ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ТАҒЫ ДА ЗЫМЫРАН ҚҰЛАДЫ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ТАҒЫ ДА ЗЫМЫРАН ҚҰЛАДЫ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ТАҒЫ ДА ЗЫМЫРАН ҚҰЛАДЫ
ашық дереккөзі
344

Наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданының Шоңғай ауылына Ресейлік «Капустин Яр» полигонынан ұшырылған метеорологиялық зымыран құлаған. 

Зымыран Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен Ресей Қорғаныс министрлігі арасындағы 2013 жылғы қарашаның 28-індегі арнайы келісім-шарттың негізінде 2014 жылға арналған сынақ жұмыстарының аясында ұшырылған болатын. Зымыранның құлау аумағы – Жаңа Қазан селосы болған. Дәл осы аумақта зымырандардың Ресей жалға алған құлау алаңы орналасқан. Алайда ол Шоңғай елді мекенінен 500 метр қашықтықта ғана құлаған. Демек, Шоңғай ауылындағылардың өміріне қауіп төндірген. Куәгерлердің айтуынша, ауыл тұрғындары әуелі қатты дүрсілден оянып, артынша үй іргесіндегі жанып жатқан отты байқаған. Кейін белгілі болғанындай, бұл бағытынан қиыс кеткен метеозымыран екен. Абырой болғанда, төтенше жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда, ол ондағы тұрғындардың өміріне қауіп төндіргені рас. Сөйтсе де, Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Сұлқашев «құлаған зымыранның радиациялық әсері тексерілген, тұрғындарға ешқандай кері әсері байқалмаған», – дейді. Дегенмен, Сұлқашев мырза елді мекенге өте жақын құлаған зымыранның ауыл тұрғындарына қауіп төндіргенін де жасырмаған. 

Әзірге Қазақстан Қорғаныс минис­трлігі оқиға салдары анықтал­ған­ша, Ресейге жалға берілген әс­кери алаңдарды пайдалануды және Қазақстан Республикасының аумағында сынақтар жүргізуді уа­қытша тоқтатты. Айта кетсек, Ресей зымырандарының Қазақстан аумағында құлауы бір бұл емес. Бір өкініштісі, Қазақстан тарапының дәл осы құлаған зымырандардың есесіне төленуі тиіс төлемақыларын талап ете алмай отырғаны қынжылтады. Әсіресе, былтыр шілде айында Байқоңырдан ұшырылған «ПротонМ» зымыран тасығышының апатына қатысты төлемақыны Қазақстанның талап еткеніне жарты жылдай уақыт болса да, Ресейден ешқандай жа-уап болмай отырғаны алпауыт елдің Қазақстанды терезесі тең әріптес ретінде бағаламайтындығын танытса керек. Анда-санда Қоршаған ортаны Қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың Ресейден жауап болмай отырғанын айтып күңкілдегенінен өзге Қазақстанның ешқандай нақты және батыл қадамын көре алмай отырмыз. Бұл жолғы метеорологиялық зымыран ешкімге зиян шектірмегендіктен, ешқандай қылмыстық іс қозғалмайтын болыпты. «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігінің жазуы бойынша, бұл жөнінде Бөкей ордасы аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Қайрат Гайсин мәлімдеген.

– Ресей жағы зымыранның ұшу бағытынан ауытқып кеткен метеорологиялық зымыран екені туралы барлық құжаттарын көрсетті. Ауданнан құрылған 10 адамдық комиссия зымыранның құлауынан мемлекетке де, аудан тұрғындарына да зардап келмегені туралы хаттама толтырды. Оқиғада қылмыстық құрам жоқ болғандықтан, іс қозғалмайды, – деген ол. Демек, Ресей тарапы тағы да ешқандай саяси және экономикалық жауапкершілікті мойнына алмайды. 

 Ресей Қазақстан аумағында 12 миллион гектар аумақты әскери-сынақ өткізу мақсатында жалға алған. Қазақстанда Ресейдің 7 әскери-сынақ полигондары орналасқан. Осы аумақтарда әскери зымырандарды сынау үшін іргедегі алып көршіміз бізге жал құны ретінде жылына небәрі 24,7 миллион доллар төлейді екен. Яғни, Қазақстанның 1 гектар жері бар-жоғы 2 доллардан бағаланып отыр. 2 сәуір күні «Антигептил» ұлттық патриоттық қозғалысының өкілдері Қазақстанның Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің атына 13 қоғамдық бірлестік пен 84 жеке адамның қолы қойылған наразылық хатын тапсырды. Хаттың негізгі мазмұнына үңілсек, олар Қазақстан аумағындағы Ресейлік полигондарды жабу және ресейлік зымырандарды өз елдеріндегі «Кура» полигон аймағына жеткізуді талап етеді. Және аталған полигондарда жасалған сынақтардың адам денсаулығына тигізген салдарын зерттеу әрі келтірілген зиянды Ресей тарапынан талап ету жазылған. Бұл хатты жазуға түрткі болған Батыс Қазақстан облысы аумағында құлаған метеорологиялық зымыран мен наурыздың 5-і күні «Капустин Ярдан» Ресей жалға алған «Сары Шаған» (Алматы облысы) полигонына ұшырылған құрылықаралық баллистикалық «Тополь РС-12М» зымыраны. Біз тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанымен, халқы ядролық сынақтан әлі зардап шегіп келе жатқандығы өтірік емес. 2005 жылдан бастап, Ресей «Тополь-М» зымыранын «Капус­тин Ярдан» «Сары Шаған» полигонына қарай ұшырып келеді. «Капустин Яр» полигоны 1949 жылы құрылған. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Онда әртүрлі зымырандар (оның ішінде құрлықаралық баллистикалық зымыран да бар) сынақтан өткізіледі. Ядролық полигонның орталық және ұшу-сынақ аймақтарын қоса есептегендегі жалпы аумағы 6,5 миллион гектар. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы аумағы 1,5 миллион гектар жерді құрайды.

2014 жылдың басында Қазақстан Үкіметі Ресейге хат жолдап, Ресей тарапы жалға алып отырған аумақты азайту жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Босаған жерлерді Қазақ үкіметі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатындығын айтқан. Алайда бұл хат та 2013 жылдың 2 шілдесінде Байқоңыр төсіне құлаған «ПротонМ» зымыран тасығышына Қазақстан тарапынан сұралған өтемақы секілді, жауапсыз қалып келеді. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары