2025 жылдың қараша айында «Атырау – Алматы» рейсінің бір жолаушысы қол жүгінде бомба бар деп әзілдегеннен кейін Атырау әуежайының жұмысы тұралап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тіркеу кезінде ер адам алдын ала жалған ақпарат таратып, қол жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтқан. Арнайы қызметкерлер жүргізген тексеріс барысында бұл ақпарат расталмады. Оқиға салдарынан зардап шеккендер немесе қаза болғандар жоқ.
Осы факті бойынша көліктегі полиция департаменті ҚР ҚК-нің 273-бабы — «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық іс қозғады. Ер адамға 5 000 АЕК-ке дейін (2026 жылы 21 625 000 теңге) айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу/айыру жазасы қолданылуы мүмкін.