1038
Мәңгүрттіктің сан түрлі белгісі бар
Мәңгүрттіктің сан түрлі белгісі бар
Жас кезімізде ата-анамыз айтқанын дереу істей қоймасақ: «Әй, бірнәрсе
айтсам, бетіме меңірейіп қарайтының не? Мәңгіріп қалдың ба? Мәңгүрт
болып қалдың ба?», – деп ұрсатын еді. Бүгінгі кейбір қазақтарда, әсіресе
орысша оқыған немесе бес-алты жыл Ресейде, Еуропада оқып келген
қазақтарға ұлттық тіл, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тәрбие, атамекен,
жер-су, ұлттық мемлекет сияқты жайттарды айта бастасаң бетіңе меңірейіп
қарап тұрады.
Тіл жоқ. Не олай, не бұлай демейді. Сосын бір
ғұламаның «сатып кетер деп досыңнан да, өлтірер деп дұшпаныңнан да қорқа
берме! Дүниеде ең қауіптілер самсоздар, самарқаулар! Солардан қорқу
керек» дегені еске түседі. Егер шын зерделеп, тереңірек үңіліп
қарасаңыз, мәңгүрттердің көбі не самсоз, самарқау, керенау келеді.
Сонда
самсоздық, самарқаулық, керенаулық ауру, бір ауыз сөзбен айтқанда
мәңгүрттік қазаққа қайдан келді, оны қазақтың қанына кім сіңірді деп
ойлайсыз? Оны жасаған яғни, қазақты мәңгүрттікке душар еткен ешқандай
жоңғар да, қытай да емес, тек Ресей, яғни, орыстар ғана. Ол ауруды
қазаққа таратқан патшалы орыс Ресейі, Кеңестік орыс Ресейі және бүгінгі
шовинистік орыс Ресейі деп ашық айтуға қай қазақтың да құқы да бар,
дәлелі де бастан асады. Сонымен мәңгүрт деп қандай адамды айтуға болады?
Мәңгүрттіктің ең басты белгісі қандай? Бұл ретте қазақ арасындағы
мәңгүрттіктің ең басты белгісі – өз ана тілін менсінбей, орысша
сөйлеуден басталады.
Иә, адамның Алла Тағала жаратқан басқа
мақұлықтардан ең басты айырмашылығы оның тілі бар екендігінде. Адам
сол тілі арқылы жансарайындағы қуанышы мен ренішін, қайғысы мен
мұң-шерін, ашу-ызасы мен ризалығын немесе наразылығын, арманын, мұратын,
мақсатын, мүддесін білдіре алады. Ал өз ұлтының тілін білмеу
–мәңгүрттіктің ең басты нышаны. Мысалы, қанша жерден өмір бойы орысша
сөйлеп, орысша өлең жазып, орыстың сөзін сөйлеп, орыс не істесе соны
істеп, өз ұлтының кейбір кемшіліктерін тізбелеп он жерден орысқа
жағымпазданса да, мейлі КСРО-ның небір жоғарғы сыйлығын алып мықты ақын,
мықты жазушы атанса да, ол адам орысқа сіңіп, орыстың ақыны, орыс
ұлтының өкілі бола алмайтынын көзіміз көріп отыр.
Мәңгүрт
адамның ең қорқынышты қылуасының бірі – сатқындық. Мәңгүрт ел басына
күн туғанда қашанда қай жақтың күші, мысы басым болса, солай қарай ауып
түсуге дайын тұрады. Өйткені ол көзін ашқаннан күші басым жақтың
тілінде сөйлеп, солардың көңілін таба білуге жаттыққан.
