біз үш төрт күн Алматыда болған жоқпыз.
Іс-сапардан келдік. Сербияға барып 
қайттық.  Өзіміз де таң қалып
отырмыз. Менің таң қалып отырған бір нәрсем, Теменовтен көп жақсылық көрген
жандардың оған қарсы мәлімдеме жасап отырғаны. Қол қойған жастардың көбі басты
рольдерді ойнап жүр. Ешқайсысы да рольден кенде емес. Тіпті, есіктің  алдында үйлері бар.

Олардың
наразы болып, арыз жазуына не түрткі болды?

– Дәл осы сұрақ менің де көкейімде тұр. Олар неге
ондай қадамға барды дегенді олардың өздерінен сұрамасаңыз, мен оның жауабын
білмеймін. Маған да жастар хабарласты. Бірақ мен өз жауабымды бердім. Мен
өзімнің сөзімді айта алатын адаммын. Талғатқа көңілім толмай жатса, оны өзіне
айтамын. Хат жазып, арыз жазу, менің қанымда жоқ. Көп нәрсенің анық-қанығын
білмеймін. Менің ұққаным, бұлар өнердің қамын ойлап, ешқайсысы жауға шабайын
деп отырған жоқ. Бұл жерде әрқайсысы, өзінің жеке ішкі наразылығын айтып отыр.
Тіпті, біреулерінің қойған спектаклінің ақшасы аз боп қалған. Содан тұтанған
өрт қой. 

Динара Әбікеева,

актриса, режиссер:

– Мәлімдемеде «Судағы із» сериалына байланысты да мәселе көтерілген. «Ақшасын
бермей кетті» деген сөз қаншалықты шындыққа жанасады?

– Түскен актерлер киноның ішкі саясатын білмейді.
Біз қазір сегіз серияны түсіріп біттік. Құдай қаласа, монтажын жасап, дыбысын
жазып, екі арнаға ұсынатын боламыз. Одан кейін, олар бізге транш береді. Содан
кейін біз актерлердің ақшасын береміз.

Мұхитдин  Шынтаев, актер:

– Мәлімдеме жасаған актерлердің ішінде кейбіреуі
театрға кеше ғана келген жас жігіттер. Менің өзімнің  театрға келгеніме он екі жылдан асып барады.
Мұндай нәрселерді айту үшін көп нәрсені ойлауым керек. Түсінуім керек алдымен.
Театрға менде әлі ештеңе сіңіргем жоқ. Бұл жерде өнер деп жанталасып жатқан
ешкім жоқ.  Бір жыл бұрын жұмысқа келген
баланың театр туралы пікір айтып, кем-кетігін сынайтындай да жөні жоқ еді.  Өйткені ол әлі театрға сіңісіп,  театрдың оң-солын танып та үлгерген жоқ.


Тоғыз жыл бойы жастар мен балалар театрын басқарып келе жатқан Талғат
Теменовтың атына жаңа министр тағына отырған сәтте мұндай арыздың жазылуы
көпшілікті таң қалдырғаны рас. Ал директордың өзі бұған қалай қарайды?  Талғат аға қазір ҚР Президенті іс басқармасы
медициналық орталығының ауруханасында жатыр екен. Мәлімдемеге орай
хабарласқанымызда, ол кісінің өзі оны сайттан оқығанын айтады.

96b9cbd5f233edf582484388a6d368a5.jpg

– Бұл мәлімдеменің өзін бүгін ғана көріп отырмын.
Біріншіден, мен театрға келген тоғыз жылдан бері жиырма бес адамға
атақ-дәрежесін алып  бердім. Он бір
әртіске пәтер алып бердім. Қырыққа жуық адам жатақханада тұрады. Мұның өзі
заңсыз салынған жатақхана. Азды-көпті актерлердің жағдайын жасап отырмын.
Театрда би алаңы, спортпен айналысатын арнайы бөлме, бильярд ойнайтын бөлме де
бар. Дауыс жазу студиясы жұмыс істейді. Балалар бос жүрмесін деп, алдын-ала
барлығын дайындатып қойдым. «Теменов ректор болып кетеді немесе министрдің
орынбасары болып кетеді екен» дегенді пайдаланып, арнайы ұйымдастырған нәрсе ме
деп ойлаймын.

– Осыны ұйымдастырды деп, күмәнданып отырған адамдармен араңызда
келіспеушіліктер болып па еді?

–Осыдан бір жыл бұрын Еркін Әбдірешке  балаларға арналған спектакльды бергем.
Спектакль нәтижесіз болды. Спектакльді қайта жасаттым. Безендіруін, бәрін
өзгертіп бердім. «Режиссерлікті бітірдім, мен неге спектакль қоймаймын?» деп
ренжиді. Шын мәнінде өте дарынсыз режиссер.

Арызға
қол қойған актерлермен сөйлестіңіз бе?

– Жоқ. Арасында Қуаныш деген жас актеріміз бүгін
өзі маған келді.  Ол өзінің қол
қоймағанын айтып, зар жылап отыр.

– Бұдан кейін өзгерістер бола ма?

Жұмыс істей
беремін.  Арызға қол қойған жас балаларға
да  кінә арта алмаймын. Олардың көбіне
мәжбүрлеп қол қойғызған. Олардың әлі тәжірибесі де аз. Сондықтан, бұған
көрермен де дұрыс қарайтын шығар деген ойдамын.

P.S. Мәлімдемеге қол қойған актерлермен хабарласқымыз келіп, ұялы
байланысына қоңырау шалған едік. «Байланыс аясынан тыс жерде болғандықтан»
сөйлесуге мүмкіндік болмады.