ҚАЗАҚСТАН – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖЕТЕКШІ ЕЛ

ҚАЗАҚСТАН – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖЕТЕКШІ ЕЛ

ҚАЗАҚСТАН – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖЕТЕКШІ ЕЛ
ашық дереккөзі

Ұлы Жібек жолын қалпына келтіре отырып, Орталық Азиядағы жетекші елге айналуды көздейтін Қазақстан Азиялық даму банкінің көмегіне жүгінуге мүдделі. Осы орайда, шетелдік инвесторларды көптеп тарту арқылы оларға жағдай жасамақ. Атап айтқанда, 10 жылға дейін корпоративтік қосымша құн салығынан босатылады, шекара сыртынан жұмысшыларды әкелуге кедергі азаяды, тарифтер тұрақтандырылады. Бұл еліміздегі және азиялық аймақтағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуға мұрындық болмақ. 

Азиялық даму банкі Басқарушылар кеңесінің Ұлы Жібек жолын қайта іске қосып, жол жиегіндегі барлық елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына ықпал ету керектігін жеткізген Елбасы Азия даму банкіне мүше барлық елдерге алғысын айтты: «Бүгінде біз Ұлы Жібек жолының кезекті қайта өрлеу кезеңіне куә болып отырмыз, ол Азияның дамуындағы жаңа белеске айналады деп сенемін. Ол үшін бірқатар алғышарттар бар. Бұл – Қытай, Үндістан, Жапония, Корея және көптеген дамушы елдерді біріктіретін ең қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сонымен қатар, бұл аса ірі тұтынушылық сұраныстың негізін құрайтын, әлемдегі халқының ең саны көп аймақ.  Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай әлемдік сауданың, инвестицияның және ІЖӨ-нің жартысынан көбі Азияда шоғырланады. Бұл үрдістерді урбандану қарқыны,  ірі агломерациялардың құрылуы, өндірістер қуатының артуы күшейте түседі. Өңірдің өркендеуінің жаңа кезеңі мен «Азия ғасырының» басталуы осындай сценарий ұсынып отыр». Ресми деректерге сүйенсек, серіктестік орнатқалы 20 жылдың жүзі болған Азия даму банкінен Қазақстаннан 3,5 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция салынған. Тағы бір маңызды жайт, еліміз 2013 жылдан бастап банктің донорына айналды. Аймақтық даму бағдарламаларын бірігіп іске асырумен келе жатқан Қазақстан бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қайта құруға арналған маңызды жобаны да іске қосуға талпынуда.

Қазақстан мен Азиялық даму банкі арасындағы серіктестіктің азиялық аймақтағы экономикалық, әлеуметтік серпін беретінін мәлімдеген Н.Назарбаев: «Қазақстан Азияның 14 елімен өзара инвестицияны қорғау туралы келісім жасады. 2013 жылғы жалпы мөлшер бо­йынша азиялық инвестициялардың үлесі 17%-ға жетті. Азия даму банкі Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі ұзақмерзімді инвестициялардың маңызды көзі болып саналады. Оның үстіне банктің беделі Азия-Тынық мұхит өңірі ауқымынан асып түседі, бұны әлемнің  АҚШ, Канада, Германия сияқты ірі елдерінің оған қатысуы айғақтайды. Банктің инклюзивті және орнықты дамуды ынталандыру, сондай-ақ интеграцияның дамуын қолдау жөніндегі айқын стратегиясы әлемдегі көптеген адамдарға өз тұрмысының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді.

Банк тарапынан жасалып жатқан игі істердің бірі – миллиондаған жас жоғары оқу орындарында білім алып, миллиондаған адам таза ауыз су мен электр жарығына қол жеткізді. Осының арқасында енді жекеменшік секторды, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кедейшілік деңгейін төмендету сияқты басқа да экономикалық-әлеуметтік мәселелерге көңіл аударылмақ. Ынтымақтастық пен серіктестік шеңберін Азиядағы өзге елдермен кеңітілетінін жеткізген Елбасы бұл тізімге халықаралық интеграциялық бірлестіктердің кіретінін ескертті: «Ашықтық, теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген өңірлік интеграция табысты дамудың сенімді құралы болып саналады. Бүгінде біз Азия-Тынық мұхиты өңірі ауқымында өңірлік интеграцияның күшейгенін байқап отырмыз. Экономикалық интеграция салаларының аясы Оңтүстік Шығыс Азияда қарқынды түрде кеңеюде. Қазақстанда Ресей және Беларусьпен Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Біз Кедендік Одақ аясында ықпалдастық, енді өзара іс-қимылдарымызды одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге ниеттіміз. 170 миллионнан астам тұтынушы  бар жағдайда бұл бастаманың әлеуеті зор деп санаймыз. Сонымен қатар, біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер үдерісін аяқтап, биыл толық мүшелікке өтеміз дем үміттенеміз». Президенттің айтуынша, интеграциялық бірлестіктермен арадағы серіктестікті Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру арқылы жүзеге асыруға болады. «Жібек жолының қазіргі аумағымен шекараласатын елдердің нарықтары өзінің ауқымы мен әлеуеті жағынан теңдессіз болып саналады. Мұнда 3 миллиардтан астам адам тұрады. Транзиттік сауда жолдарын дамыту ғана емес, қосылған құнның жаңа тізбегін құру, қаржы нарықтарын интеграциялау, өңірде қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыру, мәдени байланыстар мен көпжақты ынтымақтастықты нығайту да негізгі идея болуы тиіс», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев аталған аймақтағы 10 елдің Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту барысында бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Азиядағы барлық мемлекеттермен сауда-экономикалық, көліктік, энергетикалық, іскерлік және мәдени байланыстарды күшейте отырып, Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір саналатын Қазақстанның келісімдер тізгінін қолына алуға және елдермен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екендігін еске салды.

Басқосу барысында Азиялық даму банкінің президенті Такехико Накао: «Бұл аймақта өндірістік тұрғыда дамушы елдердің экономикалық өсімі жақсы әрі тұтынушылық сұраныс жоғары. Сонымен қатар жалпы алғанда, жағдай тұрақтанып, қауіп-қатер бәсеңдеді. Орталық Азияда табысқа қол жеткізу үшін Азиялық даму банкі аймақтағы барлық елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтық қоғам, даму жолындағы серіктестермен қоян-қолтық жұмыс жасау қажет», – деді. 

Азиялық елдермен бірігіп жұмыс істеуге Қазақстан да мүдделі. Осы орайда, шетелдік инвесторлар бизнесін кедергісіз жүргізу үшін, яғни, Қазақстан азаматтарына жаңа жұмыс орындарын ашу үшін ҚР Үкіметі жаңа жоба дайындауда. Биыл заңды күшіне енуі тиіс құжаттың маңыздылығы сол, инвесторлар алдағы 10 жылда корпоративтік қосымша құн салығынан босатылады, Инвестициялық омбудсмен институты құрылады, тарифтерге қатысты заңнама тұрақтандырылады. Мұн­дай жаңалықтан шетелдік инвес­торларға жағымды әсер етері анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