ҰСТАЗ БЕДЕЛІ – БІЛІМ-БІЛІКТІЛІГІНДЕ

ҰСТАЗ БЕДЕЛІ – БІЛІМ-БІЛІКТІЛІГІНДЕ

ҰСТАЗ БЕДЕЛІ – БІЛІМ-БІЛІКТІЛІГІНДЕ
ашық дереккөзі

Өмірде өзі көп білетін, бірақ ғылыми атақ қорғауды мақсат етпейтін жандар бар. Сондай жандардың бірі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті  саясаттану және құқық кафедрасының аға оқытушысы Жүсіпбек Ахметов. Жуырда онымен жоғары оқу орындары жөнінде пікір алысқан едік. 

– Жүсеке, оқытушыларға сын да, мадақ та айтылып жатады. Әсіресе тоқырауға ұшырағандар туралы көбірек естіп жүрміз.

– Қазір ұстаздың білім-біліктілігіне талап жоғары. Бүгінгі студенттер үшін оқулықтардан бөлек интернет желісі білімнің көзі болып отыр. Содан жете түсінбей қалған тақырыптар бойынша дәріс кезінде сұрақтарды да қойып жатады. Жауап беріп қанағаттандырсаң тым жақсы. Ал мүдіріп қалсаң, сынға ұшырадым дей бер. Тіптен ұстаз ретінде сыйлы болудан да қаласың. Ұстазға студент алдындағы бедел қымбат. Бедел сенің жан-жақты білім-біліктілігіңде, мәдениеттілігіңде. Білікті оқытушы оқулықтағыны қайталамай басқаша, тың ізденістерімен түсіндірсе, студенттер талғамынан шығары сөзсіз. Сондай оқытушы ғана тоқырауға түспейді. Ондай оқытушылар сынға ұшырамайды. Мен студенттерге әрдайым: «Сендерге білім бергенде мен сендер үшін емес, тақырыпты өзім үшін жан-жақты білуге тырысамын», – деп айтудан жалыққан емеспін. Бүгінгі студент – ертеңгі тұлға. Сондықтан өзіңді олардан жоғары санамай, ілтипат білдіріп, пікір алысып отыру да артық емес.

– Қоғам дамуына байланысты жақсы өзгерістер болып жатыр. Ал университетте ше?

– Дамыған қай елде де шағын кәсіпкерлік өркен жайған. Бізде сондай кәсіпкерлік жоқ емес, бар. Алғашқы жылдары кәсіпкерлер жаппай шығып еді, қазір олардың саны көп кеміп кетті. Неге? Өйткені көбі қолға алған істерін сауатты жүргізе алмады. Оған себеп кәсіби білімнің, мәдениеттің жоқтығы. Мен осы мәселені университетте біраздан бері көтеріп келемін. Студенттерге кәсіпкерлікті де бір жыл қосымша пән ретінде оқытайық деп басшылыққа бірнеше рет ұсыныс та жасадым. «Кәсіпкерлік құқыққа бес-алты кредит берейік, қы­зығушылық танытқан кафедралар бірігейік те, қай қафедра қанша сағат жүргізеді, қандай тақырыпты оқытады, сабақты кімдер жүргізеді – бәрін бірігіп шешейік», – дегенімде басшылық: «Студенттер үшін бекітілген бакалавр бағдарламасы мұны қолдамайды», – деп қабыл­дамады. Күні ертең маман­дықтары бойынша бәріне бірдей қызмет табыла бермейтіні анық. Сондай жағдайда кәсіпкерлікті қолға алса, білімді жас қиын­шылықтардан өзі жол тауып кетеді. 

Бізде шет тілін оқыту мәселесі әлі бір жүйеге түс­пей келеді. Университеттерде шет тілін оқыту барлық маман­дықтар үшін бірдей бағдарлама қарастырылған. Меніңше, оқу орнындары шет тілін оқыту курстарын таңертең, түстен кейін, кешкі деп үш уақытқа белгілегендері жөн болар еді. Ал студентке соның қай уақыты ыңғайлы болса, соған жазылады. Студенттердің шет тілін қабылдау деңгейлері әртүрлі. Яғни дәріс беру де әр түрлі деңгейде жүргізілуі тиіс. Белгілі деңгейді толық меңгерген сту­дентті сабаққа қатысуға мін­деттеу не үшін керек. Дене­шы­нықтыру мәселесі де шешуін толық таппаған. Ескі методикамен келеміз. Студент өзі ұнатқан спорт түрімен айналысса ғана денінің саулығына көп пайда бермек. Денешынықтыру кафедрасы мұны шешуге толық мүмкіндігі бар. 

