702
ӘУЕЛЕТІП ӘН САЛСА...
ӘУЕЛЕТІП ӘН САЛСА...
Сөз
жоқ, әуелетіп ән салатын, аққуменен үн қосатын әнші-жыршылар
халқымыздың өткен-кеткен тарихында көптеп саналатын. Алысқа бармай-ақ
өзім көрген, әндеріне құлақ қойған, сүйсінген әнші апаларымыз
(ағаларымызды айтпағанда) Жамал Омарова, Рақия Қойшыбаева, Рәбиға
Есімжанова, Жаңыл Қартабаева, Тұрсынхан Әбдірахманова сынды саңлақтар
естен кетер ме? Талай өнер дүлдүлдерінің көзін көріп, сахнада ән
салғандарының куәсі болғанмын. Классикалық-ұлттық өлең-әуендерді ұрпаққа
жеткізуші, жалғастырушылары да осынау өнер саңлақтары. Бұлардың Қазақ
радиосының алтын қорында әндері сақтаулы және де ол өткен кезеңде
жиі-жиі «Шалқар», Қазақ радиосынан беріліп тұратын. Осынау өнерпаздар еш
күй таңдамайтын, микрофон дегенді ұстамайтын, Отанымыздың
түкпір-түкпіріне гастрольмен шығып, колхоз-совхоздардың клубында ән
шырқап, тыңдаушыларының құлақ құрышын қандыратын еді. Мейлі, ескі
клубтардың төбесінен тамшы тамып, жел кеулеп тұрсын,
кесірленіп-кекірейіп тұрмай концертін жалғастыра беретін. Мақпал үнді,
кербез әнші Рәбиға апай ән салғанда, кәусар бұлақтан су ішкендей әсерде
қалатынмын. Әнші апамыздың туғанына биыл 100 жыл толады екен. Егер
ескеріліп жатса, құба-құп.
Ал бүгінде… біздің
әншілерімізге небір қымбат аппаратуралармен жабдықталған, жарық
эффектісі сан құбылған кең сахна керек. Ал көрермен-тыңдармандар саны
кемі мың-екі мыңнан кем болмауы тиіс!..
Сондағы айтатын
әндерінің көбі құлаққа қонбайды, не әуені, не сазы жоқ бірдемелер. Билей
ме, қисалаңдай ма, ара-арасында: «биле! шапалақ!» деп бұйыратындарын
қайтерсің. Алда-жалда халық әндерін орындай қалса, сол баяғы жауыр
болған «Сәулем, сәулем, сәулемсің», «Қызылқұмда ауылым», «Жайдарман»
сықылды тағы басқа жеңіл ырғақты әндерді айтуға әуес. Және қайырмасын
сан қайталап, топтанып тұрып алып айтатындары тағы бар! Мықты болса,
«Шәпибай-ауды», «Екі жиренді», «Жиырма бесті», тағы-тағы кең тынысты,
биіктен сорғалап құлдилаған, бұрмасы көп асқақ әндерді айтып көрсінші,
қанекей! Қайда… асқақ үнді, кең дауысты, диапазоны зор әншілер керек
бұл әндерді орындауға. «Ах-ау!» деп, қазақтың қай-қай әні де соңында
созылады, құдды кең даланы кернегендей. Ал біздің әншілердің бұған
құдыреті жетпейді. Сондықтан да, көп әндерді шолақ қайырып, музыка
ырғағында бұралаңдап, секіріп мәз.
Жоғарыда аталған атақты
әншілеріміздің көзін көрген, солардың ән салу техникасын, мәдениетін
игерген өнерпаздарымыз жоқ емес, баршылық. Бірақ кейінгі кезде «мен
халық әндерін эстрадаға сүйеп айтамын» дегенді шығарды. Домбыраларын,
сырнай, гитараларын тастап, қазіргі ән орындау мәнеріне еліктеп, сахнада
билеуге, қимыл-әрекетке әуестеніп алды. Кеудесін жалаңаштап,
кейбірінің дап-дардай ересек тартқандарына қарамастан жас боп көрінуге
тырысатындарын да көресіз. Сөйтіп, өздерінің қалың тыңдаушы көкейіндегі
имиджін, образын жоғалтып алғандарын ойламайды да.
Бір
сөзімде, топтанып алып ән айтады дедім. Сондайлардың көбейіп кеткендігі
соншалық, жалықтырып жібереді мүттімге. Бұрындары ондай орындаушыларды
«квартет», «дуэт» дейтін. Өйткені оларды ән орындау техникасына жетік,
унисон біркелкі дауыспен емес, әр текті дыбысты орындаушылар деп
есептейтін. Біздің әншілеріміз тойдағы ішіп алып, бастары қисалаңдап ән
салушыларды елестетеді. Өйткені мәдениет жоқ. Өз басым, «Жігіттер»
квартетін (топ емес!) жоғары бағалаймын. Олардың орындауындағы бір ғана
«Балқадиша» әнін тыңдап көріңізші! Төрт әншінің үндері төрт дыбыста, ал
оған түсірілген бейне-баян қандай. Әттеген-айы, Ақан серінің ғажап сөзін
бұрмалау, соңыра ел ішінде айтылатын: «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша»
дегенді мәтінге қосқандары. Бейне-баянда бейнеленген оқиғаның
драматизмін күшейткілері келгендіктен деп пайымдаймыз мұны. Ал
«Балқадиша» негізінде былай аяқталады:
Басынан Құландының
құлағаным,
Кекілін кербестінің
сылағаным.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап қос жастықты
жылағаным.
* * *
…Бір
қитұрқы айтыпты: «Қазақ бүгінде жеті миллион болса, соның бір миллионы
әнші біткен…», – деп. Саны көп, сапасы жоқ әнші атаулының көбейіп
кеткендігін айтпақшы болғаны да. Көбінің аты-жөнін де еске сақтай
алмайсың. Республика халқы бүгіндері 17 миллионнан асты деп хабарлады
статистика мәліметінде. Қазақ халқы он миллионнан сәл астам!
Әншілерінің
қанша болғанын есептей беріңіз… Небір жез таңдай, күміс көмей әншілер
де жастар арасында баршылық. «Бірдің кесірі – мыңға…» дегендей, егер
ол әншілерді, аппаратура күшіне сүйеніп айтатындарды сахнадан қуса,
шынында сахна «жұтап» қалмай ма. Өйткені барша телеарналардың эфирін
толтыратын да осылар ғой. Сөйте тұра, неге ізденбейді, неге халық
әндеріне сүйенбейді дегің келеді. Тағы айтам: қазақ әндерінің бояуы,
сазы, иірімі өзгеше! Оны келтіре де, келістіре орындау – асқан
шеберлікті қажет етпей ме?! Жарылғапбердінің «Шамасы» немесе Әсеттің
«Інжу-маржаны», тағы басқалары тек дәстүрлі әндерді орындаушылардың ғана
қолынан келетіні айғақ. Халық әні «Ақжалмашты» айту үшін атақты
Карузоның асқақ тенор даусы қажет болатын шығар. Қайырмасының өзі:
«Ақжалмаш! Сірә сіздей жан тумас! Жүрген жерім жәрмеңке, сағындырдың
ақерке» деп келеді де, кенет: «Мақпал-ай-ай… Үкілі бала тұйғын
секілдім-ай, кеткенде сені тастап өкіндім-ай…» дей, шығанға шығатындай
биіктеп кететінін қайтерсіз. Міне, кульминациясы аса күрделі осынау
әнді қазақтың орындаушылық ән тарихында үздік опера әншісі Мұрат
Мұсабаев қана айта алатын еді.
Осы мысалдарды мен
білгіштігімнен келтіріп отырған жоқпын. Кейінгі әншілерімізге
құлақсіңді болсын, орынды, орынсыз ән салу осы екен деп, кез келген – не
музыкасы, не сөзі келіспеген әндерге (егер ондайды ән десек) жармаса
бермеу керек шығар-ау. Әйтпесе:
Аспанға қарадым,
Жұлдызды
санадым… – деген сықылды сайқымазақ әуендер киелі сахнаны жаулап
алады. Оларға композитор Кеңес Дүйсекеев ән жазып бермейді, ақын
Шөмішбай Сариев сөз жазып әуре болмайды.
* * *
Астана
телеарнасы «Бірегей Қайрат Нұртас» атты жобасында сол жас әншінің
репертуарында жүз ән бар дегенді айтып қалды. Жақсылы, жаманды сахнада
талай ән салып, концертін бірінен соң бірін тыңдармандарына көрсетіп
жүрген Қайраттың жүз әнінен мен бірде бір халық әнін естімедім. Рас,
репертуары бай, мазмұнды да ойға, мұңға, өкініш пен опынышқа, сағынышқа
құрылған әндерінің сазы да, сөзі де құлаққа жағымды. Әсіресе, «Әкеме»
деген әнімен ол:
Тек әкелер, сендер ғана лайықсың,
Хан сарайы патша тағына.
Әй, адамдар, шүкіршілік етіңдер
Бұл өмірде әкелерің барына! – кім-кімнің де жүрегін тебірентпес!
Үні
әуезді, сыбызғының сазындай. «Әу!» деп сахнаға шыққан бойда
тыңдармандарын өзіне қаратады. Әке-шешесіне ере жас балалар да Қайраттың
концертіне келеді, сахнаға шыға гүл тапсырып жатқандары. Әнші өте
мейірімді, кішкене балалардың бетінен сүйіп, бастарынан сыйпап
арқа-жарқа. Әндерін қоңыржай, кейде қарлығыңқы тенор дауыспен бастап,
орта шенінде үнін құбылта «кілт сындырып», ең биік регистрде аяқтайды.
Бұл – Қайрат Нұртастың ән орындау ерекшелігі. Пластикасы да шебер, билеп
шығып, билеп аяқтайды әр нөмірін. Тек Майкл Джексонға еліктеп, соңғы
әлетте ебедейсіз қимылдар жасайтыны тым ерсі…
Жиырма
бестен жаңа асқан әншінің болашағы зор, алайда еркелігі де басым ба,
сахнаны тастап кететін әдетін айтпай кетуге болмас. Дау-дамайға
айналған «Прайм Плазм» сауда орталығында Қайраттың бір әнін аяқтай бере
сахнадан түскеніне назаланған жастар шу шығарады, соңы төбелеске
ұласады.
«Мен бірдеңе болатынын сездім: «Сабыр сақтаңыздар,
тынышталсаңыздар, концертімді жалғастырамын дедім», – дейді
31-телеарнадағы сұхбатында әнші. Егер де деймін, Қайрат сахнаға қайыра
көтеріліп, әнін шырқап қоя берсе, даурыққан жастар сап тыйылар да ма
еді… мейлі бөтелке лақтырылсын, алдыңғы шеп лықси сахнаға ұмтылсын, ал
әнші сескенбей әндерін шырқай бергенде, бәлкім, жаппай бұзақылық та
болмас па еді… Бұ жерде көпе-көрінеу арандатушылық болғаны анық. Өткен
жылдың 31 тамызынан бері басталған дау-дамай біразға созылды. Боздақтар
істі болып, тордың аржағында қамауда отыр. Өкінішті, әрине.
Бәрінен:
«Талдықорғаннан Қайраттың концертіне келіп ем, су жаңа көлігімнің
күл-паршасы шықты, енді оның орнын кім толтырар…» – деп, мұңайып
тұрған отағасын аяп кеттім сол кездегі көрсетілімде.
Тағы
бір Қайратқа байланысты жайт: Өткен жылдың аяғында, «Жұлдыздар отбасы»
журналы ұйымдастырған «Жыл әні – 2013» концертінде болған екен. Екі ән
орындауға тиісті Қайрат Нұртас бір-ақ әнін айтып, сахнадан кетіп қалады.
Қайраттың орындалмай қалған әнінің фонограммасы келесі ән орындаушы
шыға бергенде басталып, лезде жөнге түскен көрінеді. Міне, фонограмма
дегеннің қызығы да, шыжығы да. Кезінде атышулы ресейлік «Ласковый май»
тобы шыққанда, әр жерлерде балама топтар көрініп, фонограммадағы даяр
әндермен «концерт» беріп жүрген екен.
«Мен қазағымның өлеңін айтып әлемге танытқым келеді». Қайрат әншінің сол оқиғадан соң жедел өткен мәслихатта айтқан сөзі.
«Күнім-ау,
қазақ халық әнінің, өлеңінің де алтын қоры ен-дария, олардың дені әлі
игерілмей жатыр ғой!.. Ал сенің репертуарыңда осынау әндердің қайсысы
бар, бәлкім мен ести алмай да жүрген шығармын. Бұл – бір, екіншіден,
дауыс диапазоның кең, үнің күміс көмейден шыққандай сыңғырлап тұрса, сол
фонограмма дегенге сүйенбей-ақ орындаушылық шеберлігіңді көрсетуге неге
болмасқа, а, Қайрат балам?!»
Мен Қайратқа осыны айтам.
Бүгінде
қазақ байыды ма, той көп. Әнші қауымын есіркейтін де, еліктіріп,
желіктіріп соңын құмға сіңген Таластың суындай суалтатын да солар. Әр
әншінің ставкасы әрқалай. Мәселен, Мақпал бес мың долларға тойға барып
ән саламын дегенді айтып еді бір телеарнадан. Қайрат одан көп алатын
сыңайда. Әкесі – Нұртас Айдарбеков бір сөзінде: «Қазір Қайрат қаражатты
бізден әлдеқайда көп табады», – деген-ді.
Тағы айтпағым,
«жанды дауыс» деген сөздің етек алып бара жатқандығы. «Жанды дауыстың»
аржағында «өлі дауыс» тұрған жоқ па. Орысша «живой голосты» тікелей
аударуы ыңғайсыз емес пе? Өзіміздің күнде айтатын «табиғи дауыс» дейтін
теңеуіміз бар емес пе-ау!
Репертуар тапшылығы болар, әншілер
бірінің әнін бірі орындай бастайды. Бәзбір әнші ізденіп, өзінің даусына
лайықтысын таңдап, келістіре орындап, абыройға ие бола бастағанда, және
бір әнші, әлде әншілер тобы сол әнді жұлып алып айта бастайды. Келе ме,
келмей ме, оған бастарын ауыртпайды да. Қазақта сөз бар: «Алдыңғы
сөзден соңғы сөз жақсы емес» деген. Және де: «Әжептәуір ән еді, пұшық
шіркін қор қылды-ау!..»
Атақ-даңқ деген өкпені өшіріп,
табанды тоздырып жүгіргенмен келмейді. Кей әнші-орындаушыларымыз тілдей
бір атақ алу үшін жанын салады. Атақ, ол атақты нәрсе жасағанда ғана
келмей ме. Үлкендерді жағалап, бастықтардың кабинетінің табалдырығын
тоздырумен жүрген «ана бір әнші, мына әнші» дегенді естіп жатамыз.
Халықтың қошеметінен зор не бар, айтыңызшы. Ең әуелі сахнаны сыйлау
керек, сахнаның да Киесі барын ұмытпау керек!
Бірде даңқты
биші Шара Жиенқұлова гастрөлде жүріп, бір үйде түстеніпті. Ошақта маздап
жанған оттың күлін көрісімен жалп етіп отыра қалып: «О, қайран,
ошағымның күлін-ай, сағыныппын…» – деп еңіреп жылапты. «Төрлетіңіз!»
деген қошеметке де қарамай… Түптің түбінде деймін-ау, жасанды әнді,
жасанды әншілерді ести-ести, біздер де өз ошағымыздың күлін сағынудан
қаламыз ба деп ойлаймын.
Шәрбану Құмарова,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері