ӘНШІНІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР...

ӘНШІНІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР...

ӘНШІНІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР,  ЕСЕРІ БАР...
ашық дереккөзі

Гитлердің қатыгез саясаты кезінде мынадай бұйрық шығарған екен. «И пуст не приходит в голову передавать покоренным народам по радио сведения из их прежней истории. Передавать следует музыку и еще раз музыку» деген екен. Ән мен әуеннің құдіреті шексіз десек те, адамзаттың басын айналдырып, дел-сал күйге салатын да музыка. Музыкасы бұзылған ұлттың рухани құндылығы да, жан-дүниесі де азып-тозады. Ендеше дәстүрлі немесе классикалық әндерді бұрмалап, жұлмалап, бүлдіріп айтып, жаңаша қалыпқа салуға тырысқан әншілер алдағы ұрпаққа нені насихаттап, нені жеткізбекші? Батыстан келген даңғаза әуенді халықтың құлағына сіңіру қандай тәрбие, қандай құндылық береді? Ұлттығымыз бен намысымызды ұмытуға көмектесетін әндерге әншілер неге құштар? Осы мәселелер дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды. Тақырыпқа ой қосып, пікір алмасқан әнші, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кафедра меңгерушісі Дәләл Уәшев, дәстүрлі әнші Шаба Әденқұлқызы, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім және жазушы Дидахмет Әшімханұлы. Дидахмет Әшімханұлы:  5c0c78a24493a88e341bbacd1307d363.jpgч – Редакциямызға қош келдіңіздер! Қазір біз қозғағалы отырған мәселе әлдеқашан пісіп жетілген. Әннің, музыканың адам жан-дүниесіне қалай әсер ететінін мынадан-ақ көріңіз: «Сен маған қандай музыка тыңдайтыныңды айт, мен сенің мінезіңді айтып берейін» деген екен біреу. Бұл аз десеңіз және бір сөзді алға тартайын. Бірде Максим Горький Ленинмен әңгімелесіп отырады. Әңгіме Бетховеннен басталып, «Апассионатаға» бұрылады. Сонда Ленин қызбалана сөйлеп: «Мен музыканы сұмдық жақсы көремін. «Апоссионата» –  ғажап дүние! Керемет дүние! Мен оны тыңдай бергім келеді… Жоқ, тыңдамаймын. Өйткені оны тыңдаған сайын адамдардың маңдайынан сипағым келеді. Ал қазір маңдайдан сипайтын уақыт емес», – дейді. Заман қатал, революцияның кезі. «Апассионатаны» тыңдай берсе, жан-дүниесі жұмсарып, езіліп кететінін біледі. Бірақ уақыт басқа. Көрдіңіз бе, музыканың құдіреттілігі қайда! Қазір «жұлдыз» сөзі жиі айтылады. Өнер жұлдызы, эстрада жұлдызы, анау жұлдыз, мынау жұлдыз дегендей. Бұл кейінгі жылдары шыққан сөз шығар деп ойлайтынмын. Өйткені Кеңес үкіметі тұсында «жұлдыз» дегенді көп естіген жоқпыз. Сөйтсем «жұлдыз» ХІХ ғасырдан белгілі екен. Жазушы Антон Чеховтың 1886 жылы жазған «Пассажир 1-го класса» деген әңгімесі бар. Осы әңгімені оқығанда автор бір езуін тартып, мысқылдап отырғандай әсер қалдырады. Әңгіме кейіпкері пойызда келе жатып, қасындағы ақсақалға «Сіз кімсіз?» дейді. Шал жымиып қана күліп қояды. Ал оны сөзге тартушы адамның өзі Днепр өзеніне көпір салған атақты инженер болып шығады. Көпір біткен соң, халық ризашылығын білдіріп, бұны тұсаукесерге шақырады. Бұл жолға шығады. Жанына әнші көңілдесін ертіп алады. Қатардағы әнші әйел. Днепрге