Ал мамандық дайындауға келетін болсақ, біздің кафедра осы екі жыл төңірегінде бір мамандықты дайындайтын болып шешім қабылданды. Алматы қаласындағы ұлттық университеттерден, жекеше университеттерден біз даярлайтын мамандыққа түсем деген талапкерлер саны жылда артып отырмаса, кеміген жоқ. Факультетте бәсекелестік емес, кафедра аралық жарыс жолға қойылған. Жүлделі орынды иелену қандай қиын болса, оны сақтап қалу одан да қиын. Ал біз соңғы үш жылдан бері жүлделі орыннан түскеніміз жоқ. 

– Жүсеке, кафедра қызмет­керлерінің орта жасы қандай?

– Көне көз қарияларымыз да бар, алпыстан асып, алпысқа таяп қалғанымыз да, зейнеткерлеріміз де, орта буындағылар да студенттерді білімге баулып жүр. Аралас топ өкілдері бас қосқан, сыйластығымыз жарасқан осындай ұжымбыз.

– ҰБТ жыл сайын сынға ұшырайды. Себебі неде деп білесіз? 

– Кез келген нәрсенің екі жағы болатыны белгілі. Иә, ҰБТ-нің қолданысқа түскеніне де көп жылдың жүзі болды. Ал сын айтылып жатыр. Орынсыз дей алмаймын. Біріншіден, орта мектеп бітірушілер тестілеу жауаптарын жаттап алады, біразы көзін машықтандыру арқылы жауабын шешуге тырысады. Бұл оқушы білімін шектеуге алып келеді екен. Яғни, жалпы білім алу сапасы төмендейді деген сөз. Екіншіден, талапкерлер білімін ашық сынақтан өткізген жөн деген пікір де жиі айтылып жүр. Бұл пікірді де жоққа шығара алмайсың. Біз осы пікірмен келісіп, талапкерлерден кәдуілгі билет арқылы емтихан алуды қайта қолға алғанымыз оңтайлы болар. Ашық сынаққа кез келген оқушы бара бермейді. Өз біліміне сенгендер ғана тәуекел етеді.

– Бүгінгі жастар көркем шығарма оқуға ынталы емес дейміз… 

– Кеңес Одағы кезінде өнер адамдарымен, ақын-жазушылармен, белгілі ғалымдармен жиі кездесу болатын. Содан студенттер қандай қанаттанып шығушы еді. Біз ол кезде сол автордың шығармаларын және басқалардың да туындыларын оқуға ынталы едік. Қазір осы бір жақсы дәстүр ұмыт болып барады. Бәлкім, бір себебі осында шығар. Мұны жолға қою үшін университеттерден баяғы «Семимуз» секілді арнайы клубтар ашу керек секілді. Студенттер белгілі жазушылармен кездесіп жатса, рухани жағынан толыса түспей ме? 

– Жүсеке, университеттің саясаттану және құқық кафедрасында аға оқытушысың. Сондықтан да халықаралық саясат жөнінде студенттер сұрақтары аз болмас.

– Қазір әлем назары Украинада. Өткен жылғы желтоқсаннан бастап, украиндар өздерінің ішкі мәселесін шешіп алуға жанталасып, әрі-сәрі күй кешуде. Олар Еуроодаққа кіріп, украиын тілінде өмір сүргісі келеді. Бұл Ресейге жақпады. Украинадағы алмағайып кезеңді пайдаланып, Қырымды өздеріне қаратып алмақшы. Қырымға әуелі үкімет деңгейіндегі саясаткерлері келіп, ондағы халықтың құлағын көтерді. Артынша әскерін кіргізіп отыр. Америка және Батыс Еуропа елдері Ресейдің бұл саясатын жөнсіз деп табуда. 1994 жылы Украина жаппай қырып жоятын ядролық қарудан бас тартқан Будапешт халықаралық келісім-шартына байланысты Ресей, АҚШ және НАТО әскери одағы мүшелері Украинаға аумағының тұтастығына, тәуелсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік берген болатын. Енді, міне, сол келісімді Ресей белден басып, бұзып отыр. Халықаралық құқықтың мұндай жағдайда бір жақты жауап беруі де екіталай. Себебі, халықаралық құқықта негізгі қағидаттардан мазмұны қарама-қайшы екі қағидат бар. Біріншісі, ол мемлекеттің аумағының тұтастығы, мызғымастығы. Бұл қағидатқа бой ұсынсаң онда Украина жағы дұрыс болып шығады. Екіншісі, тең құқықтық және ұлттар мен ұлыстардың өз тағдырын өзі анықтауы десек Қырым автоно­миясы ұлт, ұлыс жөнінде өз тағдырларын өздері анықтау керек­тігіне байланысты өзге ой туындайды. Түптеп келгенде, бұл Кеңестер Одағы басшылығы кезінде жергілікті халықтың пікірімен санаспай жіберілген саяси қателік.  

Тәуелсіз мемлекетке айналған бұрынғы одақтас республикалар 1992 жылы сол кездегі әкім­ші­лік-аймақтық шекараларын мемлекеттік шекараға айналдырды. Бұл жағдайда Ресейдің басқа мемлекет аумағына әскер енгізуі халықаралық құқықтың негізгі қағидасына, күш қолданбау және қоқан-лоққы көрсетпеу жөніндегі қағидасына қайшы келеді. Міне, осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті, Сыртқы істер министрлігінің бұл мәселе халықаралық құқық аясында шешілуі керек деген мәлімдемесі өте дұрыс жол.

– Ішкі саясаттан нені байқап жүрсің? Бәріне көңіл толады деп айта аласың ба? 

– Бүгінде Үкіметті орынды-орынсыз сынға алатындар аз емес. Кейбірі «Тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керін келтіретін секілді. Қазір билікте отыздан асып, қырықтың қырқасына шыққандар саны баршылық. Яғни, бәрін де жаңаша ойлайтын жаңа ұрпақ. Олар енді неге өмірді өзгертпеске? Алайда солардың бірі шаруашылықты басқару тәсіліне өзгеріс енгізбек болса, оған бірден қарсылар пайда бола кетеді. Мысалы, Асылжан Мамытбеков Шығыс Қазақстан облысында болған сапарында, әр облыста ауыл шаруашылығымен айналысу үшін арнайы мамандануға көшейік дегені сол екен бір орыс тілді журналист: «Енді бізге Ауыл шаруашылығы министрі не істеп, не қоятынымызды айтатын болды», — деп шыға келді. Жазаны өтеу орындары мен тергеу абақтыларындағы жағдайларды өзгерту және Шу өңіріндегі есірткі мәселесін шешуде жаңаша тәсіл туралы Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Парламент депутаттары алдында сөйлегені сол екен, Лупарев деген бір заңгер қарсы болды. Сыны көкейге қонымды болса жөн дер едік. Әйтеуір бізге бәрі жақпайды. Сонда қалай, биліктегілер ескі тәсілді малданып жүре беруі керек пе? Жаңаша жұмыс істеймін дегеннің қолын осылай байлай берсек қоғам қалай дамиды? 

Мамытбековты неге түсінгілері келмейді? Ол әр облыстың ауыл шаруашылығы саласында мамандану болса, тауардың өзіндік құнын азайту мәселесі шешілетінін алға тартып отыр ғой. Оның үстіне тауар саудада бәсекеге қабілетті болады. Сондай-ақ Қасымовқа дейін болған Ішкі істер министрінің қайсысы Шу өңірінің мәселесін толық шешуді қолға алып еді? Қасымовтың бастамасы тығырықтан шығаратын болса, неге қолдамасқа.

– Әңгімеңе рахмет! 

               

 Сұхбаттасқан 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