Сұңғыла сұхбат серкесі

Сұңғыла сұхбат серкесі

Сұңғыла сұхбат серкесі
ашық дереккөзі

 Жақсы дос – жан серігің, рухани тірегің, өміріңді үйлестіруші иірім. Сондай достан көз жазу – ұрымтал соққы, қабырға қайыстырар қасірет. Жуырда сондай бір досым дүние салды. Жаны жайсаң, жақсы кісі еді. Ағынан жарылып, алаулы құшағын айқара ашып жүретін.  Оның бұл мінезі көңілге қуаныш, сезімге сұлулық беретін. Жаныңа шексіз мейірім  нұрын сеуіп, өмірге құштарлығыңды арттыратын. Онымен кездескен әр сағатың бойыңа қосымша қуат  құйып, тың істерге жұмылдыратын.
Сондай достардың шарапаты болар, айналаң айшықтанып, адам да, табиғат та, әуен мен ырғақ та, бүкіл төңірек үйлесімге келіп, мөлдек шуақ ойыңды өрге сүйрейтін кезі болады. Сондайда ізгілік іздеген елгезек жаның құрақ ұшып, қиял қанатында қалықтайсың… «Шіркін-ай, мына жарық дүниеде өзіңді қоршаған жұрттың әрбірі осындай болар ма еді? Адамдар бір-біріне үнемі жылы шырай танытып, ағынан жарылып жүрер ме еді… Әй, қайдан?!.» дейсің.
Бұл шуақтың мәнін мен бүгін сезініп отырмын. Досым қасымда жүргенде аңғармаған тәріздімін.
Ал менің Өмірзағым жоқ енді. Орнын сипап отбасы қалғанына да жылға таяп қалыпты. Күн өткен сайын Өмірзақтың орны ойсырап барады. Әлдене жетіспейді. Жылылық та, ұлылық та. Таң атқан сайын Өмірзақты сағынып тұрамыз.
Өмірзақты кіндік қаны тамған Арал да сағынады. Өзі бейнетаспасын қолтықтап сан шарлаған Сайын даласы да сағынады. Шежіресін тармақтап үлгірмеген жабырқау тарихы да сағынады. Өзі сомдаған спорт әлемінің саңлақтары да сағынады. Хас шебердің қалам тербесіне қол соға жүретін қаламдастары да сағынады.
Өмірзақты еске алу оңай емес. Өз тағдырың таранып, табан жолға түсіп алады да, қым-қиғаш қырлар мен қызыл-жасыл белдерді күйге бөлеп күмбірлетіп бара жатқан қоңыраулы кербез күйме керуені тәрізді, хас арудай қиылған бір әсем әлем жанарыңды жалынға орап, көкжиекке жетелеп бара жатады. Бұл шашбаулы көріністі сырып тастауға менің құдіретім жетпейді. Өйткені осы керуенді Өмірзақсыз елестету мүмкін емес. Алланың әмірімен жарты ғасыр бойы қара жерді қатар басып келдік. Өмірдің ыстық-суығын тең көрдік.
Өмірзақ Шәріпбайұлы Жолымбетов 1939 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл стансасында дүниеге келді. 1962 жылы қазақтың денешынықтыру институтын бітірді. 1962-1965 жылдары Көкшетау, Қызылорда облыстық комсомол комитеттерінің спорт бөлімдерін, 1965-1967 жылдары Қызылорда облыстық спорт комитетін басқарды. Содан кейін ұстаздық және журналистік жұмыстармен айналысқан.
 Өмірзақ Жолымбетов өзін-өзі дер кезінде тани біліп, өзінің жолын жаңылыспай пайымдаған адам еді. Жастайынан өмір шындығын, тұрмыс тауқыметін, еңбек мерейін ұғына білген жалынды жүрек иесі, зерделі жас үнемі өзі көріп жүрген тірлік түйткілдерінің түйіндерін шешуге тетік іздеумен болады. Тіпті соны тауып, айналасына қолайлы қалыпқа түсіруге ұмтылды.
Әрине, құдай берген болымды дене бітімін әрі қарай жетілдіріп, үлкен спортпен тыңғылықты айналысса, даңқты жеңімпаздар аллеясының да ажарын келтіріп тұрар ма еді, кім білсін? Болмаса өзі қалап түскен жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін, алған тағлымына сәйкес жақсы ұстаз болып та кете алатын еді. Алғашқыда ол осы күйдің бәрін басынан кешті де. Біз оны көзімізбен көрдік.
Бірақ ол өзін қоршаған ортаның қызығы ғана болуды немесе соны қызықтап өмір кешуді қанағат етпеді. Оған әлдеқайда тиімді ықпал жасауды армандады. Ақыры қайсар талапкердің қолына тағдыр қарымды қалам ұстатты. Табиғатынан ойы сергек, аңғарымпаз, сезімтал жан көзі көрген оқиғаны ой елегінен өткізіп, сұрыптай білетін болмысы барын байқады. Өз ойын өзгеге жеткізе білу де өнер. Аса қажетті өнер. Өмірзақ өзін ойландырған жайды өзгенің таразысына салуды жөн деп тапты. Бір адаммен емес, қамти алсаң бар адаммен сырлас. Ол үшін жазу керек деп түйді.
Сөйтіп дүниеге Өмірзақ Жолымбетов деген журналист келді.
1963 жылдың шілдесі болатын. Мен ол кезде Қызылорда облыстық комсомол комитетінде істеймін. Бір күні ғимаратымызға дөңгелек жүзді, орта бойлы, шымыр денелі, төртбақ жігіт кіріп келді. Қолында қара портфелі бар, тым байсалды. Жүріс-тұрысы, сөз саптауы пайымды болмысын баяндап тұрғандай. Өзім көріп жүрген жігіттердің ешқайсысына ұқсамайды. Бітімі басқа. Ойды тереңнен тартып, кең ауқымда сабақтайды. Білім деңгейінің биіктігі санаңды шырайландырады. Өмірден алған мағұлматы да аз емес сияқты.
Сырттан келгенін айтты. Алматыда денешынықтыру институтын бітіріп, аз уақ Моңғолияда қызмет етіп келіпті. Аралда туып-өскен екен. Бала күнінен шығармашылық жұмыс баурай берсе керек. Алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында жүрген кезден республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарық көріпті. Содан кейін арасын суытпай мерзімдік баспасөзде өз ойын ортаға салып жүреді екен.
 Менің көз алдымнан сылаң етіп Саттар Ерубаевтың саңлақ сымбаты елес беріп өткендей болды. Әрине, мен Саттарды көрген жоқпын. Ол 23 жасында, мен туған жылы беймезгіл мерт болған. Бірақ әдеби мұрасы арқылы, өзім құшырлана оқыған әйгілі «Менің құрдастарым» арқылы жанымды сүйсіндірген, сөйтіп құлыншақ жүрегімнен мәңгілік орын алған оның күн дидарлы кейпі бар емес пе? Мен Өмірзақтың болмысын сол шуақты бейнеге ұқсаттым. Сегіз қырлы, бір сырлы.
Мұндай адамнан көз жазуға бола ма? Көп ұзамай осы жігіт біздің обком­да спорт және қорғаныс жұмыстары бөлімінің меңгерушісі болып шыға келді. Аз-кем араласқаннан кейін үйленетінін айтты. Сүйген сұлуы Халима дейтін қыз екен, суретін көрсетіп, тойына шақырды. Жас емеспіз бе, суретке шүйлігеміз де Өмірзаққа қараймыз. Оның талғамына қызығамыз.
Қыздың биязы да, байсалды бейнесі бізді тәнті қылмай қалмады. Киноактриса сияқты аса сындарлы, сонымен қатар барынша иманжүзді екен. Жастар арасында жұмыс істеп жүргендіктен бұл төңіректе ондай қыз жоқ екенін білеміз. Аспаннан түскендей. Қайран қалдық. «Қайдан тапқансың?» деушілер де шықпай қалған жоқ.
Халима Алматыда дәрігерлік институт бітіріп, біздің елге жолдамамен келген жас маман екен. Келген беті осы. Екеуі бірін-бірі оқуға түскен жылдан біледі екен де, үнемі кездесіп жүреді. Халима ақын Ілияс елінің түлегі болып шықты. Алаулаған ғашық жүрекке дауа бар ма. Арал мен Ақсудың арасын жалғастырып, осылай қияннан қиыстырып отыр.
Жақсыда жаттық болмайтыны белгілі. Тез-ақ араласып кеттік. Жаны жайсаң, пейілі кең, ашық мінезді елгезек жан көп ұзамай біздің ортамызға шырайлы шуағымен арайлы ән әкелгендей болды. Жайлауымыз жарасып, достығымыздың ара қатынасы нығая түсті.
Әркім өзінің бойындағы ең жақын, ең маңызды қасиеттеріне тура жол іздеп, адаспай арнасын тауып, оны серпінді игеріп, дамыта алғанға, соның арқасында жүрегіне қанат бітіп, қолына алған тірліктің шырайын шығарғанға не жетсін! Өмірзақ жоғарыда айтқанымыздай, өмірдегі өз орнын дер кезінде анықтай алды.
Сырттай оқып, ҚазМУ-дің журфагын бітірді. Сөйтіп өз бойында туа-бітті қасиетін Шерағаңның шекпенінде жарқыратып жетілдіре түсті. Жастар газетінде абыройлы қызмет атқарып, көгілдір экранға ауысты да, көп жыл соның көрігін қыздырып, мерейін асырды. Рухани толысып, шығармашылық шыңға өрлей берді. Елге танымал спорт шолушысы болып қалыптасты. Сұхбат алудың сұңғыла шеберіне айналды. Үздіксіз ізденіс оны жаңа биіктерге жетеледі. Радио мен теледидардағы спорт хабарларының жанры жанданып, ауқымы кеңейді. Көп жыл допты хоккей мен аяқдоп жарыстарынан әсерлі репортаждар беріп тұрды.
Қазақ тілінде спорт жарыстарынан тікелей репортаж беру елімізде бұрын қалыптаспаған үрдіс еді. Бұл төңіректегі бар хабарды орыс тілінде тыңдап дағдыланған құлаққа бұл жаңа әуендей естілгені рас. Мұны қазақ топырағында аяғынан тұрғызып, жүйеге келтірген белгілі журналист Сұлтанғали Қаратаев пен осы Өмірзақ Жолымбетов десек қателеспейміз.
Бұл кәсіпке Өмірзақ маңайында жүрген бізді де араластыратыны бар еді. Ол сені еліктіріп, іске қосарда қарсыласуға шара да қалмайтын. Өз басым о бастан футбол, хоккей, допты хоккей, бокс деген спорт түрлеріне жан алысып, жан берісетін жанкүйермін. Бұған осы Өмірзақтың да ықпалы тиген шығар. Сондықтан осы төңіректе болып жатқан жарыстар мен кадрлық ауыс-түйістердің деңгейін жақсы білетін болып алғам. Әр ойыншының шама-шарқын да салмақтай алам.
Қазақстан комсомолының Орталық Комитетінде қызмет атқарып жүрген кезім. Кезекті бір аяқдоп маусымы келгенде ол маған: «Сәке, маусым ашыларда еліміздегі футболдың жайы, «Қайраттың» жаңа маусымға әзірлігі туралы бір хабар ұйымдастырып жатыр едім. Сен маған «Қайрат» туралы өлең жазып берсең дұрыс болар еді. Тыңдаушыларды – жанкүйерді еліктіру керек қой»,– деді. Айтты – бітті. «Қайрат» – менің сүйікті командам. Ол үшін бәріне әзірмін. Өзекті өлең туды. Өмірзақ оны радиодан әдемілеп берді.
Енді бірде тағы телефон шалып, мынандай өтініш айтты: «Ертең «Динамо» Красногорскінің «Зорькиін» қабылдайды. Мен сол туралы теледидардан тікелей репортаж берем. Екі тайм арасындағы үзілісте сен төмен түсе қойсаң, мен сенен интервью алар едім, сайыс туралы пікіріңді айтасың. Сен сияқты кәнігі жанкүйердің пікірі маман пікірінен кем түспей жататыны бар. Ал бізге сондай иірімдер ауадай қажет», – деді.
«Динамоның» дүркіреп тұрған кезі еді бұл. Команда Одақтық біріншіліктің жеңімпазы болған. Оның белді серкелері Апельганец, Чехлыстов, Агуреевтер әлемді аузына қаратып тұрған шақ.
Бұл команданың жарыстарын жібермейтінімді, бұл жолы да келетінімді Өмекең біліп отыр. (Қыс бойы Алматыны дүрліктіретін осы дарабоздың бар бәсекесіне қатысуға арнайы рұқсат қағазым бар. Ешбір кездесуінен тыс қалмаймын). Сондықтан да әлгіндей әңгіме айтып отыр.
Айтты – бітті. Үзіліс кезінде мен жоғарыдағы қонақтар отыратын қатардан түсіп, стадионның батыс трибунасының алдында аппаратымен тұрған Өмірзаққа келдім. Содан ол менен он минут бойы сұхбат алды. Ертеңіне көргендер мақтап, мені де құттықтап жатыр. Ал бұл іс Өмекеңнің ежелгі дағдысы.
Елімізде олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға бүкіл өмірін сарп етіп, оған мөлшерсіз үлес қосқан белгілі қоғам қайраткері Аманша Сейсенұлы Ақпаевтың туғанына 70 жыл толып, қазақ қоғамы соны атап өтуге дайындалып жүрген кез еді. Бір күні Өмекең хабарласты: «Сәке, Аманша Ақпаев туралы естелік кітап шығарсақ па деп отырмыз. Сен ол кісімен қызметтес болдың ғой, бір-екі ауыз пікір қоссаң қайтер еді?»,– деді. Несі бар, Аманшаны мен институт бітіргеннен білем. Екеуміз құрдаспыз. Қызылордада біршама ұстаздық қызмет атқарды. Қолы қалт етсе обкомолға келеді. Онан кейін екеуміз Комсомолдың Орталық комитетінде бір уақытта бөлім басқардық. Ол – спортта, мен – насихатта. Өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Ұлттық мүддеге ұқыпты қарайтын жан еді. Содан да екеуміз үндестік тауып кеткенбіз. Осы бағыттағы мінезі мен қимылдарын көрсетіп көлемді мақала жазып бердім. Кейін ол мақала «Түркістан» газетінде жарияланды.
Тағы бірде: «Нұрмағамбет Қос­жанұлының «Сартай батыр» поэмасын басып шығарғалы жатырмыз. Оқып шығып, осы басылымға пікір білдірсеңіз қайтер еді», – деп телефон соқты. Мен сондай поэманың барын білгенмен мәтінін оқымағаным рас еді. Оқып шықтым. Қайран қалдым. Поэзиялық көркемдік пен сюжеттік көріністердің шым-шытырмандығы күні бүгінге дейін құлағыма ат дүбірін әкеледі. Осы керемет поэма көп ұзамай жарық көріп, тарихына қайта үңілген халқын шалқар қуанышқа кенелткені бар. Сол кітапта менің де шағын пікірім жүр. (Кейін осы тұлғаны арқау етіп жасалған «Мың бала» фильмін көрмеген қазақ жоқ шығар).
Кеңес елінің атақты спорт жұлдыз­дары жөнінде, тіпті әлемдік апайтөс алыптар жөнінде қазақ оқушыларына ең мол, ең қызықты және бастысы, ең сапалы мәліметтер берген де осы Өмірзақ. Оның аяқдопшы Пеле мен Гарринча, жұдырықтасудың жүйріктері Мұхаммед Әли мен Әбдісалан Нұрмаханов, палуан Әбілсейіт Айханов пен Александр Медведь, конкиші Лидия Скобликова мен мәнерлеп сырғанаушы Ирина Роднина, ауыр атлетші Юрий Власов пен өзіміздің Анатолий Храпатый жайлы жазғандарын кезінде сүйсініп оқығанымыз бар. Жаурыны жерге тимеген атақты Поддубный, Алаштың ай мүйізді алтын сақалары Балуан шолақ пен Қажымұқан туралы жазғандары өз алдына. Бұл салада ол әлденеше кітап та шығарды.
Қазақтың тұңғыш спорт энциклопе­диясын жасаған осы Өмірзақ. Ол мұның алдында біздің бұрынғы Мұхамеджан Қара­таев шығарған он екі томдық ұлттық энциклопедиямызға да спорт жөнінде көптеген мақала берген болатын.
Өмірзақ Жолымбетов дарынды аудармашы да. Александр Македонский туралы В.Янның «Көне қорған» романын әдемі аударып бастырғанына өзіміз куә болғанбыз. Ал жаңа дәуір орнағанда ресми құжаттарды аудару ісінде осы кәсіптің майталмандарын да риза еткен.
Қаламгер көп ізденіп, көп оқитын. Жалықпай жазатын. Қазақ тарихы туралы сөйлей бастаса алдыңда бір ескіден қалған көнекөз қарт отырғандай болады. Оның қазақ хандары жайлы жазған мақалаларын оқушы қауым үлкен ілтипатпен, қызығып оқығанын білеміз.
Мен де бұған қызығам әрі сүйсінем. Кеңес өкіметінің қитұрқы саясатының құрсауында қалып, кісәпір болған кәнігі ғалымдар таратып бере алмай жүрген тарихыңды көзімен көргендей қасыңдағы өз досың майын тамызып жырлап беріп отырса, оған разы болмай, сүйсінбей қайтесің.
Ол қайда қызмет етсе де өз ісін біліктілікпен, шебер атқарды. Ұлт тарихы, ұлт мәдениеті, атадан қалған салт-дәстүр, ана тілі – Өмірзақтың биік ұстаған тулары. Сондықтан да ол жұрт жүрегінен жылы орын алды.
Өмірзақ Жолымбетов Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Денешынықтыру институтының профессоры. Телерадио журналистерінің «Алтын жұлдыз» республикалық конкурсының Гран-При жүлдегері. Қазақстан Республикасының таңдаулы спорт журналисі. ЮНЕСКО-ның, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері еді.
Мұндай абыройға ие болу кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді. Өмірзақ осындай абыройдың адамы еді. Оның жарқын жүзі мен жалынды өсиеті елгезек ұрпақтың санасынан өшпек емес.

Садықбек Хангелдин,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі