Қарағанды – Қазақстандағы басты индустриалды орталық

Еліміздің орталығында орналасқан Қарағанды облысы өнеркәсіптік даму жөнінен алғашқы орында тұрған өңірлердің бірі. Минералдар мен шикізатқа бай, аумағы мен өнеркәсіптік әлеуеті бойынша ең ірі облыс – Қазақстандағы үлкен индустриалды орталық. Өзінің экономикалық, мәдени, ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымының дамуы бойынша облыс Қазақстандағы жетекші орындардың біріне ие. Облыста Қазақстан халқының оннан бір бөлігі қоныстанған. Облыстық маңызы бар Жезқазған және Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданы еліміздің өндірістік әлеуетінің артуына ықпалын тигізетін өңірлер. Сол себепті осы өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған болатын. 

Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының қабылдануы – аталған өңірлер үшін үлкен табыс. Бұл кешенді жоспар облыс қана емес республика көлемінде де өңірлердегі жағдайға көңіл бөлудің бір айғағы. Кешенді жоспарды іске асыру Қарағанды облысының даму жолы үшін аса маңызды. 2012-2020 жылдарға арналған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша минералды-шикізат базасын нығайту, индустриалды-инновациялық даму, аймақтағы коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 88 іс-шара еніп отыр. Кешенді жоспар өңірдің экономикасын әртараптандырып, кәсіпорындарға тәуелділікті азайтуға, жаңа жобалар мен жұмыс орындарының ашылуына үлкен септігін тигізеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да мүмкіндік бермек. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өзінің өңірлерге алғашқы жұмыс сапары барысында аталған кешенді жоспарды іске асыру жұмыстарына баса назар аударған еді. Жезқазған қаласына жасаған сапарында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-іне қарасты «Жезказганцветмет» тау-кен орны, «Қазақмыс Энерджи», «Қазақмыс Смэлтинг» мыс балқыту зауыты, «Қазтехфильтр» ЖШС-нде болып, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмыс барысымен танысты. Жезқазғандағы кен ошағы мен геологиялық барлау бекетін аралаған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков кешенді жос­парда «Қазақмыстың» минералды шикізат базасын кеңейту мәселесі басым бағыттардың бірі екендігін баса айтты. Облыс басшысы Жезқазған қаласының тұрғындарын да назардан тыс қалдырмады. Қала тұрғындарымен кездесу кезінде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков: «Сіздермен кездесу үшін Жезқазғанға арнайы келіп отырмын. Қарағанды облысының әкімі ретінде – алғашқы жұмыс сапарымды Жезқазған өңірінен бастауым тегін емес. Себебі бұл өңір – Қарағанды облысының өндірістік әлеуетінің арта түсуіне ерекше әсер ететін ірі орталықтарының бірі. Өздеріңіз білетіндей, кейінгі жылдары Жезқазған өңірін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде», – деді.  

Жезді қаланың кен жұмыстары тиімді жүзеге асуы үшін кейбір кәсіпорындардың жұмысы жетілдірілмек. Қалада орналасқан кәсіпорындар өндірген өнімдерді Қазақстанда ғана емес, көршілес мемлекеттерге жеткізу басты назарға алынған. Мәселен, жоғарыда атап өткен «Қазтехфильтр» ЖШС өндіретін қоғамдық көліктерге арналған бөлшектер Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Ресей елдеріне де жеткізілетін болады. 

Сондай-ақ, облыс әкімі осы сапар барысында Сәтбаев қаласында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенімен танысты. Бой көтеріп жатқан тұрғын үйге Жезқазған кентінің тұрғындары көшіріледі деп жоспарлануда. Жалпы аумағы 2150 шаршы метрді құрайтын 35 пәтерлі тұрғын үйді салуға 172 млн. теңге қаражат жұмсалған. 

Биылғы жылдың 29 мамырында Елбасы Н.Назарбаев «Еуразиялық экономикалық одаққа ену туралы» келісімге қол қойған болатын. Сол келісім бойынша Кедендік одаққа экспорт жасау бойынша Қарағанды облысы Павлодар облысынан кейінгі екінші орында. Көлемі 1 млрд. долларды құрайды. Бұл республика бойынша жалпы көлемнің 17%-ын құрайды. Қарағанды облысының еліміздің экономикасындағы алар орны ерек. Соңғы бес жыл ішінде облыс экономикасы үшін 1,5 трлн. теңге көлемінде инвестиция құйылған. 

Индустрияландыру картасы бо­йынша Қарағанды облысында 80 жоба іске қосылып, 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бұл үшін жалпы көлемі 500 млрд. теңге  қаражат жұмсалған. Осы 80 жобаның бірі – «Бёмер Арматура» ЖШС зауыты. Зауыт жылына бес мың кран жасап шығармақ. 2015 жылға дейін 10 мыңға дейін кран әзірлеп шығаруды мақсат етіп отыр. Айта кетейік, бұл зауыттың тұсаукесері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде тікелей эфирде кесілді. «Бёмер Арматура» ЖШС директоры Андрей Кефер зауыт құрылысы үшін 1 млрд. теңге инвестицияланғандығын айтты. Зауыт 160 жаңа жұмыс орнын ашты. Бұл зауыт – Орталық Азиядағы алғашқы зауыт. 

Қарағанды облысы – Қазақстанның экономикалық және индустриялық дамуына зор үлес қосатын орталықтағы ірі аймақ. Сондықтан, мемлекет және облыс тарапынан Қарағанды облысының өндірістік дамуы үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. 

Әсел ӘНУАРБЕК

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button