жақындағанда жолдың екі жағынан бұларды асыға күткен халықты көреді. Қолдарында шоқ-шоқ гүл. Еңбегім бағаланды деп жүрегі жарыла жаздайды. Күймемен жақындай бергенде біреулердің даусын естіп қалады: «Жанындағы еркек кім?». Сөйтсе халық еңбегі сіңген инженерді емес, әлгі әнші әйелді күткен екен. Мен «жұлдыз» деген сөзді алғаш рет осы әңгімеден оқыдым. Осыдан екі-үш жыл бұрын Алла Пугачева 60 жасқа толды. Ол туралы жазбаған, айтпаған БАҚ жоқ. Бәрі де оны көкке көтерген. Сол кезде орыстың бір зиялы адамына тележурналист: «Алла Пугачева бізге не берді?» деген сұрақ қойды. Сонда әлгі кісі «Пугачеваның біздің орыс халқына, әсіресе жас ұрпағына аздырып-тоздырғаннан басқа берген ештемесі жоқ» деді бір-ақ ауыз сөзбен. Ешкім ештеңе дей алған жоқ. Естеріне бәрі түскен шығар. Теледидар алдында отырған менің де есіме біраз дүние түскен. Пугачева «жұлдызға» айналған соң, жастардың көбі соған еліктейтін болды. Алла сахнада қандай қимыл-қозғалыс жасаса, бәрі тура соны қайталады. Оның аузынан шыққан әр сөзіне, әр қимыл-қозғалысына, жүріс-тұрысына тіпті отбасындағы тірлігіне дейін еліктейтіндер шықты. Рас, белгілі адам боп өмір сүру оңай да емес. Дегенмен танымал болғанда адам өзіне сақ болуы тиіс, өйткені жан-жағында қалың жұрт бар, жас ұрпақ бар. Оларға қандай тәрбие бердім, қай жағынан ықпал еттім деп ойлануы тиіс. Міне, бүгін әңгімемізге арқау болатын мәселе осы. Дәстүрлі ән керек деп, эстрада әншілерін ысырып тастай алмаймыз. Біз эстрада әншілерін батыстан келген бағыттарға қарсы күш ретінде пайдалануымыз керек. Әйтпесе о жақтан ескен «жынды жел» бәрімізді жынды қылуы әбден мүмкін ғой. Шәба, сен Қазақстанға келгеніңе біраз жыл боп қалды. Қытайдағы қазақтардың, жалпы сондағы шығыс халықтарының музыка, ән жағы қалай? Шәба Әденқұлқызы:  9f255745c8442c6f8570428720a44e85.jpg – Қытай қазақтарының эстрада жанры бойынша өзінің жас әншілері бар. Олар сол әншілерді тыңдайды. Қазіргі кезде көптеген қазақ мектептері жабылып жатыр. Көпшілік қытайтілді мектептерге баруға мәжбүр. Қытай тілін оқығандықтан қытай музыкасын тыңдайды, әрине. Жан-дүниесі қытайшаға бұрылады. Мен ауыл жаққа барған сайын қазақ эстрада әншілерінің орындауындағы әндерді апарып беремін. Фонограммасымен, болмаса ән жинақтары мен дисктерді жинақтап апаруға тырысамын. Өзімнің іні-бауырларым ән айтпаса да, қазақ әндерін сүйіп тыңдайды. Аз да болса көмек болсын дегенім. Бірақ көбінде қытай эстрадасы мен эстрада жұлдыздарына ауып кеткен. Қазақ әншілерінен бірді-екілі адамды ғана тыңдайды. Дәстүрлі әндердің жағдайы қиын. Менің білуімше, жоғарғы оқу орындарында дәстүрлі музыка бойынша арнайы мектеп қалыптаспаған. Сондықтан ата-әжелерінен үйренген деңгейде ғана айтады. Оны дамытып, өрісін кеңейтетін мектеп жоқ. Дидахмет Әшімханұлы:  – Атақты Әсет өмірінің соңғы жылдарын Қытайда өткізді. Керемет әнші, керемет композитор. Әсеттің жолын жалғастырып, соның әндерін айтатындар бар ма? Шәба Әденқұлқызы:  – Білмедім. Дидахмет Әшімханұлы:  – Қытайлықтар – шығыс халқы ғой, бізге ұқсастықтары баршылық. Корейден де, жапоннан да ұқсастықты аңғаруға болады. Осы халықтың эстрада жанрының дамуы қалай? Шәба Әденқұлқызы:  – Қытай халқы лирикалық әндерді ұнатады, соған сәйкес лирикалық әндерді айтатын әншілері басым. Рок, поп-рок бағытындағы әншілер бірен-саран. Қытай эстрадасына бір риза болатыным, концертке билет сатылған соң, міндетті түрде жанды дауыспен ән айтылуы тиіс. Қазақ елінен барған әншілер де жанды дауыспен ән салуға міндетті. Үкімет тарапынан бекітілген комитет бар. Концертке рұқсат алынып, күні белгіленген соң, комитеттен өкіл қатысады. Ол залда отырып, концертке бастан-аяқ қатысады. Егер бірінші ән – жанды дауыспен, келесі ән – фонограммамен айтылса, комитеттің өкілі аппараттың дереу өшірілуін талап етеді. Өйткені концертте ән міндетті түрде жанды дауыспен айтылуы керек деген заң бар. Қытайда Көктем мерекесі немесе «шаған» кеңінен тойланады. Көктем мерекесіне арналған бір-екі концертке қатыстым, олар ешқашан шетел әншілерін алдыртпайды. Кейде шетел асып кеткен қытай әншілерін шақыртуы мүмкін, бірақ Қазақстандағыдай Астана күні немесе Тәуелсіздік және басқа да мейрамдарға арналған концерттік бағдарламаға ешқашан сырттан әнші қатыстырылмайды. Дәлел Уәшев: 367d4732aa610e6157380877e9ecee03.jpg – «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Бұл төңіректе әңгіме көп. Айтылып та жүр. Қазақстанда қит етсе шетелден әнші алдыртады. Мемлекеттік мерекелер шетелдік әншілерсіз өтпейді. Оларға мыңдаған, миллиондаған қаражат беріп шақырып, ал өзіміздің әншілер сыртында қалып жатады. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген осы. Шетелдік әншілердің несі артық? Неге олардың өнері жоғары бағаланады? Әнші-орындаушылар арасында мынадай дүние бар. Дүниежүзінде үш әнші халық бар. Итальян, украин және қазақ халқы, бұл вокалистер арасындағы даусыз мойындау. Себебі неде? Ұлттық әннің құрылымына қарап-ақ халықтың дарыны мен әншілік шеберлігін анықтауға болады. Қазақ әнінің кез келгенін айту оңай емес. Классикалық ән мен операның отаны – Италия десек, кең деммен айтылатын ариялардан қазақтың бірде-бір әні кем емес. Бір ән – бір ария. Кешегі Біржан салдың, Ақан серінің әндері… «Тілеуқабақ», «Сырымбетті» айтып көр, екі октавадан кем емес. Украин халқының әндері де кең тынысты. Қазақ халқының әндері мен әншілері дүниежүзінде бағаланады. Марқұм Ермек Серкебаев Абай атындағы Опера және балет театрында өткен 70 жылдық мерейтойында сахнада тұрып: «Мен әннің астары мен ән айтуды енді түсіне бастадым», – деді. Ол кезде атақтың бәрін алып қойған, халықты талантына мойындатқан кезі. Әншінің естісі бар, «есері» сол ағамыз шығар, сондай атақ-дәрежесі бола тұрып, өзін оған дейін мықты әншімін деп санамаған. Ал қазір барлығы бірден «жұлдыз» боп шыға келеді. Екі әнді фонограммамен жазады, бірден сахнаға шығады. Сосын «мен жұлдызбын» дейді. Бұл сөз егемендік алғалы бері көбейген сияқты. Кеңес үкіметінің құрамында болғанда әнді де, әншіні де електен өткізетін бақылау болды. Радиоға ән беру үшін сөзінің астары, әнінің құрылымы тексерілді. Ақыны мен