ЕРДОҒАН КІМГЕ ӨШІКТІ?

Түркиядағы әлеуметтік желілерге тықыр
таянған сияқты. Наурызда Twitter желісін жауып тастаған түрік билігі 27 наурыз
күні Youtube желісінің жұмысына тыйым салды.

Саяси науқан алдында Түркиядағы сөз бостандығын шектейтін
бірнеше оқиға болды. Солардың бірі – түрік үкіметінің соңғы кездері әлеуметтік
желілерге қырғидай тиюі. Алдымен – Twitter, сосын YоuTube жабылды. 

  Үстіміздегі жылдың ақпан айында ресми түрде
мәлімдеме жасаған премьер-министр Twitter желісінде жалған аккаунттар арқылы Түркия
үкіметіне қарсы ақпараттар жарияланып жатқанын, олардың АК партиясы құрамындағыларға,
анығы, Түркия билігінің беделіне нұқсан келтіретінін көлденең тартқан болатын.
Егер түріктер еліндегі Facebook желісі де жұмысын тоқтатса, таңғалмайтын шығармыз.
Өйткені наурыздың басында Тайип Ердоған Түркиядағы барлық әлеуметтік желілерді
түбірімен жоятынын айтқан еді. Бір қызығы, Ердоғанның мәлімдемесіне қайшы сөздер
айтқан шенеуніктер де бар. Мысалы Түркия президенті Абдулла Гүл Twitter-дегі
парақшасына аталған әлеуметтік желіге тыйым салынуы уақытша құбылыс деп
сенетіндігін, көп ұзамай, Twitter-дің ашылуы мүмкін екендігін айтқан. Алайда,
ашылудың орнына, екінші бір әлеуметтік желі – Youtube жабылып қалды.

  Тайип Ердоғанның әлеуметтік желілерге шүйлігуі
бекер емес. Былтыр жыл соңында әлеуметтік желілерде Премьер мен оның маңайындағылардың
жемқорлыққа қатысы бар жазбалар жарияланған болатын. Ердоған жазбаларды «монтаж
жасалған, АКР-ға күйе жағуға тырысқандардың әрекеті» деп мойындамай қойды. Енді
күні кеше ғана, 27 наурызда YouTube жабылған сәтте Түркия жұртшылығы «Ердоғанның
жемқорлыққа қатысы барлығын анықтайтын бейнежазба жарияланайын деп жатқан еді.
Ол сол себепті жауып тастады» деп шулады. Ал Түркияның Сыртқы істер
министрлігіндегілер YouTube «Сириядағы әскери шараларға байланысты өткізген кеңесті
жариялады. Мемлекеттік құпияға қол сұқты» деп айыптады.

  Twitter мен YouTube желілерінің
жабылуына Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ сияқты бірқатар халықаралық ұйымдар
алаңдаушылылығын білдірген. Бірақ оны елеген Ердоған жоқ. «Еуоопалық Одақ өз
ішіндегі түйткілдерін шешіп алсын. Әлеуметтік желілерге қатысты шығарылған
шешім – Түркияның ішкі шаруасы. Ал сөз бостандығына келсек, Еуропалық Одаққа мүше
көп елдерден көш ілгеріміз», – деген түрік премьері ең алдымен елдің қауіпсіздігіне
көңіл бөлетінін айтты.

  Бүгінде билік басында отырған АКР (Әділет
және даму партиясы) өкілдеріне бәсекелестер тарапынан жасалатын шабуыл
жиілеген. Оның себебі, бүгін, яғни, 30 наурыз күні Түркияда жергілікті сайлау өтуде.
Басқа сайлаулардан ерекшелігі сол, Ердоған мен АКР-ның тағдыры осы саяси науқанға
қатысты. Ал әлеуметтік желілерде былтырғы Таксим оқиғасы (Серуен бағы), оның соңын
ала бере жариялана бастаған жемқорлыққа қатысты жазбалар мен бейнебаяндар Ердоғанның
жақтастарының ел алдындағы, жалпы бүкіл әлем алдындағы абыройына нұқсан
келтіргені анық.

  Нәзия Жоямергенқызы,

  Алматы
– Стамбұл – Алматы 

   

Back to top button