«НЕ ӨМІР, НЕ ДОМБЫРА – ТАҢДАУЫҢДА…»

Былтыр
Астана күнінде тұсауы кесілген «Астана-Опера» театрының тұңғыш қойылымы
осы «Біржан-Сара» операсы еді. Одан соң «Роден», «Ромео мен Джульетта»,
«Аққу көлі» балеттерінің, «Аттила» операсының  премьералары аншлагпен
өтті. Бірінші жылды қорытындылауға жақындаған театр труппасы биыл қыста
Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында және Ресейдің
Мариинский театрына гастрольмен барып, өнер көрсетіп қайтты. Үш айдай
уақыт сапарда жүрген театр шеберлері өз сахнасының шымылдығын тағы да
«Біржан-Сарамен» ашуы тегін емес.

«Біржан-Сара» –
бірнеше рет қайта өңдеуден өткен шығарма. Қ.Жұмалиев жазған
либреттосының өзі екі рет, М.Төлебаевтың музыкасы үш рет редакциялаудан
өткені белгілі. Алғаш рет бұл опера 1949 жылы Абай атындағы қазақ
академиялық опера және балет театрында қойылған еді. Одан соң бұл
шығарма Мәскеуде Үлкен театрда, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және
балет театрында сахналанды. Композитордың 100-жылдығына арналып әрі
«Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының алғашқы маусымын
ашуға осы шығарманың таңдалуы кездейсоқтық емес. Қазіргі нұсқаның қоюшы
режиссері Ресейдің халық әртісі Юрий Александров, ал қоюшы дирижері
Абзал Мұхитдинов.

Наурыз айында үш күн қатарынан
Ресейдің Мариинский театрында «Астана-Опера» труппасы аншлагпен өнер
көрсетті. Ресейлік көрермен «Аттила» мен «Бiржан-Сара» операларын және
Гала балетті тамашалады. Осы күндері қазақ әртістерінің өнері туралы
ресейлік баспасөз арнайы талдау материалдар жариялапты. Соның бірі
«Санкт-Петербургские ведомости» газетінде жарияланған мақала.
«Бiржан-Сара» жайында жазылған мақаладан үзінді келтірсек: «Декорациясын
Вячеслав Окунев әзірлеген Төлебаевтың «Біржан-Сара» ұлттық операсы
жоғары қойылымдық стильге тарту болды. Оның тұсаукесері 1946 жылы 7
қарашада Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында сәтті өткен
еді, содан бері үш рет редакцияланды. Операның әсерлі сюжеті халық
ақындарының айтысынан басталып, махаббатқа ұласады. Алайда сол махаббат
өмірдің дөрекі шындығының сынына ұшырап, қара ниет әрі дүниеқор бүкір
Жанботаның тойына, Біржанның сүймейтініне қарамастан ессіз ғашық болған
Алтынайдың қызғаныштан кек алуына әкеп соғады. Соңында өліп қалған
Біржан (Ахмет Ағади) тіріледі де, Сарамен (Нұржамал Үсенбаева) өмірдің
және жалпыхалықтық махаббаттың мәңгілік белгісі ретінде аппақ киіммен
шығып, алдыңғы сахнада қауышады, осылайша режиссер Юрий Александров
финалды жағымды аяқтауды жөн көрді. …Біржанның анасын ғажап ойнаған
ерекше контральто иесі Дина Хамзинаның жоқтауы, шынайы сезімімен
есеңгіретті» деп айрықша атап өтті» («СПб ведомости», 24.03.2014). 

Біржан салдың бейнесі қазақтың әдебиетінде, киноөнерде,
театрда әр қырынан сомдалып келеді. Бірақ қай шығармада, қандай жанрда
болмасын, Біржанның трагедиялық тағдырын айналып өту мүмкін емес. Аты
«Біржан-Сара» болғанымен, бұл жолы да Біржанның төлтума шығармашылық
қуаты, өнерді жанындай сүйген жанқиярлығы, адамзаттың бойындағы ізгі
сезімдерге деген іңкәрлігі жарқырай көрінді. 

Опера
Қоянды жәрмеңкесінің мерекелі көрінісімен ашылады. Аузымен құс тістеген
шешен де осында, таңдайынан бал тамған әнші де осында, он екі перне, екі
ішекті аспаппен құлақ құрышын қандырған күйші де осында, өнерімен тұтас
елді сүйіндірген балуан да, шебер де, ақын да осында… Бірақ барша
жұртты тамсандырған, алашты аузына қаратқан дәулескер ақын да, әнші де,
сазгер де – Біржан сал. 

Қоянды жәрмеңкесі – Біржан
мен Сараның алғаш жолығысып, сөз сайыстыратын, одан соң Біржан мен
Жанботаның арасында өшпенділіктің алғаш қылаң берер тұсы. 

 Дүйім
жұрттың алдында Жанботаның Біржанның қолындағы домбырасын жұлып алып,
тізесіне салып қақ бөлуі – бір-біріне қарама-қайшы екі кейіпкердің де
бейнесін одан сайын күшейтіп, олардың арасындағы айырманы айқындай
түседі. Қазақтың ұлттық аспабы – қасиетті Домбыраның екіге бөлініп, бел
ортасынан сынуы – Біржандай шынайы өнер адамының қадіріне жетпеген,
барын бағалай алмаған, асылын ардақтауда осалдық танытқан Қазақтың
басына қара бұлт үйірілуінің белгісі сияқты.

«Жан серігім – Домбырам!» дейді Біржан «аһ» ұрып.

Жанботаның
«Не өмір, не домбыра таңдауыңда!» деп бірнеше рет қайталауы – көркем
шығарманың өн бойынан тартылған желі. Біржанның Сараға ғашық болуы –
Өнерге деген ынтықтығынан, Біржанның жан қиналысы – Өнерінен жырақтауға
мәжбүр болғандықтан.

Біржанның бейнесін сомдаған
Бейімбет Таңарықов бұдан былай осы рольді өзі алып жүретін болады.
Сараның ролінде сахнаға шыққан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл
Ниязова үшін бұл – осы театрдағы дебюттік ролі екен. Әуелгіде екеуі де
дауыс күйін нәшіне келтіре алмай, аздап қобалжығанымен, екінші бөлімде
жүректерін орнықтырып, дауыстарын қатайтып, рольді соңына дейін алып
шығуға барын салды. Әсіресе, Біржан салдың бейнесі барынша жарқырап,
көрермен көзіне жас үйіретіндей тебіренте алды.

«Біржан-Сара»
«Астана-Операда» алғаш сахналанғанда, басты рольдерді Қазақстан Халық
әртісі Нұржамал Үсенбаева және Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі, Татарстан
Халық әртісі Ахмет Ағади сомдаған еді. Өткен айда Біржан мен Сара
ролінде Ресейде өнер көрсеткен де осы әртістер болатын. 

Қазіргі
құрам тұрақты болғанымен, жастар үшін атақты әріптестерінен кейін басты
рольдерді сомдау оңайға түспегені анық. Өйткені көзі қарақты көрермен
Бейімбет Таңарықовты Ахмет Ағадимен, Айгүл Ниязованы Нұржамал
Үсенбаевамен салыстырып отырды.

Жанботаның роліндегі
Жанат Шыбықбаев өз ролін шынайы да мүлтіксіз орындап шықты. Сараның
күйеуі Жиенқұл бейнесіндегі Талғат Ғалеев баритон даусымен сахнаның
күйін келтіріп, шебер ойынымен көрерменді сүйіндіре білді. 

Операның
сәтті шығуына балет хор капелласы да, балет труппасы да үлес қосқан.
Әсіресе, Жиенқұл мен Сараның тойында думанды көріністі бейнелеген би,
асқақтаған әуен көрермен көңіліне естен кетпес әдемі әсер сыйлайды.

«Астана-Опера» театрының сах­налық декорациясы мен
техникалық жарақ­тандырылуы әлемдік деңгейде кез келген қойылымды
әрлеуге жарамды екені байқалады. Жанбота мен Біржанның теке-тіресі
тұсында күннің көзін бұл көлегейлеп, сахнаның аяқ астынан түнере қалуы,
ал алты қанат ақ орданың ішінде салтанатты той болып жатқанда,
шаңырақтан көрінген найзағайдың жарқылы – әдемі тұспал, ұтымды шешім. 

Опера Біржанның өлімімен аяқталады. Иә, қанша теперіш
көрсе де, ата-анасын қайғыға батырып, өзі жапа шексе де, Біржан Өмірді
емес, Өнерді таңдады.

Ендеше, Өнерге деген адалдық пен Өнерге деген сүйіспеншіліктің жыры бұл. 


Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Back to top button