Жаңалықтар

САУАПТЫ ІС

Түркиядан жиі кездестіретінмін. Нан толы сөренің шынысына «Мұқтаж жандар
үшін тегін нан» деп жазып қоятын наубайханалар сыртына. Алланың мейіріміне зәру
пенделердің сауапты ісіне сүйсінетінмін. Іштей: «Шіркін, бізде де осындай жақсылық
жасайтындар болса ғой» деп армандайтынмын. Сөйтсем, қайырымды жандар бізде де
бар екен. Анығы, талдықорғандық қандасымыз Дәурен Тәліпов дүкеніндегі
қабырғаға: «Егер нан сатып алуға мүмкіндігіңіз жоқ болса, тегін алыңыз» деп
жазып қойыпты. Бір кездері мемлекет тарапынан бөлінген шағын және орта
кәсіпкерлікті дамытуға қатысты қаржылық қолдауға іліккен Дәурен бауырымыз
бүгінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Алла Тағала екі дүниенің жақсылығын
бергей, Тәңірім сауапты істен жазсын деп тілейміз!

 Орда бұзар отыздағы жас кәсіпкердің арманы көп. Алға қойған мақсаты мен жоспары да. “Бұғанам қатпай жатып, бизнеске араласа бастадым, әкем мен үлкен ағаммен үйренгенім көп. Әсіресе, ағам Қанат Нұрбәкімовке айтар алғысым мол. Мен ес білгелі кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, қайырымға зәру жандарға көмек қолын созып келеді. Сауапты іске құлшынғаным да сол Қанат ағамның арқасы” – деп ағынан жарылған Дәурен қандастарының бойындағы жалқаулық пен еріншектікті жоюға ықпал еткісі келетінін айтады. Қайырымдылыққа жаны құштар ол бүгінде мұқтаж жандарға нанды тегін таратады. Есепке жүгінсек, ай сайын 400-500 бөлке нанды сауапты іс жолында тарататын Дәурен Тәліпов туралы әлеуметтік желілер арқылы естіген бойда сауапты іске бет бұрған бауырымызбен сұхбаттасуға асыққан едік.

Нәзия Жоямергенқызы

Back to top button