Жастардың саулығы – жауапты мәселе

Жастардың саулығы – жауапты мәселе

Жастардың саулығы –  жауапты мәселе
ашық дереккөзі
Бірінші байлық – денсаулық дейміз. Бірақ осы сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін жастар мен жасөспірімдер көбіне сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлы. Қазіргі қоғамда халықтың табиғи өсімі төмендеп, сырқаттанушылық және өлім-жітім деңгейі арта түсті. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастардың ден­саулығына қауіп туындауда: темекі тарту, ішімдік пайдалану, есірткіге және улы заттарға әуестілік, адамгершілікке жат мінез-құлық, ерте жыныстық қатынас кеңінен орын алуда. Жастар – біздің болашағымыз. Жас бала еліктегіш, қызба келеді, сондықтан да темекіге, ішімдікке тым үйір болады.Алкоголизм – психологиялық сырқаттың бірі. Бұл дерт біздің ұлтымызға жат еді. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай бұл дертпен жиі кездесіп қалып жатамыз.Қазақстанда соңғы кездері балалардың — 9,4 пайызы, ал жасөспірімдердің — 21,3 пайызы, ересектердің 46 пайызы алкогольді ішімдіктерді тұтынады. Оның ішінде, әсіресе білімгерлер ортасында ішімдікке дағдылану сән болып саналады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының мәліметі бойынша, елімізде 2 мың 532 баланың ішімдікке әуес екені анықталып, 1 мың 996 жасөспірімге «алкоголизм» деген диагнозы қойылыпты. Темекі тарту халық арасында ертеден келе жатқан зиянды әдеттердің бірі. Темекі, әсіресе жасөспірімдер үшін өте зиянды. Өйткені никотин бауыр ағзасын тез уландырады да, баланың дұрыс өсуіне кедергі жасайды. Темекі тарту, ішімдікті тұтыну, нашақорлық тұтас ұлттарды да жойып жібере алатынын жастарға ескерте жүргеніміз жөн. Бүгінгі таңда біздің емханамыздың ұжы­мы осы бағытта Тараз қаласының жас­өс­пірімдері мен жастарын жан-жақты да­мы­ған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан дара тұлғалар ре­тінде тәрбиелеуді басты талап етіп отыр. Осы орайда, «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасының шеңберінде біздің емханада 15-18 жас аралығындағы жас­өспірімдерге және барлық жастарға ме­ди­циналық қызметтер көрсетіледі. Жоғарыда айтылған әлеуметтік дерт­тер­дің алдын алу мақсатында емханада «Жас­тардың денсаулық орталығы» жұмыс істейді. Орталықта жасөспірімдермен білікті психолог, заңгер, әлеуметтік және санитарлық қызметкерлер жұмыс істейді. Қабылдауларды 3 уролог-дәрігері, гинеколог, дерматовенеролог жүргізеді. Сондай-ақ, санитарлық-ақпараттық жұмыстары бойынша білімгерлерге, 9-11 сыныптардың оқушыларына «Темекінің зияны», «Нашақорлық», «Алкоголизмнің зияны» туралы дәрістер оқылып, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясының, «Бала құқықтары туралы» ҚР Заңының, Бала құқықтары туралы Конвенцияның, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің негіздерін басшылыққа алып, жастар мен жасөспірімдер үшін емханада «Денсаулық мектебінің» жұмысы ұйымдастырылған. Бұдан бөлек емханада «сенім телефоны» қызмет етеді. Емханада алдын ала қарау бөлімшесі қызмет етуде. Бөлімшені дәрігер Айгүл Абдикадирова басқарып келеді. Туберкулез, іш сүзегі тәрізді аурулардың алдын ала тексерулері жүргізіледі. Мысалы, өткен жылы білімгерлер құрылыс жасағы және «Жасыл ел» еңбек жасағына жұмысқа тартылған 266 білімгердің бәрі де алдын ала тексеруден өткізіліп, олардың ішіндегі 258 білімгерге іш сүзегіне қарсы екпе жасалған. Келушілерге арналған «Денсаулық бұрыштары» дайындалып, ілінген. Қорыта айтқанда, денсаулық – рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Әлеуметтік дерттің негізгі себептері рухани-адамгершілік тәрбиенің жетіспеуі, жас ұрпақтың зиянды әдеттерге әуестігінің көбеюіне байланысты. «Ауырдым деп ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деген қазақ халқы. Сондықтан, денсаулық үшін жауапкершілік, алдымен, жастардың өздеріне, содан кейін, медицина қызметкерлеріне жүктелуі тиіс. Сонда ғана, әр жасөспірім өз денсаулығы үшін жауапкершілікті сезініп, саламатты өмір салтын ұстануға, табысты әрі мықты болуға ұмтылады деп ойлаймын.

Ө.Байдарбеков,

№3 қалалық емхана бас дәрігері 

Тараз қаласы