МАМАНДЫҚТЫ ЕРТЕ ТАҢДАЙДЫ

МАМАНДЫҚТЫ ЕРТЕ ТАҢДАЙДЫ

МАМАНДЫҚТЫ ЕРТЕ ТАҢДАЙДЫ
ашық дереккөзі

Атам қазақ «жетім көрсең, жебей жүр» деп бекер айтпаған. Бүгінгі таңда бұл атасөздің маңыздылығы сол, көңілі жарым, көзі жасты жетімді маңдайынан сипаумен шектелмей, оның ержеткен кезде ешкімге қол жаймай, өз күнін өзі көруіне жағдай жасау. Осы орайда, Алматы мемлекеттік технология және менеджмент колледжінде «Менің болашақ мамандығым» бағдарламасы аяқталды, сонымен қатар «Үздік маман» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жобаға қатысқан оқушылар меңгерген білімдері мен дағдылары туралы баяндап, концерттік бағдарлама әзірледі, сыйлықтар мен дипломдар алды. 

«Достижения молодых» ба­ла­малы білім беру орталығы мен «Шеврон» компаниясының бастамасы бойынша жүргізілген бұл бағдарлама балалар үйі мен интернаттардың 700-ден астам түлегіне өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастыруға және болашақ мамандығындағы алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік берді. 

Ізгі бастамаға мұрындық болған «Шеврон» компаниясының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі директоры Еркін Зікібаев: «Мамандық таң­даудағы көмек, жастардың дербестігін, қабылдаған шешімдері үшін жауапкершіліктерін тәрбиелеу, коммуникативтік және лидерлік қасиеттерін дамыту – біздің компаниямыздың қазақстандық қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлесі болып табылады. Бүгінгі күні біз өзіміздің көп жылдық еңбегіміздің жемістерін көріп отырмыз: бағдарлама түлектері таңдаған мамандықтарында жетілді, шағын және орта бизнес ашып жатыр, өздерін сәтті адамдар ретінде бағалайды және болашаққа сеніммен қарайды», – деді.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, үстіміздегі жылы №1 Алматы облыстық балалар үйінің және Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің 60 тәрбиеленушісі 8 ай барысында 3-санаттағы мамандар бағдарламасы бойынша аспазшы, кондитер, шаштараз, даяшы, кеңсе менеджері кәсіптері бойынша оқыды. Сәуір айында балалар «Үздік маман» байқауына қатысып, алған білімдері мен дағдыларын көрсетті. 

Кәсіби бағдарлау сабақтарына қатысқан «Зейнеп» мектебінің оқушылары да жобаға қызы­ғушылықтарын танытты. Бірлескен оқу үрдісі балаларға жаңа қарым-қатынас ортасын қалыптастыруға мүмкіндік берді, өз кезегінде бұл жағдай балалар үйінің тәр­биеленушілерінің әлеуметтік ортаға ортақтасуы үшін, төзімділігі мен ынтымақтастығын дамыту үшін маңызды және пайдалы. 

Сонымен қатар аталған жоба шеңберінде тәрбиеленушілер мен оқытушылар үшін балалар үйінде және интернаттарда тәр­биеленетін балалармен жұмыс жүргізудің тиімді технологиялары қарастырылған үйретуші тренингтер ұйымдастырылды. Үйретуші және қабылдаушы тәрбие ортасын қалыптастыру «Менің болашақ мамандығым» бағдарламасының нәтижелерін тұрақтылыққа жеткізеді. Бағдарлама қатысушысы, №1 Алматы облыстық балалар үйінің әдіскері Жұмагүл Батталова атап айтқандай: «Балалар әр сабаққа үлкен қызығушылықпен асығуда болды, олардың достықтары нығая түсті, олар біздің еңбегімізді қадірлей түсті. Ең бастысы – олар болашақтағы дербес өмірі мен мамандық таңдауы туралы терең ойлана бастады». Тағы бір маңызды жайт, үстіміздегі жылы аталған жоба серіктесі – ҚР Қызыл Ай Қоғамының қосымша бастамасы бойынша мамыр айында алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын педагогтарға үйрету тренингтері қолға алынбақ.

  Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