Тағы
бір мысал: 24 жылдан бері тәуелсізбіз деп шуылдаса да, біздің бүкіл
дерлік басшыларымыз 80 пайызға жуық түркі тілділер тұратын елдің алдында
орысша сөйлеп, бүкіл заң-зәкүндерін орыс тілінде жазады. Сосын ол
заң-зәкүндер түсіне алмайтындай етіп қазақшаға тәржімаланады. Түгел
дерлік көзі ашық, сауатты, өздерін білімдар адамдармыз деп білетін осы
басшылар қай мәселеде де тілдің басты рөл атқаратынын жақсы біледі. Біле
тұра, орысша сөйлейді. Ал ешқандай МГУ, ешқандай КазГУ немесе Еуразия
университетін бітірмеген ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері:
Бисмиллаһ деп сөйлесем,
Тілге жәрдем бере гөр.
Тіл жаратқан Жалалым,
Жанға жәрдем бере гөр,
Жан
Жаратқан Жалалым, – деп ең әуелі тіліне Жаратқанның жәрдем беруін
тілейді. Сонда осылардың қайсысы мәңгүрт? Әлгі университет бітіргендер
ме, жәй медресе бітірген Әбубәкір Кердері ме? Осы ғұлама шайыр, әрі
үлкен молда одан әрмен:
…Қаулы қылған азамат
Көңіл қайтып пәс болды.
Ел қорғайтын ерлерім
Дұшпанменен дос болды.
Атаны билеп ұл кетті,
Қожаны билеп құл кетті,
Баласы келсе он беске,
Ата-анадан күн кетті,
Білмеді
бала құрметті,–дегенде күндердің күні болғанда туған халқының ішінде
тілінен, дінінен, ата-анасынан, тіпті ұлтынан мүлдем ажырап, мәңгүртке
айналатын ұрпақ көбейіп кететінін дәл болжады ма, кім білсін?!
Сол
мәңгүрттерден дәл бүгінгі қазаққа келетін үлкен қауіптің бірі –олардың
ақпараттық насихат жағында, яғни, ақпарат құралдары жағында да көбірек
шоғырлануынан болып отыр. Өйткені Қазақстанның бүкіл дерлік ақпарат
құралдарының басым бөлігі Ресейдің ықпалында. Қазақ елінің бүкіл дерлік
телеарналары эфирлік уақыттың көбін орыс тілінде өткізеді. Яғни, олар
күндіз-түні Ресейдің саясатын жүргізуде. Бұл орайда біз Ресейден
ақпараттық тәуелсіздік алған жоқпыз деп ашық айтар кез келді. Тіпті,
Ресейдің қазақ еліне деген өктем басқыншылық саясатын білдірмеу үшін
қазақтарды қытаймен қорқытатындар да көбейіп кетті. Олар мұны қазақ
еліне, қазаққа жаны ашығаннан емес, қайткенде қазақты Ресейдің
көрпесінің астына кіргізуге үлес қосу үшін айтады. Әйтпесе, екі сөзінің
біріне орысша қосып сөйлейтін бізге ұқсамақ түгіл қытайдан келген
бауырларымыз бір ауыз қытай сөзін араластырғанын көрген емеспіз. Себебі,
шығыс елдері орыстарға ұқсап басқа ұлттардың тіліне, дініне,
салт-дәстүріне қол сұғып, тиісе бермейді. Бұл – бүкіл Шығыс елдеріне,
әсіресе мұсылман елдеріне ортақ қасиет екені ықылым тарихтан белгілі.
Сенбесеңіз, не Бату ханның көзі тірісінде, не одан кейінгі алып империя
Алтын Орда заманындағы хан атаулы орыстың бір шіркеуінің сылағын түсіріп
көрмегенін есіңізге алыңыз. Ал орыстың кез келген полицейі Ресейге
жан-жақтан қара жұмысқа келгендерден орыс тілінен емтихан алып мазақ
қылады. Орысша білмейтіндерге жұмыс бермек түгіл, күн көрсетпейді.
Ұрып-соғады. Өтірік террорист «жасайды». Ресей қолдан келсе Татарстан,
Башқұртстан деген ел атауларын да алып тастап, бірыңғай Россия деп
атамақ ойы бар екенін де байқатып отыр. Ресейдің қазақ жерін жұтып
жіберуге дайын екенін баяғы Солженицыннан бері Жириновский, Дугин,
Лимонов, Просвириндер ашықтан-ашық айтып келеді. Оларға оны айтқызып
отырған да Кремльдегі Путин бастаған орыс дөкейлері. Қазір Ресейде
Жириновский, Лимонов, Дугиндердің ертеңгі ізбасарлары, жас орыс
шовинистері қаптап жүр. Кремль оларды әдейі құтыртып қойып, еркіне
жіберіп отыр, ауыр қылмыс істесе де сотталып жатқан біреуі жоқ. Осыдан
3-4 жыл бұрын бір ғана Орынбор облысында бір жылда 23 қазақ қызы жоғалып
кетті. Олардың бірде-бірі табылған жоқ. Бұл не құпия? Ресейдің
полициясы, басқа да құпия, арнаулы қызметтері соны білмейді дейсіз бе?
Айта берсең, толып жатыр. Бірақ орыстілді қазақ ақпаратшылары бұның
бірде-бірін тіс жарып айтпайды. Оның есесіне әзілдеген болып қазақтың
тілін, салт-дәстүрін қорлайтын сайқымазақ қойылымдар көбейіп барады.
Әрине, орыстілділердің бәрін бірдей мәңгүрт деуге ешкімнің құқы жоқ.
Бірақ мәңгүрт атаулының көбі орыстілділер екені тағы да шындық.
Мәңгүрттіктің
ең белгілі енді бір нышаны өз ұлтының ән, күй өнерінен мақұрымдық.
Нағыз мәңгүрт өзінің ұлттық әні, күйі, домбырасы мен қобызының, сырнайы
мен сыбызғысының үнінен зәредей де ләззат ала алмайды. Ол қарсы алдында
айтылып тұрған ән зарлы, мұңды ән бе, ол аңсаған арманына жете алмай,
ғашығынан айрылып, құсалықтан қан жұтып жүрген адамның қасірет-қайғысы
ма, әлде тамаққа тойып алып, істейтін ісі жоқ, не істерін білмей әйтеуір
әләуләй, әгугәйлап тұрған тұрпайы дыбыс па, ол жағын айыра алмайды.
Оған дәл сол сәтте қазақ әнінің оның орнына «ой, рябина, рябинушка»,
«шумел камыш», «утки летят» сияқтыларды қойып берсең, жүзіне қан
жүгіріп, көзінде жылт еткен ұшқын пайда бола бастайды. Ұтыры келгенде
айта кетейік, қазір 3-4 адамнан топ құрып әнші атанып жүргендердің
көбінің ұлттық өнерімізге әкеліп жатқан «әлденелерінің» өзі де қазақты
төл өнерінен, төл мәдениетінен айырып, рухани мәңгүрт ұлтқа айналдырып
баратқанын көріп отырмыз. Біз әләуләйшілерді тамашалауымыздың кесірінен
ұлттық өнерге деген талғамнан айрылған ұлтқа айналып баратқанымызды да
байқаудан қалдық. Біз осы күні бүкіл телеарналарды дерлік басып алған
әнші емес әншілерге, сазгер емес сазгерлерге, 3-4 адамнан топ құрып,
ақша тауып жүргендерге тезірек тоқтау салмасақ нағыз талғамсыз, рухани
мүгедек ұлтқа айналып кетуіміз мүмкін. Есімізді жинайық! Мәңгүрт кім? Ол
жастайынан Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Серперін», «Көбік шашқаны»
мен «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Кішкентайын», Динаның «Әсем
қоңырын», Қазанғаптың «Домалатпай», «Көкіл», «Құс қайтаруын», Абайдың
«Айттым сәлем, Қаламқасын», Мұхиттың «Зәурешін», Ақанның «Маңмаңгерін»
тыңдап, содан жас жанына ләззат алып, солармен бірге қуанып, солармен
бірге мұңайып өспеген адам. Мәңгүрт әнші қазақтың мұңға, сырға толы
халық әнін айтып тұрып, мәз болып ыржалақтап, бөксесін бұраңдатып
тұратын жан. Аржағында жартылай жалаңаш 4-5 қыз билеп жүреді. Мәңгүрттік
дегеніміз осы! Мәңгүрт қазақ «Айнамкөз» бен «Зәурештің» орнына
«Чио-Чио-Санды», не «Арлекиноны» тыңдайды. Өз анасының үш күйеуге тигені
туралы әңгімені рахаттана тыңдап, соған мақтанған мәңгүртті де көрдік.
