ӘЛЕМГЕ ҚҰШАҚ АШҚАН РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО

ӘЛЕМГЕ ҚҰШАҚ АШҚАН РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО

ӘЛЕМГЕ ҚҰШАҚ АШҚАН РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО
ашық дереккөзі

Футбол жанкүйерлері үшін мазасыз күндер басталды. Өздерінің сүйікті командаларының жатса-тұрса тілеуін тілеп, көгілдір экранға телміретін жанкүйерлер кезекті ХХ-әлем чемпионатының барлық қас-қағым сәтін бір ай бойы тамашалау мүмкіндігіне ие болмақ.

Футболдың тарихына көз салсақ, халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) тарихы 1904 жылдан бастау алады. Еуропаның Франция, Испания, Бельгия, Швейцария, Дания, Швеция сияқты елдері футбол әлемінің тамырына қан жүгірту жолында, әлем біріншілігін тездетіп ұйымдастыруға қанша бел буғанмен ол жылдарда қаржы тапшылығы олардың бұл ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Ал 1904 жылдан бастап футболдан әлем біріншілігін өткізу мәселесі күн тәртібінен түспеді.

Ақыры, ол арман жүзеге асты. Мұндай іргелі істің басында француздар Жюль Риме мен Анри Делон  тұрды. Жюль Риме 1919 жылы Франция футбол федерациясының президенті Делон бас хатшы болып қызмет атқарады. Олардың әлемдік футболға деген қамқорлығы арқасында Жюль Риме 1921 жылы ФИФА-ның президенті, ал Анри Делон оның көмекшісі болып бекітілді.

Осылайша доп додасы 1924 жылы олимпиялық ойындардың бағдарламасына еніп, алғашқы жеңімпазды анықтады.

1926 жылы ФИФА конгресінде әлемдік деңгейде чемпионат өткізу мүмкіндігін қолға алды. Халықаралық футбол федерациясы 1928 жылы 29 мамырда өткен конгресте әлем  чемпионатын ұйымдастыру жөнінде нақты шешім шығарды. 

Яғни, ФИФА әр төрт жыл сайын әлем кубогы үшін чемпионат өткізіп отыруы тиіс деп шешім шығарылып, кубокты тағайындайтын әрі жасататын ФИФА, бұл сынға ФИФА-ға мүше елдер ғана қатысуға құқылы деп белгіленді.

Ең алғашқы әлем кубогын өткізу 1930 жылы Уругвай еліне бұйырды. 1930 жылы Уругвай құрамасы тұңғыш әлем кубогына ие болды. Әлем кубогының ХХ-чемпионаты Латын Америкасы құрлығына араға 36 жыл салып, қайта оралып отыр. Соңғы рет 1978 жылы әлем кубогын Аргентина қабылдаған болатын. Әлемге Марадонадай футбол талантын сыйлаған Аргентина құрамасы финалдық айқаста Голландия құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет әлем кубогының тәжін киді.

Бұл табысты олар 1986 жылы Мексикада өткен әлем біріншілігінде қайталай білді. Осы біріншілікте Марадона жасындай жарқырап, бүкіл әлем жанкүйерлерінің сүйіспеншілігіне бөленді.

Сөйтіп 36 жылдан кейін футболдан әлем кубогы Латын Америкасы құрлығына қайта келді. Бразилия әлем біріншілігін 1950 жылы өз алаңында ұйымдастыру бақытына ие болған. Содан бері 64 жыл өтіпті. Бразилия төрінде қай елдің бағы жанар екен деген сауал барлық футбол жанкүйерлерінің көкейіндегі сұрақ екені даусыз.

Футболда сәуегейлік айту көбіне абырой әпере бермейтіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен алаң иелері – бразилиялықтардың алтыншы рет әлем кубогын жеңіп алуларына мүмкіндіктері мол. Бірақ әлемнің футбол мамандары Бразилия құрамасының қазіргі  сапына қарап, олардың әлем чемпионы атана қоюы екіталай деген пікір айтуда. Ондағы уәждері: Бразилия құрамасындағы ойыншылар тым жас футболшылар дегенге саяды.

Әрине, төрт құбыласы түгел Германия, Аргентина, Испания сияқты әлем кубогы үшін өліспей беріспейтін командалар да бар. Сонымен алтын кубок кімге бұйырар екен?

Бұл кубок ФИФА-ның тұңғыш президенті Жюль Рименің ФИФА-дағы қызметінің 25 жылдығы тойында белгіленген, оның футболға сіңірген еңбегін жоғары бағалап, 1946 жылы халықаралық футбол федерациясы  өз шешімімен кубокты алдағы уақытта Жюль Риме кубогы деп атау жөнінде ұйғарымға келді.

1970 жылы Бразилия құрамасы Жюль Риме кубогын үшінші рет жеңіп алып, ФИФА-ның шешімі бойынша, бұл кубок Бразилияның меншігіне біржолата, түпкілікті берілген еді. Өкінішке қарай, кейінірек  алтын аңсаған ұрылар кубокты  қолды қылып, 1983 жылдан бері алтын кубоктан еш хабар жоқ.

1974 жылы ФИФА-ның тапсырмасымен алтын кубоктың жаңа түрі дайындалды. Оны жасаған итальяндық зергер Сильвио Гациани. Алтын кубоктың биіктігі  36 сантиметр, салмағы 4970 грамм.

Сол 1983 жылғы ұрлықтан кейін чемпион командаларға кубоктың көшірмесі ғана беріліп жүр.

***

Газет оқырмандарын әлем чемпионаттары барысында тарих бетіне жазылған қызықты  оқиғалар мен саналуан мәліметтермен таныс­тыра кету жөн болар деп ойлаймыз.

Әлем чемпионатының бас жүлдесі – кубокты биылғы ХХ-чемпионатқа дейін 8 елдің құрамасы жеңіп алды.

Бразилия (5 рет), Италия (4 рет), Германия (3 рет), Аргентина (2 рет), Уругвай (2 рет), Франция (1 рет), Англия (1), Испания (1).

***

Әлем біріншілігіне ең көп қатысқан Бразилия құрамасы – 20 рет. Финалдық ойынды сәтсіз өткізген командалардың бірі – Германия футболшылары. Олар 4 рет финалда ұтылуға мәжбүр болды.

Ал, әлем чемпионы атағына ие болмаған командалар арасында голландиялықтар 3 рет (1974, 1978, 2010) финалға шығып, оның үшеуінде де ұтылды.

***

Әлем чемпионатында ең көп ойын өткізген Германия құрамасы – 99 ойын.

***

Әлем чемпионатында ең көп жеңілген команда Мексика құрамасы (26 рет) жеңілді.

***

11 метрлік айып добын соғудан ең көп есе жіберген Италия мен Англия – 3 реттен.

***

Бір әлем чемпионатында ең көп доп соққан Венгрия құрамасы. Олар 1954 жылғы әлем чемпионатында 5 ойында 27 доп соққан.

***

Әлем чемпионатының тарихында ірі есеп Венгрия мен Сальвадор құрамалары арасындағы ойында тіркелген. Онда венгрлер 10:1 есебімен жеңіске жетті.

***

1958 жылғы әлем чемпио­натының ең сұрмерген шабуылшыларының көшін франциялық Фонте бастап тұр. Ол қарсыластар қақпасына 13 доп енгізген. Бұл 1958 әлем чемпионатында болды.

***

2006 жылғы әлем чемпио­натының ашылу ойынында 6 доп соғылған. Германия – Коста-Рика 4:2.


Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