Оралмандар: ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУ НЕГЕ ҚИЫН?

«Түркістан» газеті жанынан құрылған «Алдаспан» ашық пікірсайыс алаңының кезекті отырысы «Оралмандар: тұрақты тіркеу неге қиын?» тақырыбына арналды. Отырысқа Алматы қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Күлсін Ысқақова, Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасының инспекторы, полиция полковнигі Ләззат Мұхитова, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Ботагөз Уатхан, Оралмандардың «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Рахым Айып, осы ұйымның мүшесі Базаралы Әріп және тұрақты тіркеудің шырғалаңы шаршатқан бір топ оралман қатысты. Негізгі әңгіме – Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген этникалық қазақтардың тұрақты тіркелуі мәселесі тұрғысынан өрбіді.


САРСАҢҒА САЛҒАН ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУ


К.Адырбекұлы:

b9b7249b8875e5255b690db8b88c90ce.JPG

«Алдаспан» ашық пікірсайыс алаңының кезекті отырысы оралман мәселесіне арналып отыр. «Түркістан» газеті бұл мәселені тәуелсіздіктен бері көтеріп келеді. Сол жылдары газет жанынан «Қоныс» атты қосымша жарық көрді. Жалпы, әлемде үш ел қандастарын еліне шақыруда. Олар – Израиль, Германия, Қазақстан. Тәуелсіздіктен кейін заң қабылданып, көшіміз түзеліп қалып еді, кейінірек кедергілер көбейіп кеткен сыңайлы. Еліне, тарихи Отанына келген оралмандарды тіркеуге алу төрт-бес жылға шегеріліп қалды. «Неге бұлай?» деген сауал бәріміздің көкейімізде сайрап тұр. Жеріміз кең болғанмен, халқымыздың саны аз. Соңғы жылдары келген оралмандардың саны 1 млн.-ға жуық екен. Соның есебінен халықтың саны өсті. Енді міне, қандастарды тіркеу мәселесі қиындық туғызуда. Қалайша мұны дұрыс жолға қоя аламыз? Басқа елдегі болып жатқан кереғар жағдайлар бізге ой салуы керек. Қалай да жергілікті ұлт өкілдерін көбейтуді негізгі саяси тетікке айналдыру қажет. Осы жөнінде пікірлеріңізді ашып айтсаңыздар екен. 

Е.Кәпқызы:

Бізге соңғы кезде оралмандар тарапынан тұрақты тіркеуге қатысты өтініш айтып келіп жатқандар өте көп. Азаматтық алу былай тұрсын, тұрақты тіркеу мәселесі етектен тартуда. Әсіресе, Алматы облысына қоныс тепкен қандастардың мұң-зары бітер емес. Сол себептен де Алматы облыстық Көші-қон полициясынан арнайы мамандар шақырып едік, ресми түрде бас тартқанын айта кеткім келеді. 

Мұхтарбек Сәлиұлы, оралман:

ab0d361f58921d6cfd1e6865b3851fbc.JPG

2009 жылы Қытайдың Іле автономиялық облысынан келдім. Зейнетке шыққаннан кейін атамекенге ат басын бұрған едік. Мұнда келгелі бері туыстарды әкелу, бала-шағаға азаматтық алып беру мәселесімен айналысамын деп, көші-қон саласындағы біраз мәселеге қанық болдым. Сондағы байқағаным кедергі көп. Ал бүгінгі бетпе-бет келіп отырған мәселе – мына жанымдағы екінші келінімнің аяғы ауыр. Құдай қаласа, мамырда босанады. Биыл Абай-Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысынан үй алып, келінімді тіркетейін десек, тіркемейді. Не тұрақты тіркеуге алмайды. Азаматтық та бермейді. «Үлкен ұлым мен келініме азаматтықты жылдам берді ғой. Неге қиындап кетті?» десек, төрт жылға дейін азаматтық бермеу жөнінде заң шықты дегенді алға тартады. «Оған дейін ықтияр хатпен жүресіңдер» деп шығарып салды. Құжаттың бәрін жинап апарсақ, енді Қытай Халық Республикасы елшілігі консулдық бөлімінің Қазақстанда тұруына қарсы емес деген анықтамасы керек екен. Одан бөлек, Қытайдағы тіркеуден шығып және бұрын сотталмаған деген қағазды нотариус­пен бекітіп әкелуді талап етті. Ол ол ма, жұмыс істемегендігі туралы «кәсіпсіз» деген анықтама қажет екен. Сөйтіп, ықтияр хат алмақ боп, Іле облыстық сақшы мекемесіне келдім. Олар мұндай құжатты беруді былтырдан бері тоқтатқанын айта келе, «Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы тұрақты тіркеудегілерді тіркеп басқару ережесінің 59-бабында: «Шетелге шыққан немесе шетелге қоныстанғандардан сырт ешкімнің тіркеуін өшіруге болмайды» делінген Қытай заңын қолымызға ұстатты. Енді соны әкеліп, «мұның заңдық негізі жоқ екен ғой» десем, еліміздегі осы салаға жауапты мамандар: «Бұл автономдық ауданның жергілікті заңы, ал мемлекеттің заңы қайда?» деп дөңайбат көрсетті. «Ау, Шыңжан ұйғыр автономдық ауданы бұл құжатты мемлекеттің заңына негіздеп жасап отырған жоқ па? Шағын аудан өздігінен заң шығармайды немесе мемлекеттің саясатына қарсы болмайды ғой» деп ем, сөзіме құлақ аспай, теріс айналды. Сенсеңіздер, сол құжат мәселесімен Құлжаға үш рет сандалып барып қайттым. Мұндағылар Қытайдікін, ондағылар біздікін мо­йындамайды. 

Б.Әріп:

26d22a38336776bb43fc343a48eed904.JPG

Қытайдан келген азаматтар еліміздің тиісті мекемелері сұратқан анықтаманы алу үшін Қытай консулдығына барады. Қытай тарапы осыдан бір жыл бұрын «сотталмаған» деген қағазды еш қиындықсыз бере беретін. Оның үстіне бұрын соны ғана талап етуші еді. Былтырғы жылдың бірінші қаңтарынан заңға бірінші – «Қытайда сотталмады» деген, екінші – «қызметтен қол үзді», үшінші – «қарызы жоқ» деген, сосын «Қытайда тұрақты тіркеуде жоқ» деген анықтама керек дегенді енгізді. Алдыңғы үш анықтаманы әкелуге болады. Ең бастысы – тұрақты тіркеуден шықты деген қағазды алу қиын. Барлық түйткіл осыған келіп тірелуде. Жаңа естіп отырсыздар, мына кісі керекті құжатын үш рет барып, ала алмай келді. Бұл жерде қазақтардан Қытайдан кету парақшасын талап етудің қажеті қанша? 20 жылдан бері мұны сұратқан жоқ. Ал 23 жылға аяқ басқанда неге қажет болып қалды? 

Серік Тоқтаған, оралман:

0009aeabbe3e4fbe55682c12d62ee5b0.JPG

2006 жылы Тарбағатайдан келдім де, 2010 жылы ықтияр хат алуға талаптандым. Оралман куәлігін алып, біршама құжаттарымды жинастырдым. Өзімнің уақытша тұрған ауданыма барсам, «сізді әлі үш ай, алты ай тексеру керек» деді. Сонымен уақыт созылып кетті. Содан не керек, «төлқұжатыңның уақыты бітіп қалған екен, Қытайға барып жаңа төлқұжат алып келіңіз» деді. Амал жоқ, Қытайдан жаңа құжат жасатып, былтырдан бастап ықтияр хат алуға тағы кірістім. Анау-мынау деп жүргенде, оралман куәлігімнің де мерзімі біткен екен. Енді не істеймін? Сол кезде маған банкке 2-3 млн. теңге құю керек дегендер де болды. Сөйтіп жүргенде талап көбейе берді. Қытайдың елшілігі рұқсат қағаз бермейді. Олар да өздерінің шартын қояды. Қазір уақытша тіркеуім де бітті. Енді оны создырайын десем де, рұқсат бермей отыр. Тіпті, оралман куәлігінің уақытын создыртуға да мүмкіндік болмай тұр. Не уақытша тіркеуім, не куәлігім жоқ. Қазір заңсыз жүрмін. Қытайға қайта шығып кету керек дейді. Сонда, қайтадан Қытайға кетем бе? 

Альмира Бақытқызы, оралман:

faf6a5bd038f5a0f7e201a53ccbdced4.JPG

2007 жылы отбасымызбен Құлжа қаласынан Еңбекшіқазақ ауданына көшіп келдік. Өзім оқуға тапсырып, белгілі бір себептермен азаматтық ала алмай қалдым. Қазір магистратурада оқып жатырмын. Тұрақты тіркеуге тұратын кезде кедергілер пайда болды. Жоғары оқу орны тіркеуінен шығу керек деді. Тіркеуден шығып едім, визама «күші жойылды» деп мөр басып, он күнге елден шығасың деді. Содан Қытайға барып, бір жылға виза аштырып келдім. Менде оралман куәлігі, «сотталмады» деген анықтама болды. Бірақ «тұрақты тіркеуден шықты» деген қағаз жоқ. Уақытша тіркеуімнің уақыты бітіп барады. Әрі-бері жүрдім, ешкім көмектесе алмады. Бір кісі 100 доллар берсең тұрақты тіркеуге тұрғызамын деген ұсыныс жасады. Сұрағанын бердім. Азаматтыққа тапсырдым. Бір айдан кейін кел деген соң, барсам тұрақты тіркеуде жоқ деген анықтаманы бермейміз деді. Бір емес, бірнеше мәрте соқтым. «Оны қандай жағдайда бересіздер?» десем, «тек қайтыс болған кезде» немесе «Қазақстан азаматтығын алдым деген қағазды көрсетсеңіз ғана береміз» дейді. Биыл оқуымды бітіремін. Жұмыс табылып тұр, бірақ азаматтығымның жоқтығынан не істерімді білмей жүрмін. 

Зейінгүл Жәйірбекқызы, оралман:

b2234e39dc0098b66a62749c00ab1678.JPG

Былтыр сәуір айында Іледен екі балам және жолдасыммен келдік. Үш айлық тіркеуге тұрдық. Сол аралықта азаматтыққа құжат жинадық. Уақытша тіркеуді ұзартайық деп, Алматы облыстық көші-қон полициясына барсақ, сондағы бір маман «Қытайға кет!» дейді. Біз тарихи мекенімізге бала-шағамыз үшін келдік! Қайда барамыз?! Ешқайда да кетпейміз. Тым болмағанда, біз жас отбасы ретінде Қазақстанның демографиясына үлес қосайық десек, балаға да құжат бермейді. Құжаты болмаған соң, емхана да қарамайды. Тіпті, екі қолға бір күрек тауып, қалада тірлік істейін десек, бір де бір құжат жоқ. Шынын айтқанда, ешқайда тіркеуде жоқ жан есебіндеміз. 

 Р.Айып:

f1a992bf36429a42cff2656156d8caca.JPG

Соңғы жылдары заңға біраз өзгерістер енгізілді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, үкіметтің 2011 жылғы №362 қаулысынан кейін көп нәрсе өзгерді. Бұрын қаулының бәрінде «этникалық қазақтардан басқа» деп жазылатын еді. Бұл оралмандарға қолайлы жағдай туғызды. Кейіннен «сотталмаған» деген анықтаманы талап ету басталды. Осы мәселе бойынша Қытайдың консулымен сөйлескенім бар. «Мәселен, Қытайдың шетелде 60 мыңдай диас­порасы бар. Оның бәрі консулдың алдында кезекте тұрса, бар жұмысты қойып, соларға ғана қағаз берумен айналысайық. Бізге мұның керегі жоқ. Қытайда «қылмыскер болса, шетелге шықпайды» деген заң қабылдадық. Ондай адам керек десе, Қытай Халық Республикасы қарсы емес. Тіпті, паспортына да жазып береміз. Басқа талабымыз жоқ. Қалғанын өз үкіметтеріңізге айтыңыздар», – деп жауап берді. Сонда, осыншама адамды сорлатып жатқан өзіміз емес пе? Қазіргі үкіметтің №111 қаулысында да алдыңғысы қайталанған. Енді не дейсіз? 

Б.Уатқан:

abc5b6652f53cb5bbb061685c3b37407.JPG

Альмираның жағдайына ұқсас, Қытайдан келген Алматы облысында тұратын Зухра деген қыздың тағдыры туралы айта кетсем. Күйеуі қайтыс болып, екі баламен қалды. Зухраны ертіп, облыстық көші-қон полициясына барғанда жыларман жағдайға тап болдым. Ондағылар «Егер күйеуі тірі болса, азаматтық алатын еді ғой» дейді. Құдай-ау, қайтыс болса, бұл Алланың ісі ғой. Өзі ұйғыр демесеңіз, күйеуі Қазақстанның азаматы, екі баласы осында өмірге келді. Он жылдан бері ата-енесімен тұрады. Екі баланың болашағы үшін азаматтық алайын десе, бермей отыр. Қытайдан бүкіл құжатын жинап келген соң, өзім ертіп бардым. «Барлық құжаты бар ғой, енді не керек?» десем, біздің мамандар Қытай консулының: «Бұл азаматша Қазақстан азаматтығын алған күні Қытай азаматтығынан автоматты түрде шығады» деген анықтамасын жаратпай қойды. «Бізге бұл құжат қажет емес. Өйткені қолында Қытайдың паспорты тұр, сондықтан азаматтық бермейміз», – деп күйдіреді. «Айналайын-ау, мұнда анық жазылып тұр ғой» десем, «ендеше азаматтық жоқ деген анықтама берейік» деді. Зухра ықтияр хатты екі рет ұзартқан. Әлі сол құжатпен жүр. Ал бұл жаңа заңға келмейді де. Көрдіңіз бе, көші-қон полициясындағылар шаш ал десе, бас алуда. Дегенмен, заңдарды қарап отырып, оның да мүмкін емес екенін түсінесің. Олар да прокуратурадан, Қаржы полициясынан қорқады. «Бұрын бір күн кешіксе кешіріммен қарап, бәрін істеп беретін еді ғой» десем, «1997 жылға дейін «Халықтың көші-қон» туралы Заңы болған жоқ. Тек №791 қаулы күшінде болды. Ал оны 2004 жылы Мәсімов үкіметі жойып тастады», – дейді. Біз былтыр көші-қон заңына байланысты ұсынысымызды Президент әкімшілігіне, министрліктерге жібердік. Бірақ одан нәтиже шықпады. 

Бұл бір мәселе. Ал жақында Қытайдан келген Гүлбақыт деген қызды үш-төрт ай дегенде әрең ауылдағы туыстардың үйіне тұрақты тіркеуге тұрғызған едік. Енді оның Қытайдағы туған сіңлісі қайтыс болыпты. Шығу визасын сұрап барсақ, «тұрақты тіркеуден шығып келсін, әйтпесе виза ашпаймыз» дейді. Бұл не? Адам қайтыс болып жатыр ғой, бір рет барып келуге виза ашып берсе қайтеді? Ақыры тұрақты тіркеуден шығу үшін тағы бір апта сандалды. Сорақысы сол, ол тұрақты тіркеуден шықса, алты айға дейін Қазақстанға қайта кіруге құқы жоқ екен. Амал жоқ, мектептегі балаларын шығарып алып кетпекші. Көңілі жабырқаулы, өкпесі де қара қазандай. Міне, атамекеніне келгендегі қуанышы көпке созылмай жатқандар қаншама. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, бүгінгі Украинада болған жағдай Қазақстанда орын алмайтындығына кім кепіл? Сондықтан «Көші-қон туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге барлық БАҚ, бүкіл халық атсалысуы керек. Заңды өзгертпейінше, көші-қон полициясындағы қызметкерлер ештеңе жасай алмайды. Өйткені олар да заңға байланып отыр. Меніңше, бес облысқа қазақты қоныстандыру керек. 1 млн. қандас келіп еді, қазақтың саны 67 пайызға көтерілді. Бірақ аяқ астынан 63 пайызға кемітіп тастады. Бәлкім, бұл біреуге керек болған шығар. Сол үшін де заңға көптеген кедергілер енгізген болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұрын әрбір заңның бабында «этникалық қазақтан басқа» делінетін. Оның бәрі алынып тасталған. Сондықтан заңға толықтай өзгеріс керек. Әйтпесе, бүгінгі күні өз еркімен келіп жатқан қандастарға да мүмкіндіктің бәрі жабық. Көшіп келген ағайын амал жоқ қайта кетіп жатыр. Мұнымен демографиямызға үлкен нұқсан келтіретінімізді білеміз бе? 

Б.Әріп: Тұрақты тіркеуде бар адам заң бойынша барып-келу визасын ала алады. Бұл жағынан Алматы қаласында тәртіп біршама жақсы. Мұнда оқып жатқан оралман жастар көп. Оларға елден шығу үшін екі-үш айда бір мәрте виза ашады. Мүмкін, сол тәртіпті білмеген шығарсыз. 

Б.Уатқан: Мен білмесем де, көші-қон полициясы мамандары білуі тиіс қой. Алматы қаласында көші-қон комиссиясы бар. Оның ережесін Алматы қаласы әкімшілігі бекітеді. Сондықтан қалада мұндай мүмкіндік туғызуы мүмкін. Бірақ облыста жоқ. Әдейі басшыларына дейін кіріп едім, соның өзінде мәселе шешілген жоқ. 

Р.Айып: 2010 жылы үкіметтің №362 қаулысында тұрақты тұрған азаматқа бір рет виза ашуға болатын. Егер оны орындамаса, адамдарды ресми жауапқа тарту керек. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы туралы» Заң бойынша, егер мемлекеттік қызметкер өзі заңдағы белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда ресми түрде заңмен қудаланады. Өйткені оның артық құжат сұратуға қақысы жоқ. Ол тек заңды орындау­шы ғана. 

Б.Уатқан: Өте дұрыс айттың. Осы бойынша көші-қон полициясына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан хат алып бардым. «Бұл кісі азаматтыққа тапсырсын» деді. Бес-алты ай жүгіріп, Қытайдың елшілігінен хат ала алмағанын айттым. Ықтияр хатты да жасай алмады, екеуі де жоқ болғандықтан тұрақты тіркеуден шығарғалы жатыр. 

Р.Айып: Бізде қарапайым заң бар. Қазақстанда бес жыл тұрақты тұрған этникалық қазақтан басқа адамдар және тұрақты некеде тұрған кез келген азамат азаматтық ала алады. Оны не үшін қабылдамағанын мамандар анық айту керек қой. 

Е.Кәпқызы: «Күйеуге тиген әйелдердің» халықаралық конвенция­сына қосылған елдердің әйелдерін ғана қабылдаймыз дейді. Ал Қытай бұл конвенцияға кірмейді екен. 

Р.Айып: Бұл бос сөз. Біз адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық алты конвенцияға қосылып, міндеттеме алдық. Ол қай мемлекеттен келсе де, маңызды емес. Осында келді ме, құқығын қорғау керек. Тиісті орындарға бізден көп хат жазған адам жоқ. Ал олардан бас-аяғы жоқ, сауатсыз жауап келеді. Мемлекеттік қызметкер бола тұра, халықаралық конвенциялар мен заңдарды білмейді. Неге оқымайды? Неге орындамайды? Онда неге халықаралық міндеттемені мойнына алады? 

Е.Кәпқызы: Қаншама от­басының ата-анасы азаматтық алған, ал баласы азаматтық ала алмай жүр. Осы мәселенің қандай заңдық негізі бар?

Р.Айып: Біз Вена, Женева, Хельсинки конвенциясына қосылдық. Негізі Әділет басқармасы ұсынған заңға сұрау салып, конвенцияны көрсетуді талап етіп едім, бас тартты. Ол бізде тұру керек қой. Меніңше, мамандардың өзі осы конвенцияларды дұрыстап қараған жоқ. 


«ОРАЛМАН КУӘЛІГІНІҢ» ЗАҢДЫҚ КҮШІ БАР МА?


 К.Ысқақова:

10ed1c2ed9b8a2f58c9b68d74a53fe32.JPG

Кезінде орал­мандардың азаматтық алуы, оралман куәлігінің берілуі, тұрақты тіркеуге тұруы, көші-қон квотасын алуы секілді мәселелерде көптеген жеңілдіктер болды. Бірақ сол жеңілдіктердің көбі 2010 жылдан бастап жойылды, 2013 жылғы желтоқсанда көші-қонға қатысты заңнамалықтарға көптеген өзгерістер енгізілді. 2010 жылғы тамыз айын­да шыққан заңға келсек, онда «Оралман» деген ұғымға арнайы анықтама берілген. Ол заң бойынша, шетелден оралған этникалық қазақтың барлығы «оралман» болып есептелмейді. Қолына оралман куәлігін алған адам ғана «оралман» саналған. Ал қолдарында «оралман» куәлігі жоқ шетелдік қазақтар жай «этникалық қазақ» делінген. Бұрынғы заңдарда бұндай арнайы бап болмаған еді. Аталған заңда «Этникалық қазақ дегеніміз – ұлты қазақ шетел азаматы» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондай-ақ, бұрынғы заңдарда «оралман» мәртебесін алғандар қанша жыл болса да, сол мәртебемен жүре беретін. Ал 2010 жылғы заң бо­йынша, «оралман» мәртебесі тек бір жылға берілетін болды. Сол уақыт аралығында олар азаматтыққа құжаттарын тапсырып, ҚР азаматы атанып үлгеруі тиіс болатын. Егер ол уақыт аралығында үлгермесе, сол «этникалық қазақ» мәртебесінде қала берді. 

2013 жылғы желтоқсандағы Көші-қон заңына енгізген арнайы өзгертулер бойынша, «оралман мәртебесі» тек Үкімет Қаулысы бойынша белгіленген өңірлерге қоныс тепкен этникалық қазақтарға ғана берілетін болды. Осы наурыз айының 20-сында №2248 Қаулы қабылданды. Ол Қаулы бойынша оралмандардың орналасатын арнайы аймақтары белгіленді. Олар: Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы және Ақмола облысы. Аталған өңірлерге қоныстану үшін олар ең әуелі тұрақты тіркеуге тұрады, сосын ықтияр хатқа өтініш береді. Ықтияр хатты алғаннан кейін ғана, «оралман мәртебесін» алуы тиіс. Осы «оралман куәлігі» арқылы тиісті жеңілдіктерге қол жеткізе алады. Ал Алматы облысы мен Алматы қаласы арнайы қоныстандыру өңірлеріне енген жоқ. Сол себепті енді біз ешкімге оралман куәлігін бере алмаймыз.

Е.Кәпқызы: Кешіріңіз, қазір «оралман куәлігінің» қандай маңызы бар? Бұрын бұл куәліктің құзыры күшті еді. Ол куәлікпен зейнетақы рәсімдеуге, жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар еді. Қазір ол куәліктің берері не? 

К.Ысқақова: Бұл куәлікке ие болған адамдар тегін кепіл­дендірілген медициналық көмекке қол жеткізе алады. Бұл заңда тек қана көшіп келу квотасы алынып тасталды. Ендігі жаңа заң бойынша оралмандардан төрт жылдан кейін азаматтыққа тапсыра алады. Егер қаласа, жеті жылға дейін «оралман мәртебесін» сақтауға құқы бар. Әрине, біз жергілікті атқарушы органның қызметкерлеріміз. Ал жоғары жақта заңды қабылдаушылардың қалай ойлағанын, қандай мақсатпен жаңа талаптарды ойлап шығарғанын өзіміз де түсіне алмай далмыз. 

К. Адырбекұлы: Сіздер оралмандармен тікелей жұмыс істейсіздер. Оралмандардың көбі сіздерге келеді. Заңды министрлік ұсынады. Сіздер заң жасау ісіне қатыспайсыздар ма? 

К.Ысқақова: Кейде біздің тарапымыздан ұсыныстардың болып жататыны рас. Ал біз өз құзыретіміздегі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Яғни, біз орындау­шы ғанамыз. 

К.Адырбекұлы: Сіздер оралман куәлігін беру Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша тоқтатылды деп отырсыздар. Ал мына кісі Алматыдан пәтер сатып алған екен. Бала-шағаларының барлығы көшіп келіпті. Тек тұрақты тіркеуге тұра алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр екен. Келінінің аяғы ауыр. Сонда ол кісінің шаруасын қалай шешесіздер? 

К.Ысқақова: Ол кісі өзге де шетел азаматтары секілді тұрақты тіркеуге тұрады және өзге де процедуралардан өтеді. Олар енді этникалық қазақ ретінде ешқандай жеңілдікке ие бола алмайды. 

Б.Уатқан: Бүгінгі таңда «оралман куәлігінің» ешқандай рөлі жоқ. Ол құжатты алғаннан кейін не азаматтыққа, не ықтияр хатқа тапсыра алмайды. Құр көк қағаз ғана. Соңғы қабылданған заң бойынша шетелден келген қазақ азаматтары өздерінің қазақ екендіктерін дәлелдеу үшін өздері тұратын мемлекеттегі Қазақстан елшіліктерінен анықтама әкелу талап етіледі. Бұның да оралмандарды әуре-сарсаңға салғаннан өзге берері жоқ бап. 

К. Ысқақова: Елшіліктен емес, Моңғолияда халықты тіркейтін басқарма бар екен. Сол басқарманың анықтамасын әкелсе, ол да жарап жатыр. Қазақстан елшілігі тек қана апостиль жасауы керек. Яғни, жаңағы анықтаманың растығын кепілдендіруі тиіс. 

Б.Уатқан: Енді апостиль де­геніміз де, сол елшіліктерге баруды талап етіп тұрған жоқ па? 

Р.Айып: Моңғолияның жағ­дайына келетін болсақ, олар төл­құжатты бергенде, Америка сияқты ұлтын көрсетпейтін болған. Сондықтан, олардың ұлтының қазақ екендігін анықтау қажет қой. Меніңше, бұның оңайлатылған заңдық жүйесін қалыптастыру керек. Моңғолия ешкімнің шылауына кете қоймаған бейтарап мемлекет. Егер ниет болса, осы мемлекетпен арнайы бір келісімге келуге болар еді. Мысалы, айталық, Моңғолиядан Қазақстанға көшетін қазақтардың ұлты қазақ екендігін анықтайтын бір жапырақ анықтаманы қоса беруге неге келіспеске?! 

К.Ысқақова: Қазір көші-қон басталғалы біраз жыл болған жоқ па? Қазақстанға көшуге бағыт алған әрбір қазақ қандай құжат қажет болатындығын түсінетін жағдайға жеткен жоқ па? Өздеріне қажетті құжаттарын сайлап алып шықпай ма? 

Р.Айып: Күлеке, сіздің бұл пікіріңізбен мүлдем келіспеймін. Себебі, олар сіздер талап етіп отырған құжаттарыңызды ала алмайды. Өйткені сіздердің талап етіп отырған заңдарыңыз Қытайдың заңдарына сай келмейді. Қытайдың шекарадан кіріп-шығу туралы арнайы заңы бар. Оның атқару Ережесі жазылған. Егер сіз өзге бір шет мемлекетке қоныстанам десеңіз, сол елдің құзырлы органдары мақұлдаған арнайы шақырумен шығасыз деген. Ондай шақыруды біздің құзыретті органдар бермейді. Демек, біздердікі шақыру бермегеннен кейін, олар да қажетті құжаттарды ұсынбайды. Демек, бұл қазақ келмесін деген саясаттан туын­дап отыр. Егер шынайы көңілден жоғарыда аталған жеті аймаққа қазақты көптеп әкеп орналастырудың жолдарын қарастырамыз десе, әуелі №111 Қаулыны өзгертсін. 

К.Адырбекұлы: Кешегі Қы­рымдағы жағдайды көріп отырсыздар. Ол жерде орыстілділердің саны басым. Референдум өткізіп еді, басым көпшілігі Ресейге қосылуды жақтап дауыс берді. Ондағылардың барлығы енді Ресей азаматы болып шыға келді. Ендеше, демографиялық тұрғыдан әлі де төрт құбыласын түгендей алмай отырған Қазақстан өз қандастарымыздың азаматтық алуын, тұрақты тіркелуін неге осындай әуре-сарсаңға салып қойдық?

Л.Мұхитова:

85faa23adc8ae8a23872d6195a578148.JPG

Біз негізінен заң шеңберінде жұмыс жасаймыз. Заң қабылданады, біз сол заң аясынан шыға алмаймыз. 2013 жылғы тамыздың 28-інде №523 бұйрық шықты. Осы бұйрықта шетелден келген қазақ азаматтары тұрақты тіркелуі үшін қандай құжаттарды көрсетуі тиістігі жазылған. Со­лардың ішінде әкелуі қиын екі құжат бар. Оның бірі – Қазақстанда тұрақты тіркелуге рұқсатты сол елдің Қазақстандағы Бас консулдығы немесе елшілігі береді. Осы құжатты Қытай елшілігінен алу қиямет-қайымға айналған іс болып отыр. Екіншісі, келген елінде сотты болмағандығы туралы анықтама. Бұл да шетелдік қандастарымыз үшін қол жетпес арман болып қалуда. Халықаралық Гаага конвенциясы бойынша, ондай анықтамалар ресми органдарда апостильден өтуі тиіс. Апостиль дегеніміз – құжаттың рас, өтірігін дәлелдеу. Біз Қытай тарапынан бұл құжаттарды алудың қиындығын жақсы білеміз. Жақында Қытай елшілігі бізге тағы бір хат жолдады. Онда жоғарыда аталған рұқсат қағазды алу үшін біздің азаматтарымызды елшілікке жіберіңіздер деген. Ол рұқсат қағазды олар қалай береді, оны біз білмейміз. Сіздер Қытай елшілігінің Қытайдағы тұрақты тіркеуден (нопост) шығуын талап ететіндігін айтып отырсыздар. Оның үстіне, аталған екі анықтамаға әйтеуір ілдалдалап жүріп қол жеткізгеннен кейін, олардың тоқсан күндік қана мерзімі бар екенін ұмытпауымыз керек. Ал, Моңғолиядан берілетін анықтамалардың мерзімі – 45 күн ғана. Меніңше, осы бұйрықты шығарған кезде «аталған рұқсат қағазын басқалардың бәрінен талап етуге болады, тек этникалық қазақ өкілдерінен талап етілмесін» деген бір сөйлемді қыстыра салуы керек еді. Біз мұндай ұсынысты айтқан болатынбыз. Өйткені олар біздің осы бұйрыққа қатысты пікірімізді сұраған да еді. Бүгінгі дөңгелек үстелде айтылған ой-пікірлердің барлығын біз жазып алып отырмыз. Бұдан қорытынды шығаратын шығармыз. Осында айтылғандардың барлығын ой елегінен өткізіп, жоғарғы жаққа тағы да өз ұсыныстарымызды жібермекпіз. Өйткені жоғарыда аталған бұйрықпен жұмыс істеу бізге де қиын болып жатыр. 

Б. Уатқан: Сол ұсыныстарыңызға қоса кетсеңіз, мен 2001 жылы Прагаға бір жылға тұрақты тұруға бардым. Барған күннің ертеңінде сіз сияқты полицияның алдында болдық. Төлқұжатымыздың көшірмесін алды да, екі беттік анкета толтыртты. Өзге ешқандай құжат талап етпеді. Үш күннен кейін, бір жылға тұрақты тіркелген төлқұжатымызды алдық. Осы тәжірибені неге өзгеге емес, өз қандастарымызды тұрақты тіркеу үшін пайдаланбасқа. 

Б. Әріп: 1991 жылдан басталған көштің алғашқы жылдары құқықтық база біршама ізгіленген болатын. Сол жылдары Қытайдан келген бір топ қазақ зиялысының төлқұжатының уақыты аяқталып кеткеніне қарамастан, жеңілдікпен Қазақ азаматы деген куәлік берілген еді. Сол дәуір – бір алтын дәуір екен. Бағанадан бері Көлбай ағамыз сіздерге заңның қабылдануына және оның оңтайлы болуына неге ықпал етпейсіздер деген сауалды қайта-қайта қойып отыр. Біздің бүгінгі дөңгелек үстеліміз осымен аяқталып қалмасын, оның қарарын қабылдап, жоғары жаққа жеткізуге бір ықпалын жасасаңыздар екен. 

Л.Мұхитова: Әрине, біздің бас­қармаға ұсыныстарыңызды жазып жолдаңыздар. Соның негізінде біз де өз ұсыныстарымызды жолдамақпыз. Тағы бір айта кетейін дегенім, жаңа Ботагөз апай «Оралман куәлігінің» ешқандай рөлі жоқ» дедіңіз. Алайда, ол жаңсақ пікір. Оралман куәлігінің пайдасы бар. Ол Сіз ықтияр хат алар кезде шетел азаматы ретінде төлем қабілетіңізді растауыңызды қажет. Ол үшін есепшотыңызда кем дегенде – 2 миллион 444 мың теңге болуы тиіс. Оралман куәлігі бар адам, осы төлемнен босатылады. 

Р. Айып: Бірақ, оралман куәлігіне Үкімет бекіткен 7 өңірге қоныс тепкен шетелдік қазақтар ғана ие бола алады. Бұл жерде тағы бір қарама-қайшылық орын алады. Ресей, Қырғызстан, Украина, Белоруссия мемлекеттерімен арада арнайы халықаралық келісім бар. Аталған мемлекеттерден Қазақстанға тұрақты тұруға келушілер ықтияр хат немесе азаматтыққа өтініш беретін болса, олар да төлем қабілетін растаудан босатылған. Бірақ, олар үшін арнайы бекітілген өңірлер жоқ. Олар Алматыға келсе де, Шымкентке келсе де, шектеу жоқ. Демек, бұл жерде шеттегі қазақтың құны ТМД мемлекеттеріндегі өзге ұлттардан да төмен болып тұр. 

bcd15e47c03193fbf8bdae9a59de7428.JPG

Л.Мұхитова: Ботагөз апай, сіз жоғарыда қазақ азаматына күйеуге шыққан қытайлық ұйғыр азаматының Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендігі жайында сөз қозғадыңыз. Қытайдың Азаматтық туралы заңы бойынша, олар өз азаматтары басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдамайынша, оларды Қытай азаматтығынан шығармайды. Ал біздің заңдарымыз бойынша, қос азаматтық жүрмейді. Сол себепті өзге елдің азаматтарын ҚР азаматтығына қабылдай алмайды. Ол үшін жаңағы адам Қытай азаматтығынан бас тартып, одан шығып келуі тиіс. 

Р.Айып: Менің білуімше, ҚР Азаматтығы туралы Заңның 16 бабында Қазақстан Республикасы аумағында 5 жыл тұрақты тұрған және Қазақстан Республикасы азаматымен 3 жыл некеде болған адамдардың өзге мемлекеттің азаматтығынан шығуы талап етілмейді. 

Л. Мұхитова: Жоқ, Реке, азамат­тыққа құжаттарды қабылдайтын мекеме қызметкері ретінде, мен біз­дің заңнамаларымызда қос азаматтықтың жүрмейтіндігін біле­мін. Біз өзге ұлт өкілдерінен Қазақстанда 5 жыл тұрақты тұрса да, келген елінің азаматтығынан шығып келуін талап ететінбіз. Және солай бола береді де. 

Е.Кәпқызы: Бұрын оралман куәлігінің мәртебесі өте жоғары, құзыры кең еді. Айталық, оралман куәлігіне ие болған қандастарымыз зейнетақы рәсімдеуге, бұрын РНН, СИК дейтінбіз, қазір ИИН алуға, жұмысқа орналасуына, балаларының жәрдемақысын, түрлі өтемақы мен төлемдерді алуына мүмкіндігі бар еді. Қазір оның бәрі тоқтатылды ғой. 

 К.Ысқақова: Біздің Алматы қаласы бойынша оралман куәлігін беру тоқтатылды. Ал жоғарыда аталған 7 өңірге қоныстанғандар үшін «оралман куәлігінде» қарастырылған жеңілдіктердің бәрі сақталады. Әрі жергілікті әкімшіліктер өз көмектерін де көрсететін болады. 

Е.Кәпқызы: Қазір тұрақты тіркеуге тұра алмай жүрген оралмандар көп екенін айттық қой. Олар жалғыз келіп жатқан жоқ. Мектеп жасындағы балаларымен келіп жатыр. Тіркеу болмаса, ИИН берілмейді. Сонда балаларын мектепке беру де проблемаға айналады. 

Л.Мұхитова: ИИН-ді тіркеусіз ала беруге болады ғой. 

Д.Мыңжасарқызы: Оралмандар түгілі ауылдан келген біздің балаларымыздың өзін ИИН-сіз мектепке қабылдамай жатқан жоқ па? 

Л.Мұхитова: Менің білуімше, шетел азаматтары уақытша тіркеумен ИИН ала алады. 

Мұхтарбек Сәлиұлы, оралман: Менің келінім алдағы мамыр айында босанады. Әлі еш жерде тіркеуге тұрмады. Осында қала берсін бе? Қытайға барып босансын ба? Оның үстіне, визасының уақыты осы тамыз айында бітеді. Оған қандай да бір көмектеріңіз тие ме? 

К.Ысқақова: Сізде уақытша тіркеу бар ма? Сол тіркеу арқылы тұрған ауданыңыздың перзентханасына бара аласыз. 

Мұхтарбек Сәлиұлы, оралман: Менің тұрақты тіркеуім жоқтығына орай, ешқандай перзентхана есігінен қаратар емес. Қазір тек ақылы поликлиникаларға тіркелдік. Бір қарағаны 40 мың теңге екен. Келесі келгеніңізде 45 мың теңге бересіз деді. 

Л.Мұхитова: Сіз ертең Алматы қалалық көші-қон полиция­сы басқармасының 8 терезесіне келіңіз. 

Е.Кәпқызы: Бірнеше күннен бері қазақ ақпарат құралдары бір-бірінен сүйінші сұрап жатыр. Елбасы қабылдауында бірнеше зиялы қауым өкілі болды. Солардың бірі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков ағамыз. Ол кісі Елбасына ұлы көштің тоқтағанын наз ретінде айтқан екен. Елбасы бұл мәселені қайта қарауға және оның өз арнасына түсуіне ықпал ететіндігін жеткізіпті. Біз осы сүйінші хабарға сене отырып, бүгінгі дөңгелек үстелімізді аяқтасақ деп отырмыз. 

К.Ысқақова: Біз де осындай жақсы жайттан хабардар болып отырмыз. Бұдан былай Үкімет бекіткен 7 өңірге қоныстанған оралмандардың мәртебесі қайтарылатын болуы керек. 

ae6cccb4e44ac3e71983937330db9af9.JPG

К.Адырбекұлы: «Алдас­пан» пікірсайыс алаңында біраз әң­гімелер айтылды. Негізгі проблемалар сарапқа салынды деп ойлаймын. Айналып келгенде, бүкіл түйткіл заңның кейбір шикіліктеріне тіреліп тұр. Осы әңгіме бос сөз болып қалып қоймасын, ертең газетке жарияланғаннан кейін, сіздер жоғары жаққа ұсыныс айтыңыздар. Оралмандар тек қана демографияны шешпейді. Олардың арасында қаншама мамандар, ғалымдар, саясаткерлер, экономистер, ел руханиятына үлес қосқан ақын, әнші, күйшілер бар. Оның барлығы – ұлттық байлық. Біз үшін қазақтардың көптеп келгені жақсы. Мына Израиль мен Германия сыртта жүрген қандастарын үздіксіз қабылдауда. Дулат Исабеков ағамыздың Елбасымен кездесуінен бір үміт күтейік. Арты жақсылыққа ұласатын шығар деп сенейік, келгендеріңізге, ашық пікірсайыс алаңына қатысқандарыңызға көп рахмет!


Дайындағандар: Есенгүл Кәпқызы, Динара Мыңжасарқызы

Back to top button