Мәңгүрт үшін Ләйлі мен Мәжнүннің, Фархат пен Шырынның, Тахир мен
Зухраның, Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатынан гөрі бір сәттік
ләззаттың құлы, жеңілтек Кармен әлдеқайда биік! Ол үшін домбыра
дегеніңіз қазақты мазақ қып айтатын «Адин палқы, два ыструна, вот
қазақский домбра». Нағыз мәңгүрттік дегеніміз осы! Осының бәрі көршілес
Өзбекстанда, не Түркіменстанда, не Әзірбайжанда, не Тәжікстанда неге
жоқ? Себебі, олар әп дегеннен Ресейден ақпараттық тәуелсіздік алуды
жолға қойды. Олардың бүкіл баспасөзі, бүкіл телеарналары тек өз ұлтының
тілінде ең алдымен өз ұлтының қам-қарекетін қаужайды. Ал біздің мұндай
күйге түсуіміз әуелі сонау Кеңес заманында қазақты орыстандыру
саясатының қызу жүргізілгенінің салдары екенін айтқысы келмейтіндер де
көп. Және біз сол Ресейдің ақпараттық қыспағынан әлі де шыға алмай
отырмыз. КСРО құлап, Мәскеудің уысынан шыққан жылы туған сәбилеріміз
бүгінде 24-ке келді. Қазір солардың екеуінің бірі орысша сөйлейді. Сонда
олардың тілін қазақыландыруды биыл бастағанның өзінде тағы да 24 жыл
керек болады екен. Және 24-тегі осы балаларымыз өз сәбилеріне орысша
сөйлеп жүргенін де шыққыр көзіміз көріп жүр. Ол аз болса, балабақшадан,
бірінші сыныптан бастап әлі ақыл-есі толыспаған періштелерімізге
орысшаға қосып, ағылшыншаны күштеп оқытуға кірістік. Бір-бірімен орысша
сөйлесетін қазақ енді бір-бірімен ағорқаз деген тілде (ағылшын, орысша,
қазақша) сөйлейтін бола ма деген қауіп расқа айналатын сияқты. Бұл
қазақтың болашақ ұрпағын ұлты жоқ, не өз тілі мен өз ділі, өз діні жоқ
мәңгүрттендіру саясаты емес пе? Және орыс тілін әлі де бірінші орынға
қойып, ол аз болғандай оған үштілділік дегенді қосып отырғандар да
қайткенде қазақты орыстандыруды көздейтін дүбәралар екені белгілі болып
отыр. Бір дерек келтіре кетейік: Малайзия тәуелсіздік алған сәтте оның
жергілікті халқы – малай ұлты елде 30 пайыз ғана екен. Соған қарамастан
ел басшылығы әп дегеннен малай тілін мемлекеттік тіл деп жариялады. Ал
Қазақстанда 67%-ға жуық қазақ, 80%-ға жуық өзіміз сияқты түркі тілділер –
ұйғыр, өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан тұрады. Олар түгел дерлік
қазақша біледі. Сонда қалған 20 пайыз славян тілділерге бола Қазақстанда
орыс тілінің түкірігі жерге түспей тұрғанын қалай түсіндірер едіңіз?
Бізде орыс көп деген тек сылтау ғана! Бізде мәңгүрт көп және ақпарат
құралдарының орысша болуы арқасында біз мәңгүрттер санын көбейтуге жұмыс
істеп жатырмыз десек те қателеспес едік.
Мәңгүрттіктің
басты белгісінің бірі – өз мемлекетінің, өз ұлтының тарихын білмеу.
Білмегені былай тұрсын, кейбір мәңгүрттердің қазақта бұрын мемлекет
болмаған, шекарасы болмаған, әскері болмаған дегенін де естіп жүрміз.
Мәңгүрт адам өз ұлтын әртүрлі тайпалардан құралған тобыр деуге дейін
барады. Мұның басты себебінің бірі – ол байғұсқа Ресейдің рухани
езгісінде болған өз Қазақстанында өз тарихы бұрмалап оқытылды. Мұны
теріс оқу деп атайды. Қазақтың тарихын сол кезде Ресей тарихшылары мен
Мәскеудің Қазақстандағы итаршы-тарихшылары жазды. Бұрынғы Кеңес
тарихында Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды делініп келсе, бүгінгі
қазақтар хандар, сұлтандар өзара таққа таласып, Ресейге қосылды дейтінді
шығарды. Сонда бұл тарихтың алдыңғы тарихтан айырмашылығы қандай?
Осының бәрі Алтын Орда ыдырап, орыстар ес жинап, ел болысымен қазақ
жерін сонау Батыс өңірінен Еділ, Жайық бойынан бермен қарай қуалап,
ұдайы қанға бөктіріп келгенін, әсіресе батыс қазақтары мен орыстар
арасында 250 жыл бойы қанды қырғын майдан болғанын жасыру үшін, яғни,
қазақ пен орыс ылғи бауырлас, тату болған деген жалған саясатты растау
үшін айтылумен келеді. Ол үшін баяғыда қытайлар қырып тастаған жоңғар
деген халықтың қазаққа жасаған шабуылдары тоқсан түрлендіріліп, мың
құбылтып айтыла береді. Тіпті, ішкені қымыз бен шұбат, жегені ет,
қазақпен қыз алысып, қыз беріскен өзіміз сияқты қиықкөз, тақырбас
қалмақты қазаққа айдап салып, қырылыстырып қойған да орыстар екені
айтылмайды. Сондай тарихты ғана оқып өскен қазақ баласы мәңгүрт
болмағанда қайтеді? Қазақстан тарихында қазақты сыртқы дұшпандардан
қорғап, аман сақтап қалған орыстар дегенге шейін айтылады. Бірақ қазақты
не жоңғардан, не қытайдан қорғаймын деп бір орыс өлмек түгіл мұрты
қисайғаны туралы сыңар ауыз дерек жоқ. Біздің, яғни, қазақ арасында
мәңгүрттердің көп болуына осылайша өз тарихын білмеу де басты себеп
деуге толық хақымыз бар.
Ресей қазақты мәңгүрттендірудің
бұдан басқа да толып жатқан тәсілдерін қолданып келді, әлі де қолдануда.
Олар ұлтты мәңгүрттендіру үшін оның киген ұлттық киімін де қажетсіз
қылады, мазаққа айналдырады. Қазір еліміздегі қай асханаға, қай кафеге
барсаң да қазақтың малының етінен, қазақтың астығынан жасалған
тағамдардың бәрінің атауы не орысша не өзге елдердікі. Өзбектер
мәскеудің қақ ортасында палауы мен көк шайын, әзірбайжандар люлякебабын,
лавашын, түріктер донерін сатып отыр. Қазақтар Алматы мен Астананың
көшелеріне сау сәбиді ауру қылатын, семіртіп, жүрек, қан тамырларының
қызметін бұзатын гамбургер, пицца, спраит, кола, фантаны толтырып қойды.
Демек, қазақ ұрпағын өзінің ұлттық тағамынан алыстату арқылы да мәңгүрт
етуге болады екен.
Айтпақшы, Мәскеудің «Домодедово»
әуежайында отырып алып өзбектер ұшақтарды өзбек тілінде, әзірбайжандар
әзірбайжан тілінде хабарлайды. Олардың ұшақтарының қабырғасында
«Узбекистон һава иоллары» деп жазулы тұрса, Қазақстандікінде «Эйр
Астана!» Аржағын өзіңіз ойлай беріңіз. Қазақты мәңгүрттендіру саясатын
қашаннан Ресей жүргізіп келеді десек, оның қазақ арасынан шыққан «шұбар
жыландары» да аз емес. Олардың біразы қазақты ислам дінінен айыруға
тапсырма алған сияқты. Ал біз ислам дінін қабылдағаннан 200 жылдан кейін
ғана христиандықты қабылдаған орыстар баяғы язычествомызға қайта
барайық дегенді өлсе де айтпайды. Дұрысында тәңірлік те, язычество да
ешқандай дін емес, олар ерте заман адамдарының аспаннан, бұлттан, судан,
желден, оттан қорыққаннан шығарған наным-сенімі ғана. Дін болу үшін
оның Құран, Інжіл, Таурат сияқты кітабы, пайғамбары, белгіленген
тәртіптері болуы керек. Әлгі «тенгристерде» бұның бірі де жоқ. Олар не
мәңгүрттер, не қазақты мәңгүрт ұлтқа айналдыруға шетелдерден тапсырма
алғандар емес пе деп те күдіктенеміз. «Өзі де білмей ме, көп сөйлеп
созбайын» дейді кемеңгер шайыр. Сол айтқандай бұдан әрі айта берсек,
көкмылжың деп сөгетіндер де табылары хақ. Жақында бір сайтта ұлт уайымын
айтқан осындай бір мақалаларыма жұртшылық ризалықпен жазған пікірлердің
ішінен әлдебіреулер менің жас шағымда ащы су ішкенімді, енді біреуі
шатақ болғанымды айтып кетіпті. Өз басым солар не десе, о десін, әйтеуір
мәңгүрт емес, қазақша сайттарды оқитын адамдар болғанына қуандым. Қазақ
«іштен шыққан жау жаман» дейді. Алла сақтасын, егер ел басына күн туып,
ұлттығымызға қауіп төніп жатса, ең қауіпті жау өз тілін, өз дінін,
өзінің ұлттық салт-дәстүрін сыйламайтын мәңгүрттер болатынын
тарих-алдияр дәлелдеп-ақ келеді. Тіпті, кешегі Қырым қақтығысы кезінде
де ноғайлар орыстан көрмеген қорлығымыз жоқ, біз Ресейге қосылмаймыз деп
зар-еңіреп жатқанда өз ұлтын сатып, Ресейсіз күніміз жоқ деп іріткі
салғандардың бәрі өз тілін, салт-дәстүрін білмейтін, аралас неке
құрғандар мен орысша сөйлейтін дүбәралар сияқты, яғни, мәңгүрттер екен.
Ресей енді Қазақстанның солтүстік облыстарына ашықтан-ашық қастігерін
қадап отыр. Ал әлгіндей дүбәралар мен мәңгүрттер қазақ арасында мыңдап
саналады. Сондықтан бүгінгі ұрпағымыздың ой-санасын, ұлттық
дүниетанымын, елжанды, ұлтжандылығын, отаншылдығын оятудың қамына
бүгіннен бастап кіріспесек кеш қаламыз! Ол үшін төл тарихымыздың
шындығын жазып, оларды мерзімді баспасөзде күн сайын дерлік жариялап,
шетелдік әуенге ессіз еліктеген әншісымақтардың орнына ұлттық нақышы бар
ән-күйлерімізді шығаруды және басқа да ұлттық бет-бейнемізді
айқындайтын іс-шараларды қолға алмасақ болмайды. Әсіресе,
телеарналардағы қазақша хабарларға, қазақша көрсетілімдер мен
қойылымдарға бөлінетін уақытты көбейтіп, телеарналар басшылығына таза
қазақтілді, ең ұлтжанды азаматтарды, тілі шұрайлы журналистерді қызметке
тартуды кешіктірмей қолға алған жөн болар еді.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын