ЕРЛЕРІМІЗДІ ЕСКЕРМЕСЕК...

ЕРЛЕРІМІЗДІ ЕСКЕРМЕСЕК...

ЕРЛЕРІМІЗДІ ЕСКЕРМЕСЕК...
ашық дереккөзі

 

Желтоқсан ұйымдарының қауымдастығы «желтоқсан күрескерлері» атынан
жиналысты ашқан Жүніс Гүлбахрам: «… 1996 жылы Желтоқсан көтерілісіне
10 жыл толуына байланысты Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы
берілді.Содан бері Ербол Спатаевқа, Сәбира Мұхамеджановаға, Ләззат
Асановаға, Кенжегүл Молда­назароваға халық қаһарманы атағын беруін
үкіметке ұсыныс жасап-ақ келеміз. Әзірге нәтиже бермей тұр. Үкіметке
барлық желтоқсандықтардың атынан Ерболдың 50 жасқа толуына орай Халық
қаһарманы атағы берілсін деген тағы да ұсыныс жасалды.

Жыл
сайын 5-6 желтоқсандықтар дүниеден өтеді. Арамызда жүрген бізге
белгілілерден 37 адам бақилық болды. Бізге белгісізі қаншама. Қайтыс
болғандардың көбісі 40-50 жас арасында. Сондықтан бір адамдай жұмылып
қызмет істейік», – деді.

Энергетика университеті аға
оқытушысы Марат Дәлетбайұлы «Ербол біздің оқу орнынан болғандықтан жыл
сайын еске алуды әдетке айналдырғанбыз. Университетімізде оған арналып
тақта қойылған. Арнайы соның атында кітапхана, оқырман залы бар.

Біздің
күйзелетініміз – желтоқсан айы жақындағанда билік дегбірсізденіп бір
мазасыз күйге түседі. Тәуелсіздік күнін халықпен алаңда өткізу орнына,
жанталасып жаңа жылға дайындық жүргізіп, студенттерді ертерек каникулға
жіберіп, әскерилерге қосымша дайындығын күшейтіп әлекке түседі. Әйтеуір
тәуелсіздік күнін бірде бір ойдағыдай өткізе алмаймыз. Осыны шешудің
жолын қарастырғанымыз дұрыс шығар. Ал Ербол Спатаевқа халық қаһарманы
атағын беру туралы айтылып келе жатыр. Алаңда қайтыс болғандардың
қайсысы болмасын бұл атаққа лайық» – деп сөзін аяқтады. 

Одан кейін сөз ақын, жазушы Болат Шарахымбайға берілді.

«Жақында
12 желтоқсанда Астанада «Желтоқсан мен Алаш сабақтастығы» деген үлкен
ғылыми конференция өтті. Сол конференцияда айтылған негізгі тақырып
желтоқсан көтерілісіне арнайы статус алу. Ал арнайы статус алу үшін
ғылыми негізін жасау керек. Арнайы мемлекеттен қаржы бөлініп, желтоқсан
көтерілісімен айналысатын орталық құру керек. Қазіргі айтылып жатқан
әңгімелер ғылымға сүйенбеген жадағай, үстірт келеді. Қазақтардың қазір
372 көтерілісі белгілі. Онда тіпті 500 адам қатысса да көтеріліс деп
бағаланған. Ал желтоқсанға 75000 адамдай қатысқан және Қазақстанның
барлық дерлік аймақтарында орын алған, сонда да көтеріліс ретінде ғылыми
негізі қаланбағандықтан, әлі бағасын ала алмай отыр. Ал Ербол Спатаевқа
Халық қаһарманы атағы әлдеқашан берілуі керек еді. Соның соңына түсіп,
істі аяғына дейін жеткізуші болмады ма, әйтеуір кешеуілдетіп келеді». 

Сөз алған Алибек Музаффар: «Біз Желтоқсан көтерілісі кезінде
көтеріліске қарсы әрекет еткен жағымпаздар мен сатқындарға кезінде
тәуелсіздік алдық деп кешіріммен қарадық. Сонымыз үлкен қате болған.
Бізде желтоқсандықтарды жазалағандар желтоқсан ұйымдарын сырттай
басқарып жүр. Тіпті, кейбірі желтоқсан ұйымдарына төраға болып жүр.
Осыған шек қоюымыз керек. М.Шахановтың комиссиясы желтоқсан кезінде
қайтыс болған 54 адамның мүрдесін тапқан болатын. Бірақ соны КГБ-і жоқ
қып жіберді. Ресми 168 адамды айтып жүр, бірақ алаңда, далаға апарып
тастағандарды, тіпті көтерілістен кейін қайтыс болғандар туралы әлі ашып
айта алмай келеміз. Осыны қолға алу керек деп ойлаймын».

Желтоқсан
ақиқаты ұйымының бас кеңесшісі Жұлдызай Бисембаева: «…Желтоқсанды
оқиға дейді де, Қайратқа Халық қаһарманы атағын береді. Қандай оқиғада
батыр, қаһарман болады. Осы қайшылықты жою керек, желтоқсанды көтеріліс
деп бағалап, арнайы статус беру арқылы үкімет өз қателерін түзеткендері
жөн дер едім. Ерболдың атына бір көше берілуі керек», – дейді. 

Сөз
алған Үміт Басшалова, Ертас, Қайыргелді Күзесбаев, Ерлік Омаров, Ербол
Абдрашев т.б. өз ойларын ортаға салды. «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының
төрағасы Жақсылық Тусайұлы өз сөзінде Ерболға Халық қаһарманы атағын
беру ұсынысын ұлтжанды азаматтардың бәрі қолдайды деп сенім білдірді. Ол
сөзін: «Ерлерімізді ескермесек, елді қорғайтын ерлер қайдан шықпақ», –
деп аяқтады.

«Түркістан-ақпарат»