Бодан елдердің бостандығына жол ашқан

Бодан елдердің бостандығына жол ашқан

Бодан елдердің  бостандығына  жол ашқан
ашық дереккөзі
335

Әлем саясаткерлері Эдуард Шеварднадзенің саяси әлемде алар орнын жоғары бағалайды. Ол Кеңестер одағы кезінде де ірі-ірі лауазымдар атқарды. Эдуард Шеварднадзе 1928 жылы қаңтардың 25-інде Грузия ССР-інің Ланчхут ауданы Мамати ауылында туған. 10 жасынан бастап, почтальон қызметін атқарған ол әртүрлі кезеңдерде әртүрлі жұмыстар атқарды. Айталық, Грузин ССР-інің қоғамдық тәртіпті қорғау министрі (1965-1968), Грузин ССР-інің ішкі істер министрі (1968-1972), Грузия Компартиясының ОК бірінші хатшысы (1972-1985), КСРО Сыртқы істер министрі (1985-1990), 1985-1990 жылдары СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, 1995 жылдан 2003 жылдар аралығында тәуелсіз Грузияның президенті қызметтерін атқарды. 

Эдуард Шеварднадзе Грузияға Звиад Гамсахурдияның режимі құлағаннан кейін келді. Алғашында мемлекеттік кеңес төрағасының, кейін парламент спикері қыз­мет­терін атқарды. Алайда Михаил Саакашвили бастаған жастар оның өзін 2003 жылы президенттіктен тайдырды. «Раушан төңкерісінің» нәтижесінде Эдуард Шеварднадзе өз орнын беруге мәжбүр болды. 

Эдуард Шеварднадзе дүние салғалы бірнеше күн өтсе де, оның саяси тарих сахнасындағы рөлі жайындағы пікірлер қайшылығы толастар емес. Шеварднадзе кім? Ол – Кеңестер Одағы секілді жарты әлемді дірілдеткен алып империяның құлауына қызмет еткен саясаткер. Ол Михаил Горбаечевтің сенімді серігі, әрі досы болған адам. Михаил Горбачев СОКП ОК төрағасы қызметіне барған кезде Эдуард Шеварднадзені Сыртқы істер министрі етіп тағайындайды. Дәл осы кезеңде әлемдегі қыр­ғи­қабақ соғысы аяқталып, темір шымылдық түрілді, екі Гер­мания бірікті, КСРО құлады. 15 рес­пуб­лика азаттығын алды. Эдуард Шевар­днадзе біртұтас Грузияның мәселесін бәрібір шеше алмады. Абхазияда соғыс өрті тұтанды. Солтүстік Осетия мен Абхазия Грузияның мәңгілік мәселесі болып қала берді. 2008 жылғы Ресей Грузия соғысының нәтижесі бойынша, Грузия территориясының 20 пайызынан айрылды. 

Қос Германияның бірігуінде Эдуард Шеварднадзенің рөлі өте жоғары болған екен. Ресейлік сарапшылар оның бұл келіссөзінің ақыры Ресейге пайда әкелмегендігін жазуда. Өйткені 1952 жылдың өзінде Сталин екі Германияның бірігуін құптаған көрінеді. Алайда Сталиннің ол кездегі қалағаны Германияның бейтарап мемлекет болуы, Варшава шарты елдеріне де, НАТО-ға да қосылмай, жеке дара саясат ұстануы болыпты. Алайда Батыс бұл ұсынысты қабыл алмайды. 

Ал 1989 жылы қос Герма­ния­ның бірігуі жөніндегі келіссөзді Шеварднадзе Саяси Бюро мен үкімет төрағасының келісімінсіз жасады дейді. Алайда Саяси Бюросыз бірдеңені шешудің мүмкін емес екендігі қазіргі Ресей саясаткерлерін толғандырмайтын секілді. Сөйтіп Германия НАТО-ға мүше ел ретінде тарих сахнасынан орын алды. КСРО Шығыс Германиядан әскерін әкетерде ол үшін Батыстан ешқандай қаржы ала алмады. КСРО-ның сыртқы қарызынан құтылу мақсаты да жүзеге аспады. Алайда Ресей Эдуард Шеварднадзені КСРО-ны құлатқан саясаткер ретінде ұнатпағанымен, бүкіл әлемдік аренада оның алар орны ерекше. Егер грузиннің бір ұлы Сталин КСРО-ны құруда барын салса, Шеварднадзе секілді екінші ұлы оның құлауына қызмет етіп, бодан елдердің бостандық алуына жол салды. Бұл да грузиндер үшін мақтаныш етер жайт. 

Орыстың біртуар ұлы, көрнекті ақыны Евгений Евтушенко заман­дасы жайында жылы пікір білдірген екен. «Біздің орыстың қызуқанды шови­нистері ол туралы ешқандай негізсіз өсектер таратуда. «Ол жасырын русофобиялық саясат жүргізді, КСРО-ның әлсіреуі және құлауы үшін бәрін жасады» деп жазып жатыр. Грузиялық русофобтар «оны Кремльдің сарай саясатшысы болды, ол грузиндердің ұлттық құндылықтарын аяққа таптады» деп айыптауда. Екеуі де жалған пікір. Мен оны сонау жастық шағымнан білемін. Ол – интернационал болды. КСРО-ның өзге республикаларының ешқайсысы Шеварднадзе секілді жемқорлықпен аяусыз күрескен жоқ. Ол Мәскеуге келмей тұрып-ақ, ештеңеден именбей Сталинге қарсы Тенгиз Абуладзенің «Покаяние» фильмін қаржыландырды. Фильм аяқталған соң, оның Ресейде көрсетілуіне қарсы болғандар көп болды. Олар бұл фильм орыс пен грузиндер арасында соғыс өртін тұтатуы мүмкін деген ойда болды. Алайда ол Грузияда жұмыс істеп жүрмесе де, одан қолын үзіп кетпеді, өз елі, елінің тағдыры оны бәрінен бұрын толғандыратын. Ол фильмнің көрсетілуіне қол ұшын созды. Оның қарсыластары айтқандай, фильм ешқандай ұлттар достығына сызат түсірмеді. Өйткені Сталин атып-асуда, түрмеге жабуда «Грузин ұлтшылы» емес еді, ол «интернационалист» болатын. Эдуард туған ауылын жақсы көрді.

Оны Берлин қорғанының құла­у­ын­да Америка мүддесі үшін жұмыс істеді деп бекер кінәлайды. Бұл қабырғаның құлауы – адамзаттың мүддесі үшін қажет болды. Әйтпег­енде, бұл үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына түрткі болар ма еді. Егер Горбачев өзіне қарсы ұйымдастырылып жатқан іс жайында оның ескерт­пе­сіне құлақ асқанда, тарих дөңгелегі бас­қаша айналар ма еді. Бұдан да бейбіт жолға түсер ме едік. Бірақ олай болмады. Қырғиқабақ со­ғысы бізге қайта оралды», – деген ол. 

Неміс саясаткерлері Эдуард Шевард­надзеге Германияның қарыздар екендігін айтып бағуда. Мәселен, Германияның сыртқы саясатында көп жылдар қызмет істеген Ганс Дитрих Геншер Шеварднадзе ХХ ғасырдың Еуропа мемлекет қайраткерлерінің ішінде аса көрнекті тұлғасы болды дейді. Германия халқы оған көп қарыздар деген. Германия Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Эдуард Шеварднадзе болмағанда екі Германияның бірігуі мүмкін емес деген ой түйеді. Дәл осындай ойды АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы, Шеварднадземен Германия қорғанының құлауы үшін келіссөз жүргізген Джеймс Бейкер де, АҚШ-тың тағы бір бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джордж Шульц те, қазіргі мемлекеттік хатшысы Джон Керри де, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун де қайталайды. Демек Америка мен Батыс үшін Эдуард Шеварднадзенің әлемдік саясатта алар орны ерекше. Ал Ресей өзінің геосаяси мүддесі аяқасты болды деп ренжиді. Ал КСРО құлауымен тарих сахнасында пайда болған 15 тәуелсіз мемлекеттің Эдуард Шеварднадзеге қарыздар екені даусыз. Жаның жаннатта болсын, ұлы саясаткер. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары