Ақын — тайпа емес, тұтас қазақтың қазынасы

Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс – синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Айтыста осыған орай лирикалық, эпикалық, драмалық сипаттар мол ұшырасады. Сол арқылы бұл жанр ауыз әдебиетінің өзге түрлерімен қанаттаса дамып, бір-біріне елеулі әсер-ықпал жасап отырған. 

Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі. Айтыс қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік тілдес елдердің бірқатарында, ірі ақындар айтысы Үндістан халықтарында бар. Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің түрлері сараланып, бір-бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы басқалары да қосыла жүрген дәуірде туса керек деп топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде басталса керек. 

Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Көбіне-көп айтыста жеңілген ақын өткен айтысты ел арасына таратуға міндетті саналған. Сөйтіп, бір-біріне логикалық ой-жүйемен терең жымдасқан екі ақынның өлеңдері біртұтас дүниеге, қисса, дастан секілді желілі шығармаға айналған. Айтыс ақындарының ұғымында өлең белгілі бір кісіге қонатын өнер саналған. Мәселен, Кемпірбай, Базар, Бұдабай, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді ақындар өлеңнің «киесі бар, иесі бар» деп білсе, бүгінде бұл жолды Қонысбай, Әселхан, Әсия бастап, Аманжол, Бекарыс, Дәулеткерей, Балғынбек, Мұхтар, Ақмарал, Айнұр, Ринат, Жандарбек, т.б. жалғап келеді. 

Қазақ халқы барда айтыс өнері өлмек емес. Жақында айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы 2 жинақтың, 1 ғылыми еңбектің, 2 аудиодискінің және 1 айтыс топтамасының монтаждалмаған бейненұсқасының тұсауын кесті. «Қазақстан айтыс ақындары» атты анықтамалық жинаққа республикамыздың түкпір-түкпірінде атамұра  өнеріміздің өрістеуіне ерекше үлес қосқан ардагер ақындар мен сөз сайысының бүгінгі жас перілерінің өмірбаяндары мен айтыста айтқан шумақтары топтастырылса, «Шертолғақ» атты жинаққа айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлының суырып салған сөздері басылыпты. Ал айтыскер ақын «Ринат Зайытовтың қатысуымен» деп аталатын DVD жинағына танымал айтыскер ақындар Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Тілеген Әділев, Кәрима Оралова, Назира Мадашева тәрізді айтыскерлермен бірге өткізген айтыстары жинақталған. Сондай-ақ ақынның сөзіне жазылған «Өмір жолы» деп аталатын аудиожинаққа «Музарт», «Каспий», «Жігіттер», «НұрМұқасан» топтары мен Ғаділбек Жанай, Ақылбек Жеменей, Мақпал Жүнісова, т.б. әншілердің орындауындағы әндер еніп отыр.

Тұсаукесер салтанатында сөз алған айтыстың басы-қасында жүрген азамат Жүрсін Ерман: «Қазақ қоғамында мойындалған құбылыс бар. Ол – ақындар айтысы. Қазақстанда 150-ге тарта үлкенді-кішілі айтыскер ақын бар. Қазақ руханиятының абызы Мырзатай Жолдасбеков ағамызбен Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы, термешілерінің одағын құрамыз деп талаптанған едік. Оның қағазбасты шаруасы көп екен. Сөйтіп, енді ашамыз деп жүргенде Мырзекеңнің қызметі ауысып кетті. Ол кісінің жақсылығын, қамқорлығын талай ақындар көрді. Біз көрген жақсылықты ұмытып қалатын халықпыз. «Қазақтың қазіргі айтыстары» атты үш томдық кітаптың өзі неге тұрады? Осы істі әрі қарай жалғастыруды ойлап, Қазақстан айтыскер ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының бірінші құрылтайын өткіздік. Қазір республикалық қоғамдық бірлестік ретінде шама-шарқымызша жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр Таразда, Қызылордада айтыс мәселесіне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция болды. Сонда бес шеберлік сыныбын өткіздік. Онда айтыстың түрлі амалдары мен тәсілдерін тәптіштедік. Сонымен қатар «Қазақстан айтыс ақындары» деген 1 томдық шығардық. Бұл жинаққа жеке бастың сылтауларымен енбей қалған ақындар бар. Бұл кітапты бұдан да жақсы қылып шығаруға болар еді. Алайда, бұл жұмыстың соңы емес. Министрлікке жылдың басында жоспарымызды беріп қойғанбыз. Бұйыртса, қазіргі айтыс ақындарының айтыста айтқан сөздерін тасқа басып шығармақшымыз. Тағы 2 ғылыми-практикалық конференцияны да күн тәртібіне қойдық. Мұның бәрі айтыс өнерінің тасын өрге домалату үшін жасалуда», –  деп атқарылып жатқан шаруалардың бір парасына тоқталды. 

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Тәуелсіздік алған кезде жүрегі жарылардай болып қуанған – айтыс ақындары. Бұл Алланың қазаққа берген сыйы. Өзім қолдан келгенше қолғабыс тигізуге ықыластымын. Айтысты бастаған кезде Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз бірге жүрдік. Өзбекәлі сияқты адамды ылғи аңсаймын. Алдыңда жөн-жоба көрсетіп отыратын ағаң болса, ол сені жұмсаса, одан үлкен бақыт жоқ екен. Бұл жерде айта кеткім келетін бір нәрсе бар. Жас айтыс ақындары менің сыртымнан ғайбат сөз айтыпты. Бұл маған келмейтін, жанаспайтын нәрсе. Орталық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі едім. Өзбекәлі ағам мені Республика сарайында өтіп жатқан айтысқа жіберді. Сахнада Қонысбай айтысып жатыр екен. Мені көрді де, қанаттанып зарын төкті. Айтыс ақындарын ешкім елемейді, менсінбейді, ескермейді деген назын айтты. Торғайдай шырылдады. Оның сол сөзі қабырғама қатты батты. Биліктің тұтқасын ұстап отырмыз ғой, неге біз ақындарды шырылдатып қоямыз деп ішім ашыды.  Сол Қонысбайдың айтысынан кейін залдан шығып кеттім. Біреу түсінді, біреу түсінбеді. Іле-шала Орталық партия комитетіне мәселені қабырғасынан қойдым. Табандап отырып, қолма-қол үш ақынның атын жазып, қаулы шығартып, қол қойғызып алдым да, айтыс өтіп жатқан күні түстен кейін-ақ «Базаршының кешіккеніне сүйінсін» демекші деп сахнаға шығып, сөз бастадым. Қазақстан Жоғары совет президиумының қаулысын оқыған кезде, біреу сенді, біреу сенбеді. Сөйтіп, Қонысбай, Әселхан, Әсияға «Қазақстанның халық ақыны» деген атақ әпердім. Жұрттың бәрі қуанды. Сонда жасы үлкендеу бір кісі: «Мырзеке, бәрі дұрыс болды. Бірақ үшеуі де Орта жүз ғой» демесі бар ма? Әрі-беріден соң ақындардың жүзін де, руын да білмейді екенмін. Тез есімді жинап алдым да, «Сіз не айтып тұрсыз? Атақты қазақтың ақындарына берген жоқпыз ба?» дедім ашуланып. Одан кейін Еуразия ұлттық университетінде ректор болған кезімде «Әншілерді, домбырашыларды, сиқырлы өнер иелерін оқытамыз, ал неге ең ұлы өнерімізді меңгермейміз?» деп айтыс мамандығын ашып, жер-жерден жас ақындарды жинадым. Қазір «Шабыт» университетінде еңбек етемін. Л.Н.Еуразия ұлттық университетіндегі айтыс мамандығы жабылып қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Айман Мұсақожаеваға «Шабыт» университетінде айтыс мамандығын ашу туралы өтініш білдірдім. Ол тек кәсіби скрипкашы ғана емес, ақылды қыз екен. Бірден қолдай кетті. Министрлікке ұсыныс жасадық. Құдай қаласа, алдағы уақытта жоспарымыз ақиқатқа айналып, Астанада айтыс ақындарын даярлайтын орта болады»,  – деді. 

Тұсаукесерден соң Жүрсін Ерман бастаған айтыс ақындары мен жыршы термешілер тайлы-тұяғымен тастаяқ турниріне қатысып, Е.Асқаров, Е.Жақыпбеков, Ә.Жанқұлиев, О.Досбосынов атындағы жүлделерді сарапқа салды. 

Динара Мыңжасарқызы

Back to top button