композиторына дейін елеп-екшеп өткізетін. Сол кезде халық жақсы көретін, сағына тыңдайтын санаулы-ақ әншілер мен ансамбльдер болды. Қазір екінің бірі әнші. Дидахмет Әшімханұлы: – Кеңес үкіметі тұсында Алматыға Алла Пугачева келді. Сахнада дараңдап, қатты шу шығарып кетті. «Вечерняя Алматы» газеті бірден жариялады. Ертеңінде концертте халықты сыйламайтындығын көрсетті. Бұл 84-85 жылдар болса керек, ән айтып жүріп, газетті жыртып, аяғымен таптап кеткен. Ән – идеологияның бір саласы. Санаға не сіңсе, сол – идеология. Тәрбиеге не жетелесе де, оның тетігі – идеология. Нарық пайда болған соң дарынды-дарынсыз әншілер, жеңіл-желпі әндер пайда болды. Жас ұрпақтың бойына ізгілікті дарыту үшін әнді пайдалану керек. Құран оқитын қарилар керемет әуезбен оқиды. Мәтіндегі ұйқастық пен әуез өне бойыңды балқытады.  Аманхан Әлім: ed15d90186bfd95a2f6ec376302df856.jpg – Мен осы тақырыпты зерттеп, кезінде біраз мақала жаздым. Тақырыбы «Есірік саз естен айырып барады». Қазіргі рок-музыка, шоу-бизнес – ешқандай заңмен қудаланбайтын, ешкім тыйым салмайтын «есірткінің» бір түрі. Түбі қайдан шыққаны, қайдан келгенін білмейтін жастар рок музыкаға, шоу-бизнеске ден қойды. Ал шоу-бизнестің негізгі мақсаты не? Алдымен – қаржы табу. Сөйтіп олар қасиетті музыканы өтімді мүлікке айналдырды. Өткізу, сату деген сөз. «Музыка-мүлік» басталған тұстан тыңдарманның, әсіресе жастардың эстетикалық-этикалық талғам-таразысы бұзылып, «қояншық» ауруға ұрынған жандай күй кешеді. Мысалы, автобуста отырасыз. Құлағында наушник, аяғы дірілдеп тұр. Рок музыка адамның физиологиялық ағзасына, эмоциялық күйіне, интеллектуалдық ақыл-ес психологиясына, рухани және моральдық болмысына әсер етеді. Оларды «музыкалық есірткі» деп атауда идеологиялық және медициналық мән бар. Сондықтан ешқандай заңмен тыйым салынбайтын, ешқандай талғамға сыймайтын музыканы елге көрсетіп жатырмыз. Бұған заң жоқ. Мысалы, Малайзияда кешке таман поп-музыка және басқа да даңғаза әуендерге жол берілмейді. Бұл жергілікті үкіметтің қаулысымен бекітілген. Бізде бірінші орынға экономиканы қояды, ол – дұрыс. Бірақ экономиканы жөндеуге, реттеуге болады. Ал рухани бұзылған жастарды қалай жөндейміз? Жақсы компьютер арқылы кез келген дауысты реттеп, кез келген әншісымақты «эстрада жұлдызына» айналдыруға болады. Бұл – қазіргі тілмен айтқанда компьютерден дауысты сорып алу. Сөйтіп өзіңді-өзің жасанды әнші санатына қосу. Сосын, фонограммаға құлақ тігіп, соның жетегінде жүре бер. Бірақ, ол «жетектегі тазы аң алмайтынның» кері ғана болып қалады деп жүрген ешбір продюсер жоқ. Қазіргі телерадио-арналардан беріліп жүрген «Фабрика звезд» және басқа да хабарлар – соның айғағы. Бізде Жолбарыс Сейфуллин деген әнші бар. Сол әнші сахнада секіріп, фонограммамен ән айтып жүргенде: «Ән ырғағы мен дене қозғалысын қалай үйлестіреді» деп ойлайтынмын. Бұрын әншілер сахнада салмақты тұратын, қозғалса да ән ырғағымен, әнді бұзып алмайын деп баяу қозғалатын. Осылайша әннің мәтіні мен музыкасын қимыл қозғалысымен үндестіретін. Ал шегіртке сияқты секіріп жүрген адам, ауыздан шыққан ән мен музыканы үндестіре ала ма? Этикалық-эстетикалық жағын да ойластыру керек қой. Дидахмет Әшімхан:  – Жолбарыстар Қайрат Нұртастың қасында жолда қалады. Телеарнада Қайраттың концерті жүріп жатыр. Сахна – көк түтін. Жарқ-жұрқ музыка. Ақ костюм киген Қайрат әрең көрініп тұр. Екі иығын жұлып жеп билеп, ән айтып жүр. Бірақ мені ойландырғаны ол емес. Залда бір кішкене бала қол-аяғын ербеңдетіп, жын қаққандай жұлынып билеп жүр. Музыкаға басы айналып қалған. Ол бала ертеңінде де сол музыкаға тура солай билейді. Бір кеште қаншама адамның психикасы бұзылды екен дедім іштей. Былтыр «Прайм-Плазада» КТК арнасының «Караоке» шоу жобасы Қайрат Нұртастың атын пайдаланып, халықты жинап алды. Ол – көп әншінің бірі ғана. Бірақ жарнамасы жер жарады, шамадан тыс. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт сахнадан көріне алмаған әнші қарап жатқан жоқ. Телеарналар Қайрат Нұртас дүкен ашты деген хабар таратты. «Ау, кім дүкен ашпай жатыр» дедік, онда «не сатылатыны әзірге құпия» болып шықты. Оның не құпиясы бар? Жарнама! Жуықта Омбыда концерт беріп, «Омбы – қазақтың жері», – деді. Дұрыс. Риза болдық. Артынша мен келіп тұрамын, тағы да концерт өткіземін. Келесі жолы өмірбаяным жазылған кітапты ала келемін дегендей сөз айтты. 30-ға келмеген балада не өмірбаян бар? Қай жерде болды, не істеді? Жарнама. Бірде кино жүріп жатыр. Бұл – Қайрат Нұртас туралы фильм. Ау, ол қандай фильм? Қандай тәрбиелік мәні бар? Өз атында журналы да бар екен. Бұны да жарнаманың бір түрі дейміз бе? Айтпақшы, бірде осы әншінің парламентті де жағалап жүргенін көріп қалдық. Сонда үлкен бір кісі: «осы жігіт бірдемеге ұрынып қалмаса жарар еді» деген. Жоқ, ұрынған жоқ. Есесіне әлгі «Прайм-Плаза» оқиғасынан кейін қазақтың жап-жас жігіттері сотталып тынды. Обалы кімде? Олар осындай есірік дәрежесіне қалай жетті? Бізді осы сұрақтар ойландырады…  Абайдың «не нәрсенің де мөлшері мен өлшемі болады. Мөлшер мен өлшемнен асқан нәрсенің боғы шығады» деген сөзі осындайда еске түседі. Батыстан келген батыстық музыкаға қалқан боларлық қазақ әншілері көп. Баяғыда Мәдина Ералиеваның әнін сүйіп тыңдаушы едім. Қандай әнді де жаныңа жеткізіп айтушы еді, жарықтық. Одан кейінгі қазақтың қыз әншілерінен Айгүл Қосанованы, Қарақат Әбілдинаны, Шабаны, жігіттерден Саят Медеуовті, Досымжан Таңатаровты, Мейрамбек Беспаевты, Сәкен Майғазиевті сүйіп тыңдайтынымды жасыра алмаймын. Аманхан Әлім:  – Әншілердің көбісі бір күндік ғұмыр кешумен шектеліп жүргендер. Бір күндік, он күндік, он жылдық. Ол қазақ ән тарихында мәңгілік қалуды ойламайды. Жеңіл-желпі ақша табуды ойлайтындар. Шын әнші болса, алдағы 50 жылды ойлап, 100 жылдан кейін мені еске ала ма дегенді ойлауы керек. Неге әншінің әншілік ғұмыры қысқа? Келесі әнші оны жұтып қояды, келесісі оны жұтады. Мысалы, Рахат Тұрлыханов деген болды. Содан көз аша алмай қалдық. Қазір қайда сол? Мен кез келген әншіге немесе композиторға алдағы 5 жыл емес, 50 жылды ойлаңыздар дер едім. Неге Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменовті іздейміз? Неге Дәнеш Рақышевті сағынамыз? Өйткені олар бір күндік емес, мәңгілік ұлттық дәстүрмен ғұмыр кешті. Бірнеше ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп кетті. Дәлел Уәшев: – Жаһандану етек алып барады. Қақпаның бәрі ашылды. Шетел музыкасы келді. Таңның атысынан күннің батысына дейін тыңдасаң да өз еркің. Қазіргі әндердің көбі бір күндік. Қазір жас әншілер шаш етектен. Жеке-жеке, екіден, үштен бірігіп алған топтар, бәрі шеттерінен «жұлдыз». Солардың бір әні есте қалмайды, тым құрыса қайырмасы есте жоқ. Жақсы ән болса, екі жолы қалады құлағыңда. Бәрінің әндері бір-біріне ұқсас. Негізгі әуен – барабан ритмі. Сөзде мағына жоқ, мән жоқ. Сөздерден құралған әннің не туралы екенін өзі де білмейді. Өмірі жоқ, яғни ғұмыры қысқа әндерді айтады. Аманхан Әлім:  – Иә, қазір ән айтатындар өздері сөз жазады. Музыкасын да жаза салады. Үйрек сияқты болғысы келеді. Суда жүзеді, құрлықта жүреді, аспанда ұшады. Шәба Әденқұлқызы:  – Қазақ радиосында әнді іріктейтін комиссия бар. Олар әннің мәтіні мен музыкасына терең үңіліп қарайды. Ал басқа радиоларда басқа ұлт өкілдері отырады. Әннің ақшасы төленсе бітті, эфирге салынады. Өзім әнші болған соң, әр радиоға барып, бұл жағдайға қанық болдым. Әнді бір ай айналдырып береді, тиісті ақшасын бересің. Телеарналардың жұмысы да ақшаға тірелген. Кім жұлдыз болғысы келсе, кім атақты болғысы келсе, қалтасы қалың адаммен тығыз байланыста болуы керек. Демеуші арқылы бейнебаян түсіреді, оны каналдарға береді. Мысалы, «MusicTV» мен «Муззон» бейнебаянды күніне 4 рет көрсету үшін 3-4 мың доллар сұрайды. Бір арнаның ең арзан пакеті – 470 мың теңге деп есептеп берді, ал жаңағы музыкалық арналар одан да қымбат. Сонда ешқандай байланысы жоқ әншілер осындай жағдайда өзін қалай танытады? Олар әндерін Қазақ радиосынан басқа жерге өткізе алмайды. Телеарналардың сұрап тұрғаны анау. Бір көрсетілім арналарда – 10 мың теңге. Ақша болған жерде – сапаны араластыруға болмайды. Ақшасы төленген соң сапасы маңызды емес. Бала ма, шаға ма, ақшасы төленсе болғаны, жарнаманы жасап, айналдырып береді. Дәстүрлі әншілер көп концерт бере алмайды. Оны көретін орта азайып барады. Олар Жамбыл филармониясы мен Қазақконцерт залында ғана дәстүрлі әншілердің концертін қояды. Егер де Үкімет тарапынан дәстүрлі әншілерге жеңілдік берілсе, концерттерін тегін ұйымдастырса немесе радио-телеарналарда мынанша сағат берілуі керек деп талап қойса нұр үстіне нұр болар еді. Дәстүрлі әншілер қанша шырылдаса да, шамасы да, жағдайы да жетпейді. Қазіргі кезде талғампаз құлақ азайған. Сапалы емес, атақты әншіні концертке, тойға шақырады. Егер де қазақ сахнасында жанды дауыспен ән айту керек деген шектеу қойылса, сахна біраз тазарар ма еді?! Мен бірден дәстүрлі әнші болған жоқпын. Қытайдан келгенде осындай әндер айтып жүрдім. Өзім Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза-Әлидің сөздеріне ән жаздым. Өйткені олардың өлеңдерінде құпиялық бар, астар бар, айта алмаған ойыңды жеткізіп береді. Қазақ жеріне келгенде Қайрат Байбосыновтан алған тәлімім үлкен мектеп болды. Бұрын дәстүрлі әнді айта алмайтынмын, оны кез келген әнші айта алмайды. Оған кең тыныс, жүрек керек. Оны жеткізетін қабілет керек. Осыларды менің санама құйып, дайындаған Қайрат ағамыз. Тыңдарманмен байланыс орнату, дауыс­ты қалай, қай жерде құбылту керектігін үйретті. Сол үшін ұстазыма алғысым шексіз. Аманхан Әлім: – Шөмішбай Сариев орыстың Питерцев деген композиторының музыкасына қазақша сөз жазады. Оны Мақпал Жүнісова орындайды. «Апама жездем сай». Орысша ойлайтын, дүниені орыс ұғымында қабылдайтын Питерцев қазақ әнінің табиғатын, мағынасын біле ме екен? Осыдан ән де, сөз де космополиттенеді. Ең қауіпті нәрсе осы. «Сар желіп, сәулем-айға салған қандай»… Қандай әдемі. «Қуалай соққан қоңыр жел» немесе «Ауылым көшіп барады таудан асып, таудан асқан бұлтпенен араласып»… Біз ұлттық мәтіндерді өлтіріп, космополиттік өлең дайындап отырмыз. Мен ұлттық мәтіннің соңғы тұяқтары деп Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Несіпбек Айтовты айтар едім. Сондықтан аяқ тірейтін нәрсені үзіп алмау керек, біз сонда ғана ән әлемін әрлей аламыз. Қазір әнші, орындаушы мен сазгерлердің табан тірейтін топырағы жоқ. Ән мен орындаушы арасында байланыс қалмаған. Сондай-ақ қыз әншілер ер адамдар айтатын дәстүрлі әндерді айтып жүр. Оның еш әбестігі жоқ, әрине, әдемі, әуезді. Бірақ осыны ер адам айтса, тіпті керемет болар еді. Шәба Әденқұлқызы:  – Дәстүрлі әндердің 10 пайызы ғана қыз балалардың орындауына арналған. Жетісудың қара өлеңдері, Қызылорда жақтың қара өлеңдерінде сыңсу сарынындағы, бесік тербетіп айтатын, туған елін сағынғанда айтқан әндер кездеседі. Бірақ өте сирек. Ер адамдардың орындауындағы әндеріміз өте көп. Дәлел Уәшев:  – Иә, өлеңдердің көпшілігі сал-серілердің елге, жерге, махаббатына арнап шығарған әндері. Осы шоу-бизнестің барлығы егемендік алғалы басталды. Оған дейін тәртіп, талғам болған. Осы әңгімені барлық жерде айтамыз, нәтижесі әлі күнге дейін жоқ. Меніңше, заң керек. Мұхтар Құл-Мұхамед Мәдениет және ақпарат министрі боп тұрғанда депутат Ғани Қасымов фонограммаға шектеу қоятын заң қабылдайық деді. Министр «онда біз әншісіз қаламыз» деп қалды. Егер заң қабылданса, әншілердің қатары іріктелетін еді. Жанды дауыспен айтатын дәстүрлі әншілерге де көмек керек, оларға Үкімет тарапынан қолдау жоқ. Содан ақшасы бар дараңбайлар сахнаны жаулайды. Ол уақытша ғана дүние, өйткені қашанғы ақшаны құя береді. Жастардың талғамы осыдан құриды. Бір үйлену тойында жас әнші Мұхиттың «Зәурешін» айтты. Ол не туралы? Қасірет, қайғы, жоқтау ғой, әшейін эстрадаға салып алған. Талғамсыздық деген осы. Оған «бұл әнді қайдан таптың, тойда неге айтасың?» дейтін адам жоқ. «Әркімнің өнерге бар таласы» дейді. Шәба Әденқұлқызы:  – Дәстүрлі әнді айтарда әншілер халық әндерін орындап жүрген әншілерден, ұстаздардан неге бірауыз сұрамайды? Әнін, әуенін қалай айтам деп тыңдатып алмайды? Өз білгенінше, сөзін де, әуенін де бұзып, өз мақамымен соға береді. Квадраттық формаға саламыз деп жұлмалайды, бүлдіреді. Мен де дәстүрлі әндерді эстрада бағытында орындадым, бір қылына тиіспедім, қиянат жасамадым. «Көзіңнің мөлдірін-ай» деген әнді 2004 жылы мен «Сарбаздар» ансамблімен сахнаға алып шықтым. Радиоға берілді, жиі орындалып, насихатталды. Содан кейін жаппай орындай бастады. Мен осы әнді бір әншіге үйреттім. Менің таласым жоқ, насихатталсын деп үйреткен едім. Кейін әлгі әншінің бір сұхбатын оқығанымда: «Мен Моңғолияға барып, осы әнді өзім әкелдім» деп жазыпты. Жуырда «Айтуға оңай» бағдарламасы қонаққа шақырды. Онда «Той әндері мен сахна әндері» деген тақырып ортаға салынып, бағдарламада әншілер мен композиторлар талқыланды. Әнді сахналық, тойлық деп бөлуге болмайды. Репертуар халыққа арналуы керек. Концертке барған адам, тойға да барады. Көрермен – бір. Әншінің талғампаздығы биік, ән таңдауда кірпияз болу керек. Біреудің баласының сүндет тойына немесе мерейтойына арналған әнді сахнаға алып шығу ерсі. Халықты тәрбиелейтін ән болса, әншілерге үлкен сын. Репертуарында тарсылдақ әндерді азайтса дейміз. Мен шетелдің рок, поп әндерін кейде тыңдаймын. Қандай кезде тыңдаймын? Үй жинағанда, терезенің әйнегін сүрткенде, тағы басқадай бос уақытымда. Себебі бұл музыка шаршатпайды, есіңнен тандырып, басыңды айналдырып қояды. Дәлел Уәшев:  – Иә, тыңдарманды тәрбиелеу өзекті мәселе. Жаңағы Қайраттың да, Жолбарыстың да өздерінің тыңдармандары бар. Мәселен біреулер 30 мың долларын барлық арнаға таратып тастайды. Сосын халық ән мен әншіні еріксіз мойындайды. Барлық арнадан көрсетіп, мезі болған соң, еріксіз өзің де ыңылдай бастайсың. Тыңдарманның деңгейі, өресі сол Қайратпен бірдей. Сондықтан да тыңдарманы көп. Айналып келгенде Үкімет тарапынан шектеу керек. Аманхан Әлім:  – 20 жылдары Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Халық салиқалы, салмақты газеттерден гөрі өсекші газетті көп оқиды. Өйткені өзінің менталитеті соған тән», – дейді. Мынау әншілердің әнін тыңдайтын тыңдарманның да дәрежесі сондай. Бірде Қалағаң мен Әзиз Несин театрда отырады, көрермен қыран-топан күліп жатады. Сонда міз бақпай отырған Әзиз Несинге Қалағаң: «Сіз неге күлмейсіз?» дейді. «Біз жеңіл-желпі әзілге күлмейміз. Бізді күлдіру үшін астарлы, салиқалы әзіл болуы керек», – депті. Олай болса әнінің сөзі де, әуені де жеңіл-желпі, секірісі де жеңіл-желпі әншілер жеңіл-желпі тыңдарман тәрбиелейді. Дидахмет Әшімханұлы:  – Алдымен тыңдарманды тәр­биелеу керек. Оның керемет жолы – той-томалақты өз идеологиямызды жүргізетін аренаға айналдыру керек. Көрермендерді тойда тәрбиелеу керек. Асабалардың басын қосып, ұлтқа пайдалы, рухымызды көтеретін, намысымызды оятатын әндер мен бағдарлама жасап алу керек шығар. Әнді бұзбай айтатын топтардың бірі – «Қоңыр» тобы. Біздің ойлайтынымыз тәрбие ошағы, ұлттың болашағы. Ұлттық құндылықтардан айрылып қалмасақ деген мәселе. Иранда кез келген қоғамдық мекемеде ұлттық музыка қосылып тұрады. Өйткені оны арнайы қадағалайтын заң бар. Заң шығарушы орган депутаттар палатасы болса, осы әңгіме солардың құлағына шалынса екен дейміз.

Дайындаған 

Ақниет ОСПАНБАЙ